Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтың Сәкен деген асылы бар

2331
Қазақтың Сәкен деген асылы бар - e-history.kz
Алаштың ардақты ұлы, ХХ ғасырдағы қазақ сұлулығының символы Сәкен Сейфулиннің туған күні

Туған жер тұғыры 

Сәкен Сейфуллин қазақ әдебиетіне жаңа түр, күрескерлік идея, жанды бейне, көркем образдар әкелген ақиық ақын, ірі қоғам қайраткері, әдебиет зерттеушісі, жазушы-драматург. Ол 1894 жылы 15 қазанда Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. 

Ойы ерек дара тұлға 

Табиғаттан дарынды жаратылған мөлдір қара көз, толқынды шашты, қырмұрын, қайратты ұлдарын Сейфолла мен Жамал азан айтып қойған Садуақас деген есімнің орнына, еркелетіп Сәкен атап кеткен. Әке – шешесінің ықпалымен жас Сәкен нәрсені біліп, болашаққа үмітін арттыра түсті. Өршіл жас, екі тілге бірдей жүйрік жалынды насихатшы, алғыр да жігерлі, оның үстіне тұр-тұрпаты да айта қаларлықтай келісті бұла жігіт тез көзге түсіп, көрнекті тұлғаға айналады. 

Сәкен кешкен тар жол тайғақ кешу 

1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі бұрқ ете түскенде, ақын халық жағына шығады. Коммунистік партияның бастауымен халық бостандық алып, кедей-кепшік қалың бұқара теңдікке жетеді, әділдік орнайды деп сенген Сәкен бірден социализмді, кеңес өкіметін жақтап шығады. Ақмолада кеңес өкіметі уақытша құлап, қамауға алынған Сәкен атаман Анненковтің "азап вагонында" көрмегенді көріп, 9 ай дегенде әрең қашып шығады. Көктемгі лайсаңда аш-арық, ауру ақын 500 шақырым жерді жаяу өтіп, еліне келеді, онда тұрақтай алмай, ол кезде кеңес өкіметі орын тепкен Жетісуға келіп, партия, кеңес органдарының жұмысына көмектеседі. Қым-қуыт, дүрбелеңді заман шындығы мен романтикасын көрсеткен "Асығып тез аттандық", "Далада", "Кел, жігіттер", "Сағындым", "Қамаудан", "Біздің жақта", "Қашқынның аулы", "Жас қазақ марсельезасы", т.б. әсерлі өлеңдері мен "Бақыт жолында" драмасы — сол кезең жемісі. 

Тіл ұстартудың тың бастамашысы 

 Сәкен қазақ тілін кеңсеге, яғни мемлекеттік мекемеге енгізбей елде тұтастық болмайтынын, көсегеміздің көгермейтінін айтып, тікелей іске кіріседі. Қазақ тілінің беделін көтермей, қазақтың беделі көтерілмейтінін уағыздай бастайды. 1923 жылы 9 маусымда "Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек" деген мақаласын жариялайды. Жалпы тіл мүддесін қорғайтын 9 мақала жазған екен. Өзі басқарып отырған "Еңбекші қазақ" газетін тиімді пайдаланды. Сәкеннің ыждаһаттылығының арқасында 1923 жылдың 22 қарашасында Орталық Атқару Комитеті декрет қабылдаған. Сол бойынша кеңсе істері 1924 жылдың 1 шілдесінен бастап қазақ тілінде жүргізілетін болған.

Сырлы Сәкен жайлы ағым ойлар

Тұла бойы тұнып тұрған ақындық еді, қара тырнағына шейін ақындық үшін жаратылған. Сәкен қазақ совет әдебиетінің негізін бірден-бір қалаушы, көшбасшысы болды. Тарих оған жүктеген міндетті ешқайсымыз атқарған жоқпыз. Тарихқа зорлық жүрмейді      Ғабит Мүсірепов 

«Өлімге жан екенсің қия алмайтын, 

Өлеңнің құшағына сыя алмайтын. 

«Қазақты көргің келсе, міне, осы деп» деп, 

Көрсетсе жер жүзіне ұялмайтын».    Сырбай Мәуленов  

 «Жырламасқа теңіздей, 

Қуаныштың шегі жоқ. 

Ардақталған өзіңдей, 

Қазақта ақын тегі жоқ».      Ілияс Жансүгіров 

Сәкен еңбегіне сыншы да, тарихшы да емес, жай қатардағы оқушы есебінде көз жіберсек, өзгеде жоқ екі түрлі қасиеті басымдап айқындала шығады. Мұның біріншісі – жалтағы жоқ шыншылдығы, екіншісі – ақындық тәкаппарлығы.        Мұхтар Әуезов 

Сендер мені осы уақытқа шейін қазақ кеңес әдебиетінің бастаушысы деп білдіңдер. Енді шындықты біле жүріңдер, сол әдебиеттің негізін қалаушы, алғашқы туын көтеруші – Сәкен Сейфуллин. Сондықтан мен көптің бірімін, ал Сәкен – қазақ совет әдебиетінің атасы.      Сәбит Мұқанов

 Есіме түскен сайын орта бойлы, толқынды қара шашты, өткір ойлы көзді, сымбатты, көрікті, түсі ақ пен қараның аралығындағы қоңырқай кісі көз алдыма келеді. Қадала қарағанда сыртыңды түгіл, ішіңді көріп тұрғандай. Ал, оған қадалған көздер, әсіресе, әйел көздері оңай айырыла алмайтын. Сырты өте сұлу, кербез, тәкаппар, іші өте қарапайым, кішіпейіл еді.       Ғабиден Мұстафин 


Тарихта қалған тарландар өмірі біз үшін үлгі 

 Қазақ зиялыларының өкілдерінің басты идеяларының бірі – ұлттық тәуелсіздік болғандықтан қазақ зиялылары мен большевиктік тоталитарлық саясатты ұстанғандардың арасында күрес күшейді. 

С. Сейфуллин қазақ ұлттық интеллигенция өкілдерінің бірі ретінде ХХ ғасырдың 30-жылдарында биліктің тоталитарлық әдістерінің күшеюіне, күштеп ұжымдастыру саясатына қарсы күресті. Сондықтан оны «ұлтшыл», «алашшыл» деп айыптады. 1934 жылы маусым айында Қазақ совет жазушыларының тұңғыш съезін Сәкен Сейфуллиннің ашуы оның «төңкерісшіл», «тапшыл», «нағыз советтік ақын» ретінде мойындалуының белгісі еді. 

 Сәкен Сейфуллинді НКВД 1937 жылғы қыркүйектің 24-інде тұтқынға алып, 1938 жылғы ақпанның 25-інде атышулы 58 баптың айыптары бойынша атып тастады. Бүгінгі егемен ел болуымыз - батыр бабаларымыздың, Алаш қайраткерлерінің тәуелсіздік үшін күресіп, сол жолда қиған жандарының жемісі. 

Біз олардың еліміздің қалыптасып, қазақ ұлтына сіңірген еңбектерін ұмытпай, әрқашан жадымызда сақтай білуіміз керек. Еске алып, түрлі іс-шаралар өткізіп, ерліктерін насихаттап , жас ұрпақтың бойына сіңіруіміз қажет. 

 Дәулет ІЗТІЛЕУОВ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?