Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сын сағаттардағы серіктестік: Си Синхай мен Бақытжан Байқадамовтың өнері мен өмірі

64
Сын сағаттардағы серіктестік: Си Синхай мен Бақытжан Байқадамовтың өнері мен өмірі - e-history.kz

Си Синхай — Қытайдың әйгілі композиторы, халық музыкасын терең зерттеген және шығармаларында ұлттық әуендерді шебер қолданған тұлға. Си Синхайдың өмірі мен шығармашылығы туралы Қытайда бірнеше деректі және көркем фильмдер түсірілді, олардың бірі — «Композитор» атты туынды, ол оның Қазақстандағы жылдарын және Бақытжан Байқадамовпен достығын баяндайды. Бұл фильм қос халықтың достығы мен мәдени байланысының символына айналды.

1999 жылғы 16 қарашада Алматы қаласының картасында жаңа атау пайда болды – Қытай музыкасының негізін қалаушылардың бірі Си Синхайдың есімі берілген көше. Сонда, шалғайдағы Оңтүстік Қытайда туған адамның тағдыры біздің қаламыздың тарихымен қалайша тоғысты?

Екінші Дүниежүзілік соғысы жылдарында Қазақстанның астанасы ондаған мың орталық аймақтардан эвакуацияланған кеңес азаматтарына пана болды. Олардың қатарында Самуил Маршак, Михаил Зощенко, Алексей Толстой, Галина Уланова, Любовь Орлова және әдебиет пен өнердің көптеген белгілі қайраткерлері бар еді. Сол соғыс жылдарында Алматыға Си Синхай да келген еді. Ол бұған дейін, 1940 жылдың соңында, Қытай Компартиясы Орталық Комитетінің тапсырмасымен Мәскеуге жіберілген болатын. Ол режиссер Юань Мучжимен (1909–1978) бірге "Яньань және 8-әскер" атты деректі фильмді монтаждап, музыкасын жазу үшін "Мосфильм" киностудиясына келген еді. Алайда соғыс басталған соң бұл жұмысты тоқтатуға тура келді.

1942 жылдың соңында ұзақ азапты жолдар мен Моңғолия арқылы отанына оралу әрекеті сәтсіз аяқталған соң, Си Синхай Алматыда қалады. Ол жерден Шыңжаң арқылы еліне жетемін деп үміттенген болатын. Бірақ бұл үміті ақталмады. Си Синхай Алматыда 1942 жылдың соңынан 1944 жылдың басына дейін тұрды, содан кейін тағдыры оны Қостанайға алып барды.

1990-жылдары Қазақстан баспасөзінде Си Синхайдың өмірі мен шығармашылығы туралы бірқатар мақалалар жарияланды. «Қазақфильм» киностудиясы Мәскеудегі әріптестерімен бірлесіп деректі фильм түсірді. Мәскеу мен Алматыда Си Синхайдың шығармаларынан симфониялық оркестр мен белгілі вокалистердің орындауында еске алу концерттері өтті.

Си Синхайдың Қазақстанда өткізген соңғы екі жарым жылына қатысты нақты деректерді іздестіруде белгілі қазақстандық композиторлар Бақытжан Байқадамов пен Михаил Иванов-Сокольскийдің отбасылары көп еңбек сіңірді. Олардың әкелері Си Синхаймен соңғы нанын, соңғы қасық сорпасын бөлісіп, бір-бірінен музыкалық өнерді үйренген еді. Бұл бағытта Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілігінің қызметкерлері де табысты жұмыс атқарды.

Осы ізденістердің нәтижесінде 1998 жылдың 3 шілдесінде Байқадамовтар отбасында тұрған Күләш Байсейітова көшесіндегі №24 үйге Си Синхайға мемориалдық тақта орнатылды. Бұл шараға сол кездегі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Цзян Цзэминь қатысып, салтанатты түрде ашылу рәсімін өткізді.

ҚХР Төрағасы өз сөзінде: «Си Синхай тұрған үйдің алдында тұрып, біз қиын-қыстау кезеңдегі Си Синхай мен қазақ достарының арасындағы шынайы достыққа терең толқып отырмыз. Қазақстанда жүрген кезінде ол қазақ музыкалық ортасының ұйымдастырған түрлі шараларына белсене қатысып, жиі-жиі ауылдар мен колхоздарға барып, қытай және қазақтың халық әндерін орындады. Ол мәдениет алмасу елшісі ретінде зор ынтамен еңбек етті. Музыка арқылы ол қытай мен қазақ халықтарының арасындағы достық көпірін салды», – деп атап өтті.

Қытай дипломаты Дин Хайцзя бірнеше жыл Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілігінде қызмет атқарды. Ол 1999 жылдың 9 сәуірінде "Бэйцзин цинняньбао" ("Пекин жастар газеті") басылымында мақала жариялап, Си Синхайдың Қазақстандағы өміріне қатысты үш жыл бойы жинаған материалдарының қорытындысын ұсынды. Композитордың бұл кезеңдегі өмірі Қытайда ұзақ уақыт бойы "ақтаңдақ" болып келген еді.

Си Синхайдың тағдыры көптеген ұлы музыканттар сияқты жеңіл болмады. Бұл – өнерге, шығармашылыққа шынайы берілген, өз еліне адал, музыка үшін жанын қиюға дайын патриот музыканттың өмір жолы еді. Си Синхай 1905 жылдың 23 маусымында Аомында (Макао), Гуандун провинциясында дүниеге келген. Ол бала кезінен музыкаға әуестеніп өсті. Гуанчжоу қаласындағы Линнань университетінде оқып жүрген кезінде болашақ композитор әуесқойлардан құралған ішекті оркестрдің құрамында болып, халық аспаптарында ойнаған.

1926–1927 жылдары Пекин университеті жанындағы музыкалық даярлық курстарында оқыды, содан кейін 1927–1929 жылдары Шанхайдағы Мемлекеттік консерваторияда білім алды. Бұл оқу орны XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында Батыс Еуропа мәдениетінің аса маңызды орталығына айналған еді. Бірақ ол музыкалық өнерде кемелдікке жетуді және сапалы кәсіби білім алуды армандауын тоқтатпады. Сол мақсатпен Парижге аттанып, 1930–1935 жылдары атақты француз композиторлары мен орындаушыларынан: Венсан, Энди және Поль Дюка, Поль Обердёрферден скрипкада ойнау мен композицияны үйренді.

Си Синхайдың өмірінің бұл кезеңі туралы 1940 жылы белгілі қытай жазушысы, аудармашысы және қоғам қайраткері, композитордың замандасы әрі жапон басқыншылығына қарсы күресте серігі болған Сяо Сань (Эми Сяо) «Советская музыка» журналында былай деп жазған еді:

«Си Синхайға халықтың қайғы-қасіретін, олардың еркіндікке деген арманын түсінуге оның ауыр балалық шағы мен жастық шағы себеп болды. Ол – балықшының ұлы, теңізші атасының қолында тәрбиеленді. Жеті жасында анасы екеуі Гуандуннан Сингапурға көшіп кетті. Он бір жасында ол оркестрде кларнетте ойнады. Шанхай мен Бейпиннің музыкалық мектептерінде қысқа уақыт оқыған соң, Францияға аттанды. Парижде Си Синхай мейрамханаларда, шаштаразда жұмыс істеді, бос уақытында музыкамен, скрипкада ойнаумен айналысты. Кейін ол «Scola Cantorum» музыка мектебіне түсу мүмкіндігіне ие болды, сонымен қатар Париж балдарында скрипкада ойнады. Ол көптеген музыканттардан тәлім алды, олардың арасында Парижде жүрген кеңес композиторы Сергей Прокофьев те болды. Ақыры, Си Синхай Париж консерваториясына оқуға түсті. 1935 жылы Шанхайға оралған соң, кино компанияда және граммофон пластинкаларын шығаратын зауытта жұмыс істеді. Сол жерде ол Тянь Хань, Люй Цзи және басқа да прогрессивті өнер қайраткерлерімен танысты. Күндіз қызмет істеп, кешкісін жастар хорының жұмысымен айналысты».

Жапондар Шанхайға шабуыл жасаған уақытта  Си Синхай соғыс қимылдары жүріп жатқан ауданға аттанды. Ханькоуда ол әскери комиссияда жұмыс істеп, жұмысшылардан, оқушылар мен қызметкерлерден құралған антижапондық концерттер мен хорларды ұйымдастырды.

Си Синхай Қытайдың музыкалық мәдениеті тарихында жаңа қытай музыкасының негізін қалаушылардың және оның ең ірі өкілдерінің бірі ретінде лайықты орын алды. Оның шығармашылығында қытай және батысеуропалық музыка элементтері табиғи түрде үйлесім тапқан. Өз еңбектері арқылы ол ұлттық өнердің аясын кеңейтіп, оны шетелдік тыңдармандарға таныстыра білді.

Си Синхай — 500-ден астам лирикалық және бұқаралық әндердің, 10 кинофильмге арналған музыканың авторы. Бұл фильмдердегі әндер қытай халқының арасында кеңінен танымал болды. Сондай-ақ ол ірі музыкалық формалардың авторы: «Хуанхэ өзені туралы кантата», «18 қыркүйек туралы кантата», «Өндіріс туралы кантата», «Ұлттық азаттық» симфониясы (Алматыда аяқталған), «Қасиетті соғыс», «Қытай рапсодиясы», «Тыл», «Манцзянхун» («Қызыл өзеннің суы»).

Си Синхайдың музыкасы туған жеріне деген шексіз махаббатқа толы, зорлық-зомбылық пен соғысқа қарсы, бостандық пен әділеттілікті мадақтайды. Оның шығармаларынан композитордың ұлы қытай халқының гүлденуі мен бақуаттылығы туралы арманы айқын көрініс табады.

Қытайдағы Мәдени революция жылдарында (1966–1976) «симфониялық» термині «еуропалық» деп танылып, оркестрлік музыкаға тыйым салынды. Си Синхайдың шығармалары қысқартылып, фортепианоға лайықталған нұсқаларда ғана орындалды. Мысалы, «Хуанхэ туралы кантатада» хор мүлде болмады, ал хорға арналған мәтін «қара» деп жарияланды. Оның әндерінің әуендеріне сол уақыттың «рухына» сай басқа мәтіндер жазылды.

Екінші Дүниежүзілік соғысқа оралсақ. Соғыстың екінші жылы еді.. Алматы майданнан алыс терең тылда болғанымен, мұнда да әскери кезеңнің ауыр рухы сезілетін. Қалаға күн сайын 2-3 эшелон босқындар мен эвакуацияланған қорғаныс зауыттарының жабдықтары келіп жататын. Бұрынғы тыныш провинциялық шағын қала Алматы біртіндеп халқы тығыз орналасқан, көп ұлтты, түрлі тілде сөйлейтін қайнаған орталыққа айналды. Барлық қонақүйлер мен тұруға жарамды ғимараттар лық толды. Көптеген алматылықтар үйлеріне 1-2 эвакуацияланған отбасын қабылдап, оларға барын бөлісіп, нанын да, баспанасын да ұсынды.

Эвакуацияланғандар арасында елдің басты мәдени орталықтарынан — Мәскеу, Ленинград, Киев, Харьков, Одесса қалаларынан келген өнер мен мәдениет өкілдері де болды. Дәл сол уақытта Алматыда ерекше қарқынды мәдени өмір өрбіді: әйгілі суретшілер мен мүсіншілердің қатысуымен көрмелер ұйымдастырылды, театр қойылымдары мен сахна және эстрада шеберлерінің концерттері өтті. Қала тұрғындарының кез келгені сол кезеңдегі бүкіл елге танымал өнер қайраткерлерінің шығармашылығын көруге және жоғары өнерге жақындасуға мүмкіндік алды. Алматыға эвакуацияланған әдебиет және өнер қайраткерлері жергілікті өнерпаздардың шығармашылығына және кәсіби өсуіне зор ықпал етті.

Алматыда Си Синхай алғашында шулы, лас әрі адамға толы Колхозшылар үйінде паналауға мәжбүр болды. Ол жерде бір ғана тар бөлмеде 7-8 адам бірге тұратын. Өз отанында да өмірдің талай ауыр сынағынан өткен Си Синхай бұл жағдайға мойымады — дәл осы қиыншылықтың ортасында жүріп те музыка жазуға күш тапты. Ашқұрсақ жүргеніне қарамастан, ол өнерге деген шексіз махаббаты мен оның күшіне деген сенімінің арқасында берік болды. Жақсы күндерге деген үмітін үзбей, бір күні туған жеріне ораларын кәміл сенді.

Алматыда Си Синхай көпшілікпен араласпай, оңаша өмір сүрді, бейтаныс жерлестерінен аулақ жүруге тырысты. Ол Хуан Шун деген бүркеншік атпен тек «саяси эмигрант» мәртебесін ғана ала алды. Мұндай сақтықтың себебі — ол кезде Алматыда Қытайдың гоминьдан үкіметінің консулдығы жұмыс істейтін, ал Си Синхай бұл үкімет үшін заңнан тыс тұлға болатын.

1943 жылы қытай композиторы Си Синхай көрнекті қазақ музыканттары Латиф Хамиди, Ахмет Жұбанов, Бақытжан Байқадамов және Михаил Иванов-Сокольскиймен танысты. Олардың ішінде әсіресе соңғы екеуі Си Синхайдың тағдырына ерекше ықпал етті.

Бақытжан Байқадамов пен Си Синхай алғаш рет Қазақ филармониясы әртістерінің концертінен кейін, фойеде кездейсоқ танысты. Сол кеште қолында скрипкасы бар бейтаныс адамның қиын жағдайын бірден аңғарған Байқадамов ойланбастан оған қолұшын созып, үйіне ертіп әкеледі. "Кешқұрым келген қонақ Байқадамовтың анасын қиын жағдайға қалдырды. Себебі шағын ғана пәтерде адамдар ығы-жығы, еденде, тіпті асүй мен дәлізде де ұйықтап жатқан еді. Байқадамовтар отбасы да көпбалалы болатын, соған қоса, олар соғыс кезінде эвакуацияланған украин композиторы М.Скорульскийдің отбасын да паналатқан еді.

Сонда Бақытжан анасына: «Егер сенің ұлың қайда барарын білмей сенделіп жүрсе, әрине, біреу оны үйіне шақырса екен деп армандайтын едің. Оның үстіне, бұл адам жай адам емес, музыкант. Оған менің орнымды берші, ал мен әпкемнің үйіне барып тұра тұрамын», - деді. Міне, тағдырдың жазуымен, Си Синхайдың жолында осындай жүрегі кең Байқадамовтар отбасы кездесті. Олар өздерінің қиын-қыстау күндеріне қарамастан, Си Синхаймен, кейіннен оның Қытайда қалған отбасымен де, мәңгілік достық орнатты.»

Бақытжанның үлкен апасы Данаштың шағын да тар пәтерінде Си Синхайға бір бұрыштан орын бөлінді. Осы кезден бастап ол өзіне деген сенімділікке ие болып, өмірінде бір тұрақтылық тапты. Оның сенімді тірегі – Бақытжан мен оның қонақжай отбасы болды. Олар Си Синхайға жылы орын, тамақ болмаса да аздаған тұрақты ас-су тауып берді. Енді оның шығармашылықпен айналысуына көбірек уақыты болды. Бірақ Си Синхай ол кезде Байқадамовтар отбасының қандай қауіп-қатерге барғанын білген жоқ. Себебі бұл отбасы сол уақыттарда "халық жауларының" отбасы ретінде "сенімсіз" деген статустары бар еді. 

Отбасының басшысы, көрнекті саяси қайраткер Байқадам Қаралдин 1930 жылы заңсыз репрессияға ұшырап, ату жазасына кесілген еді. Ал 1937 жылы дәл сондай қайғылы тағдыр оның қызы Данаштың күйеуі, комсомол қызметкері Арслан Қожахметовкті де күтіп тұрды. 

Әкелерінің достығы туралы Байқадамовтың қызының естеліктері:

«Си Синхай Алматыдан аттанып бара жатқан кезде, біздің әкемізден үлкен бір өтініш айтып кеткен еді. Ол өзінің әйелін, қызын және анасын тауып, Қазақстандағы соңғы жылдары мен тағдырындағы оқиғалар жайлы жеткізуін өтінді. Әкем бұл аманатты жүрегіне түйіп, ұзақ жылдар бойы Си Синхайдың жақындарын іздеумен болды. Данаш апайымыз да қолдан келгенше іздестірді, бірақ сол кезде нәтиже болмай қалды.

Тек арада көп уақыт өткен соң, 1989 жылы кеңес композиторы, қытай текті Цзо Чжэньгуаньның көмегімен Си Синхайдың отбасын табу сәті түсті. Сол күннен бастап біздің отбасымыз бен Си Синхайдың отбасы арасындағы байланыс үзілген жоқ. Си Синхайдың қызы Нина екі рет Қазақстанға келді. Ал біздің үлкен апаларымыз Қытайға барып, олардың үйінде қонақта болып қайтты. Біз туысымыздай араласып, бір-біріміздің қуанышымыз бен қайғымызды бөлісіп отырамыз. Уақыт өте келе, бұл достық шынайы бауырластыққа ұласты.

Менің ойымша, біздің әкеміз Бақытжан Байқадамов пен қытай композиторы Си Синхайдың арасындағы достықтың маңызы зор. Бұл – екі халық арасындағы мәдени және рухани байланыстың, өзара түсіністік пен құрметтің көрінісі. Олардың достығы – қазіргі заманда да көршілес елдердің тек бейбітшілік, мәдени, ғылыми және экономикалық ынтымақтастық арқылы өркендей алатынының дәлелі.

Олардың достығына 80 жылдан астам уақыт өтті. Үш жыл бұрын Қытайдың Гуанчжоу қаласында біздің әкеміздің атымен көше аталды. Сол жерде Қазақстанда хор музыкасының дамуына айрықша үлес қосқан Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Бақытжан Байқадамовқа ескерткіш орнатылды. Бұл – әкеміздің еңбегіне деген шынайы құрметтің белгісі әрі қос халықтың достығының символы деп білемін», – деп еске алады Бақытжан Байқадамовтың қызы Алуа Байқадамова.

Композитор Михаил Михайлович Иванов-Сокольский 1942 жылдың басында қоршаудағы Ленинградтан Алматыға эвакуацияланды. Ол да жас қытай әріптесіне шын жүректен жанашырлық танытып, қолдан келген көмегін аяған жоқ, оның дарынына ерекше тәнті болды. Си Синхай Иванов-Сокольскийлер әулетінің жиі әрі құрметті қонағы болатын. Мұнда да ол тыныштық пен жылылық тапты.

Алғысын білдіру мақсатында Си Синхай Михаил Михайловичке естелікке француз қаламын және Д.Д.Шостаковичтің жетінші симфониясының партитурасын сыйға тартты. Басылымның титул бетіне ол қытай және орыс тілдерінде жүрекжарды қолтаңба қалдырды. Қытай тіліндегі жазбада былай делінген:

"Бұл кітапты Иванов-Сокольскийге алма қаласында бірге өткізген уақыттарда көрсеткен шынайы достығы мен жан-жақты көмегінің естелігі ретінде сыйлаймын. 1943 жылдың 21 қарашасы. Композитор Хуан Шун."

1943–1944 жылдардағы Қазақстанның көркем өнер өміріне қатысты құжаттарды Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінен қарап отырып, Си Синхай — Хуан Шун туралы бірқатар қысқа да болса деректерді табылды.

Анықталғандай, Композиторлар одағы оған екі рет материалдық көмек көрсеткен екен. Бұл көмек сол кездері қазақстандық және эвакуацияланған композитор әріптестеріне берілген жәрдемнің аясында жасалған. Мұны ұйымдастыру комитеті отырыстарының төрт хаттамасы растайды.

Си Синхайдың есімі алғаш рет 1943 жылғы 27 наурыздағы №4 хаттамада аталады. Онда «Қытайлық композитор Хуан Шунның қайтарымды қарыз беру туралы өтініші» қарастырылғаны жазылған. Ұйымдастыру комитетінің отырысы «Хуан Шунға Қазақ КСР Музфондының қаражатынан 500 (бес жүз) рубль көлемінде қайтарымды қарыз беру, қайтару мерзімі – 1943 жылғы 1 қыркүйекке дейін» деген шешім қабылдады. Хаттамаға Қазақ КСР Композиторлар одағының ұйымдастыру комитетінің төрағасы Е.Г.Брусиловский мен ұйымдастырушы хатшы Б.Г.Ерзакович қол қойған.

Тағы бір хаттама – 1943 жылғы 31 тамыздағы №15 хаттамада композиторларға «децентрализовандық дайындау» арқылы алынған 234 кг ұнның бөлінуі туралы айтылған. Тізімдегі 23-ші орында Хуан Шун тұр. Оған 4 кг ұн бөлінген. 

Ал 1943 жылғы 27 қыркүйекте Композиторлар одағының ұйымдастыру комитеті бұрын берілген қарызды өтеу мерзімін ұзарту туралы қаулы қабылдайды: «Композитор Хуан Шунның ерекше жағдайын ескере отырып, оған шығармашылық тапсырыстар алу қиындығы мен ауыр материалдық жағдайға байланысты, бұрын берілген 500 (бес жүз) рубль көлеміндегі қарызды қайтарымсыз қарыз деп есептеу. Хуан Шунның ауыр жағдайы туралы КСРО Композиторлар одағының ұйымдастыру комитетіне хабарлау». 1943 жылғы 25 желтоқсанда бұл қарыз Си Синхайдан толықтай есептен шығарылды.

Алматыда жүрген кезінде Си Синхай қазақтың халық музыкасын үлкен қызығушылықпен зерттеді, ол нотаға түскен салқын жазбалардан гөрі, тірі орындауды артық көрді. Таныс композиторлардан үнемі қазақтың күйлері мен әндерін орындап беруін сұрайтын, өнер шеберлерінің концерттерін қалт жібермейтін. Жинақтаған материалдары мен алған әсерлерінің негізінде ұнаған әуендерді өңдеп отырды. Сол жылдары қазақ музыкалық фольклорының тақырыптары негізінде бірнеше түпнұсқа шығармалар жазды. Олардың кейбірі республикалық радиода орындалды.

Нағыз өнер иесі ретінде Си Синхай республиканың өнер өміріндегі оқиғалардан тыс қалмады, қазақ әріптестерімен бірге ауыл-аймақтарды аралап, концерттік сапарларға белсене қатысты. Ол сапарларда өзінің скрипкаға арналған шығармаларын орындады. Кейде шала-пұла орыс тілінде, ым-ишараның көмегімен музыка жайлы қызу әңгіме айтып беретін.

1944 жылдың басында Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің жанындағы Өнер істері басқармасы Қостанай қаласында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының филиалын ашу туралы шешім қабылдады. Алматыдан Қостанайға төрт кәсіби музыкантты жіберу жоспарланған еді. Сол кезде Бахытжан Байқадамов Си Синхайды дирижер әрі музыкалық жетекші ретінде Қостанайға жіберуді ұсынды. Бұл бастаманы М.М. Иванов-Сокольский де қолдады. Филармония филиалының директоры, кәсіби журналист Есетов те Си Синхайға жанашырлық танытып, барынша қолдау көрсетті.

Филиалдың көркемдік жетекшісі болып болашақ композитор, небәрі 20 жастағы Мәлік (Мақалим) Қойшыбаев (1926–1986) тағайындалды. Ол Си Синхаймен тез тіл табысып, өзара түсіністікке қол жеткізді. Кейін олар филиал жұмысының алғашқы қадамдарында ұйымдастырушылық және шығармашылық істерде, концерттік қызметте ажырамас серіктеске айналды. Бұл туралы Қойшыбаев кейін былай деп еске алады:
«Си Синхайды алғаш рет 1944 жылдың 22 қаңтарында Алматы вокзалында көрдім. Бізді Қостанай облыстық өнер басқармасының өкілі таныстырды. Алғашқы көзқарастан-ақ, алғашқы мықты қол алыстан-ақ оның ерекше тұлға екенін, үлкен тартымдылыққа ие жан екенін сездім. Есімде қалғаны – сәл ұяңдау күлкісі еді».

Си Синхайды және мені Қостанайға облыстық филармония ұйымдастыру үшін жіберді. Оны – композитор ретінде, ал мені – көркемдік жетекші қызметіне. Бізбен бірге балетмейстер мен балет солисттары да сапар шекті. Қостанайға келген соң, бізді қонақүйге орналастырды. Маған және Си Синхайға бір бөлме берілді, сол бөлмеде бірге тұрып, шығармашылықпен айналыстық.

Си Синхай өзін талантты ұйымдастырушы әрі жақсы қоғам қайраткері ретінде көрсетті. Біздің міндетіміз – халық арасынан өнерпаздарды: аспапта ойнайтын орындаушыларды, әншілерді, бишілерді анықтап, байқау өткізу болатын. Қостанайға келе салысымен, біз байқауға дайындықты бастап кеттік. Тыңдап, талантты жас орындаушыларды іріктеп алған соң, репетициялық жұмысқа кірістік.

Си Синхай қазақ халық әуендерін үлкен қызығушылықпен жазып алып отырды. Бұл жазбалар біздің алғашқы концерттік бағдарламамыздың негізіне айналды. Композитордың музыкалық есту қабілеті ерекше еді. Барлық әуенді ол аспапсыз-ақ, орындаушыларды қайта-қайта қайталатпай-ақ, дәл жазып алатын.


1944 жылдың 19 наурызында Қостанай филармониясының ашылу салтанаты өтті. Салтанатты бөлімнен кейін жас өнерпаздарымыз қатысқан үлкен концерт ұйымдастырылды. Си Синхай да өнер көрсетті. Ол өзінің сүйікті аспабы — скрипкада ойнады. Дәл сол скрипка қазір Бейжің институтында сақтаулы. Концерт өте сәтті өтті, көрермендер ерекше ықыласпен қабылдады.

Си Синхай талантты скрипкашы еді. Ол қазақтың халық әндерінің әуендеріне арнап жазған вариацияларын қуана орындайтын. Әсіресе «Қара нар», «Қызыл бидай» сияқты әндердің әуендеріне сүйеніп, өз шығармаларын жасады. Қазақтың халық әндерінен жазып алған көптеген әуендердің негізінде мағыналы скрипкалық пьесалар дүниеге келді. Қостанайда еңбек еткен кезеңінде жазылған ең ірі туындысы – қазақ халқының аңызға айналған батыры Амангелді Имановқа арналған «Амангелді» симфониялық поэмасы еді. Бұл шығарманың авторлық қолжазбасы да бүгінде Бейжіңде сақтаулы. Композитор бұл шығармасын Амангелді Имановтың қайтыс болғанына жиырма бес жыл толуына арналған концертте орындады. Ол қиын-қыстау уақытта Қостанайда ноталық қағаз табу қиын болатын. Сол себепті ноталық сызықтарды қолдан сызуға тура келді.  Си Синхай тек қана талантты композитор емес, сондай-ақ кең пейілді, үлкен жүректі адам болатын. Ол үнемі өзінің сүйікті Отанын сағынышпен еске алып, қытай халқының болашағына сенетін.

Қостанай филармониясы филиалының алғашқы концерттерінің бірі 1944 жылдың ақпан айында жұмысшылар клубының ғимаратында өтті. Зал лық толы болды. Бұл концертте Мақалим Қойшыбаев домбырада Құрманғазының әйгілі "Адай" күйін орындады. Ал Си Синхай бірнеше қазақ халық әнін скрипкада шеберлікпен орындап, көрермендердің жүрегін жаулап алды. Филиалдың ресми ашылуында ол "Қара нар" әнін ойнады.

Бұл оқиға туралы Қостанай облыстық газеті 1944 жылдың 22 наурызында былай деп жазды:
«Залда домбыраның әуезді үні естіледі. Сахнада қыздар түрлі-түсті ұлттық киімдермен билеп жүр. Халық ән-күйінің таныс әуені шырқалады. 19 наурыз жексенбі күні Қостанай облыстық драма театрында ерекше күн болды. Осы күні Қостанайда Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының филиалының ашылуы өтті...»

Одан кейін филармония әртістері үлкен концерт қойды. Көрермендер бұл өнер кешін жылы қабылдады. Әнші Сейдахметова халық арасында кең таралған "Қыз Жібек" операсынан "Гәкку" ариясын орындады. Әнші Ташенова "Майра", "Бипіл-бипіл" әндерін шырқап берді. Домбырашы-фронтовик Крыкпаев домбырада "Адай күйін" және "Сарыарқа" күйлерін орындады. Сонымен қатар домбырашы әрі әнші Батырханов пен домбырашы квартеті өнер көрсетті. Бұл ұжым кейінгі домбыра оркестрінің бастамасы болды. Би билегендер қатарында Давлеткельдиева мен Сейдалина бар еді. Скрипкада Қуаншин өнер көрсетті. Соңында сахнаға Си Синхай шығып, көрермендердің қошеметіне бөленді.

Алғашқы кезде Қостанай филармониясы филиалының құрамында 15 адам болды. Оның көркемдік жетекшісі Мақалим Қойшыбаев болса, балетмейстер қызметін Давлеткельдиева атқарды. Филармонияны ұйымдастыруда және талантты өнерпаздарды іріктеуде Қостанайлықтардың жерлесі, Қазақ КСР-нің халық әртісі Елубай Өмірзақов үлкен көмек көрсетті. Сол есте қаларлық концертте ол да домбыраның сүйемелдеуімен бірнеше танымал қазақ әндерін орындады.

Си Синхай Қостанайда жүрген кезінде халық музыкасын зерттеуін жалғастырды. Осы мақсатта ол қазақ ауылдарына барып, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігімен және әдет-ғұрпымен танысты. Өзінің шығармаларына да көп уақыт арнады. Сол кезеңде ол үшін ең маңызды жұмыс — Амангелді Имановтың рухына арналған скрипка мен фортепианоға арналған поэмасы еді. Бұл шығарма алғаш рет 1944 жылғы 18 маусымда Қостанайда өткен мерекелік концертте орындалды. Бұл ресми іс-шара Амангелді Имановтың қаза тапқанына 25 жыл толуына арналды. Скрипка партиясын автордың өзі орындады.

«Амангелді» симфониялық поэмасы Си Синхайдың ойында алғаш рет 1943 жылы Алматыда пайда болды. Бұған дәлел — Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы Е.Г. Брусиловскийдің 1943 жылғы тамызда Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесіне жолдаған хаты: «Сонымен қатар, Алматы қаласында тұратын қытай композиторы Хуан Шун симфониялық оркестр үшін музыкалық шығарма жазуға ниет білдірді. Оны Амангелді туралы бар әдеби материалдармен таныстырғаннан кейін, оған қандай жанрдағы музыкалық шығарма тапсыруға болатыны қосымша хабарланатын болады» делінген еді.

«Амангелді» поэмасы — қытай композиторының шоқтығы биік шығармаларының бірі. Оның бастапқы музыкалық материалы — Си Синхай шынайы сүйіп, үлкен қызығушылықпен зерттеген басқа халықтың, яғни қазақ халқының музыкасы еді. Бұл поэмада қазақ халқының қаһармандық рухы, кең даланың алуан бояулары мен еркін жүйткіген жылқылардың бейнесі айқын әрі эмоциялық пафоспен суреттеледі. Мұндай көріністерді Си Синхай өзі де бірнеше мәрте көзімен көрген еді. Қазақтың халық әуендері поэманың жалпы әуеніне шебер үйлестіріліп, шығарманың қайталанбас ұлттық бояуын ашып тұр.

1945 жылдың қысында Қостанай облысына гастрольдік сапарлардың бірінде Си Синхай қатты суық тиіп ауырып қалды, бұрынғы аурулары асқынып, денсаулығы күрт нашарлай бастады. Оған өкпенің ауыр қабынуы диагнозы қойылды. Мәскеуге шұғыл жеделхат жіберілді. КСРО Композиторлар одағы жауап ретінде Си Синхайды емделу және концерттік қызметін жалғастыру үшін астанаға шақырды. Қостанайдан ол шұғыл түрде Мәскеуге аттандырылды. Ол Кремль ауруханасына жатқызылды, бірақ дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Си Синхай 1945 жылдың 30 қазанында дүниеден өтті. Ол әлі жас еді, алайда дарынды және бірегей композитор, ерекше тұлға ретінде өзін жарқын түрде танытып үлгерген болатын.

«Си Синхайдың өлімі – дарынды композитор мен жалынды революционердің, жаңа демократиялық Қытайдың патриотының қазасы – музыкалық өнер үшін ауыр қайғы.  Біз, кеңес музыканттары, бұл ауыр қазаны күйзеліспен қабылдадық. Си Синхайдың бейнесінде біз ұлы халықтың жаңа, өсіп келе жатқан музыкалық өнерінің дарынды өкілін, қытай халқының ой-армандары мен үміттерін шебер бейнелеген талантты өнерпазды көрдік. Қытай халқы азаттық пен тәуелсіздік жолында күресіп, әрдайым жеңіске жетіп келеді», – деп жазды оны Мәскеуде кездестірген композитор Вано Мурадели.

Си Синхай қайтыс болғаннан кейін 37 жыл өткен соң, 1982 жылы Қытай үкіметі мен оның туыстарының өтініші бойынша композитордың күлі салынған тостаған Мәскеуден оның туған жері – Гуандун провинциясына жеткізілді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?