Тарихи туындының сценариі атақты жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының «Алмас қылыш» романының негізінде, қосымша қазақ жазушылары мен тарихшыларының, әсіресе орта ғасырлық жылнамашылардың еңбектеріне сүйене отырып жазылған. Бұл жауапты жұмыс белгілі қаламгер Смағұл Елубай, киносценариші Тимур Жақсылықов және фильмнің режиссері Рүстем Әбдіраштың өзіне жүктелген. Қазақ өнеріне еңбегі сіңген (атақсыз атақты) Ерлан Төлеутай редакторлық қызмет атқарып, картинаның басы-қасында жүрді.
«Алмас қылыш» картинасы – ХV ғасырдың тарихи оқиғаларынан, соның ішінде Қазақ ордасының жеке-дара шығу сәттерін аса көркемдікпен баяндайтын фильм. Туынды «Қазақ елі» деген жоба аясында пайда болды. Жобаның әу бастағы дақпырты күшті болып, 20 ұласпалы хикая болатыны белгілі еді, алайда бұл меже қысқарып 10-ға түсті, кейін тіпті екі жарым сағаттық жалқы фильмге айналып шыға келді. Бұлай болғанның өзінде де дәтке қуат, құдайға тоба дерлік.
Алтын Орда ыдырағаннан кейін қазақ даласында Шыңғыс Хан тұқымдары жеке-жеке ұлыстарға бөлініп кетті. Қанқұйлы Ақсақ Темірдің екпіні тұтас бір түркінің дәуірін тас-талқан еткені тарихтан аян. Дешті Қыпшақ аталған Ұлы Даланы айбынды хан Әбілхайыр билік жүргізген ХV ғасыр – тартыс пен аласапыранға, жорықтар мен жортуылдарға, басқыншылық пен үстемдікке толы дәуір. Осындай қияметті кезеңдегі талас-тартыстар, тәж бен таққа ұмтылыс бір жағы Әбілхайыр, екінші жағы Керей, Жәнібектердің арасын ашады. Оның үстіне даңқы шарықтап тұрған Қара Қыпшақ Қобыланды батырдың Қотан жыраудың ұлы Ақжол биді өлтіруі атасы бір Шыңғыстың тұқымдарының ортасына қағылған сына іспетті. Жарықшақ пайда болды – аралық ашылды.
Тарихтың толғауына түсер болсақ, ұзын-сонар сөзге түсеміз, қош делік. Енді кинодастанға ойыссақ. Талау мен шабындыға түсіп, алдағы тағдыры тұйыққа тірелген халықтың зары, елі үшін қасық қаны қалғанша айқасқа түсуге бар ерлер өрлігі, сарай ішіндегі арбау мен алдауға толы сұрқия саясаттың салқын лебі, Зарина мен Тұмар патшайымнан қалған сарқыт – қазақ қыздарының қару асынуы, Асан Қайғы мен Қазтуған жырау елдік ұрандары, аһ ұрып өкінген Қобыланды батыр күйініші, ең бастысы Керей мен Жәнібек сұлтандардың қалың алашы үшін күндіз отырмай, түнде ұйықтамай, алаң күн кешуі – барлығы да таспа бетінде желі болып тартылып, кітаптағы әр жазу, не таңбаның бәрі көзде емес, көкірегіңде сайрап-ақ жатыр. Бұл орайда тарихта «Көшпелі өзбектер мемлекеті» деп аталғанымен, негізін қазақ рулары құрайтын Әбілхайыр ұлысының екіге бөліну процесі мен жаңадан ел болуға айналған Қазақ Ордасының ішкі, сыртқы жауларымен кескілескен күрес үстінде шынығып ширауы, бұл жолдағы сансыз соқпақтар мен қыруар қиындықтар қапысыз жымдаса көрсетілген. Фильмнің басты өзегі де сонда, Шыңғыс ұрпақтары құрған ордалардың әр қайсысында бытырап жүрген қазақ руларының басын бір жерге жинау, жаңа тұрпатты орда, мемлекет құрудың жолындағы жанталасты шынайы да көркем суреттеу.
Кинодастандағы кейіпкерлер шоғыры – үлкен бір әлем. Әрқайсысы да өз дәуірінің кесек-кесек тұлғалары. Соған орай ішінара образдардың дұрыс таңдалмай, ашылмай қалғаны болмаса, дені өз актерлерін жарасымды тапқан. Бүкіл Дешті-Қыпшақ даласын қаһарымен жасқаған Әбілхайыр образы исі бүгінгі қазаққа Досхан Жолжақсынов болып қалатыны заңдылық. Кәсіби шеберліктің биік деңгейіне жеткен сақа актерға бұл кейіпкердің болмысы үлкен жауапкершілік арқалатқанын сезінесіз, сондықтан жетік маман өз бейнесіне қамшы салдырмай алып шыққан бірден-бір өнерпаз десек артық болмас. Керей сұлтанның тарихи бейнесіне сомдаған актер Қайрат Кемалов бұған дейін үлкен майдан алаңына жақсы таныс болмаса, ендігі кезекте оның жұлдызы жанатыны анық жайт. Себебі, оның маңдайына Қазақ Ордасының алғашқы ханы бұйырды, бұл үшін талантты өнерпаздың біраз тер төккені, бейнетіне, бағына орай жақсы роль қалыптастыра алды дейміз. Пешенесіне қонған бақ талант пен адамгершілікке сай ұзақ тұрақтаса, келешекте ілкімді туындылардан «Кемалов» есімін тағы да көріп қалуымыз ғажап емес.
Еркебұлан Дайыров. Заманымыздың театр сыншысы Әсия Бағдәулетқызы оның шеберлігі артып, шыңдалған үстіне шыңдала түскенін, өскенін жазады. Тіпті бір коммерциялық фильмнің негізгі жүгін Еркебұлан Дайыров жалғыз өзі арқалап алып шыққанын келтіреді. Сол секілді Жәнібек сұлтанның роліндегі Еркебұланның ойыны ойымыздан шығып, тәнті етумен болғанын жасырмайық. Иісбек Әбілмажиновтың Асан Қайғысы өсиетке толы сөздерін қоңыр да зор дауыстап оқып, сол арқылы бүкіл қазақ даласының тарихи көрінісін, шежіресін береді, халықтың сан ғасырлық өмірін, өмір үшін күрестерінің сыры ашыла түседі.
Картинаны түсіруге «Көшпенділер» мен «Жаужүрек мың бала» фильмдерінен едәуір аз қаржы жұмсалған. Бұл жайында журналист Аманғали Қалжановқа берген сұхбатында фильмнің редакторы Ерлан Төлеутай: «Көшпенділер» фильмін түсіруге 40 миллион доллар шамасында қаржы жұмсалды. «Жау жүрек мың бала» 11 миллион долларға түсірілді. «Алмас қылыш» 3 миллион долларға жетер жетпес қаражатты қанағат тұтты. Оның өзі үздік-создық бөлініп тұрды. Әйтсе де режиссер Рүстем Әбдірашев осындай аз қаражатпен бұған дейін түсірілген тарихи фильмдерден ауқымдырақ, сапалы кино түсіре алды деп ойлаймын» деп жауап берген. Мардымсыз қаржыға түсірілсе де, жас буын үшін қажетті туынды болары анық. Ал тарихты індете зерттеп жүргендер үшін санаулы кемшіліктер бары да рас. Қалай болғанда да Қазақ мемлекеттігін тоқсаныншы жылдардан бастап жүрген шолақ ойлы міскіндерге күйрете соққы беретін қуатты қару. Сондықтан «Киноның тарихи туындыдан гөрі идеологиялық бояуы басым» деген мамандар пікірінің де жаны бар.
Біз өркениетті, дамуға бет алған жаңашыл мемлекеттің тұрғыны болғандықтан, қандай да еңбектің лайықты бағаланғанын қалаймыз. Ұлтымыздың ұлы тарихының бір тарауын ғана, оның өзінде орта ғасырлық бөлігімізді тасқа басып, таспаға тартып жатқан адамдардың қызметін мансұқтау, мейлінше мін айтып, сын тағу – жараспайтын қылық. Картинадағы әрбір деталь жанкештілікпен, сюжеттер шынайы сүйіспеншілікпен орындалған, қыруар қажыр мен қайрат қатар жұмсалып, елдің игілігіне берілген сәтте күйінуден гөрі сүйсіну басым болса дейміз. Фильмге түскен-түспеген, кадр сыртындағы көзге көрінбес мыңдаған жанның еңбектерін елемеу дүмшелік болар.
Құнанбай айтты деген:
«Жақсы да болсаң, қарағым,
Жаман да болсаң, қарағым.
Солтыбай төре бере ме?
Жақсы туған Барағын» демекші, «жаман», «нашар» дей берсек, біреу кеп түсіріп бере ме? Жоқ. «Ханзада Жумонгқа» көз үйренген бүгінгі көрерменге ұлттық кино жатырқай қарамас. Ендеше өз киномыздың қадірін өзіміз қашырмайық.
«Алмас қылыш» – қазақ киносының алтын таспасы, ұлттық киноматографияның жаңа белесі. Өз қолымызбен өзіміз бірдеңе жасай алатынымыздың кепілі, нақты көрінісі бола алады. Және бұл болашақта туындайтын сансыз идеялардың һәм іске асатын үлкен жобалардың бастауы да. Мұның өзі біле белген жанға мазмұнды жұмыс, мағыналы мәртебе! Ұлт тарихының экранизацияланып, елге ұсыну жұмыстары дүркін-дүркін жалғасып, үдей түссін деген тілек бар.
Жаңа туынды құтты болсын, қымбатты оқырмандар!
Заңғар КӘРІМХАН
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)