Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жер-жаһандағы түріктер ізі

3301
Жер-жаһандағы түріктер ізі - e-history.kz
Ұлттық музейде Мемлекеттік және Күлтегін сыйлықтарының лауреаты, белгілі ғалым, жазушы Қойшығара Салғараұлының «Жер жаһанда арғы атаңның ізі бар» атты кітабының тұсаукесері болды.

«Жер жаһанда арғы атаңның ізі бар» атты кітап автордың бұған дейін жарық көрген «Ежелгі түріктер», «Шығыстағы түріктер» және «Ортағасырлық түріктер» атты зерттеу еңбектерінің қорытынды түйіні іспеттес. Мұнда автор қазіргі таңда «түріктектес», «түріктілдес» деп аталатын халықтардың арғы ата-бабаларының естен өшкен ескі замандардағы тарихына қатысты бұрын-соңды зерттеушілер қаламына ілікпеген әлем халықтарының мифологиясындағы тарихтық, тілдік деректерді бүгінгі археология, лингвистика, генетика, тарих ғылымдарының жетістіктерімен сабақтастыра талдау арқылы өзіндік жаңа, тосын пайымдаулар жасайды. Тың ойлары оқырманын бірден баурап, қызықтырып, одан әрі оқуға жетелеп отырады. 

Тұсаукесер рәсімін өткізуге мұрындық болған ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай кітап авторына шығармашылық табыс тілеп, Қойшығара Салғараұлына алғашқы сөз тізгінін ұстатты.

2de4b093e90e756cbb8bb7064817620f.jpg

 «Ардақты ағайын, жиналған қауым, тарих жанашырлары! Бүгінгі айтылар ойда, сөйленер сөзде сіздердікі мен сөзімді бүгінгі кітабымның тұсаукесер рәсімін ұйымдастырып отырған Дархан бауырым басқарым отырған ұжымның қызметкерлеріне шынайы алғысымды білдірумен бастаймын»,-деді. 

Одан әрі Қойшығара Салғараұлы «Жер жаһанда арғы атаңның ізі бар» кітабының жазуына не түрткі болғанын, ұлттық тарихты танудағы алғы шарттарымыз туралы, қайдан шыққан тегіміздің тарихы туралы мәселелер төңірегінде талғамды ой-пікір білдірді. 

4961aa43b13786ffc408eda79d4b8853.jpg

«Бастапқыда, кәсіби тарихшы болмасам да, төл тарихты танып-білуді перзенттік парыз санап, тарих оқулықтары мен шығармаларын теріп оқып, «біз кімбіз, қайдан шықтық, қайда келдік, қалай келдік?» деген тәріздес көкейде туындаған сұраққа жауапты қиналмай-ақ бірден табамын ғой деген үмітте болғам. Бірақ олай болмады. Арнайы ғылыми зерттеу институты шығарған академиялық еңбектерден де, жекелеген тарихшы ғалымдардың зерттеулерінен де, оқулықтардан да іздегенім табылмады. Сондықтан да ізденіс алаңына өзіндік соқпағымды салып, зерттеуімді жүргізіп, жаңаша іздеуіме тура келді. Соның нәтижесінде он шақты кітап жаздым»,-деді кітап авторы Қ.Салғараұлы. 

Тұсаукесерде жұртшылық алдына шығып пікірлерін айтқан ғалымдар, ғылым докторлары, әдебиет пен өнер қайраткерлері болды. Түрколог ғалым, жазушының досы Қаржаубай Сартқожаұлы автордың тарих ғылымындағы зерттеу еңбектеріне тоқталып, кәсіби тарихшылардан артық еңбек жазып келе жатқанын айтып өтті. 

 Іс-шара барысында сөз алған ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы автордың тарихты жазудағы ақиқатттан ауытқымай, түркілер әлемін танудағы еңбегін жоғары бағалады. Алтай халықтары деген тарихи терминді де терең зерттеп, алтын елі деген тұжырым айтқанын айтып өтті. Сонымен қатар, жиында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Төлен Әбдік сөз алып, «Жер жаһанда арғы атаңның ізі бар» кітабының тарих ғылымы үшін бағалы екендігін жеткізді. 

a7294f1946995d45f4354c86cd26e476.jpg

«Ұлттық сана тарихи санадан басталады. Тарихи сана қалыптасуы үшін, адам өзінің тарихын, арғы тегін танып білу керек. Сол тұрғыда қазір үлкен бетбұрыс бар екені анық. Қазақ жазушыларының ішінде Ілияс Есенберлин, Әбіш Кекілбаев, соңғысы Қажығали Мұханбетқалилар тарихи шығармалар жазу арқылы, ұлттық тарихты тануға даңғыл жол ашты. Әдеби тұрғыдан келетін болсақ, тарихи шығарма жазу, тарихи таным қалыптастыру шығармашыл адамға пайдалы емес. Өйткені жазушы адамның бойында үлкен концепциялар, философиялық ойлар болады. Ал, енді тарих туралы жазғанда сен тарихтан шыға алмайсың. Сөйтіп сен түгел шығармашылық идеяларыңды бір құрсауда ұстайсың. Сондықтан тарихи танымды жазу бір жағынан абырой, бір жағынан қиын. Қазір енді сол тарихтың өзіне тарихшылар сияқты тоқталып өткендердің бірі Қойшығара Салғараұлы. Одан бөлек Әнес Сарайда бұл қатарды толықтырады. Жарылқап Бейсенұлы және бар. Бұлардың бір қызығы бұлар тарихты оқылатын етіп жазады. Тарихшыларды оқу қиын»,-деді Т.Әбдік. 

Салтанатты шараға тарихшы ғалымдар, қоғам қайраткерлері, музей қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?