Қытайдағы қазақ баспасөзі II
07.10.2024 1166

Өткен мақалада Қытай қазақтарының газет-журналдарына шолу жасаған болатынбыз. Бұл ретте ғалым, тарихшы Жақып Мырзаханұлының бас редакторлығымен 2006 жылы Шыңжаң жастар-өрендер баспасында жарық көрген «Қазақ мәдениетінің айдыны» атты кітап негізінде Қытайдағы қазақ баспаларына тоқталамыз.


Аталған кітапта жұмыс істеп тұрған 7 баспа редакциясы бар екені айтылған. Олар мыналар: Бейжіңдегі «Ұлттар» баспасы, Үрімжідегі «Халық» баспасы, «Жастар-өрендер» баспасы, «Оқу-ағарту» баспасы, «Ғылым-техника, денсаулық сақтау» баспасы, «Әсемөнер-фотосурет» баспасы, «Іле халық» баспасы. 

Бұлардың барлығы да жеке меншік баспалар емес. Ендеше бұл баспаларға жеке-жеке тоқталайық:

Ұлттар баспасы. Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжіңде орналасқан бұл баспа 1953 жылы 15 қаңтарда шаңырақ көтерген. Баспаның қазақ, моңғол, ұйғыр және корей тілі редакциясы қатар жұмыс істейді. Қазақ редакциясы 40 жыл ішінде шамамен жалпы тиражы 800 мың дана болатын 1400 түрлі кітап басып шығарады. Алғаш құрылғанда кілең саяси, ғылыми аудармамен айналысқан баспа уақыт өте келе әдеби туындыларды да басып шығара бастайды. Нақтырақ айтқанда, 2000 жылдардың басына дейін «Ұлттар» баспасынан сексенге жуық ақын-жазушының алпыстан астам еңбегі жарық көрген. Бұдан бөлек «Ұлттар» суретті журналы, «Іздену» (бұрынғы «Қызылту») журналы, «Халық» суретті журналы ай сайын шығып тұрды. Ал 1980 жылдан бастап «Алқап» атты кітап жылына екі рет жарық көреді. 

Шыңжаң Халық баспасы. «Бұл баспа орталық халық үкіметі әкімшілік істер кеңесінің «баспасөз жұмысын жақсарту және дамыту туралы» нұсқауына сай 1951 жылы 15 наурыз күні құрылды. Қазақ редакциясы осы баспамен бірге керегесін жайды» делінген «Қазақ мәдениетінің айдынында». Әу баста қазақ, ұйғыр, қытай және моңғол тілдерінде кітаптар шығаратын баспа кейін келе қырғыз, сібе тілдерінде де жұмыс істеген. Қазақ редакциясы алғашында саяси тұлғалардың кітаптарын қытай тілінен аударып басумен айналысады. Мысалы, 1952 жылдың өзінде тиражы 192 мың данамен 38 түрлі кітап және кітапшалар басып шығарған екен. 

3-4 қызметкері ғана болған Халық баспасының қазақ редакциясы уақыт өте келе оқулықтарды құрастырып басумен, сөздіктер құрастырумен айналысып қана қоймай, көркем аудармаларға да ден қоя бастайды. Сөйтіп 42 жыл ішінде жалпы тиражы 23 млн 890 мың тұратын 3 242 түрлі кітапты оқырманға ұсынады. Шыңжаңдағы және Қазақстандағы қазақ қаламгерлерінің шығармаларының көпшілігі де Шыңжаңның орталық қаласы Үрімжіде орналасқан осы баспадан жарық көріп отырды. 

«Халық» баспасынан кітаптар ғана емес, өткен мақаламызда айтқан кейбір журналдар да шығып тұрды. Мысалы, «Алға», «Қызылту», «Шалғын», «Оқырман өресі», «Көкжиек» сияқты айлық, қос айлық және тоқсандық ғылыми, әдеби журналдарды «Халық» баспасының редакциясы дайындап, басып шығаратын. 

Шыңжаң Жастар-өрендер баспасы. Бұл баспа Шыңжаң Жастар баспасы деген атпен 1956 жылы сәуірде құрылды. Алғашында баспа редакциясы ұйғыр, қазақ, қытай, моңғол тілдерінде қатар жұмыс істейді. Сегіз-тоғыз адамнан құралған қазақ редакциясы жастар мен балаларға арналған саяси, ғылыми және әдеби кітаптарды және «Коммунизмшыл жас» атты журналды шығарып отырды. Редакция 1956-1965 жылдарға шейін жалпы тиражы 600 мың дана болатын 211 түрлі кітап, кітапша және журнал шығарған екен. 1966-1979 жылға дейін баспа жұмысын тоқтатады да, 1979 жылы желтоқсаннан бастап қайта жұмысын жандандырады. 1987 жылы Шыңжаң Жастар-өрендер баспасы болып өзгеріп, жылына 50-60 кітап шығарады. 

Жастар мен жасөспірімдерге арналған «Ғылым бұлағы» атты қос айлық ғылыми журнал да осы баспаның редакциясында дайындалып, басылып отырады. 1979 жылдан бастап «Қазақтың ғашықтық жырлары», «Қазақ балалар ертегілері», «Зұқа баты», «Бөке батыр», «Алтайдың ақиықтары» қатарлы кітаптар мен өлең, әңгіме, повесттер жарық көріп, тиражы миллионнан асатын 425 мың түрлі кітап басып шығарылады. 

Шыңжаң Оқу-ағарту баспасы. Бұл баспа 1956 жылы тамызда құрылады. Алты жыл өткен соң «Халық» баспасына қосылып,  1973 жылы қайтадан жеке шаңырақ көтереді. Қытайдағы қазақ мектептеріне, мұғалімдер дайындайтын мектептер мен кәсіптік колледждерге, жоғары оқу орындарына арналған  оқулықтар дерлік осы баспадан жарық көрді. Сөйтіп Оқу-ағарту баспасы 36 жыл ішінде жалпы тиражы 45 млн 997 мың болған 3775 түрлі оқулық басып шығарады. 

Оқу-ағарту баспасы алғашында қытай тіліндегі оқулықтарды аударып, ал Қазақстаннан барған оқулықтарды Ахмет Байтұрсынов әліпбиіне өзгертіп басып таратып отырса, кейін келе оқулықтардың 30 пайызын өздері құрастыратын болды. Сондай-ақ, «Шыңжаң оқу-ағартуы» атты орган журналы мен «Оқу-ағарту» газетін де баспа редакциясы дайындап, оқырманға ұсынып отырды. 

«Ғылым-техника, денсаулық сақтау» баспасы. Бұл баспа бір неше баспалардың бірігуімен 1990 жылы қазан айында құрылған. Қазақ, ұйғыр, қытай, моңғол тілінде кітап шығаратын редакциясы бар. Қазақ редакциясы екі жыл ішінде 80 мың тираждық елуге жуық кітаптың түрін басып шығарады.  

«Әсемөнер-фотосурет» баспасы. 1991 жылы қазанда құрылған бұл баспа ұйғыр, қазақ және қытай тілдерінде түсіндірме жазылған фото және сызба суреттерді басып шығарумен айналысады. Бұл баспадан жарық көрген суретті кітаптар шетелдерге де таралады. 

Іле халық баспасы. Құлжа қаласында орналасқан бұл баспа 1977 жылы 20 шілдеде өз жұмысын бастайды. Бұл Қытайдағы тек қазақ тілінде ғана кітап шығаратын әмбебап баспа. Ол 1992 жылдың соңына дейін 5 млн 720 мың тираждағы 283 түрлі кітап шығарған екен. 

Білісбек Сұлтанбекұлының «Қытай қазақтарының қазіргі ақпарат-баспасөз кеңістігі» атты мақаласында Ғылым-техника баспасы мен Денсаулық баспасының жеке-жеке шаңырақ көтергені және осы аталған баспаларға  Шыңжаң дыбыс-бейне баспасы қосылғанын жазады. 

Жалғасы. Соңы бар.