«Ардагерлер ұйымының» ІІІ Пленумы: Ақсақалдар арқалаған жүк және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына дайындық
Бөлісу:
11.04.2025867
2025 жылдың 5 сәуірінде Астана қаласында өткен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің кезекті ІІІ Пленумы – егемен елдің рухани-идеялық дамуы мен тарихи жадыны жаңғырту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды. Елорданың төрінде өткен бұл басқосуға еліміздің түкпір-түкпірінен келген ардагерлер ұйымдарының өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, министрлік өкілдері, БАҚ және үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері жиналды.
Биылғы жиын Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған Ұлттық құрылтайдың мәні мен мазмұнына терең бойлап, еліміздің жаңа идеологиялық бағытына, тарихи жады мен ұлттық тәрбиенің өзектілігіне арналды. Сонымен қатар Ұлы Жеңістің 80 жылдығына дайындық мәселелері жан-жақты қозғалды.
Ардагерлер және ұлттық идеология
Пленум жұмысын Қазақстанның Еңбек Ері, Мәжіліс депутаты, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов ашты. Ол өзінің мазмұнды баяндамасында ұлттық рух пен ардагерлер миссиясының өзара байланысына баса мән берді. Оның айтуынша, «Ардагерлер ұйымы» бүгінгі таңда тек әлеуметтік қолдау ғана емес, елдің идеологиялық тұрақтылығының да бір тірегі болып отыр.
«Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Ұлттық құрылтай – қоғамдық пікірдің алқалы алаңы. Бурабай төрінде өткен соңғы жиында Президентіміз қоғамды алаңдататын әдет-ғұрыптар, жат діни ағымдар, рухани құндылықтар және тарихи жады мәселесін өте ашық көтерді. Біз осы бағытта ардагерлерімізбен бірге нақты жұмыс істеуіміз керек», – деді төраға.
Бақтықожа Салахатдинұлы ардагерлер қозғалысының тек өткенді еске алу ғана емес, келешекке бағытталған әрекет те болуға тиіс екенін айтты. Жастар тәрбиесі, ұлттың рухани қауіпсіздігі, мемлекеттік тіл мен дін мәселесі, артық-кем салттардың салмағы – барлығы ардагерлер назарынан тыс қалмауы тиіс.
«Жап-жас келіншектер, қыз балалар шұбалаңдаған киім киіп, қара жамылып жүр. Жігіттер мұртсыз, шоқша сақал қойып, шариғатты сыртқы пішінмен көрсеткісі келеді. Бұл — дінді бұрмалау. Мен дінге құрметпен қараймын. Бірақ ол – біздің ұлттық дәстүрімізбен үйлесуі керек. Әйтпесе, жат идеологияларға жол береміз», – деді төраға өткір мысалдар келтіре отырып.
Бақтықожа Ізмұхамбетов өз сөзінде ұлттық салт-дәстүрді сақтау мен ысырапшылдыққа қарсы күрес туралы да айтып өтті. «Тойдың сәні – дәстүрде. Біз кейде өзгеге еліктеп, өзімізді жоғалтып алуға шақ қаламыз. Бұл – ұлтқа сын. Қоғамдық ұйымдар осы мәселеде ұйытқы болуға тиіс», – деді ол.
Сондай-ақ ардагерлерге қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көтерген мәселелерін жүзеге асырудың тетіктері, өңірлердегі жұмыстың үйлестірілуі, ардагерлер ұйымының жастармен бірлескен жобалары да кеңінен сөз болды.
Ардагерлердің елдік идеологиядағы орнына тоқталған мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев: «Бүгінде ұлтқа керек – адалдық, әділет және тәртіп. Бұл – ұлттық идеологияның өзегі. Ардагерлер осы құндылықтарды жастарға үйретуі тиіс», – деп атап өтті. Оның пікірінше, ардагерлер – қоғамдағы рухани іргетас.
Ұлы Жеңіс – ұрпаққа мәңгілік өнеге
Пленум жұмысының екінші жартысы алдағы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналды. Бұл тақырыпта Бақтықожа Ізмұхамбетов: «Біз үш автор 30 жылдан бері «Қазақстанның қаһарман майдангерлері» жобасымен айналысып келеміз. Осыға уақытқа дейін 56 том кітап жарық көрді. Жеңістің 80 жылдығына орай бірнеше том қайта басылып шықты. Бұл – ұрпақ жадындағы тарихи борыш», – деп атап өтті.
Осыдан кейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұл бағыттағы министрлік жұмысын егжей-тегжейлі баяндады. Министрдің айтуынша, Жеңістің 80 жылдығына орай республикалық деңгейде 2000-ға жуық іс-шара ұйымдастырылмақ. Оның ішінде медиа-жоспарлар, кино көрсетілімдер, ғылыми конференциялар, «Батырларға тағзым» порталы және архивтік зерттеулер де бар.
Министрдің айтуынша, бұдан кейін фильмдерге сараптама жасалмайынша, олардың прокатқа шығуына рұқсат берілмейді. Өйткені бұл идеологиялық қауіпсіздік үшін қажет. Сондай-ақ анимацияны дамытуға да 5 жылдық жоспар жасалған. Архив құжаттары да цифрлы жүйеге көшірілуде.
«Кино – идеологияның маңызды құралы. Осыған орай кинотеатрларда көрсетілетін фильмдердің мазмұнын бақылауды күшейту міндеті алдымызға қойылды. Осы мақсатта кинопрокат нарығын реттеуге мүмкіндік беретін заңнаманы жетілдіру жұмыстары басталды. Кино туралы заңға төмендегі өзгерістер енгізу жоспарлануда. Бірінші, фильмдерді алдын ала қарау жөнінде прокатқа дейін сараптама үшін комиссия құру. Прокат куәлігінің берілу мерзімін 7 күннен 20 жұмыс күніне ұзарту, кинотеатрларда көрсетілетін фильмдердің толық түпнұсқасын ұсынуды міндеттеу. Өкінішке қарай, қазіргі заңнамаға сәйкес біз тек қысқа трейлерлерді және тизерлерді ғана қарауға құқығымыз бар. Сондықтан фильмнің мазмұнын, ондағы жағымсыз контенттің немесе жат идеологиясының бар-жоғын анықтай алмаймыз. Келесі маңызды міндетіміз – балаларға арналған сапалы анимациялық контент әзірлеу. Бұл мақсатта Қазақфильм киностудиясы қазақ анимациясын дамыту бойынша бес жылдық жоспар әзірленді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қазақстандық мәдениетті ғаламдық цифрлық ресурстарға нақтырақ таныстыру мақсатында Ұлттық цифрлық архив құруды тапсырды. Бұл жоба архив құжаттарын цифрлық форматта сақтауды қамтамасыз етуге, ғылыми зерттеулер мен еліміздің барлық азаматтары үшін архив материалдарының қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған. Министрлік архивтік құжаттар мен өнер туындыларын Ұлттық цифрлық архивке көшіру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Президенттің Ұлттық құрылтайда II отырысында берген тапсырмасының аясында E-kino бірыңғай мониторинг жүйесін әзірледі. Бұл жүйе кино саласындағы ашықтықты арттыру, ел бойынша кассалық түсімдердің әділ бөлінуін қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ осы жылдың сәуір айында Қазақстанның музейлерінің виртуалды желісі E-museum веб-порталын таныстыруы жоспарлануда. Бұл платформада Қазақстанның 285 музейінің ақпараты, Мемлекеттік музей қорының 65 мыңнан астам экспонаты 3D форматта жәдігерлер қолжетімді болады. Бұған қоса, министрлік қазіргі уақытта Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берілген негізді бастамалары мен тапсырмаларын кеңінен насихаттау мақсатында медиа-жоспар әзірленіп, іске қосылғанын айта кеткім келеді» – деді Аида Ғалымқызы.
Аида Балаева ардагерлер ұйымдарымен бірлескен жұмысқа жоғары баға беріп, Ұлы Жеңістің 80 жылдығын лайықты атап өту үшін бірлесе қызмет етуге дайын екенін жеткізді. «Соғыс тақырыбы – жабық тақырып емес. Жаңа деректерді ашып, зерттеу – біздің ортақ борышымыз», – деді ол.
Сөзінің соңында ведомство басшысы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өтетін іс-шаралар жайлы да хабардар етті. Атап айтсақ, 2000-ға жуық түрлі деңгейдегі мәдени, ғылыми, қоғамдық бастамалар жоспарланған. Президент Жеңіс мерекесіне арналған арнайы медаль шығаруға Жарлыққа қол қойып, логотип пен брендбук те бекітілген. Осы айда архив көрмесі мен ғылыми конференция өтеді, 19 ұлттық фильм кинотеатрларда көрсетіледі. 6-7 мамырда концерт пен әскери парад ұйымдастырылады. «Батырларға тағзым» порталы кеңейтіліп, ардагерлер жайлы деректер толықтырылуда. Осыны айтқан министр осы бағыттағы ардагерлермен тығыз жұмыс та жалғаса беретінін атап өтті.
Мемлекеттік қолдау – ардагерге құрмет
Пленумда сөз алған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин елімізде тұрып жатқан ардагерлерге көрсетілетін әлеуметтік қолдау жүйесін жан-жақты тарқатты.
2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда 111 Ұлы Отан соғысы ардагері мен 41 468 басқа санаттағы ардагер тіркелген. Барлық ардагерлерге ай сайын 16 АЕК немесе 65 912 теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Зейнетақымен қосқанда бұл сома орта есеппен 263 мың теңгені құрайды. Жарақат алған немесе мүгедек болған ардагерлер үшін бұл төлем – 280 мың теңгеден асады.
«Биыл Үкімет тарапынан бір реттік 5 млн теңге көлемінде көмек беру туралы шешім қабылданды. Қазірдің өзінде бірнеше облыс бұл көмекті беріп үлгерді. Қалған өңірлер сәуір айының соңына дейін үлгереді», – деді Олжас Сейтбатталұлы.
Сонымен қатар, барлық ардагерлерге медициналық, санаторийлік, тұрмыстық, әлеуметтік қолдау көрсетіліп, жалғызбасты ардагерлерге патронаттық көмек ұйымдастырылуда. Коммуналдық қызметтерге, қоғамдық көлікке, дәрі-дәрмекке де жеңілдіктер қарастырылған.
Қоғамдық белсенділік пен идеологиялық серпіліс
Пленум аясында мәдениет, қоғамдық сана, жастар саясаты, ақпарат құралдары мен үкіметтік емес ұйымдардың атқаратын қызметі де кеңінен қозғалды. Министр Аида Балаева бұған қатысты: «Қоғамдық ұйымдармен жұмыс – мемлекеттік саясаттың бір бөлігі. ҮЕҰ туралы заңды қайта қарау қажеттілігі туындады. Қазір бұл бағытта заң жобасы әзірленіп жатыр», – деді.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы жыл сайын 2000-нан астам жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалардың сапасын арттыру үшін критерийлер қайта қаралып, ашықтықты қамтамасыз ету тетіктері енгізілмек. Бұған қоса, «Таза Қазақстан» бастамасы аясында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналған 15 мыңнан астам шара өткен.
Пленум соңында «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов министр Аида Балаева мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповаға ардагерлер атынан алғыс хат табыстады. «Біздің жұмысымызды бағалап, ынталандырып отырғаныңыз – үлкен жауапкершілік», – деді Аида Балаева алғысын білдіре отырып.
ІІІ Пленум – тәуелсіздік рухын терең сезінетін, тарихи жадыны қастерлейтін және ұрпақ тәрбиесіне алаңдайтын ел азаматтарының басын қосқан, мазмұны бай, жүгі ауыр, мәні терең жиын болды. Елдің тағдырын ойлайтын, ұлттың болашағына алаңдайтын, тарихты ұмытпайтын саналы қоғам қалыптастыру жолында ардагерлердің үнін есту – уақыт талабы. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – бұл тек мерейтой емес, ұрпақ жадындағы ар мен намыстың сабағы. Ұлттық тәрбие – ұлттың тірегі. Тарихи жады – елдің іргетасы. Бұл бағытта ардагерлердің атқарар миссиясы айрықша. Тарихты сөйлетіп, болашаққа даңғыл жол салатын мұндай жиындар жалғасын таба берсе жөн-ақ.