Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әдеби жәдігерлер

3813
Әдеби жәдігерлер - e-history.kz
Елімізде алғаш рет іске асырылып отырған «Әдеби жәдігерлер» сериясының басты мақсаты - түркі халықтарына әдеби ескерткіштер мен ХV-ХІХ ғасырлардағы әдебиет шығармаларын неғұрлым толық жариялау.

 1 том

Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің құндылығын танытатын ежелгі түркі дәуіріндегі жазба ескерткіштер мен орта ғасырлық әдеби жәдігерлер осы күнге дейін толық көлемде жарық көрген жоқ. Кеңестік кезеңдегі белгілі шығыстанушылар мен түрколог ғалымдар көне түркі әдеби ескерткіштерін өз деңгейінде зерттеп жариялағанымен де, бұл басылымдарда белгілі себептерге байланысты ежелгі мұралардың маңыздылығын арттыратын мәтіндер берілмеді, көне әдеби жәдігерлерді дайындап жарыққа шығару ісі кенже қалып келді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде орындалатын «Әдеби жәдігерлер» атты ғылыми басылымды дайындап жарыққа шығаруды қолға алды.

Елімізде алғаш рет іске асырылып отырған «Әдеби жәдігерлер» сериясының басты мақсаты - халықтың ежелгі заманнан бергі жазба мұралары мен әдеби жәдігерлерін сол күйінде өзіне қайтару, түркі халықтарына ортақ ежелгі және орта ғасыр әдеби ескерткіштері мен ХV-ХІХ  ғасырлардағы әдебиет шығармаларын неғұрлым толық жариялау. Бұл ретте ғылыми және көпшілік кітапханалардың сирек қорларында сақталған барлық дерлік ежелгі және орта ғасырлардағы әдеби жәдігерлер, ХV-ХІХ ғасырлар әдебиетінің мәтіндері ғылыми басылым томдарына енетін болады. Серияда: а) 1917 жылға дейін кітап болып басылған әдеби жәдігерлер; ә) қолжазба күйінде сақталған мұралар; б) кеңестік кезеңде әкімшіл-әміршіл жүйе саясатына ілініп, цензураға түскен мәтіндер; в) түрлі себептермен тыйым салынып, осы күнге дейін ғылыми айналымға түспеген шығармалар бар.

Әдеби жәдігерлердің мәтіндері қолжазба күйінде болсын, баспа бетінде жарық көрген күйінде болсын, сол  бастапқы қалпында жарияланады да, ешқандай редакторлық өңдеуге жол берілмейді.

Серияның басты ерекшелігі - ежелгі және орта ғасырларда түркі тілінде жазылған әдеби жәдігерлердің біраз бөлігі алғаш рет қазақ тіліне аударылып беріледі.

Ғылыми басылым томдары хронологиялық тәртіппен жарияланады. Алғашқы том көне түркі дәуірінен басталып, соңғы том ХІХ ғасыр кезеңімен аяқталады. Бірнеше томды құрайтын серияның әр томы редакциялық бас алқаның кіріспе мақаласымен ашылып, соңында жазылған түсініктемелерді, сөздік пен жер-су атауларын, мәтіндерде кездесетін тарихи тұлғалар мен діни есімдерге байланысты түсініктерді, сондай-ақ, пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен орыс және ағылшын тілдерінде жазылған түйіндерді қамтиды.

Оқырман қауымға ұсынылып отырған «Әдеби жәдігерлер» сериясының бірінші томына сақ-ғұн заманындағы және Түрік қағанаты тұсындағы көне әдебиет туындылары, сонымен бірге ІХ-Х ғасырлардағы әдеби шығармалар беріліп отыр.

Ежелгі сақтар билеген кезеңнен сыр шертетін «Күнге мадақ» өлеңі мен Тұран елінің билеушісі, сақтардың ержүрек қолбасшысы Тоңға батыр өліміне байланысты шығарылған «Алып Ер Тоңғаны жоқтау» жыры әдебиет тарихын зерттеуші белгілі ғалым Н.Келімбетов материалдары негізінде дайындалды.

Көне ұйғыр әрпімен жазылған манихейлік дұға  «Хуастуанифт» жазба ескерткіші алғаш рет қазақ тілінде аударылып, ғылыми айналымға енгізіліп отыр. Түпнұсқадан аударған филология ғылымының кандидаты А.Әлібекұлы.

Қытайда әр дәуірде жазылған «Жиырма төрт тарих» деп аталатын ресми жылнамалардағы түрлі тарихи баяндарда көне түріктерге байланысты құнды тарихи деректер мен аңыздар кездеседі. Қытайда тұратын қазақ ғалымдары осы материалдарды сұрыптап, көне қытай тілінен қазіргі қазақ тіліне аударды, тарихи-деректану тұрғысынан ғылыми түсініктер жазды, осы қыруар жұмыс барысында 2006 жылы Үрімжідегі «Шыңжан жастар өрендер» баспасынан «Ұлы Түрік қағанаты» атты көлемді жинақ шығарды. Құрастырып түсініктерін жазған Қытай Халық Республикасы Шыңжан Ұйғыр автономиялы районы Қоғамдық ғылымдар академиясы Тарих институтының аға ғылыми қызметкері Шадыман Ахметұлы.

«Әдеби жәдігерлер» сериясының 1-томында осы жинақтағы Түрік қағанатына дейінгі дәуірде өмір сүрген түрік ұлыстары жөнінде сыр шертетін «Уейнама» жылнамасынан, Түрік қағанаты құрылып, дәуірлеп тұрған кезең туралы және қағанаттан кейінгі түріктенген ұлыстар жөнінде баяндайтын «Солтүстік Чинама», «Жоунама», «Сүйнама», «Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамаларынан материалдар беріп отырмыз. Бұл мәтіндерді томға Ш.Ахметұлы ұсынды.

Орхон, Енисей жазба ескерткіштерінде Түркі қағанатының көрнекті мемлекет қайраткерлері Білге қаған, Тоныкөк сияқты ержүрек қолбасшылардың ел-жұртын қорғап басқарудағы ерлік істері мен өнегелі қызметі дәріптеледі. Бұл аса құнды әдеби жәдігерлерді томға дайындау барысында Күлтегін, Білге қаған туралы жырлар мен осы дәуірде жазылған «Бұғыты», «Онгин ұстыны», «Тұй-ұқұқ», «Күүлі-чор»жазба ескерткіштерінің мәтіндері Орхон мұраларына тілдік, тарихи, этнографиялық, археологиялық талдау арқылы жаңаша мәтіннамалық тұжырым жасаған белгілі түркітанушы-ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының «Орхон мұралары» кітабы (Астана, 2003) негізінде дайындалса, Тоныкөк жырлары мен VІІІ ғасырдағы «Мойын-чор», «Тариат», «Суджа» әдеби жәдігерлері, «Майда Орхон ескерткіштері» және шамамен VІІІ ғасырдың соңы - ІХ ғасырдың бас кезінде туған «Ырық бітік» түс көру мен түс жору жазба ескерткіші белгілі түркітанушы-ғалым Ғұбайдолла Айдаровтың «Орхон ескерткіштерінің тексі» кітабы бойынша(Алматы, 1990) берілді.

Моңғолия мен Қытайда, Алтай, Енисей өлкелерінде және Тува Республикасында табылған көне дәуір куәлары - VІІ-VІІІ ғасырлардағы түркі жазба ескерткіштері - «Алтын тамған тархан», «Орду-Балық» жазба жәдігерлері, «Чойр» бәдіз бітігі, «Күлтархан», «Тэсийн», «Сүүжийн», «Барық», «Бегре», «Чаа-Қол», «Алтын көл», «Кемчік-Чырғақ», «Қызыл-Чыра», «Көжелік-Қобы», «Теле», «Абақан», «Кербис-Бары», «Шанчы», «Ел-Бажы» бітіктастары, Талас түрік бітіктастары, «Уюк-тарлақ», «Уюк-Аржан», «Уюк-Туран», «Елегест», «Уйбат», «Бай-Бұлын» бұғытастары және Қазақстанда табылған кейбір түрік бітік ескерткіштері алғаш рет түпнұсқадан қазақ тіліне аударылып берілді. Бұл жазба әдеби жәдігерлерді қазақ тіліне аударып, ғылыми түсініктерін жазған түркітанушы-ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Нәпіл Базылхан.

Серияның осы томында орта ғасырда өмір сүрген аса көрнекті түркі ғалымы Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат ит-түрк» атты атақты еңбегінде жарияланған түркі халықтарының мақал-мәтелдері мен бәйіттері оның 1993 жылы Алматыда жарық көрген «Түбі бір түркі тілі» («Диуани лұғат ит-түрк») атты кітабынан алынып, белгілі түркітанушы-ғалым Әрсен Ибатов пен Қанапия Бекетаев аудармасы негізінде берілді.

Басылымның алғашқы томына түркі тілдес халықтарға ортақ көне жазба ескерткіштердің бірі - «Оғыз-нама» әдеби жәдігерінің түпнұсқаға жақын жасалған қазақша ғылыми аудармасы енгізілді. Бұл ретте «Оғыз-намені» алғаш рет қазақ тіліне  аударған белгілі әдебиеттанушы ғалымдар, Қазақ КСР ҒА-ның корреспондент-мүшесі Ә.Дербісәлин, филология ғылымдарының докторлары М.Жармұхамедұлы мен Ө.Күмісбаев дайындаған мәтін нұсқасы негізге алынды («Оғыз-наме», «Мұхаббат-наме». Алматы, 1986).

ІХ-Х ғасырларда туып, ХV ғасырда хатқа түскен көне оғыз-қыпшақ мәдени ескерткіші - «Қорқыт ата кітабы» дүниежүзілік әдебиеттің алтын қорына қосылған түркі тілдес халықтарға ортақ әдеби мұра болып табылады. Томда белгілі әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев дайындаған нұсқа сол қалпында беріліп отыр.

Серияның бұл томын қыпшақ даласынан шыққан ұлы энциклопедист ғалым, ойшыл Әбу Нәсір әл-Фарабидің поэзия табиғатын талдап жазған «Өлең өнерінің қағидалары туралы трактаты» мен ақындығын айғақтайтын бір топ өлеңдері аяқтайды. Ұлы ғалым туындылары белгілі ақын Аян Нысаналин аударған нұсқа бойынша (Әбунәсір әл-Фараби. Трактат және өлеңдер. - Алматы, 1974) берілді.

Том соңында берілген ғылыми қосымшалар жинаққа енген көне түркі әдеби жәдігерлеріне жазылған түсініктемелерді қамтиды. Қосымшаларда Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінің сөздігі, жер-су атаулары, мәтіндерде кездесетін тарихи тұлғалар мен діни есімдерге арналған түсініктер, пайдаланылған әдебиеттер тізімі, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған қысқаша түйіндер берілді.

Томның көлемі -  504 бет.

 2 том

  М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты  Мемлекеттік «Мәдени мұра» шеңберінде  жарық көретін «Әдеби жәдігерлер» атты  жиырма томдық басылымды дайындап, жариялау жұмысын жалғастыруда.

  Аталған басылымның басты мақсаты - халықтың ежелгі заманнан бергі жазба мұралары мен әдеби жәдігерлерін сол күйінде өзіне қайтару, түркі халықтарына  ортақ  ежелгі және орта ғасыр әдеби ескерткіштері мен ХҮ-ХІХ ғасырлардағы ақындар шығармаларын  неғұрлым толық жариялау.

  Оқырманға  ұсынылып отырған  «Әдеби жәдігерлер» сериясының  екінші, үшінші және төртінші томдарын  орта ғасырда өмір сүрген аса көрнекті  түркі ғалымы Махмұт Қашқаридің  «Түрік сөздігі» («Диуани лұғат-ит-түрк»)  еңбегі құрайды.

  ХІ ғасырда өмір сүрген Махмұт Қашқари  (1029-1101) - аса көрнекті түркі ақыны, ойшылы Жүсіп Баласағұнның тұстасы, замандасы. Ол Талас - Шу алқабындағы Барысхан қаласында Қарахан әулетінде туған. Қашғарда білім алып, Бұхара мен  Бағдадта оқуын жалғастырған. Түркі халықтары мекен еткен жерлерді түгел дерлік аралап, өзінің басты еңбегі  - «Диуани лұғат-ит- түрк» атты  түркі тілдерінің жинағын жазып шығады.

  М.Қашқаридің «Түрік сөздігі» - орта ғасырлардағы түркі халықтарының  энциклопедиясы, 3 томнан, 8 кітаптан тұратын  құнды еңбекте 6800 түркі сөзі ғылыми жүйеге түсірілген.  Түркі халықтарын  аралап материал жинау барысында ғалым түркі тілдес  түрлі тайпалардың  ерекшеліктеріне мән бере отырып, түркі тілінің айтылу, жазылу заңдылықтарын, қолдану аясына  қатысты айырым белгілерін зерттеді, әлемдік түркітану тарихында алғаш рет  тарихи-салыстырмалы зерттеу әдісін қолданып, диалектология  ғылымының негізін салды.

  «Түрік сөздігінде»  түркі халықтарының ауыз әдебиеті үлгілері де кеңінен қамтылған,  сөздерге түсінік беруде 242 бәйіт пен 262 мақал-мәтел пайдаланылған. Еңбекте 29 түрлі  түркі  тайпасының этноним, топонимдері, туыстық атаулары мен этнографиялық ерекшеліктері кеңінен сипатталған.

  Ғалым осы атақты еңбегін дайындауға бірнеше жыл өмірін арнап, 1072-1078  жылдары Бағдад қаласында жазып бітірген. Түрік ғалымы Басым Аталай «Диуани лұғат-ит-түрк» кітабын алғаш рет қазіргі түрік тіліне аударып, бұл еңбек 1939-1941 жылдары Түркияда 3 том болып басылып, одан кейін 1960 жылдары Ташкентте «Түрік сөздігінің» үш томдығы өзбек тілінде араб және кириллица әліпбиімен жарық көрді (Өзбек тіліне аударып, алғы сөзі мен ғылыми түсініктерін жазған ғалым Салық Муталлибов). Ұйғыр тіліндегі аудармасы 1981 жылы Қытайда үш том болып жарық көрді.  Ал қазақ тілінде алғаш рет 1997-1998 жылдары белгілі ақын, әдебиеттанушы-ғалым,  филология ғылымдарының  докторы, профессор Асқар Құрмашұлы Егеубаевтың (1950-2006) аударуымен үш том болып жарық көрді.

«Әдеби жәдігерлер» сериясының 2-4 томдарын құрап отырған М.Қашқаридің «Түрік сөздігі»  осы еңбектің  А.Е.Егеубаев аударған соңғы басылымы (М.Қашқари. Түрік сөздігі. Алматы, Хант, 1997-1998.1-3 томдар) кітабы бойынша дайындалды. Жаңа басылым  А.Қ.Егеубаевтың  «М.Қашқари. «Диуани лұғат-ит- түрк» (ХІғ.) атты көлемді кіріспе мақаласымен ашылып отыр.

А.Қ.Егеубаев осы еңбекті аудару барысында «Диуани-лұғат-ит-түріктің» қазіргі қазақ тілінде  қолданылып жүрген әліпби бойынша тұңғыш рет транскрипциялық мәтінін жасады. Қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктері ескеріліп, транскрипциялау кезіндегі әр тілдің өзгешеліктері,  талдау және таңдау тәртібі салыстырмалы түрде сарапталды, орта ғасырлық түкі тілі мен қазіргі қазақ тілінің қағидаларына сәйкес түзілді. Әр сөзді аударғанда, соған берілген мысалдарды тәржімалағанда бастапқы үлгі сақталды: әуелі араб әліпбиіндегі нұсқасы, латын әліпбиіндегі әрі қазақ әліпбиіндегі транскрипциясы, содан кейін аудармасы рет-ретімен берілді. Қазіргі қазақ тілінде кездесетін, бірақ мағынасы өзгешелеу сөздер, бірнеше мағыналы сөздер ретіне қарай қатар жазып көрсетілді, аударылуға тиісті сөздердің  қазақша аударма баламалары алынды. Тіл біліміне қатысты кейбір терминдерге, атауларға түсіндірме жасалды.

  Осылайша А.Қ.Егеубаев аударып дайындаған басылым еш өзгеріссіз, оның өзі ұсынған ғылыми  принциптері негізінде беріліп отыр.

  Томның көлемі - 30 б.т.

 3 том

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Мемлекеттік «Мәдени мұра» шеңберінде жарық көретін «Әдеби жәдігерлер» атты жиырма томдық басылымды дайындап, жариялау жұмысын жалғастыруда.

Аталған басылымның мақсаты - халықтың ежелгі заманнан бергі жазба мұралары мен әдеби жәдігерлерін сол күйінде өзіне қайтару, түркі халықтарына ортақ ежелгі және орта ғасыр әдеби ескерткіштері мен ХҮ-ХІХ ғасырлардағы ақындар шығармаларын неғұрлым толық жариялау.

  Оқырманға ұсынылып отырған «Әдеби жәдігерлер» сериясының үшінші томын орта ғасырда өмір сүрген аса көрнекті түркі ғалымы Махмұт Қашқаридың «Түркі сөздігі» («Диуани лұғат-ит-түрк») еңбегінің осының алдындағы екінші томда  жарияланған бөлігінің жалғасы құрайды.

  М.Қашқаридің «Түрік сөздігінің» бұл томы үш бөлімнен тұрады. «Сәлім кітабы» атты бірінші бөлімде түркі тіліндегі арабша таңбамен берілген екі, үш, төрт және бес әріпті етістіктердің түрленуі мен сипаттарының баяны және қолданылуы баяндалады, соңында осы бөлімдегі  етістіктердің бірнеше сипатта болуына байланысты түсініктеме беріледі. Етістіктердің қолданылу қағидасы айтылған кезде көне түркі поэзиясынан жыр үзінділері мен мақал-мәтелдер келтіріліп, нақты дәйектелген.

  «Сәлім кітабы» бөлімінің  соңы: «Ұлы Тәңірге шүкір, Сәлім кітабы бітті» деп аяқталады.

  «Мұзоаф кітабы», яғни «Әлсіз етістіктер кітабы» атты екінші бөлім екі, үш, төрт әріпті есімдердің қолданылу қағидасына арналса, «Мұзоаф етістіктер кітабы» атты үшінші бөлім екі, үш және төрт әріпті етістіктер қағидасын баяндайды, соңында осы етістіктерді қолдану ережесі берілген.

  М.Қашқари «Түркі сөздігін» жазу мақсаты туралы: «Түрік, түрікмен, оғыз, жігіл, яғма, қырғыздардың сөздері мен сөйлеу мәнерін зерттеп,  қажеттісін пайдаландым. Әрқайсысының тілі мен салты санама әбден қалыптасты. Соларды мұқият зерттеп, арнайы әліпппелік тәртіпке келтірдім. Мәңгілік ескерткіш  әрі таусылмас әдеби-көркем мұра боп қалсын деген ниетпен түркі елдерінің сөздігін жасап, кітапқа «Түркі сөздерінің  жинағы» деп ат қойдым . «айта келе: «Жинақты сегіз бөлімге топтастырдым... Әрбір тайпаның  тілінен сөз жасауға болатын түбір сөздерін ғана  алдым... Түркі  халықтарының... бәйіт жырлары мен ...мақал-мәтелдерінен мысалдар келтірдім. Бұл кітапты пайдаланғандар кейінгілерге, олар өздерінен кейінгілерге жеткізсін деген ниетпен тағы біраз табылмайтын тіркестерді пайдаландым» деп сөздік құрылымына нақты тоқталады.

  Томда түркі халықтары фольклорының негізгі жанрлары - тұрмыс салт жырлары мен батырлық  эпостан үзінділер, тарихи аңыздар, мақал-мәтелдер мен қанатты сөздер кеңінен қамтыған.

  «Әдеби жәдігерлер» сериясының үшінші томы М.Қашқаридің  «Түрік сөздігі» кітабының белгілі ақын, әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Құрмашұлы Егеубаев (1950-2006) аударып шығарған басылым бойынша (М.Қашқари Түрік сөздігі. Алматы, Хант,  2-том.) дайындалды.

  А.Қ.Егеубаев аударып дайындаған басылым еш өзгеріссіз, ғалымның өзі ұсынған ғылыми принциптері  негізінде беріліп отыр.

  Томның көлемі - 30 б.т.

4 том

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты  Мемлекеттік «Мәдени мұра» шеңберінде  жарық көретін «Әдеби жәдігерлер» атты  жиырма томдық басылымды дайындап, жариялау жұмысын жалғастыруда.

Аталған басылымның басты мақсаты - халықтың ежелгі заманнан бергі жазба мұралары мен әдеби жәдігерлерін сол күйінде өзіне қайтару, түркі халықтарына  ортақ  ежелгі және орта ғасыр әдеби ескерткіштері мен ХҮ-ХІХ ғасырлардағы ақындар шығармаларын  неғұрлым толық жариялау.

  Оқырманға  ұсынылып отырған  «Әдеби жәдігерлер» сериясының  үшінші  томы  орта ғасырда өмір сүрген аса көрнекті  түркі ғалымы Махмұт Қашқаридің  «Түрік сөздігі» («Диуани лұғат-ит-түрк»)  еңбегінің осының алдындағы екінші  және үшінші томдарда  жарияланған бөліктерінің  жалғасы  құрайды.

М.Қашқари  «Түрік сөздігінің» бұл томы  бес бөлімнен тұрады. Барлық бөлімде толымды және толымсыз есімдер мен етістіктерге үлкен орын берілген. Түркі тілдерінің ішінде ең бай да ерекше грамматикалық  категория етістікке жете көңіл бөлінген. Томда келтірілген түркі сөздері  мына ретпен орналастырылған: әр бөлім зат есімдерді сипаттаумен басталады да, одан кейін етістіктермен жалғасады. Тиісті сөз таптарынан тұратын әрт тараушада сөздер әріп белгілері санының екіден жетіге дейін өсуіне байланысты орналастырылған. Оның үстіне бастапқы жағында хамза дәйекшесімен басталатын сөздер келтіріледі.

М.Қашқари өз еңбегінде барлық дерлік грамматикалық категорияларға түсінік берген. Грамматикалық түрлерді салыстырған кезде ғалым  түркі тілдерінің дербес морфологиялық ерекшеліктерін салыстырып, жеке немесе бірнеше тайпа тілдеріне ғана тән грамматикалық өзгешеліктерді атап өтеді. Белгілі бір тіл формасын қарастыра отырып, осы түрдің бастапқы қалпына назар аударады, оның өзгеріске ұшыраған ерекшеліктеріне талдау жасап, осы өзгеріс заңдылықтарын  анықтайды.

Ғалым осы томда түркі тілдерінің ежелгі фонетикалық және грамматикалық ерекшеліктерін тарихи даму үрдісінде қарастырып, өз заманындағы түркі тілдерімен ұқсастығын немесе олардан өзгеше айырмашылығын айқындайды. «Сөздік» авторы тілдік факторларды салыстыру мақсатында мүмкіндігінше топтау тәсілін қолданып, ортақ ұқсас белгілер негізінде  тайпалық тілдерді біріктіре сараптайды.

Томда сөздердің басым бөлігі нақты мысалдар негізінде түсіндіріліп дәлелденген. Бұл мақсатта түркі тілдес халықтарға ортақ мақал-мәтелдер, дастандар хикметтер, қанатты сөздер, өлең-жырлар, түркі ақындары шығармаларынан үзінділер кеңінен пайдаланылған. «Диуанда» келтірілген өлең шумақтары орта ғасырлардағы түркі халықтарының өмірі мен тұрмыс-салтынан мол мағлұмат береді. Мазмұны мен көркем-стилистикалық ерекшеліктері жағынан құнды бұл өлеңдер олардың авторларының көркемдік ойлау деңгейінің жоғары дамығанын дәлелдейді. Өкінішке орай, М.Қашқари бүкіл  «Сөздік» бойында өлең авторларының аты-жөнін атамайды. «Диуан» мәтіндерінен ғалымның жекелеген ақындар шығармаларын пайдаланғандығы немесе ауыз әдебиеті үлгілерін келтіргендігі туралы еш дерек жоқ. Себебі ғалым өлең шумақтарын мысал ретінде алған кезде «Жырда былай деп келген», «Бәйітте былай дейді», «Шәйір жырында былай деп жырға қосқан» деген сөздермен ғана шектелген, ал «Ақын жазған» деп еш айтпайды.

Соған қарамастан М.Қашқари өзінің атақты еңбегін құрастырып жазған кезде ІХ-ХІ ғасырларда өмір сүрген түркілер заманында кең тарап, руника, араб және басқа көне  әріптермен таңбаланған жазба деректерді кеңінен пайдаланғаны сөзсіз.

«Диуани лұғат-ит-түрк» еңбегінің бұл томында ғақлия және лирикалық сипаттағы өлеңдермен қатар көне түркі поэзиясының атақты кейіпкері - Алп Ер Тоңға - Афрасиабтың ерлігін жырлауға арналған тамаша  өлең жолдары де келтірілген.

Сонымен бірге томда муназар түрінде қыс пен жаздың айтысын берген өлең шумақтары да бар. Осы айтылғанның барлығы ежелгі түркі поэзиясының жанрларға бай болып, көркемдік дамудың жоғары деңгейімен ерекшеленгендігін айғақтайды.

«Әдеби жәдігерлер» сериясының төртінші томы М.Қашқаридің  «Түрік сөздігі» кітабының белгілі ақын, әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Құрмашұлы Егеубаев (1950-2006) аударып шығарған басылым бойынша (М.Қашқари. Түрік сөздігі. Алматы, Хант,  1998. 3-том.) дайындалды. А.Қ.Егеубаев сонымен бірге осы «Сөздікті» аудару барысында еңбектің кей беттерінің соңғы жағына ұғынықсыз сөздерге түсініктер жазған, осыған байланысты өз ой-тұжырымдарын келтіріп, сол сөздердің өзіндік аударма баламаларын ұсынған.

А.Қ.Егеубаев аударып дайындаған басылым еш өзгеріссіз, ғалымның өзі ұсынған ғылыми принциптері  негізінде беріліп отыр.

Томның көлемі - 37 б.т.

5 том

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде жарияланатын «Әдеби жәдігерлер» атты жиырма томдық басылымды дайындап, жариялау жұмысын жалғастыруда.

Аталған басылымның басты мақсаты - халықтың  ежелгі заманнан бергі жазба мұралары мен әдеби жәдігерлерін сол күйінде өзіне қайтару, түркі халықтарына ортақ ежелгі және орта ғасыр әдеби ескерткіштері мен ХV-ХІХ  ғасырлардағы ақындар шығармаларын неғұрлым толық жарыққа шығару.

Оқырманға ұсынылып отырған «Әдеби жәдігерлер» сериясының бесінші томы орта ғасырда өмір сүрген аса көрнекті түркі ақыны, ойшылы Жүсіп Хас Қажыб Баласағұнның «Құтты білік» дастанына арналып отыр.

Қазақ жерінде орналасқан ежелгі Баласағұн қаласында өмірге келген Жүсіп есейе келе Фараб (Отырар), Қашқар, Бұхара қалаларынан білім алған өз заманының алдыңғы қатарлы зиялы адамдарының бірі. Өзінің  «Құтты білік» философиялық дастанын Қарахан әулетінен шыққан Табғаш Қара Боғранға арнап жазған. Бұл еңбегі үшін Жүсіпке Хас Қажыб атағы беріледі.

«Құтты білік» («Құтадғу біліг») - әлем өркениеті тарихынан мәңгілік  орын алған түркі тектес халықтардың тұңғыш классикалық шығармасы. Түркі тіліндегі энциклопедиялық туынды болып саналатын дастанды орта ғасырларда ирандықтар - «Туран шаһнамасы», туған жұрты - түркілер - «Хандардың әдеп-қағидалары», машындықтар - «Мемлекеттің дәстүрі», бүкіл шығыс әлемі «Өмір зейнеті», «Падишаларға насихат» деп таныған, түркі зиялылары «Құтты білік» деп атап, бұл кітапты ұлылықтың негізі деп білген.

Жүсіп Баласағұнның атақты дастанында адамгершілік, философиялық тәмсілдер, парасат пен ақыл-ой сұлулығы, жар таңдау, бала тәрбиесі, елдік құру, мемлекет түзу, ел басқару, тәлім-тәрбие мен білім-ғылым сияқты өмірлік, әлеуметтік мәні зор көкейтесті мәселелер жырланған.

Поэманы көрнекті түркітанушы ғалым В.В.Радлов 1891-1900 жылдары алғаш рет түркі тілінен неміс тіліне түпнұсқасынан аударып, бүкіл әлемге танытты. 1971 жылы Н.Гребнев «Бақытты болу ғылымы» деген атпен дастанның орыс тіліндегі еркін аудармасын жасады. 1983 жылы С.Н.Иванов «Благодатное знание» деген атпен алғаш рет орыс тіліне аударды. 1986 жылы белгілі ақын, әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Құрмашұлы Егеубаев (1950-2006) дастанды алғаш рет қазақ тіліне аударып, оқырман назарына ұсынды. Ғалымның бұл аудармасы 1989 жылы Пекин қаласындағы «Ұлттар» баспасында араб әрпімен екінші қайтара басылды.

Томға енгізіліп отырған дастан мәтін А.Қ.Егеубаев аударған соңғы басылым - «Жүсіп Баласағұн Құтты білік» (Алматы, Өлке, 2006) кітабы бойынша дайындалды.

«Әдеби жәдігерлер» сериясының талаптарына сәйкес том А.Қ.Егеубаев жазған ғылыми түсініктермен толықтырылды. Онда жер-су, жұлдыз атаулары, мифологиялық және ұғынықсыз сөздер, мәтіндерде кездесетін тарихи тұлғалар мен діни есімдерге түсініктер, орыс, ағылшын тілдерінде жазылған резюме, пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілді. Сондай-ақ том А.Қ.Егеубаевтың «Құтты білік» дастаны туралы жазылған «Түркі әлемнің ұлы мұрасы» атты кіріспе өзгеріссіз күйінде беріліп отыр.

«Құтты білік» дастанының А.Қ.Егеубаев аударып дайындаған басылымы еш өзгеріссіз күйінде беріліп отыр.

6 том

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты  Мемлекеттік «Мәдени мұра» шеңберінде жарық көретін «Әдеби жәдігерлер» атты  жиырма томдық басылымды дайындап, жариялау жұмысын жалғастыруда.

Аталған басылымның басты мақсаты - халықтың ежелгі заманнан бергі жазба мұралары мен әдеби жәдігерлерін сол күйінде өзіне қайтару, түркі халықтарына  ортақ  ежелгі және орта ғасыр әдеби ескерткіштері мен ХV-ХІХ ғасырлардағы ақындар шығармаларын  неғұрлым толық жариялау.

«Әдеби жәдігерлер» сериясының оқырманға ұсынылып отырған алтыншы томына орта ғасырларда өмір сүрген атақты ақындар, сопылық әдебиеттің көрнекті өкілдері Қожа Ахмет Иасауидің «Диуани хикмет» («Даналық кітабы») жинағы мен Ахмет Йүгнекидің «Һибат-ул-хақайиқ» («Ақиқат сыйы») дидактикалық өлеңдер жинағы еніп отыр.

Ахмет Иасауидің «Диуани хикметі» - ХІІ ғасырда түркі тілінде жазылған түркі әдебиетінің ең көне үлгілерінің бірі. Шығармада дәруіштер мен дәруіштік көп мадақталып, пайғамбар мен оның сахабалары туралы айтылады, әлеуметтік, әскери, саяси мәселелер, мемлекеттік басқаруға байланысты ой-тұжырымдар, тариқат әдебі, имандылық қағидалары кеңінен қамтылады.

«Диуани хикмет» кітабының авторы жас шағынан шығыс поэзиясын мен философиясын жетік меңгереді. Он жеті жасынан бастап өз ана тілі - түркі тілінде өлең жаза бастайды. Сопылық поэзияның ықпалында болып, Бұхара қаласында парсы оқымыстысы Нусуф әл-Хамаданиден білім алады. Кейін Ясыға (Түркістанға) оралып, өмірінің соңына дейін сопылықты, ислам дінін уағыздайды. 63 жасқа келгенде пайғамбар жасына жеткендігін мойындап, бұдан әрі өмір сүру күпірлік деп санайды да, осы күнгі өзінің кесенесі маңынан жер асты мешітін - хилует салдырып, сонда ғұмыр кешеді. Хилуетте өткізген он жыл ішінде өзінің атақты «Диуани хикмет» атты даналық өлеңдер жинағын жазады. Ақын бәйіттерінде хикметтердің 400 шумақ екенін ескертеді. Ол өлеңдерде діни танымдармен бірге халықты әділдікке, адалдыққа, адамгершілікке шақырған гуманистік идея да арқау етілген. Шығарманың түпнұсқасы сақталмаған. Бізге ХV-ХVІ ғасырларда көшірілген нұсқалары ғана жеткен. «Диуани хикмет» Қазан (1887, 1901), Стамбул (1901), Ташкент (1902, 1911) баспаларында бірнеше рет басылды. Иасауи хикметтері 1991-1992 жылдары Ташкентте екі рет жеке кітап болып жарық көрді. Түрік ғалымы Хайати Биже Қазан басылымы негізінде «Диуани хикметті» 144 хикметтен тұратын кітап түрінде әзірлеп, 1998 жылы Анкарада бастырды.

«Диуани хикмет» аудармалары 1990 жылдан бері қазақ тілінде 17 рет жарық көрді. Солардың ішінде филология ғылымдарының докторлары, профессор М.Жармұхамедұлы, С.Дәуітов және қолжазбатанушы М.Шафиғи жасаған аудармалар ең сапалысы деуге болады. Жолма-жолма аударма қағидасы сақталған, стиль біркелкілігі, кәсіби деңгейі жоғары болуымен ерекшеленген осы аударма  Ахмет Иасауидің «Диуани хикмет» жинағының «Әдеби жәдігерлер» сериясының алтыншы томына енген нұсқасына негіз болды. Хикметтерді текстологиялық салыстырудан өткізіп, баспаға дайындаған филология ғылымдарының кандидаты А.Әлібекұлы.

Ахмет Иүгінекидің өмірі туралы жазба деректер жоқ. Ақынның «Һибату-ул хақайиқ» атты дидактикалық өлеңдер жинағы ғана белгілі. Бұл жинақтың үш түрлі көшірмесі бар. Алғашқысы - көне ұйғыр жазуымен Журжани көшірген 508 жолдан тұратын нұсқа болса, екіншісі - Стамбулда Шайхзада Абд ар-Раззақтың ұйғыр және араб жазуларымен көшірген нұсқасы, ал үшіншісі - ХV ғасыр басында тек араб жазуымен көшірілген 54 жолдық нұсқа. Өлеңмен жазылған бұл 3 нұсқа қазір Стамбулда сақтаулы. Поэма мадақ жырымен басталады. Шығарма төрт «сөзге», яғни төрт тарауға бөлінген. Тарауларда имандылық, әділеттілік, ізгілік сияқты адамгершілік қасиеттер жырланады. Поэма соңында автор өзі туралы хабардар етеді. Шығармадан классикалық араб әдебиетінің ықпалы байқалады. Йүгінеки шығармашылығын Р.Арат, Т.Ковальский, Ж.Дени, В.В.Бартольд, С.Е.Малов, Е.Э.Бертельс, А.М.Щербак, Ә.Нәжіп сияқты белгілі шығыстанушылар, Н.Маллаев, С.Муталибов, К.Махмудов сияқты өзбек ғалымдары, Х.Сүйіншәлиев, Ғ.Айдаров, Ә.Құрышжанов, М.Томанов, Б.Сағындықұлы, Ә.Дербісәлі, Н.Келімбетов сияқты қазақ ғалымдары зерттеді.

Ахмет Йүгнекидің «Һибат-ул хақайиқ» поэмасының қазақ тіліндегі прозалық және поэзиялық аудармасы алғаш рет 1985 жылы түркітанушы-ғалымдар «Ақиқат сыйы» деген атпен ғалымдар Ә.Құрышжанов пен Б.Сағындықұлы дайындауымен жарық көрді. Басылымға шығарманың тұпнұсқалық  фотокөшірмесі, транскрипциясы, прозалық және поэзиялық аудармалары енді.

«Әдеби жәдігер» сериясының осы алтыншы томына енгізіліп отырған Ахмет Йүгнеки поэмасының мәтіні Б.Сағындықұлы дайындап шығарған «Һибат-ул хақайиқ» - ХІІ ғасыр ескерткіші» кітабын бойынша (Алматы, «Қазақ университеті», 2002) дайындалды.

Томда «Даналық кітабы» мен «Ақиқат сыйы» шығармаларының факсимилесі қоса жарияланып отыр. Сонымен бірге, том соңындағы ғылыми қосымшаларда мәтіндерге түсініктемелер, Ахмет Иасауи мен Ахмет Йүгнеки шығармаларында кездесетін кісі есімдері мен жер-су атауларына түсініктер, қазақша-арабша-парсыша-түрікше сөздік, орыс, ағылшын тілдеріндегі резюмелер беріліп, пайдаланылған әдебиеттер көрсетілді.

7 том

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде жарық көретін «Әдеби жәдігерлер» атты жиырма томдық басылымды дайындап, жариялау жұмысын жалғастыруда.

Аталған басылымның басты мақсаты - халықтың ежелгі заманнан бергі жазба мұралары мен әдеби жәдігерлерін сол күйінде өзіне қайтару, түркі халықтарына ортақ ежелгі және орта ғасыр әдеби ескерткіштері мен ХV-ХІХ ғасырлардағы ақындар шығармаларын неғұрлым толық жариялау.

Оқырманға ұсынылып отырған «Әдеби жәдігерлер» сериясының 7-ші томы ортағасырда өмір сүрген сопы ақын Сүлеймен Бақырғанидың рухани мұрасына арналып отыр.

Заманында «Хакім ата» лақабымен танымал болған Сүлеймен Бақырғани (1091-1186) бүгінгі Қарақалпақ жеріндегі Бақырған кентінде дүниеге келген. Ол - «Түркістан пірі» атанған Қожа Ахмет Иасауидің атақты төрт шәкіртінің бірі. Бар ғұмырын Хақ жолына арнаған Бақырғани түркі сөз өнерінің дамуына өз үлесін қосты. Оның қаламынан жүзден аса даналық сөз (хикмет), сондай-ақ «Ақыр заман», «Миғражнама», «Исмайыл қиссасы», «Бибі Мәриям» секілді дастандар дүниеге келді. Бақырғани бар ғұмырын Хақты тану жолына арнағандықтан да, шығармаларында Аллаға ғашықтық мәселесі кеңінен жырланды.

Біздің заманымызға дейін хаттаттардың көшірген қолжазбалары арқылы жетіп келген ақын мұрасын жариялау ХІХ ғасырдың орта тұсында мықтап қолға алынды. Алғаш рет 1846 жылы Қазан университетінен қадим әліппесімен басылған  Бақырғани шығармалары өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарына дейін он алты рет жарық көрді. Кешегі кеңес заманында түркі халықтарының әдебиет тарихына қатысты томдар мен жинақтарда ақын хикметтерінен үзінділер жарияланды. Тек өткен ғасырдың соңына қарай 1991 жылы Ташкентте (Өзбекстан), 2000 жылы Қазанда (Татарстан) бұрын Қазан төңкерісіне дейін жарияланған литографиялар негізінде қайта басылды.

Сондай-ақ Бақырғанидың бірнеше хикметтері Б.Сағындықов, Р.Ахметов және Н.Мәтбек тарапынан қазақшаға тәржімаланып, жарық көрді (1). Алайда осы уақытқа дейін жарық көрген кітаптарға ақынның барлық шығармалары енгізілместен, тек үзінділері ғана жарияланды. Тіпті ХІХ ғасырда Қазанда басылған литографиялық нұсқалар да ақынның мұрасын толық қамтыған жоқ. Онысы түсінікті де. Себебі орта ғасырда Алтайдан Кіші Азияға дейін жалғасып жатқан түркі мұсылман жұртына кеңінен тараған ақын хикметтері түркі  диалектілерінде «өңделіп», бірнеше нұсқада жеткендіктен де оның бәрін жинақтап жариялау көп машақат пен қажырлы еңбекті талап етері анық. Оның үстіне Бақырғанидың барлық  мұрасы ешқашанда бір кітап немесе бір жинақ ретінде жарыққа шықпаған. Сондай-ақ бүкілдей ақын шығармаларын қамтыған қолжазбаларды да кездестіру қиын. Осы күндері түркі мұсылман әлемінде кездесетін орта ғасырлық түркі шайырларының немесе сопы ақындардың шығармаларына қатысты баяздардың (антологиялардың) ішінен тек «Құл Сүлеймен», «Хакім ата», «Хакім қожа», «Бақырғани» секілді тахәллуспен (псевдониммен) жазылған хикметтер мен даналық сөздерді іріктеп алып жарыққа шығару, Бақырғани мұрасын жариялаудағы негізгі мәселенің бірі болмақ. Осы жағын ескере келсек, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарыққа шығып отырған бұл кітаптың құндылығы тек қазақ әдебиеттану ғылымының ғана емес, сонымен бірге көлемі жағынан алғанда күллі түркі жұртының рухани мұрасына айналатынына күмән жоқ.

Томға енгізіліп отырған бұл кітаптың негізгі бөлігі («Қадыр Тәңірім құдіреті, Кешті мақам Сидраты» деген өлең жолдарына дейін) Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасындағы Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінде сақтаулы тұрған «Бақырғани кітабы» (шифер №???) атты қолжазба негізінде дайындалды. Бұл құнды да бағалы қолжазба, негізінен, жинақ болып, мұнда Сүлеймен Бақырғани мұрасынан басқа, хикмет жанры үлгісінде қалам тербеген бірнеше шайырлардың шығармалары да берілген. Біз тек солардың ішінен «Құл Сүлеймен», «Хакім ата», «Хакім қожа», «Бақырғани», «Сүлеймен» секілді тахаллуспен жазылған өлең жолдарын ғана тәржімалап беріп отырмыз.

Ал кітаптың қалған жартысы («Қадыр Тәңірім құдіреті, Кешті мақам Сидраты» деген өлеңнен бастап) «Бақырғани кітабы» деген атпен 1848, 1898 жылдары Қазанда басылған нұсқа бойынша тәржімаланды.

Бақырғани мұрасы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында дайындалды. Сопылық әдебиеттің өзіне тән қасиеттерін толық жеткізу мақсатында ақын шығармасының жолма-жол тәржімасы жасалды. Сондықтан да кітапты  аударудағы басты мақсат - ақын қолтаңбасын толық сақтау, сопылық терминдердің мағынасын сол қалпында жеткізу болғандықтан да, кейбір жерлерде ұйқас өлшемдері бұзылып, тек мағынасы ғана ғана берілді. Сондай-ақ  кейбір жерлерде ұзын бір бәйітті ұйқасына байланысты екіге бөліп бердік. Мысалы:

  Дәруіштердің етегін,

  қадір тұтып кетейін,

  Ол мекенге жетейін,

  айрылып дүниеден.

 Томды түпнұсқа негізінде баспаға дайындаған филология ғылымдарының кандидаты Төрәлі Қыдыр. 

  Әдебиеттер:

1) Сүлеймен Бақырғани «Бақырған кітабы»  (ауд. Б.Сағындықов) // Ежелгі дәуір әдебиеті. Хрестоматия. Құрастырушы А.Қыраубаева. Алматы: Ана тілі, 1991. 146-176 бб.;  Р.Ахметов. Сопылық сарын // Жұлдыз, 1993. №3. 148-153 бб.;  Н.Мәтбек. Сүлеймен Бақырғани (Хакім ата) // ҚР БҒМ-нің, ҰҒА-ның Хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы. 2001. №5. 81-88 бб.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?