Өнеркәсіптегі кадр мәселесі
02.11.2017 1947
ХХ ғасырдың 50-60 жылдардағы Қазақстанда металлургия өндірісін инженерлік-техникалық мамандармен қамтамасыз ету қалай жүргізілді?

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін өнеркәсіп саласы жоғары қарқынмен дамыды, әсіресе металлургия. Уақыт өте келе білікті мамандар даярлау қолға алынды, мол тәжірибе жинақталды. Сол тәжірибе күні бүгінге дейін еліміздің металлургия саласы мамандарына жол салып берді. Инженер кадрлардың жаңа технологияны игеру, өндірісті дамыту мен жас инженерлерді даярлауда өздерінің біліктілігін көрсете білді.

Қазақстанда соғыс аяқталған сон 40-жылдардың соңына қарай Қазақ металлургия, Ақтөбе ферроқорытпа, Балқаш мыс-балқыту, Өскемен қорғасын-мырыш зауыттары металлургия саласының басты кәсіпорындары болды. Олардың Кеңес халқының шаруашылығында маңызы зор болды. Онда 100 мыңнан астам адам еңбек етіп, инженер-тиехникалық мамандармен қамтамасыз ету 90 %-ға дейін көтерілді. Дегенмен металлургия жұмысшылары мен инженер-техникалық мамандардың 3/2 яғни 60%-дан астамы Кеңес Одағының Орталық және Батыс аудандарында болды.

Қазақстанда метал-кен өндіріс орындары ашылуы мен қатар зерттеле де бастады. Мәселен, Қазақстанда толық металлургия циклімен қара металлургия кәсіпорындарын құру идеясын ХХ ғасырдың 30-40 жылдардың өзінде инженер-геологтар Қ.Сәтбаев пен М.Русаков ұсынған болатын.

Қазақстанның өндірістегі жұмысшылар құрамы ХХ ғасырдың 50-60 жылдары үлкен өзгерістерге ұшырады. Атап айтсақ, Қарағанды, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан сияқты индустриалды халық шаруашылығында жұмыс істейтін адамдардың саны 1,5-нан 3 есеге дейін өсті. КОКП-нің ХХ, ХХІІ съезінен кейін Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналды.

Өсу қарқынына келер болсақ, қара металлургиясындағы жұмысшылардың саны 1956-1965 жылдары аралығында 7,5 есеге өсті.

ХХ ғасыр ортасындағы қазақ металлургиясының үлкен кәсіпорындары болып Қазақстан магниткасы, Ермаков ферроқорытпа зауыты (қазіргі Ақсу), Соколов-Сарыбай тау-кен байыту комбинаты есептелді, сонымен қатар қара және түсті металлургияны өндірудің көлемі ұлғайды.

Осыған сәйкес, жоғары білікті мамандарға да сұраныс арта түсті (аз уақыттың ішінде 100 мың адам қажет болды).

Елімізде инженер кадрларды даярлауда Ресей және басқа да одақтас республикалардың ЖОО үлес қосты. Мысалы, 1951-1958 жылдар аралығында Мәскеудің болат және балқыма институтының оншақты жас мамандар бітіріп шықты, олардың ішінде А.Қонаев, Э.Түркебаев, М.Ақбиев, А.Омаров, К.Умаров, Т.Хамзин тағы басқалары болды. Кейінірек атақты ғалым, ғылыми жетекшілер басқа да жауапты қызметтерді атқарды.

Еліміздегі инженерлік-техникалық интеллегенция кадрларды даярлауда Қазақ тау-кен институтының орны ерекше болды. 1934 жылы ашылған аталған институт жыл сайын жүз шақты білікті геологтарды, тау-кен инженерлерін, инженер-металлургтерді шығарды. 1960 жылға дейін институт 4000 инженерді дайындады.

Маман даярлаудағы статистика тоқталар болсақ, 1947 жылы республикамыздың жоғарғы оқу орындарында сырттай оқу бөлімі арқылы барлығы 264 маман дайындалған болса, ал 1950 жылдың аяғында сырттай және кешкі бөлімдерде 23 760 адам оқытылды. 1956 жылы Бүкілодақтық политехникалық институтында сырттай барлығы 25 адам оқытылса, ал 1956-1957 оқу жылында 671 адам дайындалды. Ал 1955 жылы Алматыда Бүкілодақтық сырттай инженерлік-құрылыс институтының филиалы ашылды. Бұған дейін Қазақстанда инженер-құрылысшылар дайындалмады.

 

Енді инженер маман іздеген бос жұмыс орындарына келсек, төртінші бесжылдықтың бірінші жылы Қарағанды металлургия зауытында инженерлік қызметкерлерінің бос орындары – 57, ал келесі жылы 784 болды. Бұл дегеніміз сұраныстың артқанын көрсетіп тұр.

Мамандарды даярлауда 1959 жылы 18 қыркүйекте шыққан «Жоғары және орта білімі бар мамандарды дайындауға жоғары оқу орындары мен техникумдарды жинақтауға өнекәсіп кәсіпорындарының, совхоз, колхоздарының қатысуы туралы» КСРО Министрлер Кеңесінің Қаулысы Қазақстанның техникалық жоғары оқу орындарының студенттерінің құрамының сапалы өзгеруіне үлкен әсерін тигізді.

Жоғарыда аталған қаулыға сәйкес 1960 жылы ЖОО мен тезникумдарда 17 адам, ал 1961 жылы 40 адам оқуға мүмкіндік алды. Бұдан бөлек, Шымкент, Ленгер, Жамбыл, Кентауда курстар ұйымдастырылды. 1960 жылғы есеп бойынша осындай курстарда 847 адам оқытылды.

1956 жылы кадр дайындау ісі одан әрі жалғасын тапты. Одан бөлек, жас мамандарға жұмыс орындары да ашыла бастады. Осы жылы Ермаков феррқорытпа зауыты, Соколов-Сарыбай тау-кен байыту комбинаты секілді ірі металлургия кәсіпорындары пайда болды. Оқу бітірген жастардың үлкен тобы Орал, Сібір және Украинаның зауыттарында практикадан өтті. 1958 жылы Ресейдің техникалық училищесінен Қазақстанның 195 жас маманы өзі біліктілігін арттырды. 1959 жылы зауыттарда 600-ге жуық жас жұмысшылар машықтанды. Оның ішінде Череповецк – 91 адам, Челябі – 191 адам, Кузнецкіде – 104 адам, Кривожорьеде 44 адам, Қарағанды металлургия зауытында 117 адам оқып үйренді. Енді Қазақстан Магниткасында инженерлік-техникалық кадрлардың өсу динамикасына қарасақ. 1958 жылдың басында барлығы 198 инженер мен техниктер болса, ал 1958 жылдың 1 сәуірінде олар 250-ге жетті, ал 1959 жылы 1 сәуірде 402 инженер мен техниктер еңбектенді.

Қазақ тау-кен металлургия институтының алғашқы түлектері. Алматы, 1937 жыл. 

Сонымен, ХХ ғасырдың 50-60 жылдары Қазақстанда жаңа зауыт-фабрикалар ашылумен қатар, кадр дайындауда айтарлықтай қарқынмен жүргізілді. Және тағы бір айтып өтетін нәрсе, Одақтас республикалардан ауысып келген мамандардың негізінде инженер-металлург, басқа да техникалық мамандармен қамтамасыз етудің негізгі факторы болды.

Суреттер интернеттен алынды.