Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойының салтанатты ашылуы өтеді
05.04.2024 2856

12 сәуір – Ұлт мақтанышы, Қазақ Елінің қазына байлығын ашушы, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының негізін қалаушы әрі тұңғыш президенті, алғашқы академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туған күні және осы датаға орайластырылған Ғылым қызметкерлерінің күні. 12 сәуір күні Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойын жыл көлемінде атап өту рәсімінің ресми ашылу салтанаты өтеді. Бұл туралы Халықаралық Қаныш Сәтбаев қоры хабарлады, деп жазады Qazaqstan tarihy порталы


ҚР Үкіметі бекіткен ғалымның мерейтойын атап өтуге арналған Жалпыреспубликалық жоспар өткен жылы бекітілген. Осы құжат аясында 12 сәуір күні, сағат 14.00-де Астана қаласындағы Қаныш Сәтбаев көшесі бойындағы академиктің зәулім ескерткішіне («Қазақстан» спорт кешені маңы) гүл шоқтары қойылады және осы ескерткіш алдына  ғұлама Мәшһүр Жүсіптің жас Қанышқа 22 жасында берген Батасы жазылған гранит белгітастың ашылу салтанаты өтеді.     

Іс-шараға ҚР Үкіметінің мүшелері, Сенат және Мәжіліс депутаттары, министрлер мен қала және аймақ әкімдері, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы басшылығы мен Ұлттық ғылыми кеңестің мүшелері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессор-оқытушылар құрамы және қала тұрғындары қатысады деп күтіліп отыр.  

Сондай-ақ аталған іс-шараның жалғасы Қ. Сәтбаев көшесіндегі алғашқы академиктің барельефінің ашылуы, одан кейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Планетарлық деңгейдегі тұлға» атты көрмемен ұласады. Сағат 15.00-де  «Қаныш Сәтбаев – ұлт мақтанышы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өз жұмысын бастайды. Қала тұрғындары мен БАҚ өкілдерін шараны ақпараттық қолдауға шақырамыз. 

Айта кету керек, Қаныш Сәтбаев – есімі мемлекет тарихында алтын әріппен жазылған ұлттың біртуар перзенті, ЮНЕСКО деңгейінде 100-жылдығы тойланған аса көрнекті геолог-ғалымы, мемлекет және қоғам қайраткері, ХХ ғасыр ғұламасы! 

Ғұлама ғалымның мерейтойын атап өтуге арналған ҚР Үкіметінің Жалпыреспубликалық жоспары аясында биыл республикалық және халықаралық деңгейдегі 50-ден астам іс-шара өтеді.