Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сақ қолбасшысы - Күнсұлу

4674
Сақ қолбасшысы - Күнсұлу  - e-history.kz
Түбі бір түрік жұртынан шығып кейіннен айбынды билеуші, даңқты қолбасшы ретінде тарих сахнасында қалған әйелдер өте көп.

Әсіресе, Томирис, Зарина, Тақсай ханшайым секілді ежелгі сақ заманында өмір сүрген патшайымдар мен қол бастаған жаужүрек қыздардың даңқы тым алысқа тарады.

Ол замандағы заңдылыққа сәйкес, сақ қыздары садақ ату, қылыштасу, найза лақтыру тәрізді әскери дағдыларды меңгермей тұрып тұрмысқа шықпайтын болған. Бәрі шетінен жауынгер, майданда жауына тастай қатал, ал былай өмірде жібектей жұмсақ болған. Сақтар мұндай батыр жауынгер әйелдерді ардактап, айрықша құрмет тұтқан. Мәселен грек тарихшысы  Кгесий: «сақ әйелдері ержүрек келеді, соғыс қаупі төнгенде ерлеріне көмек көрсетіп, ұрыска араласады» деп жазады.  Ктесий мен Геродоттың жазбаларында да сақ тайпалары қыздарының өте батыл, өжет келетіндігі айтылады. Соғыс кезінде әйелдер бүкіл отбасын ғана емес майдан даласында жүрген жауынгерлерді де аң аулап асырайтын болған.

Сол секілді көптеген деректерде атақты Томирис пен Зарина патшайымның «амазонкалар» яғни тек қана жас қыздардан құралған жауынгерлер тобы болғанын айтады. Олар айрықша тапсырмаларды орындауға жіберіліп отырған. Прфессор Алма Қыраубаеваның айтуынша, күйеуі өлгеннен кейін патшалық тізгінін қолына алғаннан кейін Зарина қырық қыздан тұратын атты әскер жасақтаған. «Олар ерлерше киінетін болған. Үстеріне сауыт, бастарына дулыға, аяқтарына етік киіп, Зарина патшайымды қорғап жүріпті. Қырық қыздан құрылған атты әскер кез келген уақытта Зарина патшайымды қауіп-қатерден, бәле-жаладан сақтап қалуға тиісті болатын». А.Қыраубаева, «Ежелгі әдебиет», Алматы, «Өнер» баспасы, 2008 жыл

Белгілі зерттеуші ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Дулыға» атты екі томдық еңбегінің алғашқы кітабында құралайды көзге мұндай қыздар арнайы жасаққа  12-13 жасынан бастап алынғаны туралы дерек бар. «Көшпелі, жауынгер халықтың тіршілік дәстүріне байланысты, он үшке толған қыздар «арулар жасағының» қатарына алынып, садақ атуға, найза лақтыруға, қылыштасуға машықтанатын. Олар жеке шеп құрып, жауға қарсы соғысуға қатысатын. Қашан ұрыс майданында ерлік көрсеткенше тұрмысқа шықпайтын» дейді ол.

 Отан үшін от кешуге бармын деп ант-су ішіскен мұндай қыздар «амазонкалар» қатарына өту үшін алдымен садақ атуды, найза мен қылыш сілтеуді үйренген. Әбден шыныққан соң ғана олар нағыз батырларша шайқасу үшін әскер қатарына қосылып майдан даласына жіберіліп отырған.

Осындай мықты жаужүрек қыздардың бірінің есімі – Күнсұлу болғаны айтылады. Ол тікелей Заринаның оққағары болған. Ол небары 10 жасында қару асынып ерлермен бірге майдан даласында жүргін. Он жасында Зарина патшайымның тікелей бұйрығымен қыздардан құралған жүздік жасаққа (тағы бір деректерде қырық қыздан құралған топ) қолбасшылық еткен. Сақ патшайымы Зарина Күнсұлудың жүз қызын еш ойланбастан ерекше тапсырмаларды орындауға жібереді екен.

Меңдібай Әбілұлының «Ежелгі сақ дәуіріндегі балалар әдебиеті» атты кітабында ел арасында айтылып жүрген аңыз деп мынадай оқиғаға тоқталып өтед: Бір күні Күнсұлу өзінің жүз қызымен ерекше тапсырмаларды орындап жүріп, парсы әскерінің екі мыңдық қолына тап болып, шайқасқа түседі. Күш тең болмаған соң, Күнсұлу қыздарға шегіне жүріп соғысуға бұйрық береді. Парсы әскерінің біразы оққа ұшып өледі. Бірақ жүз қыз қолбасшысы Күнсұлумен қолға түседі.

Парсы билеушісі: «Жүз қыз қолбасшысы Күнсұлумен бірге өлтірілсін, – деген бұйрық береді.

Парсы патшасының ортаншы ұлы Күнсұлудың ақылы мен көркіне қызығып:

- Әке, Күнсұлуды өлтірмеңіз, ол сіздің келініңіз болсын, мен әйелдікке алайын,  – дейді.

Парсы патшасы ортаншы ұлының өтінішін орындайтын сыңай танытады. Сонда Күнсұлу бірнеше жылдан бері екі елдің арасындағы соғыстың ауыр зардаптар әкелетінін, жүз қыздың аман-есендігін ойлап, парсы патшасының ортаншы баласына:

- Менің бір талабым бар, соны орындасаң, мен сенің әйелің боламын…» – дейді.

Парсы патшасының ортаншы ұлы:

- Ол қандай талап? Сен қандай талап қойсаң да орындаймын!..» – дейді. Сонда Күнсұлу:

- Менің жүз қызымды тұтқыннан босатып, өз еліме қайтарыңыз, – дейді. Парсы патшасы Күнсұлудың өтінішін орындап, жүз қызды тұтқыннан босатады. Сақтың батыр қызы Күнсұлуды өзіне келін етіп алады. Содан кейін сақтар мен парсылардың арасындағы соғыс жүз жылға дейін тоқтаған екен.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?