Қазақстандағы жұт: себеп пен дерек
07.06.2016 2034
Ақмола уездік ашыққандарға көмек беру комиссиясының 1924 жылғы 17 мамырдағы хаттамасында ашыққандар 1 сәуірде 11736 адамды құраса, 10 мамырда 22629, ал 17 мамырда 25352 адам болды деген мәліметі бар

ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Қазақстан тарихында «Ұлы ашаршылық» атауымен қалды. Ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру Совет үкіметі тарихындағы жалпы адамзатқа қарсы жасалған қатыгез тәжірибе болатын, оның зардаптары бүгінге дейін жойылған жоқ. Советтік шенеуніктер жоспарды жедел іске асыру барысында қазақтардың малын 80 пайызға жойған. Мал-мүлкінен айырылған 2 миллионнан астам қазақ ашаршылыққа ұшырап республикадан тысқары жерлерге босып кетті, миллионға жуығы Орталық Азияға, ал мыңдаған адамдар Қытайға қашты. Советтанушы, Чикаго университетінің профессоры Шейла Фицпатрик «Повседневный сталинизм» атты еңбегінде «Марксшілер социализм адамды байлыққа кенелтеді деп сенді, бірақ советтік билік жағдайында социализм мен дифицит ажырамас құбылыстар болатын» деп жазды. 

Шындығында да қара халықтың қамын күйттейді деген үкімет керісінше неше түрлі қитұрқы әрекеттерге барғаны тарихтан белгілі. Қазақтың көшпелі және жартылай көшпелі хәлі ұжымдастыруға әлі әзір емес еді. 

Қазөлкеком қазақтарды еуропалық типтегі поселкілер құру арқылы шоғырландыру, елді егін шаруашылығына тартуды қарастырды. Кезінде Тұрар Рысқұлов бұлардың бәрінің негізсіз екенін дәлелдеген де. Бау-бақша, құс өсірумен айналыспай жайылымдық жерлерде көшіп жүретін қазақтар ендігі жерде ашаршылыққа ұшырады. 

Бастапқыдағы ұжымдастыру саясатының ақыры жаппай қуғын-сүргінге ұласты. Қазақстанда ұжымдастыру мен қуғын-сүргіннің зардабын тартпаған отбасы кемде-кем. Қазақтың басым бөлігінің шаңырағы ортасына түсті, тіпті кейбір отбасында ата-анасын жоқтайтын тұяқ қалмады. Қазақтар осындай орны толмас ауыр қасіреттің салдарынан, 1922 жылдардың аяғындағы демографиялық ахуалға жету үшін бірнеше ұрпақтардың дүниеге келуін күтті. Ал қазақ даласына ашаршылық бірнеше дүркін келгені белгілі. 

1930 жылдардағы ұжымдастыру науқанында екі мақсат көзделді: ауылдарда ұжымдастыруға қарсы шыққан элементтерді тап ретінде жою және игерілмеген облыстарды отарлау. ССРО ресми билігі мен тарих ғылымы ашаршылық мәселесін жарты ғасырдан астам уақыт жасырып келді немесе оны өздеріне тиімді көрсетті. 

Отызыншы жылдардағы ашаршылық коммунистік партияның тарапынан 1989 жылғы наурыз айындағы Орталық комитеттің пленумында алғаш рет мойындалды. 

Астана қаласының Мемлекеттік мұрағатында сақталған «Партия және комсомол архиві» деп аталатын құжаттарда ашаршылыққа қатысты құнды мәліметтер бар. Олар: Ақмолада құрылған ашыққандарға көмек берген уездік комиссияның шешімдері, хаттамалары, көмек комитеті уәкілдерінің сенімхаттары мен үндеулер. Солардың бірі – 1922 жылдың 10 мамырында Аққұм-Нұра болысының Айшуақ шатқалында өткен жиылыстың хаттамасы. Құжатта ашыққандарға көмек беру комитетінің көшпелі сессиясына 150-ге тарта адамның келгені және жиынға Ақмола уезінің судьясы Мусин жолдастың қатысқаны баяндалады. Күн тәртібіндегі басты мәселе ашыққандарға қайырымдылық көмек жинау болса, екіншісі қанаушылар мен кулактарға қарсы үгіт жүргізу (112-қ. 1-т., 3-с.б. ). 

Тоқсан жылдан астам мұрағатта сақтаулы тұрған қағаздардағы ескі мәліметтерден біраз мағлұмат алуға болады. Қазақ халқының нәубеті саналатын ашаршылық туралы небір құжаттар кездеседі. Тіпті ашыққандар үшін жылу жинайтын сенімді уәкілдер ауыл советке қатаң есеп беріп отырған екен. Оның куәсі папкаларда қатталған сенім хаттары. Мәселен 1922 жылдың 8 мамырындағы Сәкен Жікебаевтың, Әлжаппар Жақыповтың, Базыл Кенжекеевтердің жазған қолхаттарындағы ақпаратта жиналған ақша мен заттардың есебі көрсетілген және куәгерлердің арап әріптерімен қойылған қолдары немесе бармақтарының іздері сақталған. 

Мұрағаттағы енді бір құжатта Ақмола уезінің ашыққандарға көмек комиссиясы 1922 жылдың қазан айында Қызыл Керуен қорынан жәрдем сұраған 121880 адамды тіркегендігі көрсетілген. Бұл – аштық деген аждаһаның енді ғана бас көтерген кезіндегі көрсеткіш. Одан кейінгі уақытта қанша қазақ құрбан болды!

Ақмола уездік атқару комитетінің 1924 жылдың 8-нші сәуірдегі жиналысының №2023 хаттамасына оның көшірмесі Кир Совнарком төрағасы С. Сейфуллинге жолданғаны туралы бұрыштама соғылыпты. Отырыс алғашқы кезде айына 10 пұт астықтан үлестіру керектігі туралы шешім қабылдайды. Сондай-ақ, бұл құжатта қазақ жастарының ашыққандарға арнап спектакль ұйымдастыруын сұрайтыны жазылған. 

Дәл осы жылы уездік ашыққандарға көмек комитеті қызметкерлер мен жұмысшылар өз еңбекақыларынан кәсіподақ ұйымдары арқылы ашыққандарға ай сайын қаражат аударып отыру туралы шешім қабылдаған екен. Заманы қаншалықты ауыр болса да адам адамға дос, бауыр бола білгенін жазбай тануға болады мұрағаттағы осы құжаттардан. 

1930 жылы Орталық Қазақстанның 8 ауданына Қарағанды, Павлодар, Семей облыстарына Ресейдің ішкі аудандарынан 150 мың арнайы жер аударылғандар орналасты. Арнайы қоныс аударушылардың Бас басқармасы Ақмолада орналасты. Қоныс аударылғандар үйді өз күштерімен тұрғызулары керек болды. Бастапқы қоныс аударушылар 60-70 адам бірігіп салған, ауданы шамамен 50 шаршы метрді құрайтын барактарда тұрды.Тамақ өте аз болды, өздерінің әкелген азды-көпті заттарын азық-түлікке айырбастады. Көктемде кейбір қоныс аударушылар жердің қолайлы участоктерін таңдап алып, картоп екті. Бірақ өнімін пайдалана алмады. Себебі олар тағы басқа жерлерге ауыстырылды. Антисанитария мен індеттен адамдар көптеп өлді. Отбасымен ғана емес, түгел баракпен қырылып жатты. 

Ашаршылықтың «жұт» аталуының тағы бір себебі егіннің шықпай қалуы. Егіс өнімі 9,2 центнерден 4,3 дейін кеміген. 1931 жылы Қазақстанның кейбір аудандарында егіс өнімінің төмендегені соншалықты, тіпті егілген тұқымдық астықтың көлемі қайтпаған. Табиғаттың қолайсыздығы егістік аймақтың басым бөлігін қуаңшылыққа ұшыратты. Егін шықпаған соң ауылдағы халық қалаға шұбырды. Қалаларда да іс мәз емес еді. 

«Ашыққандарға қайырымдылық көмек жинауға сенімді уәкілдер сайлау бойынша 1921-1922 жылғы жиылыстардың хаттамалары» деп аталатын Астана қалалық мұрағатының 112-қорындағы істе ашыққандарға жариялаған үндеудің мәтіні тігілген. Онда Бузулук уезінде ашыққан әйелдің өзінің 8 жасар қызын жегенін, Пугачев уезінде бір крестьянка 13 жасар өлген қызының етімен қалған 3 тірі баласын азықтандырғанын, Үлкен Грушница селосында осындай адам етін жеу фактілерінің кездескені баяндалады. Үндеу «бейшараларға аяушылық танытыңдар, қайырымды болыңдар!» деп аяқталады. Алайда халықтың басына төнген нәубетке құрғақ сөз тоқтау бермейді. Осы секілді аштықтан адамдардың естерінен адасқан әрекеттері тіркелген құжаттарды кездестіруге болады. 

Ақмола уездік ашыққандарға көмек беру комиссиясының 1924 жылғы 17 мамырдағы хаттамасында уездегі ашыққандар 1 сәуірде 11736 адамды құраса, 10 мамырда 22629, ал 17 мамырда 25352 адам болды деген мәліметі бар. Осы цифралардан ашаршылық құрбандарының саны қалай тез өскенін байқауға болады. Ақмола уездік ашыққандарға көмек берушілер Комитетінің төрағасы Төреғожиннің 1924 жылғы мәліметі бойынша Қарағанды, Нұра, Асанқайғы, Сарыарқа, Сарысу, Қорғалжын болыстарында ашыққандардың саны күннен-күнге артып, ал аштан өлгендердің денелерін жинаудың мүмкін болмай бара жатқаны айтылады. 

Орталыққа тек сандық көрсеткіштерді беруге тырысқан И. Голощекин шындықты айтқаны үшін және де мал басының санын төмендетіп көрсеткені үшін бюрода Төреғожинді сөккен болатын. 

Осы фактілерге қарап отырып, бір жыл бұрынғы яғни 1923 жылғы Кеңес үкіметінің ауыл шаруашылығын қалпына келтіруге астық тұқымын сатып алу үшін процентсіз ссуда берілгені, егіншілікке пайдалану үшін жегін малына тиеселі қаржы бөлінгені қайда деген заңды сұрақ туады. Аграрлық саланы қайта құру халыққа қаншалықты жетістік әкелген? Ал осындай саясатты геоцид деуге толық негіз бар. 

Республиканың басшылары арасында осы кезеңде белгілі бір қоғамдық формациядан екіншісіне өтуде, мысалы көшпелі шаруашылықтан отырықшылыққа өту кезінде мал басының қысқаруы, адам шығыны болмай қоймайтын құбылыстар деп дәлелдеген «үлкен құрбандықтар» теориясын ұстанушылар да болды. Ал енді «Социалистік меншікті қорғау туралы» заңда колхоздағы астық өнімдері мен масақ ұрлаушыларға ату жазасын кескенді қандай құрбандықтарға жатқызуға болады? 

Совет Одағының батыр қызы Әлия Молдағұлованың анасы күздің қара суығында егістік алқабынан картоп қалдығын теруге барғанда қарауылдың оғынан мерт болғанын бұл күнде біреу білсе, біреу білмес. Сонда Әлия 8 жаста екен.

И. Сталиннің Қазақстан басшылығына астық дайындау кезінде жазалау шараларн қолдану туралы жеделхаты болған. 

Елді азық-түлікпен қамтамасыз ету қабілеті жоқ колхоздан қайран болмаған соң адамдар амалсыздан тамақ іздеп тентіреп кеуге мәжбүр еді. Советтік биліктің қылмыстық әрекеттері халықтың босып кетуіне себеп болды. Әсіресе жергілікті мекемелер жоғарыдан келген нұсқауларды орындауда асыра сілтеушілікке барды. Осылайша мал шаруашылығымен айналысатын аудандарда «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген науқан басталды. 

Жұмысшы-шаруа Халық комиссариаты жүргізген тексерудің нәтижесінде көптеген колхоздарда халықтың соңғы сиырын ғана емес, ұсақ малы мен құстарын да «ұжымдастырылған». 

Ауылға келген уәкілдер колхозға кіруден бас тартқандарға өздерінің жазалау әдістерін қолданды. Суыққа тоңдыру немесе қойдың асығын тесіп, оған жіп өткізіп сонымен ұру. Сауатыз, қолына билік тиген шолақ белсенділер шаш ал десе бас алды. Бәрібір жоспарды орындамағандар «қара тізімге» ілікті. 

Шара Батталғазиева, Астана қаласы мұрағатының құжаттарды жариялау және пайдалану бөлімінің қызметкері