Алғыс айту күні: тарихы мен тағылымы
28.02.2025 81

Қазақстандағы қоғамдық мерекелердің қатарында «Алғыс айту» күні ерекше орын алады. Жыл сайын наурыздың алғашқы күнінде аталып өтетін бұл мейрам ел ішіндегі этностық және конфессиялық бірлікті, өзара құрмет пен мейірімділікті нығайтуға бағытталған. Тарихи түп-тамыры тереңнен бастау алатын Алғыс айту күні бүгінде тек ресми мереке ғана емес, рухани жаңғыру мен адамгершілік құндылықтарды қалыптастырудың бір тетігіне айналып үлгерді. Осы мақалада аталған күннің тарихи негіздерін, оның әлеуметтік маңызын және адамның психологиялық дамуы тұрғысынан алғыс айтудың әсерін ғылыми тұрғыда қарастырамыз.


Тарихи алғышарттар және мерекенің пайда болуы

Алғыс айту күнін атап өту туралы бастаманы 2016 жылы Қазақстан Республикасының сол кездегі президенті көтергені белгілі. Алғыс айту – қазақстандық патриотизмнің, бірлікпен достықтың жарқын мерекесі. Еліміз бұл мерекені алғашы рет 2016 жылы атап өтті. 2016 жылдың 14 қаңтарында президент Н. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін, яғни 1 наурыз күні «Алғыс айту» күні деп жариялады. 

Бұл мерекені енгізудің бірден-бір себебі – Қазақстанға еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың тарихын еске алу және сол кездегі қазақ халқының кең пейілін, бауырмалдығын ұлықтау. ХХ ғасырдың бірінші ширегінде  КСРО аумағында орын алған депортациялық саясаттың салдарынан немістер, поляктар, кәрістер, шешендер, ингуштар және басқа да көптеген ұлт өкілдері Қазақстан жеріне жер аударылған. Бір жағынан, ауыр мехнат пен қысым көрген бұл ұлттардың өкілдерін жергілікті қазақ халқы қамқорлықпен қарсы алып, өз нанымен бөліскен, өмір сүруге жағдай жасаған. Тарихи деректерге жүгінсек, ХХ ғасырдың басында Қазақстанға Ресей, Украина, Беларусь елдерінен 1,1 миллион адам қоныс аударды, ал 1930 жылдары ұжымдастыру барысында 250 мыңға жуық шаруа жер аударылып, тағы 1,2 миллионға тарта адам өнеркәсіп нысандарын тұрғызуға келген. Олардың бәрі Қазақстанға орнығып, қиын кезеңдерді қазақ халқымен бірге еңсерді. Осындай тарихи оқиғаларды ұмытпай, кейінгі ұрпаққа өнеге етіп жеткізу – Алғыс айту күнінің негізгі міндеті. Осыған орай, жыл сайын мемлекеттік деңгейде түрлі мәдени шаралар, кездесулер және дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, этностық татулықты, сыйластық пен ынтымақтастықты нығайтуға арналған бағдарламалар жүзеге асырылады.

Алғыс айту концепті: психологиялық және әлеуметтік аспектілер

Алғыс айту күнінің мән-мазмұны тек бір ұлтқа ғана қатысты емес, барша адамзатқа ортақ құндылық ретінде қарастырылады. Ғылыми әдебиеттерде алғыс ұғымының адамның психологиялық саулығы мен әлеуметтік өзара байланыс тұрғысынан маңызы зор екені айтылады.

Психологиялық саулық. Психологияда алғыс айту – позитивті эмоциялар мен өмірге қанағаттану сезімдерін күшейтетін фактор ретінде бағаланады. Біреуге алғыс білдірген адамда ерекше жылулық пен ризашылық пайда болады. 2003 жылы Эммонс (Emmons) және Маккалоу (McCullough) жүргізген танымал зерттеуде алғыс пен ризашылық сезімдерін күнделікті жазып, талдап отыратын адамдардың эмоциялық хал-ахуалы едәуір жақсарғаны анықталған. Олар күйзеліс деңгейінің төмендегенін, өмірден рахат алу деңгейінің артқанын байқаған.

Әлеуметтік байланыстарды нығайту. Алғыс айту қарым-қатынасты нығайтады, адамдар арасында сенім мен құрмет қалыптастырады. Жеке адамдар деңгейінде болсын, мемлекеттік және халықаралық деңгейде болсын, ризашылық білдіру ынтымақтастықты арттырып, конфликтілердің алдын алуға әсер етеді. Өйткені оң көзқарас пен жәрдемдесуге дайын ниет туындайды.

Мерекенің әлеуметтік-мәдени құндылығы

Алғыс айту күні – бүгінгі Қазақстан қоғамындағы ұлтаралық бірлік пен дінаралық келісімді бейнелейтін мереке. Әсіресе көпұлтты мемлекетіміз үшін бұл күннің маңызын бірнеше қырынан атап өтуге болады:

Тарихи сабақтастық

Қоғамның тарихын есте сақтау – келешек ұрпаққа жөн сілтейтін құндылықтардың қалыптасуының негізі. Алғыс айту күні депортация жылдарындағы қиындықтарды, сол кезеңдердегі халықтар достығы мен бір-біріне деген жанашырлықты танытатын маңызды дата болып табылады.

Ұлттық бірегейлікті нығайту

Қазақстандағы барлық этностардың өкілдері бір мемлекетте тең құқылы азаматтар ретінде өмір сүреді. Қоғамдық келісім мен ортақ мүдде үшін жұмыс істеу – дамудың кепілі. Алғыс айту күні дәл осы идеяны дәріптей отырып, әрбір азаматқа ортақ тарих пен ортақ тағдыр бар екенін еске салады.

Жалпыадамзаттық құндылықтар

Алғыс айту – кез келген мәдениет пен дінге ортақ қасиет. Шынайы ризашылық пен мейірімділік – адамгершіліктің ең асыл сипаттары. Осы тұрғыдан алғанда, Алғыс айту күні халықаралық деңгейде де ерекше мәнге ие болуы мүмкін. Өйткені ол адамдар арасында өзара түсіністік пен сыйластықты нығайтатын әмбебап идеяны көтереді.

Алғыс айтудың қоғамдағы рөлі

Алғыс айту феномені тек психологияда ғана емес, әлеуметтану мен педагогика салаларында да кеңінен зерттелуде. Соңғы жылдары бұл тақырып экономикалық және басқару ғылымдарына да еніп, ұйымдағы қызметкерлердің бір-біріне алғыс айтуы еңбек өнімділігі мен корпоративті мәдениетті жақсартатыны белгілі болды.

Әлеуметтанулық зерттеулер алғыс айтудың қоғамдағы сенім деңгейін көтеретінін айғақтайды. Ұжымда не қауымда ризашылық білдіру мәдениеті орныққан сайын, сол ортадағы моральдық климат жақсарады, адамдар арасында «ортақ жауапкершілік» сезімі күшейеді.

Басқару ғылымдарындағы жаңашыл тұжырымдар қызметкерлерге оң ықпал ететін мотивациялық модельдерге алғыс білдіру әрекетін қосып жүр. Бұл әдіс жұмыстағы қызметтестер арасындағы ынтымақтастықты арттырып, жалпы нәтижелілікті көтереді.

Педагогика саласында алғыс айту баланың жеке тұлғалық қалыптасуына игі ықпал ететіні көрсетілген. Қарапайым «рахмет» сөзінен басталатын қарым-қатынас тәсілі мектеп жасындағы оқушыларды өзара құрмет пен ынтымақтастыққа бейімдейді.

Әлем елдеріндегі алғыс айту (рахмет айту) күндері

Алғыс айту күні – адамдардың бір-біріне ризашылығын білдіретін, жақындары мен қоғамға деген құрметін көрсететін ерекше мейрам екендігін жоғары айттық. Әлемнің әр түкпірінде бұл күн әр түрлі атаумен, әр түрлі уақытта аталып өтеді. Сондай-ақ дәстүрлері, мерекенің мақсаты мен мағынасы да елге, халықтың мәдениетіне орай ерекшеленеді. Ең алғаш Алғыс айту күнін тойлауды америкалықтар бастаған. 

АҚШ-тағы (Thanksgiving Day) Алғыс айту күні

Америкада Алғыс айту күні елдегі ең маңызды мерекелердің бірі. Себебі, атаулы күн олардың тарихымен тығыз байланысты.  Бұл күн жылда қараша айының төртінші бейсенбісінде тойланады. АҚШ-тағы Алғыс айту күні – ең ірі ұлттық мерекелердің бірі. Ол XVII ғасырда Америка құрлығына көшіп келген қоныс аударушылардың алғаш рет жергілікті тұрғындармен бірге егіннің молшылығын тойлаумен байланысты шыққан. Мерекенің басты мақсаты – бір жылдық еңбектің нәтижесіне алғыс айту, адамдар арасындағы татулық пен бірлікке ризашылық білдіру. Мерекенің тарихына қысқаша тоқталып өтсек. 1620 жылы 21 қарашада әлі зерттелмеген Америка құрлығына алғаш болып үлкен апаттан аман қалған «Mayflower» кемесімен ағылшындар келіп тоқтайды. 100-ден астам ағылшын беймәлім құрлықта өмірі үшін күресіп, қыстың суығы мен қолайсыз жағдайларға төтеп береді. Күннің көзі шығып, көктем келгенде Плимут колониясын құрып, Солтүстік Америкада еуропалықтардың қоныстануына жол ашады. Алайда, жергілікті халық болмағанда еуропалықтар бұл құрлықта ұзақ өмір сүре алмас еді. Америкалық үндістер еуропалықтарға аң аулауды, егін егуді үйретеді. 

Сол уақытта бірінші ағылшын губернаторы Уильям Брэдфордқа алапат апаттан аман қалғандары үшін Құдайға алғыс айту керек деген ой туады. Сөйтіп, 1621 жылдың қараша айында американдықтар бас қосып, оларды құтқарып қалған үндістермен бірге аман қалғандарын атап өтеді. Осылайша, әлемдегі ең алғашқы Алғыс айту күні тойланады. Қазіргі уақытта америкалықтар Алғыс айту күнінде отбасы мүшелері мен жақындарын жинап, достарымен бас қосып, мерекелік дастарқан жаяды. Дастарқанның басты символы ретінде күрке тауық (индюк) тағамы әзірленеді. Сонымен қатар картоп пюресі, асқабақ бәліші секілді тағамдар да жиі дайындалады. Бұл күні көшелерде шерулер өтіп, түрлі шоу бағдарламалар ұйымдастырылады. 

Канададағы (Thanksgiving Day) Алғыс айту күні

Канадалықтар да (Thanksgiving Day) Алғыс айту күнін тойлайтын халықтар қатарында. Олар өткен ғасырдың 50-інші жылдарынан бастап осынау халықтық мерекені тойлап келеді. Бір ерекшелігі алғашында Канада Алғыс айту діни мереке болып саналды. Кейін ол мемлекеттік маңызы бар мейрам ретінде тойланды.  Канадада бұл мереке АҚШ секілді Құдайға алғыс айтатын күн ретінде қалыптасқан.  Канададағы Алғыс айту күні де егіннің молшылығын тойлаудан бастау алған. Бұл мерекенің түп-төркіні XVI ғасырда ағылшын зерттеушісі Мартин Фробишердің Канада жеріне аман жеткенін атап өту шараларымен де байланыстырылады. Жылда канадалықтар қазақ айының екінші дүйсенбісінде АҚШ-тағыдай отбасылық мерекені отбасы мүшелері және жақындарымен қарсы алады. Сол күні олар дастарқан жайып, отбасымен бірге тамақтанып, өткен жылдағы жетістіктер мен жақсылықтарға алғыс айтады.

Германиядағы (Erntedankfest) Алғыс айту күні

Германия халқыда қыркүйек пен пен қазанда (негізгі күні – қазандағы Harvest Thanksgiving жексенбісі) алғыс айту күнін қарсы алады. Бірақ бұл ел АҚШ пен Канада сияқты алғыс айту күнін кеңінен тойламайды. Бұл мереке Erntedankfest (Ернеданкфест) деп аталады. Erntedankfest – Германияда егін жинау маусымына алғыс білдіруге арналған христиандық мереке. Мұндағы негізгі себеп – Жаратушыға егіннің мол болуына, табиғаттың берекелі келуіне ризашылық білдіру. Көптеген ауылдық қауымдастықтар мен кейбір қалаларда мереке шеңберінде арнайы шіркеу қызметтері өткізіледі. Шіркеулерде арнайы діни рәсімдер өткізіліп, егіншілік өнімдері қойылады. Кей өңірлерде шеру, би кештері ұйымдастырылады. 

 Жапониядағы (Ki’nrō Kansha no Hi) еңбекке алғыс айту күні

Жапониядағы алғыс айту күні Kinro kansha no hi яғни, «Еңбекті бағалау» күні деп аталады. Атаулы мереке жыл сайын 23 қарашада тойланады. Бұрын бұл жақсы өнім үшін алғыс айту мерекесі болса, бүгінде жапондықтардың еңбектің барлық түріне, қоғамның дамуына қосқан көмегі үшін бір-біріне алғыс айту мерекесі. Жапониядағы бұл мереке егін жинау салты мен соған деген ризашылықтан бөлек, жалпы еңбекті құрметтеп, еңбек адамына алғыс білдіру мақсатында белгіленген. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін Жапонияда алғыс айту күні басқаша аталды. Бұл – Нинамисай мерекесі. Ол кезде миператордың өзі Аспан мен Жер Құдайларына күріштен тағам әзірлеп, тарту жасап, арнайы рәсім өткізген. Сондай-ақ Еңбекке алғыс айту күні  жапон халқы еңбек қатынастарының маңыздылығына назар аударып, адам еңбегіне құрмет көрсету салтанатты шараларына қатысады. Оқушылар ата-аналарына, мұғалімдерге, еңбек етушілерге алғыс хаттар жазып, түрлі әсемдеулер әзірлейді.

Оңтүстік Кореядағы (Chuseok /Чусок) Алғыс айту күні

Оңтүстік Кореялықтар үшін де алғыс айту күнінің маңыздылығы жоғары. Кәрістер алғыс айту күнін Кореяның ай күнтізбесі бойынша қарсы алады. Чусок – ай күнтізбесі бойынша тойланатын корейлердің ең негізгі үш мерекесінің бірі. Биыл кәрістер Алғыс күнін 16 қыркүйекте атап өтеді. Мереке үш күнге созылады, сондықтан үш күн демалыс беріледі. Чусок немесе алғыс айту күні кореялықтар үшін – егіннің молшылығын тойлайтын және ата-бабаны еске алатын мейрам. Кореялықтар үшін ең ірі ұлттық мерекелердің бірі. Сондай-ақ бұл күні мемлекет көлемінде барлық ойын-сауық орталықтары мен көңіл көтеретін орындар жұмыс істемейді. Отбасылар жиналып, ата-баба рухына мінәжат етеді, мол дастарқан жайылып, дәстүрлі тағамдар дайындалады. Сонғай (Songpyeon) атты күрішті тұшпара – мерекелік басты тағамдардың бірі.

  Қытайдағы – «Күз ортасындағы» (中秋节) фестиваль мерекесі

Қытай халқының алғыс айту күні Tet Trung Thu деп аталады. Дегенмен бұл күнді қытайлықтардың барлығы бірдей атап өтпейді. Бұл мереке қытайлық христиандардың арасында танымал. Себебі, мұндағы діни қызметкерлерінің көбісі Батыс елдерінен келген. Оларда тамақ ішер алдында дұға етіп, ішкен асына алғыс айту ырымы да бар. Мерекелетін уақыты: Күзгі теңесу кезеңінен кейінгі 15-ші күн (қыркүйек-қазан аралығы). Егіннің молшылығын тойлау мен отбасының амандығы үшін алғыс айтатын дәстүрлі мейрам. Айды тамашалау мен ай бәліштері (mooncakes) – мерекенің басты нышандары.

Алғыс айту немесе ризашылық білдіру мерекесі – бір күндік шара ғана емес, адамдарды ынтымақ пен татулыққа жетелейтін, жақсылық пен жомарттықты дәріптейтін салт пен сана үлгісі. Әр елде өз атауы мен уақыты болғанымен, түпкі мақсаты ортақ: өткенді бағалау, бүгінді құрметтеу және болашаққа үмітпен қарау. Көбіне бұл күн егіннің молшылығын атап өтумен, табиғаттың берген несібесіне ризашылық айтумен байланысты. Сонымен қатар отбасы мен қоғам мүшелерінің өзара сыйластығын көрсету, еңбекті құрметтеу және бейбітшілік пен бірлік қағидаларын дәріптеу де – Алғыс айту күнінің әлемдік маңызын айқындайды.

Алғыс айту күні – Қазақстанның заманауи қоғамындағы ең жас мерекелердің бірі болғанымен, мазмұны мен мағынасы терең, тәрбиелік мәні зор мереке. Тарихи тағдырдың тоғысуы арқылы пайда болған көпэтносты еліміздің біртұтастығын нығайтуда бұл мерекенің орны айрықша. Сонымен қатар алғыс білдіру мәдениеті – әлемдік қауымдастықтың да рухани тамырын тереңдетуге әлеуеті бар, бүкіл адамзатқа ортақ ізгілік идеясын паш ететін құндылық.

Болашақта Алғыс айту күнін тек ресми деңгейде ғана емес, әрбір азаматтың күнделікті өмірлік әдетіне айналдыру маңызды. Отбасында ата-ана мен баланың, мектепте мұғалім мен оқушының, жұмыс орнында басшы мен қызметкердің, көшеде таныс пен бейтаныс жанның бір-біріне алғыс айтып, ризашылық танытуы – біздің рухани деңгейімізді бір сатыға көтереді.

Сондықтан, Алғыс айту күнін бір күндік мереке шеңберінде ғана қарастырмай, оны шынайы адамгершілік құндылықтарымызды насихаттайтын күнделікті практикаға айналдырған дұрыс. Әрбір алғыс айту сәті – адамгершілік пен азаматтық жауапкершіліктің айнасы. Бұл құндылықты дәріптеу – ұлттық рухты биіктетіп қана қоймай, жаһандық қоғаммен тізе қосып дамуға да септігін тигізеді.

Еліміздің болашағы ұрпақ арасындағы достық пен татулыққа, тарих сабақтарын ескеріп, ортақ рухани құндылықтарды бағалай білуге байланысты. Алғыс айту күні – сол құндылықтардың бірден-бір жаршысы, халықтың жүрегін жақындастыратын, мейірімділік пен бірлікке бастайтын мереке.

Қыран Алтай