Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Н. Назарбаев ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштің ашылуында

2816
Н. Назарбаев ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштің ашылуында - e-history.kz
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына тағзым» ескерткішін ашты.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ə. Назарбаевтың

«1932–1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына ескерткіш»

монументінің ашылу рəсімінде сөйлеген сөзі

(«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ ХАЛЫҚ ҚАСІРЕТІ ЖӘНЕ ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ» Халықаралық ғылыми конференциясы материалдарының жинағынан), Астана баспасы, 2012

Ардақты ағайын!

Қадірлі қазақстандықтар!

Кешеден бері Астана əлем жұртшылығының назарында. Дəл осы күндері қазақ елі тағы да өзіне тəн тарихи миссиясын атқару үстінде.

Осы күнде Астанада дəстүрлі жəне əлемдік діндер лидерлерінің ІV съезі өтіп жатыр. Олар адамзат болашағының аса көкейкесті проблемаларына арналған құрылтайға жиналды. Осылайша Астана əлемде бірлік пен татулықтың артуына, тұрақтылықтың орнығуына ұйытқы болып келеді.

Енді, мінеки, сол əлемдік алқалы бас қосумен қатар, тарихымызды түгендеп, тағы бір үлкен шара, ата-баба рухына ескерткіш ашудың рəсіміне келіп тұрмыз. Бүгін бұл жерде өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы алапат ашаршылық құрбандарының рухына тағзым ретінде ескерткіш бой көтерді.

Кеңес Одағы аумағында 1932–1933-жылдары болған ашаршылық адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі. Сол кезде Қазақстанды ғана емес Ресей, Украина, Беларусь жерлерін қамтыған алапат ашаршылық 7 миллион адамның өмірін жалмады. Қазақ – сондағы жасанды зауалдан ең қатты зардап шеккен халықтардың бірі. Тек 1932–1933 жылдары ең кемі бір жарым миллион қазақ аштықтан ажал құшты. Бұны əлі де зерттеу керек, əрине. Аман қалған қандастарымыздың тағы 600 мыңнан астамы жан сауғалап, шет мемлекеттерге босып кетті.

Сол жылдары нəубетке ұшырамаған, аштық тауқыметін тартпаған қазақ қалған жоқ.

Мұның барлығы сол кездегі кеңестік биліктің тоталитарлық саясатымен қолдан жасалды.

Ашаршылықтың алдындағы тəркілеу жəне ұжымдастыру науқандары талай дəуірден бері қапысыз қалыптасқан көшпелі қазақтың шаруашылығын шайқап, тіршілік қалыбын бұзды.

Соның салдарынан қазақ халқы ашаршылыққа дейінгі санына 1970 жылдары əрең қол жеткізді. Біздің тарихқа жіті көзбен қарап, өткенді ұмытпауымыз осындай нəубеттердің қайталанбауы үшін қажет. Халықтың қасіретті сəттері əрдайым елдің жадында болуы тиіс. Бұл ретте тұтас ұлтты жойып жібере жаздаған ашаршылық ешқашан ұмытылмақ емес.

Сондықтан, біз Астананың қақ төрінде «Ашаршылық құрбандарына ескерткіш» монументін орнатып отырмыз. Бұл біріншіден, ашаршылықта құрбан болған миллиондардың рухына бүгінгі буыннан тағзым. Екіншіден, келер ұрпақ ата-бабаларының қандай қасіреттерді бастан өткергенін біліп жүруіне қажет тағылым.

Біз Ұлы Отан соғысы кезінде, «Ақтабан шұбырынды» кезінде де қаншама адам қырылғанын білеміз, бірақ мынандай нəубетті қазақ ешқашан басынан кешірген жоқ. Санақ бойынша, халқымыздың жартысына жуығы, соның ішінде бүлдіршін балалар ең алдымен құрбан болды. Егер олай болмағанда халқымыздың саны қанша болар еді, өздеріңіз ойлай беріңіздер.

a3e0581330ee33e02f1c55c4916d6db6.jpg

«Ашаршылық құрбандарына ескерткіш» монументі Астананың оң жағалауындағы Абай көшесі мен Республика даңғылының қиылысында орналасқан

Біз болашаққа бет бұрған халықпыз, Тəуелсіздігіміздің 20 жылдығын өткен жылы ғана атап өттік. Кеңес үкіметі билікке келген алғашқы кезде Қа-зақстаннан көшіп кеткен халық көп болды. Сол кезде халқымыздың саны 4 миллионға дейін азайып кетті. Осы жылдар ішінде нəубет салдарынан жəне басқа жағдаймен кеткен 1 миллион қандасымызды елімізге қайтардық. Бүгінде халқымыздың əл-ауқаты жақсарып, бала туу деңгейі көтеріліп, халық саны жылдан-жылға өсіп келе жатыр.

Денсаулық сақтау мəселесіне көңіл бөлінгелі бала туу жасындағы аналар өлімі күрт азайды. Жас сəбилердің шетінеуі азайып келеді. Адамның өмір сүру жасы ұзарды. Тек соңғы төрт жылдың ішінде қазақ халқының жалпы өмір сүру жасы 65-тен 70 жасқа жақындады. Бұл үлкен табыс болып саналады. Біртіндеп 1,5–2 пайызға өсіп келе жатыр. Қазірдің өзінде 17 миллионға жақын халқымыз бар.

Менің алға қойған мақсатым – жуық арада халық санын 20 миллионға жеткізу – ол қол жеткізуге болатын жағдай. Алдымызда əлі де істейтін шаруамыз көп. Өткенге тағзым етіп, бабаларымызды еске алып отыруымыз керек.

Елдің бірлігі, татулығы сақталып, көп ұлтты халқымыз бір-бірімен түсінісуі керек. Қазақ жерінде өтіп жатқан ауқымды іс-шаралар дүние жүзіне белгілі. Өздеріңіз білесіздер, Еуропадағы қауіпсіздік жəне ынтымақтастық ұйымының ең үлкен жиыны да осы жерде өтті. Міне, енді Əлемдік жəне дəстүрлі діндер көшбасшыларының төртінші съезін өткізіп отырмыз.

Мұның барлығы елімізді бүкіл дүние жүзі білсін деп жатырмыз. Сонымен қатар, бұл – бейбітшілік, татулық, ядролық қаруға қарсы бастама, маңызды іс-шаралардың барлығы қазақтың жерінен шығып жатыр деп жасалып жатқан үлкен-үлкен істеріміз.

Сондықтан өткенге тағзым етіп, бабаларымызды еске алып, екі білегімізді сыбанып, алға қадам басып, жастарымызды тəрбиелеп, еңбекқор, елді сүйетін, жер ді сүйетін патриот халық болып өсе берейік. Аман-сау болыңыздар, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

                                                                                                             Астана, 31 мамыр 2012 жыл

 Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?