Конституция – Тәуелсіздігіміздің берік құқықтық негізі
29.08.2023 1398

Қолданыстағы Ата Заңымыздың басты ерекшелігі - онда құқықтық, демократиялық мемлекеттің қалыптастырылу бағыттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, соның ішінде жеке адамның жан-жақты еркіндігі, қоғамның идеологиялық және саяси әр алуандағы, экономикалық қатынастардың орнығуы әлемдік талаптарға сәйкестендірілген. 


Мемлекет басшысы Қ.-Ж. Тоқаев осыдан үш жыл бұрын ҚР Конституциясының 25 жылдығына арналған халықаралық конференцияға қатысып айтқанындай: «Конституция Тәуелсіздігіміздің берік құқықтық негізін қалады. Адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп жарияланды. Еліміздің аумақтық тұтастығы, қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық, құқық үстемдігі және демократия қағидаттары бас құжатымызда айқын көрініс тапты».  Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның мазмұны уақыт талабына сәйкес жетіліп, жаңартылып отыратынын, оның заңды құбылыс екенін айтты. Бүгінде бүкіл әлемнің кескін-келбеті өзгеріп жатыр. Осындай кезеңде Қазақстан да көштен қалмай, қарқынды дамуда. Сондықтан қалыптасқан жаңа ахуалға сай Ата заңның мәтініне қосымша құқықтық тетіктер мен нормалар енгізіліп отырады. Ата заңымыз қабылданған ширек ғасыр ішінде үш конституциялық реформа жасалды. Бұл жұмысқа азаматтық қоғам кең көлемде атсалысты[1]. Бірақ олардың барлығы тек Парламенттің шешімімен ғана жүзеге асырылды. Өткен жылғы, төртінші конституциялық реформаның ерекшелігі – ол бүкілхалықтық реформа арқылы жүзеге асырылып отыр.    

Бұл туралы ҚР Мемлекеттік хатшысы (қазіргі Мемлекеттік кеңесші) Ерлан Қарин өзінің YouTube арнасында Конституцияға ұсынылған негізгі өзгерістерді түсіндіру кезінде айтты. «Бүгінде дамудың жаңа кезеңінде Қазақстанды ауқымды саяси жаңғырту күтіп тұр және бұл Конституциялық реформасыз мүмкін болмайды.  Ата заңға енгізілген түзетулер еліміз үшін тағдыршешті мәнге ие. Конституциялық реформа дегеніміз – Президенттің 2019 жылдан бергі бүкіл саяси реформаларының қисынды жалғасы, - деді Мемлекеттік хатшы. Оның айтуынша, конституциялық түзетулер жобасы азаматтардың сұраныстарына негізделген және бүкіл қоғамның мүддесі үшін жүзеге асырылады. «Жоба бойынша жетекші ғалымдар, құқықтанушылар жұмыс істеді. Бәлкім көпшілігіңіз үшін Конституцияның ескі және жаңа редакциясы арасындағы айырмашылықты бірден көру қиын болады. Сондықтан біз барлық өзгерістер мен толықтыруларды бес ірі блокқа бөлдік, олардың әрқайсысы жаңартылған Конституцияда не өзгереді деген басты сұраққа жауап береді», - деді Ерлан Қарин[2]

Түзетулердің  алғашқы  блогы суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түпкілікті көшуді қамтамасыз етеді. «Біріншіден, Президент өз өкілеттігі кезеңінде ешқандай саяси партия құрамында болмайды. Бұл тыйым Конституциялық соттың, Жоғарғы Соттың, өзге де соттардың төрағалары мен судьяларына, Орталық сайлау комиссиясының, сондай-ақ ҚР жоғары аудиторлық палатасының төрағасы мен мүшелеріне қолданылады. Түзетудің артықшылығы – саяси бәсекелестікті күшейту және барлық саяси партиялардың дамуы үшін тең жағдай жасау. Екіншіден, Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік қызметшілер және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы болмайды. Үшіншіден, Президенттің аудандар, қалалар мен ауылдық округтер әкімдерін қызметінен босатуға құқығы болмайды», - деп түсіндірді Ерлан Қарин. 

Түзетулердің екінші блогы бірқатар билік өкілеттіктерін қайта бөлуге бағытталған. «Біріншіден, Сенаттағы президенттік квота 15 депутаттан 10 депутатқа дейін қысқарды. Бұл ретте олардың бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынады. Екіншіден, Сенат Конституциялық Кеңес пен Жоғары Сот Кеңесі төрағаларының қызметіне Президент енгізетін кандидатураларды мақұлдай алады. Үшіншіден, Конституциялық сот құрылды. Конституциялық сот 11 судьядан тұрады – бұл бұрынғыдан төрт адамға көп. Оның құрамы былайша құрылады: 6 судьяны Парламент тағайындап, төрт судьяны Президент тағайындайды, Конституциялық Соттың Төрағасын Сенат келісімімен Президент тағайындайды. Төртіншіден, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып қайта құрылды. Оның төрағасы жылына екі рет Мәжіліс депутаттары алдында есеп береді. Мұндай шара депутаттардың бюджетті бақылауын кеңейтеді», - деп түсіндірді Ерлан Қарин. Түзетулердің үшінші блогында Парламент пен оның палаталарының рөлі мен мәртебесін арттыру туралы айтылады. 

Мемлекеттік хатшы Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы Мәжілістен Сенатқа ауыстырылып, 9 депутаттан 5 депутатқа дейін қысқаратынын еске салды. Мәжіліс депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланады. Мәжілістің 30%-ын бір мандатты депутаттар құрайды. Бұл барлық азаматтардың құқықтарын толық ескеруге мүмкіндік береді. «Мәжіліске заң қабылдау, ал Сенатқа оларды мақұлдау немесе мақұлдамау ұсынылады. Бұл саяси жүйедегі кедергілер мен тепе-теңдік тетігін нығайтады», - деп атап өтті Ерлан Қарин[3]

Конституцияға енгізілетін түзетулердің төртінші блогы халықтың ел басқару ісіне көбірек қатысуын көздейді. «Ең бастысы, жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі және басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі деген норма Конституцияда түпкілікті және біржақты бекітілген. Мемлекет халық атынан меншік құқығын жүзеге асырады», - деді Е. Қарин. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін қызметке Президент осы өңірдің барлық мәслихаттары депутаттарының келісімімен ғана тағайындайды. Бұл ретте Мемлекет басшысы кемінде екі кандидатура ұсынып, олар бойынша дауыс беру өткізіледі. Ең көп дауыс алған кандидат лауазымға тағайындалады. Түзетулердің бесінші блогы азаматтардың құқықтарын қорғау тетігін күшейтуге бағытталған. «Біріншіден, Конституциялық сот азаматтар өтініші бойынша ҚР құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін қарайды. Екіншіден, өлім жазасын конституциялық деңгейде жою туралы шешім түпкілікті бекітіліп отыр. Үшіншіден, прокуратураның жұмысы Конституциялық заңмен белгіленеді. Бұл жүйелі құқық қорғау қызметін және мемлекет атынан ел аумағында заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалауды күшейтеді», - деді ол. Төртіншіден, адам құқықтары жөніндегі уәкіл иммунитетке және қандай да бір мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға тәуелді болмау және есеп бермеу кепілдіктеріне ие болады. Оның Конституциялық сотқа жүгінуге құқығы болады. «Мен атап өткен түзетулер Мемлекет жұмысының негізгі принциптеріне қатысты және Қазақстан үшін тарихи маңызы бар. Бұл реформалар – ауқымды саяси жаңғырудың аса маңызды кезеңі. Осы түзетулер қабылданғаннан кейін 20-дан астам заңды өзгерту қажет болады. Конституциялық реформа жүйелі сипатқа ие. Нәтижесінде барлық мемлекеттік модельдің тиімділігі артады. Бұл өзгерістердің әсерін әрбір қазақстандық сезінетін болады», - деп түйіндеді Ерлан Қарин[4].

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, 2022 жылғы 5 маусымда жалпыұлттық  референдум табысты өтті. Азаматтарымыз дауыс беруге белсене қатысты. Отбасымен бірге барып, ел болашағына бей-жай қарамайтынын көрсетті. Шынайы өзгеріске және жан-жақты жаңғыруға деген ұмтылысын білдірді. Келешегіміздің жарқын боларына үміті және сенімі зор екенін байқатты. Еліміз ертеңгі күнге мызғымас бірлікпен қадам басуға дайын екенін анық аңғартты Референдумның қорытындысы баршаңызға белгілі. Көпшілік Ата заңға өзгерістер енгізу туралы менің бастамамды қолдады. Дауыс беруге қатысқан барша азаматтарға зор алғысымды айтамын. Осылайша, ел дамуының тарихи кезеңі басталды. Конституцияға енгізілген өзгерістермен бірге мемлекеттің саяси жүйесі өзгермек. Елді басқарудың жаңа үлгісі пайда болады. Яғни, біз Екінші Республиканы құруға кірістік [5].  Президент өз пікірін былай деп түйіндеді: «Ең басты мәселе, біз Тәуелсіз еліміз – Қазақстан Республикасы атынан 30 жыл ішінде көптеген халықаралық келісімшарттарға қол қойдық, мемлекеттік шекарамызды бекіттік...  Біз бүкіл ел болып Жаңа Қазақстанды құрамыз. Бұл – оңай шаруа емес. Жұртымыз жаңаша өмір сүруге бейімделуі қажет. Халқымыздың сана-сезімі, құндылықтары түбегейлі жаңаруы керек. Сонда ұлттың жаңа сапасы қалыптасады. Бір сөзбен айтқанда, барша еліміз жаңарады»[6]

Қазақстан Конституциясының басты тарихи маңызы еліміздің ұлттық бірлігін нығайту мен қоғамымызды одан әрі демократияландыруға ерекше көңіл бөлуі дер едік. Оған елімізді мекендеген жүздеген ұлт пен ұлыс өкілдерінің барлық мүдделерінің қорғалып отырғандығының нәтижесі дәлел болып отыр. Қазақстан халықтарының біртұтастығы, ұлтаралық келісімі, мемлекеттікті одан әрі нығайту, дамыту аясында ерекше маңызды орын алады. Түрлі ұлыстардың өкілдері түрып жатқан ел халқының басын біріктіру, оны күнделікті жүзеге асыру Конституция тұжырымдамалары мен баптарында жан-жақты қарастырылған[7]. Өткен XX ғасырда Қазақстанда бес Конституция қолданыста болды, олар: Қазақ АКСР-нің 1926 жылғы Конституциясы, Қазақ КСР-нің 1937 жылғы Конституциясы, Қазақ КСР-нің 1978 жылғы Конституциясы, Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясы және қазіргі қолданыстағы 1995 жылғы Конституция. Қазақстанның конституциялық құрылысының бұрынғы табыстары мен жетістіктері, сонымен қатар олқылықтары мен сәтсіздіктері де бүгінгі таңда бірдей бағалы дүниелер. Егеменді еліміздің 1993 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданған алғашқы Конституциясы мемлекет тәуелсіздігін бекітіп, оның негізіне парламенттік республиканың билігін қалап, ішінара президенттік басқару нысанын орнықтырды. Бір қарағанда ол Конституция демократиялық мемлекет пен нарықтық экономиканы қалыптастыру үшін қажетті заңдық негіздерді құрды, бірақ екінші жағынан – заң шығарушы және атқарушы биліктердің өкілеттігі, жерге жекеменшік және азаматтық, мемлекеттік тіл және т.б. туралы мәселелер шешімін тиісті деңгейде таппаған болатын. Дегенмен де отандық конституциялық доктринаның қалыптасуына 1993 жылғы Конституцияның оң ықпал еткені даусыз, оның көптеген кемшілігi мен шикі тұстары сол мерзімдегі объективті себептердің салдары болды деп білеміз. Сөйтіп, бұл бірінші Ата Заңның елеулі жетіспеушілігі мен кемшілігі де бар еді. Оған басты себеп – бұрын еркіндік билігі қолына тимеген, оның дәмін татпаған, оған тиісті әзірлігі болмаған елде Ата Заңды асықпай, терең және жан-жақты байыппен қарап қабылдауға белгілі бір уақыт қажет еді. Осыған қарамастан Конституциялық заң жүйесін қалыптастыруда, ондаған, жүздеген жылдар бойы тәжірибе жинақтаған өркениетті елдердің өткен жолдарын біздің жас мемлекетімізге аса қысқа уақыт ішінде жүріп өтуге тура келді. Сондықтан егемен елдің бірінші Конституциясын жасауда асығыстыққа жол берілді. Нақтылап айтсақ, бірінші Конституцияны жасау барысында ел ішінде болып жатқан саяси-экономикалық және әлеуметтік т.б. процестерді бірден ой елегінен өткізу, мемлекетіміздің мүмкіндіктері мен жоспарларын ғылыми тұрғыдан нақты айқындау әлі мүмкін болмады. Осыған байланысты Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында» деген еңбегінде былай деп жазған болатын: «Еліміздің алғашқы Конституциясы 1993 жылғы қаңтар айында күшіне енген бойда-ақ, өзінің кемшіліктерін, әлеуметтік-экономикалық және саяси процестердің шын ахуалынан аулақ жатқандығын көрсетті»[8].  

Осылайша, елімізде конституциялық реформа жүргізу қажеттілігі туды, парламенттік дағдарыс, 1995 жылдың көктемінде Үкіметтің орнынан түсуі жаңа Конституция қабылдауға әкелді.  Сол кездегі өзінің атқарған кейбір істерін есіне ала отырып, Н.Ә. Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында былай дейді: «1995 жылғы жаңа Конституция туралы мәселе көтерілген сәуір референдумынан соң мен халықпен тікелей ашық әңгімеге кірістім және 1995 жылдың 30 сәуіріндегі Үндеуімде елге не үшін жаңа Конституция керектігі, оның Қазақстанның бүгіні мен болашағы үшін қажеттілігі қандай екені туралы өз көзқарасымды халыққа жете түсіндірдім. Әділет министрі Н.Шәйкеновтің басшылығымен арнаулы жұмыс тобы құрылды. Оның жұмысын тікелей өз бақылауыма алдым. Сарапшылармен бірге кейде күніне 12-14 сағат Конституция баптарымен жұмыс істегеніміз есімде»[9].

Жаңа Конституция жобасының негізіне адам және азаматтардың бостандықтары мен құқықтарының үстемдігі, берік конституциялық мемлекет құру тұжырымдамалары салынды. Соның негізінде Қазақстанның президенттік республика жолына түскені айқын байқалды. Барлық басты билік Президенттің қолына шоғырланды.   Президенттік республиканың 1995 жылы құрылған саяси жүйесі 2000 жылдардың екінші жартысына қарай өзінің тарихи міндетін толық көлемде орындап шықты. 1995 жылғы Конституция Қазақстанның қазіргі мемлекеттілігінің негізін салды. 1998, 1999, 2007, 2017, 2022 жылдардың конституциялық реформалары саяси билік институттарын ары қарай жаңғыртуға, билік тармақтары арасындағы қатынастарды реттеп, қазіргі заман талаптарына сәйкестікке келтіруге бағытталған. Сонымен қатар Конституцияда тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің халықаралық беделін жоғарылатудағы тарихи маңызы ерекше атап көрсетілген. Онда біздің егеменді мемлекетіміздің әлем қоғамдастығы алдындағы мән-мағынасы, рухы мен бүкіл болмысы, оның өркениетті даму кезеңінің ерекшеліктері, әлемдік демократиялық құндылықтары жан-жақты көрініс тапқан. Ата Заңда қоғамда қолданылып жүрген жаңа ұғымдар мен атаулардың ғылыми және күнделікті айналымға енгізілгенін байқау қиын емес. Соның арқасында жаңа кезеңдегі нарықтық термин атаулары арнаулы, түбегейлі теориялық және қолданбалы салаға ауысты, қоғам тұрмысының ажырамас бөлігіне айналды. Бұл Конституцияның сөзсіз жаңашылдығы. Ата Заңның ерекшелігі – ол билік тармақтарының ешқайсысына, мемлекеттік лауазым иелеріне конституциялық құқықтарды бұзуға жол бермеуінде. Мейлі, ол елдің Президенті немесе қатардағы қызметкер болсын, негізгі конституциялық құқықтарды, соның ішінде адам құқықтары мен бостандығын аяққа басуға жол бермейді. Бұрынғы Ата Заңда көрсетілген, бірақ жете тиянақталмаған көптеген маңызды мәселелердің түйіні қазіргі Конституцияда жаңаша шешілген.  Мәселен, Конституцияда республиканың азаматтығы туралы талас-тартысқа біржолата нүкте қойылған. Осыған байланысты Қазақстан Конституциясында қос азаматтық болмайтыны заң жүзінде бекітілді. Қазақстан жаңа Конституцияны кабылдау арқылы дүниежүзілік қауымдастықтан өзінің лайықты орнын алды. Қазіргі Ата Заң – еліміздің өтпелі және одан әрі алға даму кезеңіндегі маңызды тарихи құжат. Сондықтан республиканың әрбір азаматы оның мазмұнын жете біліп, талаптары мен қағидаларын мүлтіксіз сақтауға, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге міндетті. 

Ата заңымыздың негізгі қағидаларына сүйене отырып, соңғы кездері мемлекетіміздің басшылығы әлеуметтік мәселелерді шешуге ерекше күш салуда. Тәуелсіздік жылдары ішінде елімізде қабылданған бағдарламалық-стратегиялық құжаттардың негізгі мазмұны әрбір қазақстандыққа деген қамқорлықтан тұрады.  Қазақстан егемендік алуымен байланысты қазақ халқының рухани өмірінде де жаңа процестер кеңінен өріс алды. Халыққа білім беру, ғылым мен мәдениет өз дамуының кең жолына шықты.  Осыған орай, Мемлекет басшысы Қ.-Ж.Тоқаев 2019 жылғы 20 наурызда өзінің алғашқы ант беру сәтінде былай деген еді: «Дүние жүзі картасында даму мен демократияның, бейбітшілік пен келісімнің шынайы символына айналған мемлекет пайда болды. Қазақстан тарихында тұңғыш рет жаңа мемлекеттік институттар қалыптастырылды. Олардың қатарында Президенттік институт, қос палаталы Парламент, мемлекеттік қызмет, қарулы күштер, дипломатиялық қызмет, сондай-ақ азаматтық қоғам институттары бар»[10].   Қорытып айтқанда, жоғарыда баяндалған маңызды шаралардың барлығы мемлекетіміздің тәуелсіздігін сақтауға, республика халқының бірлігін нығайтуға, оның әлеуметтік-тұрмыс жағдайын, денсаулығын, тіршілік сапасы мен деңгейін арттыруға бағытталғанын жан-жақты ашып көрсетеді. Осының барлығына біздің қолымыз Ата Заңымызда көзделген тарихи ережелерге сүйене отырып, оған 2022 жылғы референдумда енгізілген  аса маңызды саяси, түбегейлі демократиялық өзгерістерді жүзеге асыру, атап айтқанда: Жаңа Қазақстан қоғамының экономикалық, саяси және рухани жаңғыруын қамтамасыз ету, ғылым мен білімнің инновациялық жүйесін дамыту арқылы қолымыз жетеді. 

Мақаламның соңында Мемлекет тарих институтындағы әріптестерімді  Конституция күнімен шын жүректен құттықтай отырып, Отанымызға тыныштық, халқымызға бірлік, сіздердің әрқайсыларыңызға амандық-саулық. зор қуаныш пен сарқылмас күш-қуат тілеймін! 

Әдебиеттер: 

Қазақстан Президенті Қ.-Ж.Тоқаевтың ант беру сәтіндегі сөзі.Қазақстан Республикасының Конституциясы. Алматы, 2007.  Қазақстан тарихы. Оқулық. Алматы, 2008. Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы, 2006. Назарбаев Н.Ә. Ғасырлар тоғысында. Алматы, 1996.  Назарбаев Н.Ә. Тәуелсіздік дәуірі. Астана, 2017.

7. Қасым-Жомарт Тоқаев: «XXI ғасырдың Конституциясы – құқық үстемдігі, адамның құндылығы және мемлекеттің тиімділігі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясындағы сөзі. Нұр-Сұлтан қ., 2020. 

8. Е. Қарин. Конституцияға ұсынылған негізгі өзгерістерді түсіндіру.  inform.kz›…erlan-karin-konstituciyaga-engiziletin…

[1] Қасым-Жомарт Тоқаев: «XXI ғасырдың Конституциясы – құқық үстемдігі, адамның құндылығы және мемлекеттің тиімділігі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясындағы сөзі. Нұр-Сұлтьан қ., 2020. 

[2] Е. Қарин. Конституцияға ұсынылған негізгі өзгерістерді түсіндіру.  inform.kz›…erlan-karin-konstituciyaga-engiziletin…

[3] Бұл да сонда.

[4] Бұл да сонда.

[5] Қасым-Жомарт Тоқаев. Ұлттық құрылтайдың I отырысында сөйлеген сөзі. 2022 жылғы 16 маусым.

[6] Бұл да сонда.

[7]Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы, 2006.

[8] Назарбаев Н.Ә. Ғасырлар тоғысында. Алматы, 1996. 

[9] Назарбаев Н.Ә. Тәуелсіздік дәуірі. Астана, 2017.

[10] Қазақстан Президенті Қ.-Ж.Тоқаевтың ант беру сәтіндегі сөзі.

Т.М. Әминов - Мемлекет тарихы

институтының аға ғылыми қызметкері,

қауымдастырылған профессор