Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бексейіт Түлкиев: Қалай болғанда да Мұстафа өлімі жұмбақ

107
Бексейіт Түлкиев: Қалай болғанда да Мұстафа өлімі жұмбақ - e-history.kz

Қазақстан таэквондосының негізін қалаушы, атақты жаттықтырушы Мұстафа Өзтүріктің туғанына 70 жыл толып отыр. Қазақ еліне жүрегін ұстап алып-ұшып жеткен саңлақ спортшының өлімнің құпиясы әлі ашылған жоқ. Кезінде оның сырын ашамын деп жүріп жан досы Бексейіт Түлкиев те қаскөйлер қолынан қаза болды. Десе де, ол Мұстафа досы жайлы шағын болсын естелік-сұхбат беріп үлгеріпті. «Ана тілі» газетінде шығып, кейіннен «Аңыз адам» журналында басылған бұл сұхбатты даңқты тұлға Мұстафа Өзтүріктің 70 жылдығына орай қайта жариялап отырмыз. 

– Мұстафамен қалай таныстыңыз?

– Германияда тұратын Айғали деген жігітпен Асылбек досым таныстырды. Содан жол түсіп, Германияға барайын. Шығыс Берлинде, Дрезден галереясын аралап жүріп, Батыс Берлиннен келген Фазыл, Арсылан деген екі жігітпен таныстық. Сонда кафеде тамақтанып отырып Арсылан: «Бексейіт, сенің тұлғаңа карап, байқаймын, спортшысың-ау?» деді. «Иә,каратэмен, у-шумен айналысамын». «Осында Мұстафа Өзтүрік деген дүние жүзіне аты жайылған қазақ бар». «Ойбай-ау, таныстырсаңшы, кез-келген орыс, қытайдың артынан жүрміз ғой» дегенмін... Түнде Айғалидың үйіне Мұстафа қоңырау шалып, мені сұрады. Қысқасы, таныстығымыздың хикаяты мол. Дегенмен, жүз көрісе алмай, сырттай дос болып көп жүрдік. Бұл 1989 жыл еді. Сол жолы Талғат Теменовтың «Адамдар арасындағы бөлтірік» фильмі жүлде алып,

Франкфуртке бармақшы болды. «О жақта таныс бар ма?» деген соң, қуана-қуана Мұстафаның мекен-жайын бердім. Сол екі арада Бәшір Жаңалтай деген жігіттің үйіне, Түркияға атам екеуміз бардық. Бәшірдің үйіне қарама-қарсы Мұстафаның анасы тұрады екен. Мұстафаның үш жасар қызы Асылхан, анасының арқасынан түспейді-ақ. Араласып-кұраласып кеттік. Үш ай бойы

Мұстафа мектебінде таэквондоны меңгердім. Сол жолы Мұстафа маған Талғаттан «6-дан «Қара белбеудің» иегері» деген диплом беріп жіберіпті. Сөйтсем, Мұстафаның Түркиядағы шәкірті: «Бексейіт алтыншы данның талаптарын түгел орындады, «Қара белбеуге» лайық» деп баяндапты.

Артынша 1989 жылы Серік Әбдірахманов Германияға барып келгеннен кейін Мұстафаны мемлекет атынан Алматыға шақыртып, оны Иманғали Тасмағамбетов Мәскеуде күтіп алды. Мен ол кезде Түркияда едім, жедел ұшып жеттім. Сонымен, қайран менің Мұстафа досым, сол жолы алтыншы дан, «Қара белбеуді» тақты. Және Серіктің Асқар Әбдірахманов деген інісіне тақты.

– Мұстафаның отбасын біледі екенсіз. Ұлы өзінің жолын қуды ма?

– Жоқ. Керісінше, ұлы суретке, кескіндеме өнеріне аса құштар. Мұстафа айтады: «Бексейіт, осы баладан таэквондошы шығарамын ба» деп қара тер болдым, түк өнбейді. «Бексейт ағам сияқты суретші болам» деп отыр. Баулисың ба, қайтесің?» Амандық болса, кәмелетке жеткен соң, Иманғали бар, басқамыз бар, суретшілікке оқытып, тәрбиелейміз ғой. Айтпақшы, 1993 жылы осында келгенінде ол бала беті жылтыр, әдемі тастар жинап әкетіп еді, соны бояп, бетіне жылқы, киіз үйдің суреттерін салып мектепке, 15-20, 50-100 маркадан сатып, содан түскен ақшасына каникулда Австрияға, Венецияға барып келіпті. 

– Таэквондо туралы әңгіме Мұстафа төңірегінде шығып жатыр ғой. Мұстафаның өмірінің ақырына дейін жанында болдыңыз....

- «Ажалына не себеп?» деп сұрамақшысыз ғой сіз де. Ең әуелі боздақтың ажалына дәрігерлердің қате қойған диагнозы себеп. «Жаныңда жүрген жан еді» деп, көп адам менен осыны сұрайды. Мен мынаны айтайын, «жанын алып қалсам» деп жан ұшырғанымды Алла да біледі, адам да біледі. Қалай болғанда да Мұстафа өлімі жұмбақ.

...Бір жолы Мақсұт Нәрікбаев ағамыз бар, Мұстафа бәріміз Алтынемелде демалғанбыз. Сол жолы құландар үйірін алыстан дүрбімен қарап қызықтады. Неге екенін, Мұстафа: «Ойпырмай, мына құландар ана дүниеден қарап тұрғандай ғой...» дегені бар.  Мән бермеппіз, содан өзі де көп ұзаған жоқ... 

Мұстафа қайтыс болғанда ұстазы, 9-дан иегері Хонг Сан Ни мен оның ұстазы Пак Хи Ман арнайы Қазақстанға, Алматыға келді. Дәл уақытында хабар тимей қалған екен (Америкада бопты). З айдан соң келді. Әуежайда қарсы алғанымда Мұстафаның ұстазы менен абайлап қана, соншалықты зор үмітпен, жайлап: «Мұстафа қайда?» деді... Мен: «Мұстафа жоқ» дегенімде, есеңгіреп, едәуір тұрды. Сөйтсе, жол бойы: «Апырмай, бұл хабар жаңылыс болғай, шәкіртім Алматыда аман-есен жүргей» деп Құдайдан тілеп келіпті...

– Ұстаздарының ұлты кәріс болса да, қазаққа соншама ілтипатты екен ғой.

– Ілтипатты болғанда қандай, осында үш жылдан бері қазақ балаларын таэквондоға тегін үйретіп жатқан кәріс азаматы бар. Оған ақшаны Оңтүстік Корея үкіметі өзі төлеп отыр. Қазаққа құрметі сондай, өз атын Әділет, әйелінің атын Айгүл, балаларының атын Шыңғыс, Сабыр деп өзгертіп aлды, Өткен жолы Гонконгке жарысқа барғанымда қазақ балаларына, шәкірттеріне ұрсып жатыр: «Әй дер әже, қой дер қожа жоқ», бет-бетімен лағып кеттіңдер» деп, кәдімгі өзінің қазақ қандасы сияқты жанашырлықпен жөнге салып жатыр. Өзі 2-ақ айда тап-таза қазақша сөйлеп кетті. Сөйтсе, біздің «бұзықтар» жарыс алдында Әділет ұстазынан сұранбай кетіп қалыпты. Қазақ мақалын орынды пайдаланған жерін қарай гөр өзінің. Әділеттің ұстазы Ким деген азамат – Қазақстан таэквондо федерациясының техник директоры. Сол кезде Оңтүстік Кореяда президент сайлауы жүріп жатқан. Сол кездегі президенттің сенімді өкілінің бірі осы Ким болатын. «Егер, – деген ол,  осы президент қайта сайлана қалса, Қазақ таэквондо федерациясына Оңтүстік Корея мемлекеті тарапынан көмек жасаймын. Құдай аузына салды ма, осы Ким Те Чжун президент болып сайланды.

«Ана тілі» газеті, 1998 жыл

Әзірлеген Заңғар КӘРІМХАН

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?