Солтүстік Қазақстан жері – ежелден мол астығымен ғана атағы шыққан жоқ, небір от ауызды, орақ тілді билерді, дәулескер шешендерді, болашақты айнытпай болжаған көсемдерді, жауынан бір қайтпаған батырларды, су жорға ақындарды, күміс көмей әншілерді әлдилеген өңір.
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Солтүстік Қазақстан облысы күндері аясында С. Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Солтүстік Қазақстан облысы: таланттар шоғыры» атты кітап көрмесінің тұсаукесерін өткізді.
Көрмеде Солтүстік Қазақстан облысының атақты адамдары туралы бай көрнекі кітаби және электронды материал топтастырылған. Бұл белгілі ақын М. Жұмабаевтың, қазақ әдебиетінің классиктері С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, И. Шухов, С. Шаймерденов, Г. Бельгер, С. Жүнісов, С. Садуақасов және т.б. көптеген ақындар мен жазушылардың шығармашылығы қойылған.
Көрмеде Есіл-Көкше өңірінің атын шығарған талантты тұлғалар – қоғам және саясат қайраткерлеріне, ғалымдар мен ғарышкерлерге, спортшылар мен суретшілерге ерекше орын берілген.
Тәуелсіздіктің 25 жылында С. Мұқанов атындағы ОӘҒК жергілікті қоғамдастықтың зияткерлік күштерін тарту орталығына айналып, 19 грантының иегері, өз қызметінде 17 шығармашылық жобаны жүзеге асырды, кәсіби қызметінде қол жеткізген жетістіктері үшін 2014 жылы "Қазақстанның ХХІ ғасырдағы үздік кітапханасы" атағына ие болды.
Сонымен қатар аталған шараға осы өңірден шыққан Мәжіліс төрағасының орынбасары, генерал-лейтенант, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор А.Б.Тасболатов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының жетекшісі, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі А.А. Башмаков, ҚР Парламент Мәжілісінің VI шақырылымының депутаты К.И. Мұсырман қатысты.
Дәулет ІЗТІЛЕУОВ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)