Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Мемлекеттік ту қандай болуы мүмкін еді?

2622
Мемлекеттік ту қандай болуы мүмкін еді? - e-history.kz
ҚР Мемлекеттік Туының бекітілуі қалай өтті, сегізбұрышты жұлдыздың, айдың, шаңырақтың орнына неліктен бүркіт пен күн безендіргенін NDH порталына МТИ ғалым хатшысы Анар Ғабдуллина әңгімелеп берді

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаған соң Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттік рәміздерін (елтаңба, ту, гимн) дайындау бойынша жұмыс тобын құруды қаулы етті. 1992 жылдың 2 қаңтарында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесімен құрылған  жаңа мемлекеттік рәміздерді дайындау бойынша жұмыс тобы Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің ең үздік жобасына шын мәнінде жалпыхалықтық болған конкурс жариялады.  Оған кәсіби және өздігінен әрекет ететін авторлар, республиканың барлық облыстарының тұрғындары, түрлі ұлт өкілдері, сонымен қатар Қазақстаннан шетте тұратын отандастарымыз қатысты. Жұмыс тобы төрт ай бойы ту мен елтаңбаның жобасы үстінде жұмыс жасады. 

Мемлекеттік ту жобасы. Жоба авторлары Дүйсенов С.Т, Редько С.Л. 1992 ж.

Жұмыс тобы 14 отырыс өткізді, онда қоғамның қатысуымен Мемлекеттік тудың жобасы бойынша 453 эскизі мен 142 хаты, Мемлекеттік елтаңба жобасы бойынша 245 эскиз бен 67 хат және Мемлекеттік гимннің жобасының музыкалық редакциясының 51 нұсқасы қарастырылды. Ту жобасы қолданыстағы мемлекеттік тудың 1953 жылғы нұсқасынан тиімді ерекшеленіп тұрды. Соңғысының негізінде, революциялық күресте төгілген қанның түсін сипаттайтын қызыл түс жатқан болатын. Геральдика канондары тұрғысынан қызыл түс – қауіп, бүлік, көтерілісті білдіреді. Бұл туда орақ пен балғаның және коммунистік болашақ үшін біріккен бес құрлықтың жұмысшыларының ынтымақтастығын белгілейтін-мыс бес бұрышты жұлдыздың суретінің болуы таптық амал ретінде түсіндіріледі. Бұрынғы одақтас республикалардың туларының жалғыз ғана ерекшелігі болып оларға салынған әртүрлі түстегі жолақтар болатын, олар ешбір жағдайда ұлттық ерекшелікті білдірмейтін. Жалпы адами құндылықтар, Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы алатын орны мен рөлін түсіну жаңа ту жобасының негізіне алынған болатын. Сондықтан әлем халықтарының құптауына ие болған көк-көгілдір түс таңдалды. Егер де тағы да геральдика тіліне жүгінетін болсақ, онда көк-көгілдір түс шыншылдықты, сенімділікті, үмітті сипаттайды. Мысалы, Біріккен Ұлттар Ұйымының туы көк түсті, Еуропалық Парламент туы да көк. Жұмыс тобы таңдаған түс таза, бұлтсыз аспанды, ол, өз кезегінде, әрқашан бірлікті, тыныштық пен жақсылықты  бейнелейді.

Мемлекеттік ту жобасы. Жоба авторы Сұлтанбеков М.Т., 1991 ж., желтоқсан

Ту композициясының тағы бір маңызды элементі – сегізбұрышты жұлдыз, мәңгілік белгісі, екі шаршының бір-біріне қойылуынан пайда болады. Олардың бірі – өткенге, екіншісі – болашаққа қаратып орналастырылған. Сегізбұрышты жұлдыз көптеген әлем халықтарының рәміздерінде белгіленген. Көне замандардан бері Еуразия аумағында ежелден келе жатқан конструктивті нышан, ол көптеген түсініктердің, бейнелеу элементтерінің негізінде жатыр. Қазақ ою-өрнегінде  барлық элементтер мен символдардың қалай болғанда да симметриялық орналасуы бар. Кез-келген символ, кез-келген ою-өрнек дәл осы сегізбұрышқа, дәл есептеулерге негізделген. Оның дәлелдері – Қазақстан аумағында орналасқан барлық материалдық мәдениеттің ескерткіштері. Біздің заманымызға дейін сақталған ескерткіш – Қожа Ахмет Яссауи кесенесі. Оның барлық негізгі ою-өрнек символикасы дәл осы сегізбұрышқа негізделіп құрылған. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің күмбезі төрттіктен басталып сегізқырлыға ауысады да көк күмбезін ұстап тұрады. Айша Бибі кесенесі. Барлық негізгі ою-өрнек дәл осы сегіз қырлы символиканың конструктивіне құрылған. Монументті сәулеттегі және пластикалық сәулеттегі кез-келген ою сегіз қырлы болып келеді. Осы сегіз қырлы жұлдыз біздің ойларымыз бен бостандық пен бақыт туралы арманымыздың символы болып табылады.  Осы үш символ халықтың бастапқы символикасының ауыспайтын элементтері болып табылады.

Сегіз қырлы немесе сегіз сәулелі жұлдыз. Әлем шынымен де сан түрлі, сезінулер де сан түрлі. Тарихта халықтар бұл әлемді түрліше көріп, сезініп, мистификациялады. Еуропа халықтары бұл жұлдызды бес сәулелі ретінде елестетті. Шығыста, Ежелгі Үндістанда, Америкада, Латын Америкасының кейбір елдерінде осы күнге дейін сегіз қырлы жұлдыз қабылданған. Қазақтың қолданбалы өнерінде сегізбұрышты жұлдыз ретінде таңғы жұлдыз – Шолпанды бейнелеген. Демек, бұл – тарихи дәстүр. Сегіз қырлы жұлдыздың құпиясы – шаңырақ. Өз сәуллерімен ол көкжиектің барлық қырларын қамтиды, бұл барлық жердегі өмір салтанатын білдіреді. Бұл Қазақстанның, тәуелсіз мемлекет ретіндегі жұлдызды сәтін бейнелейді.

Мемлекеттік ту жобасы. 1992 ж.

Тудың композициясын жаңа туған ай аяқтайды. Оның осындағы шаңырақпен көршілестігі, халық сеніміне сәйкес, үлкен және кіші бастамаларда сәттілікті қамтамасыз етеді. Авторлардың ойы бойынша ол Қазақстанның демократиялық және құқықтық мемлекет ретінде халықаралық қоғамдастықтан өз орнын алуға деген талпынысын білдіреді. Сондықтан да «Айың – оңыңнан, жұлдызың – солыңнан тусын» дейді. Өз сөзінде Ш.Ы. Уәлиханов ай белгісінің туда пайда болуын түсіндіріп берді. «Шаңырақтың айдың жанында орналасуы Қазақстанның әлемдегі биік орнын көрсетеді. Біздің туымыз көк аспан сияқты көгілдір-көк түсті. Онда көк аспанның тазалығы мен аспан шырақтарының табиғилығын бұзатын ешқандай да жасанды сызықтар немесе ала-құла түрлі-түсті суреттер жоқ. Біз дилетант емес, кәсіпқой мамандармыз. Әлемнің 134 туының жасалу тарихын зерделедік. Біздің туымыз композицияның барлық ережелеріне жауап береді, бөлшектері өзара тепе-тең орналастырылған. Жалпы адами идеяларды білдіре отырып, рәміздер, бірлік, мәңгілік, достастық, қоршаған орта тазалығы, айқындық, күш сияқты жоғары құндылықтарға арқа сүйейді». Десек те, көптеген мемлекеттердің қолданыстағы туларының символдық стереотиптерін жеңе отырып, ту осы жердің нақты перзенті болып табылады.

Тудың өлшемдеріне қатысты айтатын болсақ, онда оның енінің биіктігіне қатысы үштен екіні құрайды. Бұл жалпы қабылданған дәстүрлерге сәйкес келеді. Ұсынылған ту нұсқасы – үш символды, біртүсті, көгілдір-көк түсті ту ұзақ талқыланды. Барлық символдардың оқылуы және мәнді болуы геральдиканың бірінші заңы болып табылады. Егер олар қандай да бір абстракциялық санатты қозғайтын болса, онда бұл абстракция оқылуы және символикалық болуы қажет. Символдар үштен кем болмауы керек. Келесі – қалай болғанда да осы символдың абстракциялануының қандай да бір мәндік символикада болуы. Мемлекеттік Ту республиканың жалпы символикалық жүктемесін айқындайды. Тудың екінші нұсқасы да бірінші нұсқа сияқты түсте ұсынылды. Бұл туда бүркіт пен күн бейнеленген. Символдардың мағынасы бәріне, тіпті кәсіпқой еместерге де түсінікті болуы керек. Символдар сонымен қатар, өздігімен қанатын жайған жас мемлекетті сипаттаулары керек. Осындай символ ретінде бүркіт ұсынылды. Табиғаттың ажырамас бөлшегі және республиканың барлық халықтарының бірлігі ретіндегі көк аспан және күн. Тудың тағы бір нұсқасы «Қазақ тілі» және «Елім-ай» республикалық қоғамдарымен ұсынылды. Геральдика заңы бойынша ту алыстан да, жақыннан да, желді күні де, тыныш қалыпта да көрінуі керек.  Туда екі немесе үш, бірақ одан артық элемент болмауы керек. Ағаш, шыны немесе мата болса да, кез-келген материалдың өзіндік қасиеті болады. Ту матадан дайындалады, сондықтан да ондағы бейнелер қарапайым әрі ықшамды болуы керек. Композициясы да, сызбасы мен дизайны да қарапайым әрі кез-келген адамға түсінікті болуы және ұлттық дәстүрлерге жауап берулері қажет. Бұл құс жолы мен адам кейпін бейнелейтін символ болуы керек.

Мемлекеттік ту жобасы. 1992 ж.

Ту стильдендірілген болуы керек. Оны майлы бояумен қабырғаға салу мүмкін емес. Сондықтан да белгілі бір заңдар, перспективалар бар.  Ежелгі символдарымызды, олар ХХ ғасыр дизайнына сәйкес келуі үшін стильдендіре отырып, қазір қайтып оралтуымыз керек. Осыған байланысты  өнертанушы, Суретшілер одағының мүшесі Б. Байжігітов стильдеудің кейбір ерекшеліктері туралы, мысалы, қазақтардың бас киімдерінің ерекшеліктері туралы айтып берді. Бір жағынан бұл, шынында да бас киім сияқты, ал екінші жағынан – ту, садақ сияқты. Бұл тудан әркім өз жүрегіне жақын символ таба алады.  Түсіне келер болсақ. Көгілдір – таңғы аспанның түсі. Сонау замандардан бері қазақтар көгілдір түске аса құрметпен және ардақтап қараған, ол ешқашан аяқ астында жатпаған. Табиғаттың өзі енгізгі үш түстен құралған. Ақ түс – әділдіктің, тазалықтың жолы іспеттес. Адамдарды ақ матаға орап жерлеген. Жасыл түс – мұсылмандықтың белгісі. Қызыл түс, әдетте, отпен байланыстырылады.  Қызыл түс – барлық түркі тілдес халықтардың белгісі; сонымен қатар ол жазықсыз құрбандардың, қаза тапқандар мен қайтыс болғандардың қаны. Қазақтарда шаңырақ биік болуы керек. Сондықтан олар шаңырақты қасиетті орындарға қойған. Бақытсыздық орын алған жағдайда, шаңырақ сынатын. Айға келер болсақ, әдетте, жарты ай мен жұлдыздар мешіттер мен мазарларда бейнеленетін. Күн – жарықтың символы. Шапандарға күннің көзін салады. Ахмед Яссауи кесенесі – осыған дәлел, онда да күн көзі салынған. Сәулетші Шота Ыдырысұлы Уәлиханов, суретші Шәкен Оңдасынұлы Ниязбеков, республиканың халық депутаты, дизайнер Тимур Бимашұлы Сүлейменов және суретші Ерболат Тоғызбайұлы Төлепбаев құрамындағы авторлар ұжымының ұсынған нұсқасы мемлекеттік тудың үздік жобасы болып танылды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?