Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстан дипломатиясы

3455
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстан дипломатиясы  - e-history.kz
Қазақстанның сыртқы саясатындағы жүргізілген жоспарлы да мақсатты қызметінің нәтижесінде еліміз бүкіл әлемге бейбітшілікті қолдаушы, оны іс жүзінде дәлелдеуші мемлекет ретінде айқындалды

Тәуелсіздігін алған алғашқы күндерден-ақ Қазақстан Республикасының сыртқы саясаттағы қызметінің белгілі саласы әлемнің дамыған мемлекеттерімен, халықаралық саяси, экономикалық ұйымдарымен жан-жақты байланыс орнатуға арналды. Солардың ішінде Америка Құрама Штаттары, Қытай, Еуропа мен Азияның ықпалды елдерімен қатынасқа назар аударылды. Олардың қатарында саяси, экономикалық, мәдени, т. б. салаларға баса назар аударылды. Себебі осындай қатынас республиканың демократиялық өркендеуіне, нарықтық экономикаға өтуіне серпінді де сенімділік тұрғысында ықпал жасайтындығы белгілі еді. 

Осындай мақсаттағы АҚШ-пен арадағы алғашқы мемлекет аралық қызметтің орны ерекше болды. Сол мерзімдегі екі ел арасындағы қатынастың мақсаты мен барысын баяндайтын мұрағат құжаттарында көрсетілгеніндей: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі Америка Құрама Штаттары тарапынан 1991 жылдың 25 желтоқсанында танылды. Осы күні дипломатиялық қатынастар орнатылды. Қазақстан Республикасының Президентінің 1992 жылдың мамырындағы ресми сапары екі жақты қарым-қатынастың негізін қалады. Сапар барысында «Сауда қатынастары туралы келісімге», «Капитал салуды қолдау мен өзара қорғау туралы келісімге», «Ықпал етуді жеңілдетудегі түсіністік», «Қазақстан Республикасы және АҚШ үкіметтері арасындағы өзара түсіністік Меморандумына», «Екі жақты салық салуды дан тысқарылықты іске асыруға арналған конвенцияны бекітуге арналған Бірлескен мәлімдемеге» қол қойылды. 

9ba35467c4149ffdb72b827979e2961d.jpg

1992 жылы Қазақстанда бірнеше делегация, атап айтқанда, АҚШ Конгресінің Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық комиссиясының делегациясы (1992 ж., сәуір), сенаторлар: Крэнстон (1992 ж., қыркүйек), Сэм Нанн және Ричард Лугар (1992 ж., қараша) болды. 

1992 жылы Алматыға Ерекше істер жөніндегі елші Строуб Тэлботт екі жақты мәселелерді шешу мақсатымен екі мәрте келді. 1993 жылдың қазанында Алматыда АҚШ-тың ТМД елдеріне экономикалық және гуманитарлық көмек көрсетуге арналған арнайы үйлестірушісі Т. Саймонс болды. Осы мерзімде АҚШ Мелекеттік хатшысы У. Кристофер жұмыс сапарымен болды. Сапар барысында «Екі жақты салық салуды болдырмауға арналған келісімге» қол қойылды. 

1993 жылдың соңында Алматы қаласына ресми сапармен АҚШ Вице-Президенті А. Гор келді. Болған келісімдер барысында жақтар екі жақты қатынастар мен халықаралық істерге арналған кең ауқымды мәселелерді талқылады. «Құрлықаралық баллистикалық зымырандардың шахталық жою қондырғыларын біртіндеп таратудың уағдаластығы» және оны іске асырудың бес келісіміне қол қойылды, «Демократиялық серіктестік» хартиясының, «Ғылым мен техника бағытындағы өзара ынтымақтастық келісімінің» мерзімдері белгіленді, осылармен бірге «Капитал салуды қолдау мен өзара бірлесе қорғауға арналған келісімді» іске асырудың өзара сенімділігі іске асырылды. 

1994 жылдың 14-16 ақпанында Қазақстан Республикасының Президенті ресми сапармен АҚШ-та болып, оның барысында төмендегі құжаттарға: «Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы демократиялық серіктестік хартиясына», «Қорғаныс пен әскери қатынастар аумағындағы өзар түсіністік Меморандумына», «Қорғаныстық конверсияны іске асыруға арналған бірлескен комитетті құрудың принциптері туралы мәлімдемеге», «Қазақстан Республикасы Үкіметі АҚШ Үкіметі арасындағы Ғылым мен техника саласындағы ынтымақтастық туралы Келісімге», «Ядролық қауіпсіздік шеңберіндегі техникалық ақпарат алмасу мен ынтымақтастық туралы келісімге», «Қазақстан мен АҚШ-тың Эксимбанк арасындағы жобаларды қолдау туралы хаттамаға», «Қазақстан Республикасы мен Шетелдік жеке меншік инвестициясы корпорациясы (ОПИК) арасындағы ынтымақтастық принциптеріне» және «Экономикалық даму бағытындағы Американ-Қазақстан Кеңесіне», «Қазақстан, Ресей және АҚШ арасындағы «Инмарсат-3» жердің жасанды серігінің ұшырылуына орай технологиялық кепілдемелер туралы келісімге» қол қойылды және «Ядролық қаруды таратпау туралы келісімді» ратификациялау туралы сенім грамотасы тапсырылды. 1994 жылдың 5-7 наурызында Алматыда Сенаттың сыртқы істер жөніндегі комитетінің төрағасы К. Пелл бастаған АҚШ делегациясы болды. 1994 жылдың 19-21 наурызында АҚШ Қорғаныс министрі Уильям Перри Алматыда жұмыс сапарымен болды. Қорғаныс министрінің Президент Н. Назарбаевтың кездесуі іске асырылып, оның барысында екі жақ қорғаныс және қорғаныс өнеркәсібін конверциялау мәселесін талқылады. Екі жақтың қорғаныс министрлері С. Нұрмағанбетов пен У. Перри алдындағы Қазақстанға аталған қажеттілікке арнап 15 миллион доллар бөлінетін келісімге қосымша ретіндегі қазақстандық қорғаныс өнеркәсібін конверциялау туралы келісімге қол қойды. 

c8804869db424d362f4797ba20189767.jpg

Сапар барысында Қорғаныс конверсиясы туралы комитеттің бірінші мәжілісі өткізілді. 

...1994 жылдың 13-16 шілдесінде Қазақстанда жұмыс сапарымен АҚШ Мемлекеттік хатшысының демократия, адам құқықтары жөніндегі көмекшісі Дж. Шэттак болды. 

Дж. Шэттактың сыртқы істер министрі Қ.Б. Саудабаевпен болған кездесуінде Қазақстандағы демократиялық жаңарулар мен экономикалық реформалар туралы мәселелер қаралды. 

...Сол жылдың 25-25 қаңтарында Сыртқы істер министрі Қ.К. Тоқаевтың АҚШ Вице-Президенті А. Гор, Президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндгі кеңесшісі Э. Лейк, Мемлекеттік хатшының бірінші орынбасары Тарнофф, Қорғаныс министрі У. Перри, Энергетика министрі О. Лири, АҚШ-тың ТМД-мен саясаттағы аға үйлестірушісі Дж. Коллинз, ЮСИА директоры Дж. Даффи, ЮСАИД жетекшісінің орынбасары К. Ланкастермен кездесулері мен келісімдері өткізілді. 

...Қазақстан Республикасы мен АҚШ Арал теңізі ауданы мен Семей облысындағы қоршаған ортаны қорғау бағытындағы қызметтегі кең ауқымды ынтымақтастықты дамытуға міндеттенді. АҚШ Арал мәселесіне 15 млн. доллар бөледі" [1]. 

Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан Республикасы арасындағы осындай байланыстың басталуы мен оның алғашқы нәтижелері және оның болашағын сол мерзімдегі АҚШ Президенті Джордж Буш: «...Қазақстан өткен жылдары халықаралық мойындауда және саяси-экономикалық реформаларды іске асыруда үлкен алға жылжу жасады. Мен Америка халқымен бірге Қазақстанның өзіне бейбіт және ядролық қарусыз болашақты қамтамасыз ететін халқын және Үкіметін құрметпен қолдаймын. Америка Құрама Штаттары Қазақстанмен берік байланыстар орнату мақсатында тығыз серіктестікке үміттенеді» [2, 10] деген сөзімен білдірді.

Егемендікке қол жеткізген алғашқы күндерден-ақ Қазақстан Республикасының басшылығы тарихи шекаралас көршісі Қытаймен арадағы қатынасқа назар аударды. Бұл мемлекетпен саяси, экономикалық, мәдени, т. б. салалардағы байланыс орнатудың маңызы зор болатын. Осылардың қатарындағы Қазақстанның құрлықтағы шекарасының жартыдан астам бөлегі аталған мемлекетпен шектесетін еді. Шекара ісіндегі анықталмаған бөліктерді белгілеу, оны өзара келісімдер арқылы заңдастыру қажет болды. 

Қытайда тұрып жатқан миллионнан астам қазақтардың тарихи отандастарымен кеңестік заманда рұқсат етілмеген шаруашылықтық, мәдени, тілдік, туыстық байланыстарды орнату да өзінің жаңа қырымен шешілуін күтті. Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы басталған қатынастың барысы, маңызын көрсете келе Елбасы Н.Ә. Назарбаев 1995 жылдың 24 шілдесіндегі «Таланты Китая» атты журналдың тілшілеріне берген жауабында: «Біздің кездесуіміз (1993 жылдың күзіндегі кездесу – Ғ.Қ.) Қазақстан мен Қытайдың арасындағы әр бағыттағы өзара ынтымақтастықты дамытуға маңызды екпін берді. 

800047d3ad87605f6d20fbdce651cae0.jpg

Елдердің арасындағы игі көршілік пен достыққа негізделген қатынас Қазақстан мен Қытайдың арасындағы байланысты тереңдетуге, екі халық арасындағы әр салалы байланыстарды тереңдетуге жақсы негіз жасайды. ...Қазақстанда сіздердің елмен жан-жақты өзара байланысты дамытуға үлкен маңыз береді біздің қатынастардың қарқындылығы мен достық сипатын жоғары бағалайды. 

Қазақстан Қытайдың халықаралық саясатына сыйластық көрсетеді экономикалық қуаттары және территорияларының көлеміне қарамастан барлық мемлекеттермен ішкі істеріне араласпау, таңдаған дамудың әлеуметтік-cаяси жолдарын таңдауларын сыйлау принцптері негізіндегі қатынас орнатуға ұмтылуына құрметпен қарайды [3] деген анықтама жасап, Қазақстан мен Қытайдың арасындағы өзара тең екі жақты араластықтың маңызына тоқтады. Сонымен бірге бұл істің одан ары кең ауқымды жүруіне Қазақстан жағының мүдделілігін атап көрсетті. 

Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы осындай қатынастың алғашқы жылдарындағы қатынастың маңызы мен оның екі ел арасындағы саяси-эконоикалық, әлеуметтік бағыттағы дамуға тигізген әсеріне аталған мерзімдегі ҚХР Төрағасы Цзянь Цзэминь: «...Ел (Қазақ Елі – Ғ.Қ.) мемлекеттік құрылыс пен экономикалық дамуда елеулі тұрғыдағы табыстарға жету арқылы жылдам гүлдену мен үнемі алға жылжуды іске асырып келеді. Ққазақстанның дос көршісі ретінде біз бұл жетістіктерге шын көңілмен ризамыз» [2, 24], – деген айқындама жасады. 

ХХ ғасырдың 90 жылдарының басында Қазақстан Республикасының жетекшісі жас мемлекеттің әлемдік экономикалық, қауымдастыққа енуіне үлкен маңыз берді. Қазақстанның экономикалық бағыттағы мүмкіндігін әлемге таныстыра отыра осы саладағы өзінің іс-бағдарламасын жариялады. Мысалы, 1992 жылдың басындағы Давостағы (Швейцария) бүкіләлемдік экономикалық форумда сөйлеген сөзінде ол: «Біз экономикалық реформаны іс жүзіне асыру кезеңіне түстік. Республика басшылығы егер де инфляциның күрделенуіне әкелетін жеңілдіктер мен компенсацияларды арттыруға, тиімсіз өндірісті қаржыландыру көлемін арттыру бағытындағы тұрақты баға саясаты жалғастырылатын болса, экономикалық күйреу сөзсіз орын алатындығын түсінеді. 

4892b2c194aa46eec0614600a8fa5ad3.jpg

Республикада берік және жүйелі түрде нарықтық құрылымдарды негіздеу бағытындағы жұмыстар атқарылуда. Экономикалық қайта құрулардың нақты мақсаты мен бағдары – әлеуметтік нарық шаруашылығы, тұлғалардың экономикалық бостандығы, тауар өндірушілердің еркіндігі болып табылады. Мемлекет халық шаруашылығын тікелей және қосымша шаралар арқылы теңдік жағдайына қайтаруға ұмтылады. Макроэкономикалық тұрақтылықты қаржылық және кредиттік реттеуге қатаң бақылау қойылады. Экономикалық жағдайдың жедел нашарлауына орай Республика үкіметі тарапынан нарықтық қатынастарды жандандыру, экономикадағы жағымсыз бағыттарды жою, тұрғындардың өмір сүру деңгейінің төмендеуін тоқтату бағытындағы дағдарысқа қарсы шаралар жүйесі іске асырылуда [4]» деген айқындама жасап, Қазақстанның әлемдік экономикалық қауымдастыққа кірудегі ұстанған бағыттарын жариялады. 

Ал 1995 жылғы қаңтардағы Давостағы келесі Бүкілдүниежүзілік экономикалық форумда: «Бұл кездесу мұнай бизнесін дамыту мәселесіне арналып отырғандықтан мен аталған сала негізгі орын алатын мемлекеттің Президенті ретінде біздің елімізде оның негізгі бағыттарының дамуы мен шетелдік серіктестрімізбен осы бағыттағы өзара байланыстың негізгі жолдарын көрсеткім келеді. 

...Біздің Давостағы өткен жылғы кездесуден кейін Қазақстанда елеулі өзгерістер болғандығын айта кету керек болар. Қазір біз мемлекеттіліктің барлық атрибуттарын – Жаңа Конституцияны, үнемі тұрақталып келе жатқан жеке ұлттық валютаны қабылдадық, шекарамыз халықаралық тұрғыда танылды. Өткен жылдың соңындағы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық кеңесінде республиканың тәуелсіздігінің қалыптасуының қорытындысындай АҚШ, Ұлыбритания, Ресей мен Қазақстан арасындағы шабуыл жасаспау және Қазақстан Республикасының территориялық тұтастығы туралы Меморандумға қол қойылуы маңызды іске айналды. 

...Біздің әлемдік шаруашылыққа енуіміз оңай емес, өйткені егер де әлемде энергоресурстарға ие болуды айтатын болсақ, экономикалық дербестік және мұнайгаз нарығында ықпал ету аймағын кеңейту үшін шиеленіскен күрес жүруде. Бұған еуропалық елдердің Еуропаға энергия қуатын кедергісіз жеткізуге ұмтылушылығы куә болады. Мұндағы негізгі идея Еуропалық энергия хартиясын құру болып табылады. Бұған ТМД елдерінің, соның ішінде Ресей мен Қазақстанның қатысуы Еуропаға ОПЕК елдеріне балама табылуына, осы арқылы энергетикалық сектордағы баға саясатына ықпал етуге мүмкіндік жасайды [5]» деген сипаттама беріп, республиканың тәуелсіздігін алғаннан кейінгі төрт жылдағы атқарған шараларына айқындама берді. Әлемдік экономиканың тұрақты дамуындағы өзінің ұсыныстарын баяндады. 

Еліміздің Президенті 1995 жылғы маусым айындағы Индонезияда болған кезінде Қазақстан Республикасының егемендігінің алғашқы жылдарындағы әлемдік экономикалық қатынастарға енуінің барысы мен нәтижесін саралай келе: «Қазақстан сонымен қатар ЮНЕСКО-ның белсенді мүшелерінің бірі болып табылады, Еуропа Одағымен іскерлік пен ынтымақтастық келісіміне қол қойылған; республика ГАТТ-қа, ал келесі жылдан – Бүкіл әлемдік сауда ұйымына (ВТО) бақылаушы ретіндегі қатысуын бекітті. 

fc6061119c064c57f9fbd4b5acd11b20.jpg

...Осылармен бірге үкімет әлемдік экономикалық қауымдастыққа ену бағытындағы интеграциялық прогресстерді іске асыру мақсаты басқа да халықаралық ұйымдардың жұмыстарына қатысады. Бұған ЮНКТАД, ЮНИДО, ЭСКАТО, ЭКО шеңберіндегі ынтымақтастықты жатқызуға болады [6]» деп, еліміздегі атқарылып жатқан істерге талдау жасады. 

1995 жылдың желтоқсан айындағы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Израильге барған ресми сапарындағы мемлекет басшылары, іскер топтары жетекшілерімен өткізілген кездесуде: «Қазақстан территориясының көлемі жағынан әлемдегі тоғызыншы орынды алады. Мұнайдың, көмірдің, темір, хром, марганец кендері, көптеген түсті металлдар мен фосфаттардың қоры бойынша жан басына шаққанда әлемдік орта көрсеткіштен едәуір артықпыз. 

Республика ірі астық және мал өнімдерін өндіруші болып табылады, қолайлы жылдары сыртқа астық шығару 10 миллион тоннаға жетеді. ...Бізде жыл сайын 20 миллион тонна мұнай өндіріледі. Оның барланған қоры екі миллиард тоннаны құрайды, ал газдың қоры 2 триллион шаршы метр. Оларды барлау мен игеру елеулі тұрғыда біздің мемлекетіміздің экономикалық және экспороттық қуатымен байланысты. 

Қазіргі күні оларды игеруге көптеген әлемдік ірі мұнай серіктестіктері нақты қызығушылық танытуда. Қазақстанда: Шеврон, Мобил, Бритиш газ, Бритиш петролеум, Аджип, Эльф-Акитен және басқалалары қазірдің өзінде жұмыс істеп отыр. 

 Жетекші саланың қатарында түсті металлургия болып табылады. Республиканың өнеркәсіп өнімін шығарудағы оның үлес салмағы 11,6 пайыз, ал сыртқа шығаруда 35 пайыз. ...Химия және мұнай химиясы өндірісі саласында 40-тан артық өндіріс орны жұмыс істейді. ...Машина жасау өндірісінің өнімдері республиканың жалпы өнеркәсіп өнімінің 8 пайызға жуығын құрайды және де 380 өндіріс орнына шоғырландырылған [7]» деген мәлімдеме жасап, Қазақстандағы өндіріс саласындағы шетел кәсіпорындарымен бірлесіп атқарылып жатқан істерге тоқтап, бұл бағыттың болашағын айқындады. 

Қорыта айтқанда, тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы Қазақстанның сыртқы саясатындағы жүргізілген жоспарлы да мақсатты қызметінің нәтижесінде еліміз бүкіл әлемге бейбітшілікті қолдаушы, оны іс жүзінде дәлелдеуші мемлекет ретінде айқындалды. 

Қазақ Елі егемендіктің алғашқы бірнеше жылдарында дүниежүзінің барлық құрлықтарындағы беделді мемлекеттерімен көпсалалы байланыс орнатты. Солардың ішінде АҚШ, Қытаймен арадағы қатынас іскерлік, өзара түсіністік, теңдік талаптары негізінде қалыптастырылды. 

Осылармен бірге Қазақстан Республикасы әлемдегі беделді экономикалық жиындарға, кездесулерге қатыса отыра, өзінің құнды ұсыныстарын жария етумен айғақтанды. Әлем Қазақстанды экономикасы нарық қатынастарына нық қадам жасаған, саяси-әлеуметтік дамуы тұрақты ел ретінде бағалай бастады. Қазақ Елі басшысының сындарлы сыртқы саясаты оны әлемге өзіндік дүнижүзі халықтары мүддесі жолындағы маңызды бастамалар мен ұсыныстар жасаушы және оны іске асырушы дәйекті мемлекет қайраткері ретінде таныды. 

 Ғани Қарасаев, тарих ғылымдарының докторы 

Әдебиеттер:

1. ҚР Президентінің мұрағаты, Қор 5-Н, тіркеме 1, іс 5202, пп.1-3,4 

2. «Мир о Нурсултане Назарбаеве» / Под ред. Профессора Б. Г. Аягана. – Алматы, 2010. С 230. 

3. ҚР Президенті мұрағаты, Қор 5-Н, тіркеме 1, іс 5059, п.2 

4. ҚР Президенті мұрағаты, Қор 5-Н, тіркеме 1, іс 219, п. 2 

5. ҚР Президенті мұрағаты, Қор 5-Н, тіркеме 1, іс 5012, пп.1-2 

 6. ҚР Президенті мұрағаты, Қор 5-Н, тіркеме 1, іс 5035, пп. 5-6 

 7. ҚР Президенті мұрағаты, Қор 5-Н, тіркеме 1, іс 5056, пп. 8,9

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?