Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Елбасы және «Мәдени Мұра»

2839
«Өткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз»-деп Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың айтқан терең ойлы сөзі бар.

02.02.15

«Өткен» дегеніміз тарих, өз халқының тарихын қастерлеп сыйлаған азаматтың болашағы нұрлы жарқын болатынына ешкім күмән келтірмес. Елін сүйген, елі сүйген Елбасы Кеңес Одағы тұсында дұрыс бағаланбаған қазақ халқының тарихын, Қазақстанның тарихын қайта орнына келтіруде күш қуатын аз жұмсаған жоқ. Тәуелсіз Қазақстанды әлем елдеріне таныту үшін, оның тарих қойнауында жатқан бай мұраларын ашып көрсету қажет, бұл жолда көптеген жұмыстар жасалды, жасалып жатыр, одан әрі-де жасалмақ.

Елбасы өз халқының тарихын аса маңыз тұтып келе жатқан тұлға: 1995 ж. 30 тамызда Республикалық референдум өткiзу жолымен қабылданған Қазақстан мемлекетiнiң Ата заңы — конституцияның 37-ші бабына «Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мәдениет ескерткiштерiн қорғауға мiндеттi» деген тармақты енгізген; 1998 жылды халық бірлігі және тарих жылы деп атап өткізді; «Қазақстан-2050» Стратегиясында да отан тарихымыздың маңыздылығын және отан тарихын паш ету арқылы әлемге Қазақстанды танытамыз деген көсемдік көзқарасын білдірген еді. Елбасы өз сөзінде: «Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек. Елдің дұрыс таңдап алынған бағыты арқасында біз көптеген биіктерге бүкпесіз ашық саясат жүргізуге, Қазақстанға ғана тән экономикалық даму жолына, игілікті әлеуметтік реформаларға, біздің мемлекетімізді айнытпай тануға игі ықпалын тигізіп отырған табыстарға қол жеткіздік. Бірақ басқа бір қабат — нәзік және сонымен бірге қыртысы қалың рухани қабат бар, Қазақстан тамыры терең жайылған ұлы тарихы бар ел екенін көрсете және дәлелдей отырып, дүниежүзілік аренада біз елімізді осы қабат арқылы паш етеміз» деп атап көрсетті. Ал «Мәдени мұра» бағдарламасы осы бір тарихи мақсатқа жетудегі алғашқы нақты қадам деп есептеуге болады.

2003 жылы Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында ұсынған бағдарлама ретінде «Мәдени мұра» бағдарламасы дүниеге келді. Сол жылғы жолдауында Н.Ә. Назарбаев: «Руханият пен бiлiм беру салаларын дамытудың аса маңызды құрамдас бөлiгi ретiнде биыл бiрқатар ауқымды жобалардың басын қосатын „Мәдени мұра“ арнаулы орта мерзiмдi бағдарламасын әзiрлеп, iске асыруға кiрiсудi ұсынамын» — деген еді.

«Мәдени мұра» бағдарламасы аса ауқымды жоба ретінде ұлттық мәдениетке ерекше маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіруді; археологиялық зерттеулерді; қазақ халқының мәдени мұрасы саласындағы ғылыми жұмыстарды; сондай-ақ ұлттық әдебиет пен жазулар тәжірибесін ортақтастыруды, кеңейтілген бейне және жұмыс қатарларын құруды мақсат еткен бірқатар бағыттардан құралған. Соның нәтижесінде 2004 жылы басталған бұл бағдарлама қазірге дейін көптеген нәтижелерге қол жеткізіп, ғасырлар бойы қаралмай қалып қойған ата-бабаларымыздың мұралары өз өңдеріне келе бастады. «Мәдени мұра» бағдарламасы басталғаннан бері 78 тарихи және мәдени ескерткіштер қалпына келтіріліп, Қожа Ахмет Яссауи Кесенесі мен Тамғалы археологиялық кешені «ЮНЕСКО» Әлемдік мәдени мұрасына кірді. Сонымен қатар Дамаск қаласындағы Сұлтан Әз-Захир Бейбарс кесенесі, Каир қаласындағы Сұлтан Бейбарс мешітінің реставрациясы және Дамаскідегі әл-Фарабитарихи-мәдени орталығы кесенесінің құрылысы да сәтті аяқталды. Жоба аясында Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Жапония, Мысыр, Өзбекстан, Армения, және, АҚШ пен Батыс Еуропаға ғылыми-зерттеу экспедициялар жіберіліп, Қазақстанның тарихына, этнографиясына және өнеріне байланысты 5 мыңнан астам құнды архивті құжаттар, қолжазбалар мен баспа шығарылымдары алынды. Осы құнды тарихи құжаттар арқылы «Мәдени мұра» бағдарлама жұмыстарының нәтижесінде еліміздің бірқатар зерттеу институттарының еңбектері жарық көріп, еліміздің тарих саласындағы оқулықтары мен оқу материалдарын толықтай түсті, бұл келешек ұрпақтарымызға Қазақ елін толық қанды тануға, оның әлемдегі кезкелген ұлттық мемлекеттерден кем түспейтіндігін дәлелдеуге жол ашып берді. Ал осылардың бәрі Елбасымыздың түпкі мақсаты деп ойлауымызға болады.

«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында елімізде жарық көген құнды еңбектерді атап өтсек, «Бабалар сөзі», «Қазақ өнерінің тарихы», «Әлемдік әдебиеттану», «Әлемдік өнертану», «Әлемдік фольклортану», «Әлемдік әдебиет кітапханасы», «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының философиялық мұрасы», «Әлемдік философиялық мұра», «Әбу Насыр Әл Фараби», «Қазақ хандығының тарихы мен мәдениеті жөніндегі Қытай мұрағаттарының құжаттары», «Армян дереккөздеріндегі Қазақстан тарихы», «Қазақтың қолданбалы өнерінің шетелдегі жәдігерлері», «Шоқан Уәлихановтың шығармалары», «Византиялық және ежелгі дүние дереккөздеріндегі ұлы дала», «ХІХ-ХХ ғасырлардағы Түркістан генерал-губернаторлығы қорының мұрағаттық құжаттарындағы Қазақстан тарихы», «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысына қатысты құжаттар мен материалдар жинағы XVIII-ХХ ғғ.», «Мұстафа Шоқай шығармалары», «Әдеби жәдігерлер (ескерткіштер)», «Тарих және мәдениет ескерткіштері», «Академик Ә.Х. Марғұланның шығармалары», «Қазақ Алтайының көне қазынасы», «V-ХІІ ғасырлардағы Баласағұн қалашығы», «Көне және ортағасырлық Отырар», «Орхон ескерткіштерінің толық атласы», «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», «Қазақ тілінің диалектикасы», «Фразеологиялық сөздік», «Балаларға арналған энциклопедиялық әдебиет» сериялары кіреді. Сонымен қатар, «Казахфильм» АҚ киностудиясы ұлттық мәдени мұра және аса маңызды тарихи орындар туралы «Мәдени мұра», «Қорқыт. Күй тарихы», «Номадтардың музыкалық мұрасы», «Ежелгі түркістанның сәулет ескерткіштері», «Жүсіп ата кесенесі», «Тамғалы петроглифтері» қатарлы 20 деректі фильмдер түсірді. Және қазақтың дәстүрлі әндері мен мәдениет үлгілерін жүйелендіру бойынша масштабты жұмыс жасалып, «Қазақтың дәстүрлі мың күйі» және «Қазақтың дәстүрлі мың әні» жобалары жүзеге асырылды.

Елбасының 2003 жылғы Қазақстан Халқына Жолдауында ұсынған аталмыш бағдарлама өз еншісіне жеткенмен оның әсері ұзаққа созылмақ. Елбасы осы ауқымды жоба арқылы Қазақстан халқын әлемге танытып ғана қоймай, Қазақстан халқының өзін-өзі тереңірек тануға жол ашып берді. Ғасырлар бойы жабылып қалған халықтың тарихи жадысы осы бір бағдарламаның бастауымен көптеген тың мағлұматтармен толтырылды. Ал осы ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын мағлұматтар Қазақстан халқының мақтаныш сезімдерін оятып, отан сүйгіш сезімдерін күшейте түсті.
Елбасы айтқандый «Тарих жолы қашанда тайғақ" демекші, сол бір тайғақ жолда ерінбей еңбек еткен халық ғана көздеген мақсатына жетер, Қазақстан халқы өз басшысының бастаған нұрлы жолымен, өз бірлігімен ұзаққа жетері сөзсіз.

Табыс Ерзат, БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының
кіші ғылыми қызметкері, педагогика ғылымының магистрі

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?