Ұлу ма, айдаһар ма?
20.03.2024 1610

Жуықта әлеуметтік желі де биылғы жылдың аты «Ұлу ма, айдаһар ма?» деген таласты көріп қалдық. Осы орайда біз өз пайымымызды ұсынуды жөн көрдік. Биылғы жыл расында, ұлу ма, әлде айдаһар ма?


Шығыс күнтізбесі бойынша биыл су ұлу жылы кіріпті. Орыс тілді басылымдар ұлуды «улитка» немесе «дракон» деп жазып жүр. «Дракон» дегеніміз қазақша «айдаһар». Бұл ретте айдаһар өмірде болған ба, әлде мифтік аңыз ба деген сауал туындайды. Айдаһарлардың осыдан мыңдаған жылдар бұрын қытай жерінде тіршілік еткенін, климаттың өзгеруіне байланысты құрып кеткенін, ең соңғы тұяғы Қарпат тауында өмір сүргенін, осы таудың бір үңгірінен табылған қаңқа арқылы америкалық ғалымдар дәлелдеген сыңайлы. 

Ендеше сұрақ: бұл жыл ұлу ма, әлде айдаһар ма? Атақты ғалым Ақжан Машани атамыздың еңбектерінде орыстардың «дракон» («айдаһар») деп жүргені бізше «ұлу» депті.  «Күн тұтылғанда ерте заманда оның бетін ұлу басады деген түсінікке байланысты астрономия ғылымында осы күнге дейін «Ұлу уақыты» деген есебі бар» деген пайым жасапты атамыз «Ғажайып от ошағында» атты еңбегінде (А. Машани. 5-том. 187-б). 

Сондай-ақ атақты ғалым Махмұт Қашқаридің еңбектерінде де осы пайым айтылады. Мысалы: «...Қаған аңға шығады да барлық жабайы жануарларды Іле өзеніне қарай қууды бұйырған. Бұл – ағысы қатты үлкен дария. Адамдар аң аң аулай жүріп, хайуандарды Іле өзеніне қарай қуады. Бірқатар хайуандар суға секірген. Солардың он екі түрі судан жүзіп өтеді. Сөйтіп он екі жылға сол он екі хайуанның атын берген.  Судан ең алдымен тышқан жүзіп өтеді. Сол үшін жыл басы соның атымен аталады. ...бесінші болып ұлу жүзіп өткен» дейді (Махмұт Қашқари. Түрік сөздігі. І том. 403-б.). 

Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, мешін жылын «маймыл», доңыз жылын «шошқа», сиырды «бұқа» жылы деп сандырақтап жүргеніміз сияқты ұлу жылын «айдаһар жылы» деп атаудан аулақ болайық.