Он жылдық соғыстың соңы
19.02.2018 2872
Осыдан 29 жыл бұрын 1989 жылдың 15 ақпанында Ауған соғысы аяқталып, ССРО әскері Ауғанстан аумағынан шығарылды

Ол соғысқа Қазақ жауынгерлері де қатысқандықтан, бұл айтулы оқиғаның біздің тарихымызда да алар орны ерекше. Соғыстың не үшін, қандай себептермен болғандығына, жалпы, қажеттілігіне қатысты көптеген қарама-қайшы ой-пікірлер айтылуда. Алайда, Ауған соғысында қан төккен жауынгерлерді еске алып, құрмет көрсету – бүгінгі күн ұрпағының парызы.

ССРО әскерінің КОКП ОК Саяси бюросының 1979 жылдың 12 желтоқсанындағы отырысында № 176/125 «А бабы» Ауғанстанға әскер кіргізу туралы құпия шешімі қабылданды.

Ауғанстан астанасы Кабул қаласынан 50 шақырым қашықтықта орналасқан Баграм әуежайына 105 әуе-десант дивизиясының бөлімдері 1979 жылдың 24 желтоқсанында қонды. Ауған әскерінің техникасы жөңдеуден өткізіледі деген сылтаумен істен шығарылып, байланыс бұғатталды, ал, Ауған әскерінің басшылық құрамы той тойлаймыз деген мақсатпен дастархан басына жиналған. Осы іс-әрекеттердің нәтижесінде 25-26 желтоқсан күндері Баграм әуежайына бүкіл 105-ші дивизия толық құрамда жеткен болатын.

ССРО әскерінің Ауғанстан аумағына кіргізілуінің негізгі себептері ретінде советтік билікке жақын 1978 жылы сәуір төңкерісінің нәтижесінде билікке келген Ауғанстанның Халықтық-Демократиялық партиясын қолдау болды деп айтылды. Ауғанстандағы жаңа биліктің феодалды қоғамда ауған социализмін құрмақ болуы және күштеу қадамдары, азаматтық соғысқа алып келді. АХДП-сына наразы исламдық діни бірлестіктер тобы қарсы шықты. Сол 1979 жылғы наурыз айындағы Герат қаласындағы көтерілістерден бастап Ауған билігі тарапынан советтер билігіне 20 рет тікелей әскери қолдау көрсетіп араласуды сұраған делінді. Сонымен қатар, Ауғанстандағы жағдай бұдан ары Ауғанстан басшысы Хафизулла Аминнің бұйрығымен АХДП көшбасшысы Н. Таракидің тұтқындалып, өлтірілгеннен соң Совет басшылығы Ауғанстандағы жағдайды тікелей араласу арқылы шешуге итермеледі.

Әскер кіргізумен қатар Ауғанстан мемлекет басшысы Хафизулла Аминді жою мақсатындағы «Дауыл-333» құпия операциясы жасалды. Совет  әскері жергілікті ауған әскерімен бірлесе отырып, аса маңызды деген күре жолдар, байланыс орталықтары мен әуежайды күзетке алды.

Ауғанстандағы Совет әскерінің негізгі мақсаттарына ауған әскерімен бірлесе отырып аса қауіпті деген оппозицияның қарулы топтары мен бөлімшелерін жою болды. Сондай-ақ, Пәкістан мен Ираннан қару-жарақ пен оқ-дәрі таситын керуендермен күрес болды.

Ауғанстандағы соғыс құпияда ұсталды. Себебі, ресми Совет Одағы соғыс жағдайында болмаған еді. Қайтыс болған жауынгерлер жабық табыттарда әкелініп, туған-туыстарына қайтыс болу себептері мен орны жайлы ақпарат таратуға тыйым салынды. Осы соғыс Совет Одағының халықаралық сахнадағы жағдайына кері әсерін тигізіп, мемлекет изоляцияға ұшырап, Мәскеуде өткен 1980 жылғы Олимпиада ойындарына қатысудан көптеген елдер бас тартты.

Ауған соғысында қазақ жауынгерлері асқан ерлігімен көзге түскен. Олардың қатарынан «Қара майор» Борис Керімбеков, Бақытжан Ертаев сынды дұшпандары мойындаған батырлар даңққа бөленіп, осы күннің батырлары ретінде жас ұрпаққа өнеге болып жүр.

ССРО әскерінің Ауғанстан аумағында жүргізген соғысы 10 жылға созылып, Совет Одағы елдерінен 620 мың жауынгер, оның ішінде, 22 мың қазақстандық 2238 күнге созылған соғыс қимылдарына қатысып, қан кешкен. Қазақ жауынгерлерінің 2265-і соғыс барысында ерлігі үшін марапатталған. Соғысқа қатысқан жауынгерлердің бәрі елдеріне аман-есен оралмады. Онда қайтыс болған қазақстандық жауынгерлердің саны – 924 адам, бүкіл ССРО көлемінде 10955 жауынгер опат болды делінсе, кейбір деректер бойынша 15 мыңнан астам жауынгерлер мен офицерлер опат болды деп айтылады.

Елге оралған жауынгерлердің 3 мыңы мүгедек. Сонымен қоса, қатысқандардың басым көпшілігінде «Ауған синдромы» бар және жауынгерлердің бестен екісіне психологиялық көмек көрсету қажеттілігі болған.

Аталған соғыста Ауған халқының 100 мыңнан астам адамы қайтыс болып, ондаған мың адам мүгедекке айналып зардап шеккен.

ССРО әскерінің шығарылуы, Женева қаласында 1988 жылдың 14 сәуірі Ауғанстандағы саяси ахуалды реттеу мәселесі бойынша бес негіз қалаушы құжатқа Ауғанстан Республикасының, Пәкістан Ислам Республикасының, ССРО және АҚШ өкілдері қол қойды. Бұл келісімдерде Совет әскерінің шығарылу барысы нақтыланды және Ауған елінің ішкі істеріне араласпауға халықаралық кепіл беріліп, өз мойындарына міндеттемені ССРО мен АҚШ алды.

Ауғанстан аумағынан әскер шығару екі кезеңге бөлінді. Оның біріншісі бойынша, әскердің жартысы 1988 жылдың 15 тамызына дейін шығарылуы тиіс еді, екіншісі кезеңде – жарты жылдың ішінде қалған әскери бөлімдер шығарылуы тиіс болатын.

Әскер шығару барысындағы қиындықтарға қарамастан 1989 жылдың 15 ақпаны сағат таңғы 10.30-да екі мемлекетті бөліп тұрған Амудария өзенінің үстіндегі көпірді жүріп өткен. Соңғы адам – 40 армияның қолбасшысы, генерал-лейтенант Борис Громов болды. Осылай  екі жақтың халқына қайғы әкелген Ауғанстандағы он жылдық аяқталды.

Бұл соғыстың Қазақ халқына қандай қажеттілігі болғандығы жайлы көп толғануға болады. Алайда, бұл соғыс соғыстың нәтижесінде қалған қандас бауырларымыздың жасаған ерлігін, қазіргі уақытта аға буын өкілдері болып отырған Ауған соғысының ардагерлерін құрмет тұту – қасиетті парыз.

Дастан ЖҰМАНБАЕВ