Кеншілер шаһарында Наурыз мейрамы ауқымды, жарқын, тату және көңілді аталып өтілуде. Өңірдің барлық аудандары мен қалаларында мерекелік концерттер, ұлттық спорт жарыстары, салт-дәстүр қойылымдары, сәндік-қолданбалы өнер көрмелері өтіп жатыр.
Көктемгі күн мен түннің теңелуімен бірге келген шуақты, жылы ауа-райы да халықты қуантуда. Қарағанды қаласының орталық саябағына мыңдаған адам жиналып, мерекелік іс-шараларды тамашалап, киіз үйлерге кеңінен дастарқан жайылып, мерекені тамашалауға келген жандар ұлттық тағамдардан дәм ауыз тиді.
Қаланың орталық мәдениет және демалыс саябағының жағасындағы концерттік бағдарлама кәсіби және әуесқой әртістердің қатысуымен «Құс қанатындағы Наурыз» атты театрландырылған қойылыммен ашылды. Дәстүрлі кейіпкерлердің қатысуымен Жер-Ана мен Қыдыр-Ата көктемнің келуін көрсетті. Қазақстандық эстрада жұлдыздары Ернар Сәдірбаев, Бауыржан Исаев өз өнерлерімен қуантты.
Мерекелік шараға қатысқан өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев қала тұрғындары мен қонақтарына Ұлыс оң болсын айтып, өзінің жаңа жылдық жүрекжарды тілектерін жеткізді.
«Наурыз мейрамы біздің ең бақытты мерекеміз болсын! Баршаңызға зор денсаулық, отбасылық амандық, өркендеу, бар жақсылық тілеймін!» – деді облыс әкімі. Мерекелік алаңда кез-келген талғамға арналған ойын-сауық, әркім өз қалауы бойынша қызықты шараларға қатыса алады.
Киіз үйлерде шеберлік сабақтарына қатысуға, халық тарихына енуге, ұлттық тағамдармен танысуға болады. Қолөнершілердің шатырларында жергілікті қолөнер шеберлері бұйымдарын көрмеге қойды. Балалар мен жастар үшін алтыбақан орнатылды. Аңшы иттер және аңшы құстармен суретке түсуге болады.
Биылғы ерекше басталған Наурыз мейрамын қарағандылықтар 14 наурызда бастап, 23 наурызда аяқтады. Шара барысында экоакциялар, мейірімділік марафоны, шеберлік сабақтар, ұлттық киім фестивалі, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, сондай-ақ жаппай халықтық мерекелер, концерттер мен театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылды.
Бұған дейін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов, Наурыз мерекесінің күнтізбесін ұсынып, әр күн белгілі бір тақырыпқа арналғанның тілге тиек еткен болатын. Сонымен Қарағанды облысындағы Наурызнама күндері төмендегідей аталып өтті.
14 наурыз – «Көрісу күні-Амал мерекесі»;
15 наурыз – «Қайырымдық күні»;
16 наурыз – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні»;
17 наурыз – «Шаңырақ» (отбасылық құндылықтар күні);
18 наурыз – «Ұлттық киім күні”;
19 наурыз – «Жаңару»;
20 наурыз – «Ұлттық спорт»;
21 наурыз – «Ынтымақ»;
22 наурыз – «Жыл басы» (бұқаралық мерекелер, көктемгі күн мен түннің теңелу күні);
23 наурыз – «Тазару» (табиғат күні).
Сондай-ақ, Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шаралар қаланың әр төңірегінде өтіп, Әлихан Бөкейхан ауданындағы Жаңа Майқұдық мәдениет үйінің, «Жастар» (Пришахтинск) мәдениет үйінің алдарында өтті. Сұрыптау кентіндегі «Теміржолшылар» мәдениет үйінде де Наурыз мейрамы ерекше тойланып, кент тұрғындарына тегін наурыз көже үлестірілді.
Мұхаммедқызы Сания, қала тұрғыны: Биылғы Наурыз мейрамы қаламызда ерекше тойлану үстінде. Бізде таңнан ерте тұрып, ұлттық киімізді киіп, немерелерімізді ертіп наурыз мейрамын тамашалауға келдік. Естелік фотоға түсіп, наурыз көжеден дәм ауыс тидік. Күнде тамаша болып, нұрын шашып, жылы болып тұр. Барша қазақстандықтарды, қарағандылықтарды әз-Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Әр шаңыраққа бақыт, береке, игілікті табыс тілеймін. Күн мен түн теңелетін, көктемнің мерекелі айы Наурыз жылдан-жылға ерекше форматта тойланып, жаңашалана берсін
Әділ Маратұлы, қала тұрғыны: Жылда достарымызбен орталық саябаққа келіп, Наурыз мейрамын тамашалаймыз. Бірақ бұл кереметтер бір-екі күндік шарамен аяқталып қалады. Тым болмағанда орталыққа тігілген киіз үйлер, алтыбақандар, қолөнершілер үйі 10 күндей қызмет атқарып, наурыздың сәнін келтірсе. Наурыз біздің ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан мерекеміз. Жылда жаңа жылды қалай қарсы алсақ, Наурызды да солай неге қарсы алмасқа. Кішкентай балалар қыдыр атадан сыйлық алса. Наурызда қазақ күресінен спорттық жарыс өтсе. Яғни жұрт болып, ел болып наурыз мейрамын 10 күн тойласақ болатын еді ғой. Жылдағы бір сарында наурыздан шаршадық.
Қысқа-нұсқа:
Наурыз мейрамы –ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға негізделген, көктемнің келуін, жаңа жылдың басталуын бейнелейтін басты мерекелердің бірі. Наурыз жоғары рухтың, ұлттық мәдениеттің, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың символы ретінде барлық уақытта адамдарды жақсылыққа жетелеп, алдағы күнге үміт сыйлайды. Жыл басы һәм жаңару мезгілі. Наурыз мейрамы туралы қазақтың ойшылдары мен ғұмалараның ой-пікірлерін назарларыңызға ұсынамыз.
Ойшыл, философ, ақын Омар Хайям өзінің шығыстық күнтізбеге ғылыми негіздеме берген «Наурызнама» атты еңбегінде былай деп жазады:
«Үлкен жылдың төрт бөлігі аяқталған кезде үлкен Наурыз туады, сол кезде әлем жаңарады. Бұл кезде патшалардың дәстүрі бар – жыл басында олар бата беру, күнді белгілеу, шаттыққа бөлену рәсімдерін өткізуге тиіс. Наурыз күні сауық-сайран құрып, қуанышқа бөленген адам келесі Наурызғадейін қуаныш пен шаттықта өмір сүреді. Патшалар үшін бұл дәстүрді ғалымдар бекітіп берген».
Қазақтың бас ұстазы, әдебиеттанушы, алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетіндегі «Наурыз» атты бас мақаласында Наурыз туралы:
«Наурыз – қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде әр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп ауылдан ауылға, үйден үйге жүріп кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді. Хәтті наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында әр түрлі сөйленеді. Біреулер наурыз марттың бірінде, екіншілері тоғызында келеді деседі. Әр жұрттың белгілі күнде жаңа жылы туады. Ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: «Жаңа жыл қайырлы болсын! Жаңа бақыт нәсіп болсын!» деп құттықтасады, ол күнді мейрам қылып шаттықпен өткізеді.
Орыстың жаңа жылы қыс ортасында, нағыз сақылдап тұрған суықта келеді. Біздің жаңа жылымыз – наурыз марттың басында болсын, ортасында болсын – әйтеуір мартта келетін болса, шын мағынасымен «Жаңа жыл» деп айтуға лайық. Күн жылынып, қар еріп, жан-жануар жаздың жақындағанын сезіп көңілденетін кез. Шаруа адамдарының бейнеттен қолы шешіліп, алты ай қыс баққан арықтарын үмітті күнге жеткізіп дем алып отырған кез. Ағаш, шөптер қар астынан сілкініп шығып гүлденіп жасаруға даярланып, күн де қыстай бір бүйірлеп жүруін қойып жоғары көтеріліп бүтін ғаламға нұрын шашып үйсізді үйлімен теңгеріп, бай мен жарлыға бірдей сәуле беруге тұрған кез. Міне табиғаттың осындай көңілді өзгерісінің кезеңінде біздің жаңа жылымыз – наурыз туып, ата ғұрпымызды ұмытпай белгілі бір күнді жыл басы қылып алсақ ұнамды іс болар еді.
Осы туралы білетін адамдар «Қазақ»-қа жазса екен: біздің жаңа жыл – наурыз анық жылдың қай айында һәм қай күнде басталады. Біз оқушыларымыздың жаң жылмен құттықтауға наурыздың анық қай күні туатынан біле алмадық, ғафу өтінеміз»
Этнограф, ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің «Наурызнама» атты еңбегінде былай деп баяндайды:
«Наурызнама той қылатын жұрттың патшалары тірі балықты көп қылып ұстатып алып, бір керсен суға салып, көптің алқасына қойдырады. Отырған көп әлеумет сол балықтарға көздерін тігіп қарап отырады. Бір мезгілде балық біткен бірі қалмай теп-тегіс шалқасынан жата қалады. Қарындары жарқырап, лезде балықтар аунаған жағынан екінші жағына қарай аунап түседі. Сонан соң патшалар барабан соқтырады: «Ескі жыл шықты, жаңа жыл келді!» деп. Сегіз күн ұдайымен қол астына қараған жұртқа той, тамаша береді: «Жаңа жыл тойы!» деп. Қазақтың «Наурыздың келгенін жандыда балық біледі, жансызда Самарқанның көк тасы біледі» деген сөзінің шешімі осы».
Алаш қайраткері Міржақып Дулатов Наурыз туралы былай деген:
«Наурыз – қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Наурызды күншығыс жұрттарының көбі, Үндістан, Иран, Ауғанстан, Бұхар, Кавказ, түркістандықтар мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда, Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді… Ораза, құрбан айттарын есепке алмағанда, біздің қазақ-қырғызда жалғыз-ақ мейрам бар, ол – Наурыз».