Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ақсақ Темір деп неге кемсітті?

5244
Ақсақ Темір деп неге кемсітті? - e-history.kz
Еуразия құрлығында Шыңғыс хан, Ескендір Зұлқарнайыннан кейінгі атақты адам кім десек, тарихшы біткен Әмір Темірдің атын айтар еді. Иә, кезінде оның есімін замандастары текке айтпауға тырысатын

Себебі, оның аты есім-сойы үрей мен қорқыныштың бір синонимі еді.

Ең соңғысы, осы Әмір Темірдің қабірін ашқан соң, аруағы ренжіп, ССРО-ға Гитлер соғыс ашуға себепкер болыпты-мыс дейтін аңыз бар емес пе? Тірісінде қалай қорқынышпен билік етсе, өлгенде де талай ғасыр бойы соңынан үрей ілесіп жүрген, әлемдегі бірден-бір кісі, осы Темір шығар!

Әлі күнге дейін, аты – қорқыныш пен құрмет тудыратын бұл тұлға шын мәнінде кім? Көреген, әулие ме? Әлде билікті күшпен тартып алған, тек мұсылман жұртын шапқан мұсылман патша ма?

Ең қызығы, бұл кісінің азан шақырып қойған аты Темір, кейде Темірбек деседі. Бірақ, бұл патша – тарих кітабында әлгіндей атақты, даңқты атымен емес, қорлыққа пара-пар АҚСАҚ ТЕМІР деген лақап аптен қалыпты. Қазақ-ноғай, татар жұрты АҚСАҚ ТЕМІР десе, Иран, Еуропа халықтары – әлгі ақсақ дегенді меңзейтін Темірлан деген есім-сойды пайдаланады.

Осы байқайсыз ба? Қазақтың шежірешіл шалдары Темірді ешуақытта Әмір Темір немесе Сайыпқыран Темір деп әспеттеп атаған емес. «Ақсақ Темір» деп қана айтады. Неге? Себебін төменде түсіндіріп көрейік.

Алтын Орданың күйреуіне Ақсақ Темір кінәлі ме?

35  жыл  билік  құрып, 27 мемлекетті басып алып өз дәргейіне қаратқан, «Әлем әміршісі» атанған Ақсақ Темір кім еді? Деректерге көз тастар болсақ, Әмір Темір 1336 жылы 8 сәуірде Самарқанның оңтүстігінде орналасқан қышлақта дүниеге келген көрінеді. Тегі – барлас руынан. Бұл аса қуатты, ықпалды ру емес, көп тайпаның бірі ғана еді. Енді осындай шежіренің иесі Темірбек қалай ғана жиһангер патшаға айналды?

Әлгінде айттық, хан тұқымы немесе бай әулеттің ұрпағы болмағандықтан, Темірге ерте жасынан үйінен кетіп, кезбелік өмір сүруге тура келді. Ол қызметін қарапайым керуеннің сақшысынан бастаған. Әйтсе де, өзінің жауынгерлік талантының арқасында жалдамалы әскерлердің арасында тез көзге түсіп, асығы алшысынан түскен қолбасшылардың (әмірлердің) біріне айналды. Оның аяғы жас кезінде-ақ ақсақ болып, «Ленг» деген лақапқа ие болған.

Артынан ерткен нөкерлерінің алдында абыройын арттыру үшін әрі ашыққан сарбаздарына тамақ тауып беру үшін Сейстан дейтін кенттен қой ұрлауға барады. Осы кезде жараланған. Әккі Темір көпшілікті басқарғың келсе, өз басыңды  бәйгеге тіксең де, қол астындағыларға қамқор боп көріну керектігін жақсы түсінді. Әлбетте өздері үшін жарадар болған әмірді нөкерлері бұрынғыдан да қатты жақсы көре түсті, сөзсіз әміріне бағынатын әскерге айналды.

Айтпақшы, Темірбек керуендерді кейде қорғаса, енді бірде тонайтын «гулям» дейтін жалдамалы әскерде ер жетіп еді. Армиясын да кіл осындай жалдамалы баскесерлерден құрады. Осындай қосынмен әуелі Самарқанды, сонан соң Хорезмді де басып алды.

Кейінірек Ауғанстан, Үндістан, Ирак, Кавказды жаулап алып, 1369 жылы Темір өзін мемлекеттің әмірімін деп жариялады.

Оқи отырыңыздар: Түркістан оазисіндегі қалалар мен мекендерге жасалған археологиялық зерттеу жұмыстары

Оның мемлекетінің жалпы аумағы 14 млн шаршы шақырымға жетті. Бірақ, қазақтар, ноғайлар, қысқасы, бұрынғы Алтын Орданың мұрагерлері неге оны «Ақсақ Темір» деп қорлық атпен атайды? Себебі, бұл әмір түрік халқына үш үлкен қастандық жасап еді.

Біріншісі – Алтын Орданы талқандауы. Ақсақ Темір Ұлы Даланың әскерін майдан даласында жеңіп қана қойған жоқ, Сырдарияның бойындағы, Еділдің жағасындағы бүкіл қалаларын, өндіріс орындарын талқандап тастады. Сол маңдағы 130 қала-кентті қиратып, халқын тып-типыл етіп қырды. Ұлы Дала өртенген шаһарларға, ағашта тербелген өліктерге толып кетті. Халық саны 40 пайызға кеміді. Экономикалық қуаты жойылғаны соншалық, Алтын Орданың одан кейін өркендеуге шамасы жетпей қалды. Бұл жөнінде Ю.В. Мизун: «Казалось, что русские обречены на вечное рабство. Но им помог Бог руками Тамерлана. Тамерлан разгромил Орду, и Россия получила передышку, поскольку Орда была занята своими внутренними проблемами. В такой ситуации московский князь в 1405 г. отказался платить дань Орде» деп жазады.

Осылайша Ақсақ Темір орыстарға азаттық алып берді. Егер де Ұлы жиһангер көрегендік танытып, түбі бір көшпенді империяға шабуыл жасамағанда Алтын Орданың түтіні түзу шыға берер ме еді?

Неге? Неге Ақсақ Темір Алтын Ордаға осыншама өшікті? Әлгінде айттық, Мәуреннахр, Иран, Үндістан секілді мемлекеттерді жаулап ап, алып империя құрғанымен, бұл ұлыстың өміршеңдігі – саудаға байлаулы болды. Жалдамалы әскеріне ақыны сол көпес-саудагерлердің салығынан төлеп отыратын. Еуропаға бет алған керуен – Сыр мен Амудария арасымен жүрсе ғана, Темір – Әмір Темір боп тұра алатын еді. Ал, өкінішке қарай, ол заманда Ұлы Жібек жолының негізгі күретамыры Алтын Орданың үстімен жүретін. Темірбек көшпенділердің бұл империясын қалай да әлсіретіп, экономикасының күйреуіне мүдделі болды. Ол әуелі саясатты қолданды. Орда ханы Орысқа сан түрлі қысастық жасап, азаматтық соғыс өршіп кетуі үшін Тоқтамысқа әскер беріп, Арқаға жіберді. Не керек, араға жылдар салып Алтын Орда билігіне Тоқтамыс келді. Темірбек қуыршақ патшаның келуімен Алтын Орданың күйреуі тезірек жүре түседі деген. Қателесіпті.

Тоқтамыс келе сала, 25 жылға созылған таққа талас, сұлтандар арасындағы бақталастықты тоқтатты. Алтын Орда билігін күшпен иемденбек болған Мамайды жеңіп, Алтын Ордадан бөлінуге әрекет жасаған Астрахан бектерін талқандап, Ақ Орда, Көк Орда секілді ұлыстарды да, Алтын Ордаға қайта қосып алды. Енді орыс кінәздіктерін қайта ырыққа көндіру керек болды. Бірақ, Мамаймен Күлік (Куликово) даласында 1380 жылы болған ұрыста қол жеткізген жеңіске масаттанған Мәскеу князі Димитрий Донской бастаған орыс княздіктері Тоқтамысты да Мамай тәрізді таққа кездейсоқ келген тұлға ретінде қабылдап, оған бағынудан бас тартты.

Тоқтамыс орыстарға келісімге келейік деп бірнеше рет елшілік аттандырды. Алайда, Мәскеу князі Алтын Орданың бейбіт келіссөздерді бастауының өзін бұл мемлекеттің әлсіздігі деп түсініп, қатая түсті. Хан енді әскер жиып, Мәскеуге жорыққа шықты. Орыс тарихшысы Н.М. Карамзин Тоқтамыстың келе жатқаны туралы хабардан қатты абыржыған орыс батыры Дмитрий Донскойдың алды-артына қарауға шамасы да келместен Костромаға қашып кеткенін жазады. Алтын Орданың қалың қолы Мәскеу іргесіне 1382 жылдың 23 тамызында келіп тоқтап, 3 күн шаһарға шабуыл жасап, үшінші күн дегенде қақпаны құлатып, басып кіреді.

Мәскеудің өртенген қаңқасына қайтып келген Дмитрий Донской қалада тек Кремль мен мұнаралардың ғана аман қалғанын көріп, тіл-ауыздан айырылды. Дмитрий Донской осыдан соң Алтын Ордаға өзінің бағынатынын толық мойындап, баласы Василийді көптеген қымбат сыйлықтармен сарайға жіберді. Алтын Орда өзінің баяғы қуатына қайта 25 жылға созылған таққа таласқан күрестерді тоқтатып, Ақ Орда, Көк Орда, Қырымдағы сепаратистік топтарды талқандап, Алтын Ордаға қайта қосып алды.

Оқи отырыңыздар: М. Х. Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегіндегі тарихи – танымдық деректер

Алтын Орданың қайта нығаюы – Сыр, Еділ-Жайық бойындағы қалалардың өркендеуі деген сөз. Далалық шаһарлардың көркеюі – сауда жолының солтүстік бағытының қайтадан күш алып, оңтүстіктегі Самарқан, Бұқарға керуендер сирей бастайды деген сөз еді.

Темірбекті қызықтырған – Ұлы Жібек Жолы және сол жолмен өтетін саудагерлерден алынатын алым-салық. Біз сөз етіп отырған дәуірде керуендер легінің басым бөлігі Ұлы Дала арқылы өтетін болған. Оны айттық. Ақсақ Темір қалайда солтүстік сауда жолын тоқтатуға міндетті еді. Енді саясатты қойып, анық соғыс жолын таңдады. Бірақ... Ол көшпенділерді жаулап алғаннан кейін де Ұлы Жібек Жолының солтүстік бағытын өз уысында ұстай алмайтынын жақсы түсінді. Сол себепті де оған Алтын Орданың армиясын талқандап қана қоймай, Ұлы Жібек Жолының солтүстік бағытын саудагерлер үшін қауіпті ету керек болды. Ол үшін не істеді?
Екінші қастандығы сол, Ақсақ Темір, Ұлы Жібек жолы «Ұлы Даламен» жүрмесі үшін әдейілеп Сарыарқа, Еділ-Жайық арасындағы шаһарларды шапты. Бұл мекенді соғыс, қантөгіс өлкесіне айналдырып жіберді. Амал жоқ, көпестер сауда сорабын – Бұқар, Самарқанмен жүретін жолға аударды. Даламен жүк артқан керуеннің тоқтауы сол сауда жолының бойында жатқан далалық шаһарларды өлтірді.

Түрік жұрағатына жасаған үшінші қастандығы – Осман империясының сұлтаны Иылдырым Баязидті Анкара түбінде жеңуі. Өзбек тарихшылары «Ақсақ Темір Еуропаны үлкен қауіптен құтқарды» деп бағалап жүр. Алайда, Осман империясын талқандауы сол Еуропаның күллі әлемге қауіп төндіруіне жол ашып берді. Ал, Ақсақ Темір Баязидпен соғыспағанда бүгінгі Еуропаның жағрафиясы өзгеше болар ма еді?  
Осылайша Ақсақ Темір түрік жұртына үш қастандық жасады. 

Алтын Орда орнында тұрғанда, Жібек жолының саудасы қыза бергенде, Осман империясы керегесін кеңейте бергенде бүгінгі  түрік жұртының мерейі қазіргіден де үстем болып, мейманасы тасып жатар ма еді?!

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?