Қазақ ұғымындағы сандар сыры
20.05.2024 2498

Әр халықтың тіліндегі әр сөздің өз мән-мағынасы бар, тіпті сандардың да. Бұған кей адамдар таңғалуы мүмкін, бірақ таңғалмаңыз, расында да әр сөздің өз мағынасы бар. Егер сіз өз тіліңіздегі әр сөздің не мағына беретінін аңғара алсаңыз, ол анық төл сөзіңіз болғаны, егер аңғара алмасаңыз, онда архаизм не кірме деген сөз.


Қазақ тілі алтай тілдер жүйесінің түркі тілдер тобына жататыны белгілі, түркі тіліне ең жақын тілдер ретінде моңғол тілдерін айтуға болады. Осы екі тілде тамырластыққа байланысты ғажайып ұқсастықтар бар екенін жасыра алмаймыз. Тіліміздегі сандар адамның қолы, саусағына және аңшылық кәсібіне тығыз байланысты екенін тіпті анық байқауға болар еді. Төменде осы екі тілдегі сандардың ғажайып байланыстарымен құпиясын айтып береміз.

Нөл немесе тек. Біздегі нөл бұл орыс тілінен кірген сөз, біздің тіліміздегі  әсілгі атауы – тек. Әдетте ауыз екі тілде тегін үй, тегін тамақ деп көп айтамыз, осындағы тек ол жоқ немесе құрдан-құр деген сөз десек те, мүлдем жоқ дегенді білдірмейді. Бір қызығы моңғол тілінде осы нөл цифрын тек деп аударады. Ал біздегі айтылуы тегін, сондықтан тегін деген сөзді нөлдің орнына қолдансақ дұрыс болады. 

Қазақта тегін қуалау, заттың не жануардың түп-тегін қузау деген сөздер бар, тек ол жоқ емес затты құраған материя дегенді білдірсе керек, көшпенділердің дүние танымы бойынша да заттарды құрайтын материя, яғни тек бар. Математикада түпкі нәтижені табуды туындылау, яғни нөлге апару ұғымы сол ең кішкентай ендігәрі бөлінбейтін материя болғанға дейін бөлу дегенді білдіреді. 

Бір. Жоғарыда моңғол тілінде нөлді тек (тэг) деп айтатынын айттық, ал моңғолшада бірді нэг дейді. «Моңғолдың құпия шежіресінде» «некен» деп айтылады, бұл қазақ тілінде жалғыз деген мағынада, жалғызды әдетте «некен-саяқ» дейтініміз әлі бар. Алайда қазақты қамтыған барша түркі тілдерінде барлығы «бір» деп санайды. Ал б дыбысы мен м дыбысы түркі тілдерінде диалектік тұрғыдан көп алмасады, мысалы мұрын-бұрын, мешін-бешін, мойын-бойын, сондықтан бірді мір деп айтуға да болады. Ал мірге келсек, қазақта «сөзі мірдің оғындай екен» деген сөз тіркесі бар, мір сөзі оқ деген сөзді білдіреді, бір тал оқ ол мір, яғни бір, оқты жақсы ататын адам – мірген (мерген). Ойға салсақ, бұл екі сөз (мір мен оқ) мағыналас, әрі кетсе, осы жағынан бірімен-бірі байланысты. 

Оны тілдік деректермен анықтай түсуге болады. Өте ерте кезде адам баласына тағы хайуандарды аулау үшін құрал қажет болды. Ол кездерде мұндай құрал қызметін жай ғана таяқ атқарған. Таяқ жақындағы аңды ұруға, алыстағыны атуға арналған. Кейбір түркі тілдерінде осындай қарапайым құрал мен оны қолдану әдісіне берілген атау бүгінгі күнге дейін сақталған. Мысалы, хакас тілінде «миргеле» тұлғасы «лақтыру» дегенді білдірсе, ал туваларда «мирге» таяқ мағынасында қолданылады.

Тофа тілінде де «таяқ» мағынасын «мерһе» аңғартса, алтай тілінде «мергеде» лақтыру дегенді ұғындырады. «Таяқ» мағынасындағы көптеген «мирге» басқа түркі тілдерінде, соның ішінде, қазақ тілінде «оқ» сөзін меншіктенген. Біздің болжамымыз тунгус-маньчжур тілдерінің кейбір деректерімее анықтала түседі. Эвендерде «миир» садақ оғы дегенге мезгесе, ал нанай тілінде «морали» деп «садақ» айтады. 

Осыларға қарағанда, ерте заманда қазақтарда да «садақ» мағынасын «мір» сөзі бере алған. Уақыт өтіп, қоғам дамуымен қоса тіл байлығының өсуі нәтижесінде «мір» атауы «садақ» немесе «мылтық» сияқты сөздермен алмастырылған. Алайда, алғашқы атау «мір» осы кезге дейін тіліміздегі тұрақты сөз тіркесінде сақталғандығының куәсі болып отырмыз. Сөйтіп «тілі мірдің оғындай» дегеніміз қазіргі түсінік бойынша, «тілі садақ оғындай» сияқты мағынамен бірдей.

Арғы ата-бабаларымыз көшпенді тұрмыстан бұрын аңшылықпен көп шұғылданғандықтан бір деген сан атауының төркіні аңшылықтан, бір тал оқтың атауы екеніне көз жеткізер едік.

Екі. Екі сөзінің әсілгі айтылуы иіктен шықса керек, түзу оқты немесе ағашты иіп екіге ажыратып сындыруға болады. Ал оқты июді оқтың басын қайырды, қайыру депте айтамыз, дәл сол қайыр моңғол тілінде қойыр, яғни екі деген мағынаны білдіреді. 

Үш. Үш сөзімен жебенің ұшы дегендегі ұш немесе үші бір сөз болуы мүмкін. Әдетте көшпенді, аңшы халықтарда жебенің басындағы оғы үш қырлы болып келеді. Ал моңғол тілінде үшті құрбан дейді, құрбанның түбірі – құр, құрау, құралу деген сөз, әдетте екі оқтан немесе екі таяқтан бір кеңістік құрай алмаймыз, үш өстен ғана бір кеңістік құралады. Оған көшпенділердің мосысын және ошақты  мысал ретінде айтуға болады.

Төрт. Төрт сөзінің түбірі төр, төр түркі-моңғол тілдерінде бірдей; туу, бала туу  дегенді білдіреді, қырғыз, хакас, алтай, тыва, сахалар әлі төр дейді. Суретке қарасақ, алақанның үстіңгі бөлігінен төрт саусақ бір анадан туғандай (төрілгендей) көрініп тұр, қазақтағы төркін сөзі де шыққан қайнары дегенге келеді. Ал моңғол тілінде дөрбін дәл төр сөзінен туындап тұр.

Бес. Бес сөзі түркіден емес соғды-иран тілінен ауысқан сөз сияқты, өйткені соғдыша пиш біздегі бес, ал тәжіктер панч, ағылшындар five дейді. Түркі халықтары ежелден иран тілдес халықтармен етене араласып, жақын қарым-қатынаста болғандықтан, біздегі табан сөзінің орнын бес сөзі басып кеткен болуы әбден мүмкін. Ал адамның табанында бес саусақ болатыны түсінікті, моңғолша бесті табан дейді. Табан деген сөздің екі сөзден, яғни таб+он деген сөзден құралғанын айта кету керек, он болса, он саусақтағы он саны.

Алты. Алты сөзінің түбірі ал сөзінен туындаса керек, сан санағанда алдымен бес саусақты санап бестен кейін келесі қолдан бір саусақ алып санады, яғни біреуін алды дегенді меңзесе керек. Ал моңғолшада  долон, долон жырағу тартып алу дегенді білдіреді, келесі қолдан біреуін қосып алу.

Жеті. Жеті фин-угор тілінде хет немесе һиет сөзімен ұқсас, өзге түркілерде иеті. Фин-угор тілдері алтай тілдеріне жақын, угор халықтарыда түркілермен араласып отырған, сондықтан бұл сөз түркіден угорларға барса керек, өйткені сөздің түбірі – ие (бізше же, жеу), бір қолдағы саусақтан екеуін иеді, жеді дегенді білдірсе керек. Ал моңғолшада жырған (жырға+он), яғни жырылған он, екі саусағын жырып әкетті дегенге келеді. 

Сегіз. Сегіз сөзі екі сөзден құралған: сек+уыс (сегуз)

Сек сөзінің тура мағынасын дәл қазыр таба алмадық, бірақ уыс сөзі түсінікті, «бір уыс бидай» деп көп айтамыз, уыс деп екі алақанды  иілте қосып ұстауды айтамыз, ал сек уыс, яғни сегіз екі саусақты көтере бөлек ұстаған 8 саусақты  сәл кем уысты білдіреді. Моңғол тілінде сегізді найман (найм+он) дейді, яғни найм сөзі найқалу, ырғалу дегенді білдіреді.

Тоғыз. Тоғыз сөзі тоқ+уыс деген сөзден шыққан. Тоқ толыққа жақын, яғни бір саусағы ғана қалыс қалған уысты білдіреді, моңғолша иесун (иесу+он).

 Он. Он он саусақтық толық атауы, моңғолша аруон, яғни таза он.

Жиырма. Жиырма сөзі жиырылу дегенге келеді, яғни қолдың саусақтарын жиырып бүккен кезде әр саусақ 90 градустан екіге бөлінеді, ол кезде он екі еселенеді де, жиырма болады дегенді білдірсе керек. 

Отыз. Отыз сөзі от және уыс (отуз) деген екі сөзден құралған. От ол еңкею дегенді білдіреді, әдетте қазақ еңкейіп шөп жеген малды оттады дейді, тік жүрген адамның  отыруы кезінде белде, тізеде бүгіледіде екі бағытта бүгілу пайда болады, ал қолдың саусақтары екі буыны бірдей бүгілсе 3 еселенуден отырған уыс, отыз саны шығады, яғни 3*10 (буын сүйек) = 30 (отыз дана буын сүйек). 

Қырық. Қырық сөзі қырқып тастау дегенге жақын.

Егерде алақан сүйектерді әр саусаққа 4 сүйек бойынша қырқып  бөлсе тура 40 кішкентай сүйек пайда болар еді. 

Елу. Елуді қырым татарлары иеллік дейді, иеллік тұтас алақанды көрсетеді. Қырым татарларының «көрікті қырым» әнінде: «Қартларымыз иелігін яйып дууалар етер» (қарттарымыз алақан жайып дұғалар етер) деген жыр жолынан-ақ білеміз. Ал екі алақанда жиыны елуден аса сүйек бар екені анық. 

Алпыс. Алпыс сөзі алты жане мұш деген екі сөзден құралған.

Екі жұдырық бір мұш болады.

Мұш түрікше екі жұдырықты көрсетеді, көне түрікшеде мұшты бұш депте айтады, сондықтан бір бұшта он саусақ болса, алты бұшта 60 саусақ, яғни алты бұш-алпыс болады. 

Жетпіс. Жетпіс екі сөзден яғыни жеті және бұш сөзінен құралған. Жеті бұш-жеті мұш, әр мұшта он саусақ, жеті мұшта 70 саусақ болғандықтан жетібұш, жетібіш, иетіміш, жетібіс, жетпіс болып түрленген. 

Сексен. Сегіз жане он екі сөзден құралған. Секіс-сегіз, он-он, яғни сегіз он қосылып сексен болады.

Тоқсан. Тоқсан тоғыз және он деген екі сөзден біріккен, тоғыс (тоқыс, тоқұз, тоғыз) қосылған он, тоғыз еселенген оннан тоқсан шыққан. 

Жүз. Жүз сөзі моңғолшада жүүн, мағынасы еселенген он дегенді білдірсе керек (жуу немесе иуу+он), ал көп сан болғаны үшін оған көптік жалғау с жалғанса н әрібі түсіп жуус яғни жүз болар еді.

Мың. Мың сөзі ми+иуу+он деген сөздердің қосындысы болуы мүмкін яғыны жүзді он еселеу. Түркі тілінде миың, мыңға, моңғолша миыңған(ми+иун+он), тағыда сөздің соңы он деген сөзбен, яғни алақандағы саусақ санымен ақырласып тұр. 

Түмен. Көне түркіде, кешегі қазақта он мың деген сөз қолданылмаған, оның орынына түмен деп мыңдық, түмендік бойынша халық саны мен әскер санын санаған. Түмен сөзінің мағынасы мыңды он еселе (ту миң он) деген сөзден шыққса керек. 

Көне түркілер 10 мыңды түмен, 100 мыңды он түмен, миллионды жүз түмен, он миллионды  мың түмен, жүз миллионды құлты деп атаған. Түріктің Таспар қағаны қытай патшасына: «Дәл біздей құдыретті көшпенді жұрт болған емес, әскеріміз он түмендеп, халқымыз жүз түмендеп, мал санымыз тіпті құлтылап саналады» деген екен. Сол үшін әр қазақ баласы әр сөзіміздің мағынасын біліп, түсініп жүргеніміз дұрыс. Шеттен кірген нөл, миллион, миллиард, триллионның орнына тек, түмен, құлтымызды қолдансақ, қандай жарасым табар еді. 

Ерзат Меллатұлы