Кешегі дәуірдегі бір жүйелі әм стандартты саясат адамзат жаратылысына көп қиянат жасағанымен белгілі. Атап айтқанда осы жазаның тізіміне солақай қолды жасөспірімдер ілікті. Кеңес топырағында солақай жандарды жаппай оң қолға үйрету науқаны жүргендігін бүгінде біреу білсе, біреу біле бермейді. Мұндай бастамалардың ақыры жалпақ жұртты жақсылыққа апарып соқтырған жоқ. Солақайлықпен күрес баз біреулердің жаратылысына жаққаны болмаса, кейбір жандардың табиғатына мүлде керісінше зардап әкелді. Кеңестік жүйе солақайлықты кемістік, керек десеңіз кесапат деп қабылдады. Бір қызығы, мұның бәрі айпарадай ашық емес, жасырын жымысқы жолдармен жүргізіліп жатты. Жоғары жақ ұстаздар қауымына солақайлықпен күресудің ең басты алаңы мектеп екендігін жиі-жиі қаперлеріне салып отырды. Олар сәбидің бұл үшін психологиялық күйзеліске ұшырайтындығын, тіпті оң қолмен тамақтанған жағдайда ішіп отырған тамағының дәм-тұзын тұшына алмайтындығын қаперіне де алмады. Біз бұл деректерді ауадан емес, өмірдің өз кейіпкерлерінен алып отырмыз. Осы мақалаға қатысты деректер іздестіргенімізде мұғалімдердің қатаң талабына шыдай алмаған балалардың көбісі ауруға ұшырағандығын, әрі оқуын әрмен қарай жалғастыра алмағандығы жайлы оқиғаларды молынан ұшыраттық. Ұстазының зілді қабағынан жасқанып, сыныптастарының «солақай» атты мазағына ұшыраған жаны жаралы балалар бейнесі көзалдымызға елестеді. Мұндай қиянатқа кім кінәлі? Ұстаз ба жоқ әлде адам жанымен санаспайтын жоғарғы билік пе?
Психологтар солақайлардың шығармашылық жұмысқа аса қабілетті болатындығын алға тартады. Бұл арада адам жан дүниесінің білгірлерімен келіспеске еш амалымыз жоқ. Тарихқа аздаған шегініс жасар болсақ, есімдері дүйім әлемге мәлім мынадай жайсаңдармен ұшырасамыз. Олар әйгілі солақайлар Аристотель, Юлий Цезарь, Наполеон, Уинстон Черчилль, Пушкин, Толстой, Шопен, Чаплин, Леонардо да Винчи, Микаланджело, Исаак Ньютон, Марк Твен, Роберд Шума, Елизавета патшайым, сондай-ақ американың соңғы үш президенттері Рональд Рейган, Джордж Буш (ағасы), Билл Клинтон, әлемнің ең бай миллиардері Билл Гейтс, Мерилин Монро, Джулия Робертс, Пол Маккартни, Сильвестор Сталлоне, Том Круз, Николь Кидман тағы да басқалары. Солақайлардың осал жандар еместігіне осы деректер жеткілікті болар. Өнер адамдарының, оның ішінде музыканттар мен суретшілердің дені солақайлар болған деседі.
Біртуар күйші, қыза-қыза келе аяғындағы кебісті сыпырып тастап, башпайымен күй тартқан Нұрғиса Тілендиев пен әйгілі журналист Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз да осы солақайлардың сойынан болған екен. Мамандар жер бетіне шыр етіп дүниеге келген 100 сәбидің біреуінің ғана солақай болып туылатынын айтады. Осыдан-ақ, солақайлардың сирек жаратылыс екендігін бағамдауымызға болады. Кейде осы солақайлықтың да ұшан-теңіз пайдасы бар. Әсіресе, бокс пен тенниске ебіңіз болса болғаны, бағым жанды деп есептей беріңіз. Мұны біз шаршы алаңға шыққан былғары қолғап шеберлерінің дүниежүзілік олимпиада ойындарындағы қолғап түйістірулерінен жиі көреміз. Оң қолды спортшының сол қолды қарсыласының айласына еш бейімделе алмай сан мәрте соққыға жығылғандығын, осы екі спорт саладағы солақай спортшылардың мерейінің әрдайым үстем болып келе жатқандығы барша жанкүйерлерге мәлім.
Әлемге әйгілі теннисші Сампрастың өз қарсыластарын шаң қаптырып кететіндігінің тағы бір сыры солақайлығында жатса керек. Күннен-күнге қарыштап дамып бара жатқан технология жас сәбидің солақай немесе оңқай екендігін небары 10-11 апта мерізімінде анықтайтын дәрежеге жетті. Оны білу аса бір қиындық тудырмайды екен. Ана құрсағында жатқан нәресте оң қолының бас бармағын сорып жатса оңқай, сол қолының бармағын сорса солақай болып дүниеге келетіндігін дәлелдеп отыр. Тағы да осы генетик мамандар солақайлық феноменін мынадай төрт дүниемен түсіндіреді.
Біріншісі, тұқым қуалайды яғни тек арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады. Мұндай топтың санатына жататындардың мөлшері әлем бойынша не бары 10-11 пайызды құрайды дейді.
Екіншісі, әйелдердің кеш босануына байланысты. Карьера қуып биологиялық сағатын жоғалтып алған әйел құрсағына біткен сәбидің дүниеге келерде ауыр қиналысқа түсетіндігін, соның салдарынан оң қолдың қызметіне жауап беретін кей ми клеткаларының зақымдануына байланысты болатындығымен түсіндіреді. Бұл әсіресе, индустриалды батыс елдерінде тән дейді мамандар. Осыбір кеш үйленудің кесепатынан біздің еліміз де еш қалысатын емес. Бүгінде елімізде жиырма бестен жоғары бойдақтардың саны үш миллионға жақындап отыр.
Үшіншісі, сыртқы фактордың әсерінен орын алады екен. Айталық, сәби қолын күйдіріп алған жағдайда немесе аурудың салдарынан оң қолын кестіріп тастаған жағдайда болады дейді.
Төртіншісі, саналы түрде өзін-өзі күштеп үйретуден болады екен. Осы топтың арасында екі қолымен де тамақ ішетін, тіпті керек десеңіз бір мезетте қос қолымен жазу жазып, сурет салатындар да кездеседі.
Адамзат баласының қолынан небір таңғажайыптар келетіндігін, талаптанып бақса кез-келген істі үйренбей қоймайтындығына осы төртінші топтағылар дәлел болатын секілді.
Мақала басында сөз еткеніміздей, ғалымдар солақайлардың оңқайларға қарағанда аса сезімтал, қабілетті әрі нәзік жанды болып келетіндігін, сондай-ақ олардың тез өкпелегіш, кез-келген қиындыққа қарсы тұра алмай көп мұқалып қалатындығын айтады. Ғасырлар ауысып, жылдар сусығанмен адамзат баласы ет пен сүйекке сіңісті дертінен әлі де құлан таза құтыла алмай келеді.
Кеңес кезеңіндегі ескі аурудан әм бүгінгі мұсылманшылықтағы догмалықтан болса керек солақай болып туылған жандарға кей ата-аналардың «неге оң қолмен жазу жазып, тамақ ішпейсің» деген зілді талаптарын күнделікті өмірде де көзіміз жиі шалып қалып жүр. Сонымен солақайлық еш кемшілік емес екен. Біз мұны ескі аурудың сарқыншағынан әлі күнге айыға алмаған барша ата-аналардың қаперіне арнайы салып отырмыз...