Мемлекет тарихы институты 2012 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ғылыми қазына» мақсатты бағдарламасы аясында жарық көретін «Ұлы Дала тұлғалары» сериясы бойынша мемлекет және қоғам қайраткерлеріне қатысты еңбектер жариялау ісіне қатысуда.
Осы институттың ғылыми қызметкерлері Сейітқали Дүйсен және Жабай Қалиев дайындаған «Ұлы Дала тұлғалары» сериясының кезекті басылымы қазақ халқының талантты ғалымы, мемлекет және қоғам қайраткері Кәрім Мыңбаевқа арналып отыр.
2016 жылдың 25 қарашасында сағат 11.00-де ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының (Астана қ., Есіл ауданы, Достық көшесі, 11) Конституция залында өтетін «Кәрім Мыңбаев» кітабының тұсаукесері өткізіледі.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, қоғам және мемлекет қайраткерлері, еліміздің жоғары оқу орындарының ғалымдары, мектеп мұғалімдері, ғалымның ұрпақтары және БАҚ өкілдері шақырылған.
Кәрім Мыңбаев 1906 жылы 30-ыншы қыркүйекте Қарағанды облысы Нұра ауданында дүниеге келген. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, биология ғылым докторы атағын 1944 жылы қорғаса, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып 1946 жылы сайланған.
Энциклопедия деректеріне сүйенсек, Кәрім Мыңбаев 1932 жылы Орта Азия мақта-ирригация институтын бітірген. 1932-36 жылы Қазақ ауыл шаруашылық институтында және Алматы селекция станциясында ғылыми-педогокикалық жұмыстарда болды. 1936-42 жылы Бүкілодақтық өсімдік шаруашылығы ғылыми-зертттеу институтында аспирант, академик Н.И. Вавиловтың жетекшілігімен кандидаттық, докторлық диссертация қорғап, сол институттың каучукты өсімдіктер бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Күллі әлемнің ғылымына төңкеріс әкелген атақты Н. Вавиловтың шәкірті болу оңай емесі анық.
Биология ғылымдарының докторы, алғашқы академиктердің бірі деп саналатын Кәрім Мыңбаевтың негізгі ғылыми еңбектері өсімдіктер генетикасы мен селекциясына арналған. Көксағыздың биологиялық ерекшеліктерін зерттеп, оны сұрыптау әдістерін тапты. Дәнді дақылдар, оның ішінде бидайдың өнімділігін арттыру үшін оны тек суармалы жерлерде ғана емес, сонымен қатар Оңтүстік, Шығыс Қазақстан облыстарының тәлімі жерлерінде де егуге болатынын дәлелдеді. Сондай-ақ Мыңбаев Қазақстанда қант қызылшасы мен кендірді биологиялық-селекциялық жағынан ғылыми тұрғыда сипаттаған алғашқы ғалым болып саналады.
Ол 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы.
Кәрім Мыңбаев 1948 жылы Мәскеуге ұшқан ұшақ апатынан қаза тапқан.
Заңғар КӘРІМХАН