Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әкем Иса туралы

2472
Әкем Иса туралы  - e-history.kz
Қазақтың халық ақыны, әнші, композитор Иса Байзақовтың туғанына 115 жыл толуына орай атақты ақынның қызы М. Байзақованың әке туралы толғанысын ұсынып отырмыз

Әкеміздің өмірі өзінің ғажайып дарынындай ерекше де ғажап болды. Содан болар Иса туралы көптеген қызғылықты әңгімелер, ол кісінің сері мінезі, ақын азаматтылығы жайлы дәйекті деректер тамаша аңызға айналып жүр. Онымен қоса ол кісі туралы кейбір естеліктерде жалған пікір де кездеседі. Мен бұл арада тек болған оқиғаларды кезінде қасында жүріп, көрген-білген, өзімді қатты толқытқан жағдайларды, жалпы әкем туралы білгенімді айтып кетуді парызым деп ұқтым. 

Папам Семей сахнасында 

Семейде тұрғанда, 1936 жылдың жазында Исекеңнің «Жалбырда» Серік деген жігіттің рөлін ойнағаны есімде. Спектакльдің ең аяғында Елемес пен Хадишаның өлігіне Жалбыр, Серіктер тап болатын жері бар. Сонда папам мылтығына сүйеніп отырып, өз жанынан суырыпсалып зар айтатын. Әуені – «Зәуреш» әні. Папамның даусы өте зарлы шығатын. Сол үні әлі құлағымда. Менің ойымша, тәп-тәуір тенор дауыс. Ал, сөздерінен тек есімде қалғаны: «Секірген ор текедей екі-ау киік, жаттың ба жауыздардың оғы тиіп...» деп басталатын жері. Папам зарын айтып болғанда залдағылар жылап отыратын... 

«Он бір күн, он бір түн» поэмасы қамай туды? 

1938 жылдың қараша мерекесі тұсында папамыз интернатқа өте көңілді, реңі жайнап келе қалды. Қолында үлкен қағазға оралған кәмпиттері бар. Есіктен кіре столымызға оны төге салды да: «Ал, балақайлар, жабылыңдар, міне, шашу», – деді. Біз кішкене бөлмеде жиырмаға жуық қыздар жататынбыз. Бәрінің дерлік ата-анасы жоқ болғандықтан болар, әйтеуір Исекеңнің жарқын жүзі семья жылылығын әке-шеше мейірімін ала келгендей, ол кісі келген сайын бір жадырап қалушы еді... 

Сол күні де 11-12 шамасындағы менің достарым папама еркелеп, әңгіме айтқызып біразға дейін көңіл көтерістік. Ертіс екеуміз шығарып салып бара жатқанда, папам: «Балақайлар, жақында бір қызық оқиға болды», — деп әңгімесін бастап кетті. Біздер, о не екен дегендей, жүзіне қарай қалдық. 

4dcc1d0824fb6f23fff871fc0b389f5f.jpg

– Биыл екі-үш айға созылған халық ақындарына арналған семинар өтті. Біткен күні үлкен басқосу болды. Барлығы дерлік суырыпсалма айтыс ақындары ғой деп, Мұқаң (Мұхтар аға — М. Б.) соңғы уақытта көп әңгіме боп жүрген үш ұшқыш қыздың қаһармандығын жыр етуді ұсынды. Табан астында қайсысы білек сыбанып шығар екен деп едік, ешқайсысы батылы жетіп, суырылып шыға қоймады. Сол сол-ақ екен Сәбит: «Ал, Иса, бұл тақырыпқа сен қалайсың, мүмкін сен бірдеңе дерсің» дегені. Шынымды айтсам, өзімнің де делебем қозып отыр еді. Осы оқиға жайлы газеттерге тараған сөздерді байқап қойып, папаниншілер туралы жазған жырымдай (басылған жоқ — М. Б.) бір дүние жазсам ба екен деп те ойлап қоюшы ем. Кенет мына сұрақ менің жанды жерімді тапқандай, тіпті қанаттандыра түсті. Қалжындап: «Әй, Сәбе-ай, мені бір қиынға салғалы отырсың-ау», – дедім. Мұқаң да қуанышты серпінмен: «Ал, Исажан, жүйріктігіңді тағы бір көрсетші осы арада», — деп қолпаштай ала жөнелді. Содан Мұқаңның өзінен Гризодубова, Осипенко, Расковалардың маршруттарын анықтап алдым да: «Болды, Мұқа, ар жағын өзім де білем», — деп ағыта жөнелдім», – деді папамыз. Не керек, көптен ештеңе жаза алмай, көсіле алмай (бұл тұста жағдайы жоқ еді – М. Б.) жүрген бойым жазылып, бір жасап қалдым. 

– Жоқ, мұқалмапты, сарқылмапты, сарқылмайды, Иса! – деп бізге жалт қарады да, «балаларым алдында бөсіп кеткендей боп көрінген жоқпын ба» дегендей жымиып. – Иә, балақайларым, жарады бұл жолы жаман папаларың, — деді. Содан соң сөзін жалғастыра түсіп: «Кеше жаздым да журналға бердім. Міне, осылай дүниеге кенет, ойда-жоқта «Он бір күн, он бір түн» поэмасы келді», – деп папам екеумізді құшақтап-құшақтап қойды. Кезінде ғана емес, осы күнге дейін сол кештегі Исекеннің жыр нөсерін замандас ақын-жазушылар өз естеліктерінде әр түрлі құбылтып ауызша әңгіме етіп те, жазып та аңызға айналдырды. Шынында, жағдай папамыз айтқандай болған еді. Сол кеште таң-тамаша болған ақын-жазушылар, әсіресе, Мұхтар аға Исекеңнің бұл ғажап импровизациясының идеясы да, көркемдігі де биік профессионалдық дәрежеде айтылғанына қатты риза болғаны хақ. Бұл тек қаламдастарының бір көріп қалған ғажайып дүниесі болса, Исекең бүкіл елді аралаған концерттерінде әр түн сайын тосыннан төгіп салған поэмаларын өнер шыңына көтере шырқағанын бірге болып, бірнеше кештерде көзі көрген, құлағы естіген ақындардың бірі Қалижан Бекхожин таңдай қаға таңырқап еске алады. Өнер биігінен көрінген Исекеңнің көптеген өлең, поэмаларының қаншасы аспан астында қалқып жүр десеңізші!.. 

Мұхтар ағаның университет залында лекция үстінде «Егер Исаның әрбір айтқан өлең, поэмалары қағазға түскен болса, осы залға сыймас еді» деуі де осыдан болар. 

1939 жыл. Папамның тойлары 

Папамыз үшін 1939-1940 жылдар өмірінің ең бір бақытты кезеңі болды. Мұның алдындағы жылдарда көрген жалғыздық, қайғы-қасірет, көптеген әділетсіздіктерден кейін, төбесіне төнген бұлттар ыдырап, әкеміздің жүзі жадырап шыға келді. 1939 жылы бір топ ақын-жазушылар ордендермен марапатталғалы жатқанда, папам интернатқа келіп, маған мынадай әңгіме айтты: «Союзге Москвадан бір телеграмма келіпті. Онда «поэта Умурзакова командировать» деген. Бүкіл қазақ-қырғызда ондай ақын жоқ деп жазушылар әлек болып жүр. Ал, менің жүрегім сезеді, сол дәл маған келген телеграмма. Үндеме, қызым, папаларыңның бағы енді ашылар», – деді. 

Ақыры, папамыздың ойы тура боп шықты. Сол кездегі СССР Жазушылар одағын басқаратын А. Фадеев «Иса Байзақовты жіберіңіздер» деп, жөнделген телеграмма жолдапты. Ең бір қызығы, дәл жүрердегі болған оқиға. Папамның дұрыс костюмі болмай қалса керек. Ол кісі үйсіз жүргендіктен дүниелері әр жерде қалып қоятын немесе өзінен костюмі нашарлау біреуге кигізе салатын дүниенің бетіне қарамайтын адам болатын. 1936 жылдың жазында Семейде өз көзімізше екі қолы жоқ көшеде отырған бір кісіге үстіндегі су жаңа костюмін кигізе салғаны бар. Апам ренжіп еді, папам болса: «Шәрбану, сен саспа, мен ертең-ақ дәл сондай костюмнің көкесін табам, ал мына мүгедек байғұс қалай табады», – деді. 

– Енді көйлекшең барасың, қонаққа келе жатырмыз ғой, – деген апама: – Е, Исаны киімі үшін сыйлаған үйдің маған көк тиынға қажеті жоқ, – деп жауап берген еді... 

Содан папамыз Мұхтар ағайдың үйіне жетіп бара салып: 

– Мұқа, ана киім ілген шкафты аш, – депті. Мұқаң сөзге келмей аша қойған. Папамыз барлық костюмдерін қарап шығып, біреуін киіп алыпты да, «мынау маған шақ екен, ақшасын керосин қатқанда аларсын» деп шығып жүре беріпті. Мұны папам өзі Мұқаңа үлкен ризашылық білдіре, ағасындай еркелетініне мақтана айтатын. 

7a92ae3127c4e8e6ff5d6e2a8c3cecab.jpg

Папам 1939 жылдың көктемінде Москва, Киев, Кавказды аралап, «Кавказ» поэмасын жазып, кеудесіне «Еңбек Қызыл Ту» орденін тағып оралды. Біз лагерьде түскі ұйқыда жатыр едік, тәрбиешіміз келіп «папаң шақырады» деді. Атып тұрып, далаға шықсам, анадайда, алма бағы түбінде папам, Ертіс, Қатира апам және бөтен бір ақсары әйел әңгімелесіп отыр екен. Таныстық. Бұл әйел өгей шешеміз екен. Папам тойына жеңгесін де шақыртса керек. Қатира апам жылап-сықтап мені құшақтап, шерін тарқатып жатты. Ал мен папамның орденіне қарап мәз боп отырдым. Әкеміздің тойы Қаскелең ауданының Жамбыл колхозында болды. Көптеген ақын-жазушылар (тек Жамбыл атай келе алмады) келді. Той үш күнге созылды. Есік алдындағы көк жоңышқаға текемет, кілемдерді төсеп тастап, бәрі де сайрандап жатты. Папам орындықта отырып, өзінің желдірмелерін орындады. Жұрт кейде папамды желдірмесін айтқанда, «Иса төрден есікке дейін қимылдап отырып жетіп қалушы еді» деп әңгіме қылады. Мүмкін, тым жас шағында сөйткен болар, ал соңғы біз көрген жылдарда бір орнында отырып-ақ айтатын. Папам біздің жақтағы суырыпсалма ақын Құдайбергеннің үлкендігін, талантын сыйлап, оның желдірмесін анда-санда қонақта отырғанда айтатын еді. Сонда Құдайбергеннің өзіне ұқсап құбыла ойнап, көп қимыл жасайтын. Ал, өз желдірмелері қанша қызулы, жігерлі болса да, бір орында отырып, не түрегеп тұрып-ақ өлеңнің ішкі сырына сай орындайтын. Исакең «Зәурешті», «Қорланды» аса тебірене айтатын еді. Тыңдаған адамның сезімін толқыта, жүрегін елжіретіп көзіне жас толтыратын. Міне, сол тойында да папам байыппен орындықта отырып-ақ шаттана, көңілдене шырқады. Исекеңнің той үстіндегі келбетін елестетсем көз алдыма Ақбөпедегі Әмірхан бейнесі келеді: 

«Жігіттің маңғазы еді өзі сері, 

 Күнде той, күнде сауық жүрген жері. 

Жалынды аспанға ұшып алып қашып, 

Нақ кезі қайнап тұрған жаңа пері...» 

Ал, сол күндердегі жолдастарының алдында ғана емес, бүкіл үлкен ауыл жұртшылығына шырқаған әндерін есіме түсірсем, мына бір шумақтарды тура өзі жайлы жазғандай боп көрінеді: 

«Естіді Әмірханды аумақтары, 

 Жиылды кешке қарай жас пен кәрі, 

Төсеулі көлеңкеде кілем, киіз, 

Сар қаймақ сапырылды қымыздары». 

Әкеміздің даусы кешкі ауамен көтеріліп аспандап алысқа кетіп жатты. Ал, тойға арнаған дастарқаны да ағыл-тегіл мол жайылды. Бірінші күнгі тойды Сәбит аға басқарды. Қойдың басын табағымен өзі ұсынған папамның «Ал, Сәбе, бүгін өзің басқар бұл тойды» дегені де есімде. Әкеміздің сәулетті күндерінің бірі сол тойын өзі тамаша өткізген еді. 

«Күшеншек ақын болма!» 

1940 жылдың жазында папамыз Гоголь көшесі мен Набережная көшесі бұрышына жақын, дәл Горький атындағы паркке қарсы жерден пәтер алды. Сол үйді ала сала интернатқа келіп, Ертіс екеумізді қолына алғысы келетінін айтты. Бірақ, мен интернатта тұра берейік деп папама көнбедім. Ертістен сұрап еді, ол да Мәкен бармаса, мен де бармаймын деп жауап берді. Біздің сөзімізбен де, ойымызбен де санасатын әкеміз енді қайтып бұл әңгімені қозғамады... Біз папамның үйіне қонаққа барып жүрдік. Мен бір келгенімде папам дөңгелек стол басында жазу жазып отыр екен. Екеуіміз әңгімелесе кеттік. Мен қабырға газетіне өлеңдер жазып жүргенімді айтып мақтандым. Сол сол-ақ екен, «ал, ендеше мен сенің ақындығыңды сынайын, дәл осы жерде бір сағат ішінде Жамбыл атаң туралы өлең шығара ғой», – деді. Мен терлеп-тепшіп бірнеше парақ қағазды бүлдіріп, ақыры 3-4 шумақ өлең жазып оқып бердім. Папам маған біраз ойлы жүзбен қарап отырып қалды. Көңілімді жықпай, ойын қалай жұмсарта айтарын ойлаған болар-ау деп, бұл күнде өзім топшылаймын. Ал, сол сәтте жеңімпаздардай масаттанып отыр едім. Өйткені мектепте «ақын болатын қыз» деп бәрі мақтай бастаған болатын. Бір уақытта папам күлімсіреп, «жалпы, қызым, жарайсың, өзіңнің жақсы бір ойың бар екен, не айтқың келгені түсінікті боп тұр. Тек аздап ұйқасымы келіңкіремей жатыр. Жылдар өткен соң, ол кемшілікті де жоюға болар, – деп тоқтады да, қағазыма қарап отырып, – көп сызып, көп жөндепсің. Бірақ Пушкиннің қолжазбаларын көрсең, ол кісі де көп жөндеген», – деп жымиып күліп қойды да, менің көңілімді жұбатарлық тағы да көптеген сөздер айтты. Ақыры, турасын айтып үйренген мінез қоя ма: «Осы, қызым, сен ақын боламын деп басыңды қатырмасаң қайтеді, түбінде жазушы-журналист болуың мүмкін, ондай қабілетің сезіледі, ал бір жол өлеңді кешке дейін ойлаған ақын – ақын емес. Мен ондайларды «күшеншек ақын» деп атаймын. 

«Аспанда ұшып бара жатқан қаз, 

Менің қолымда пияз», – деген өлең шығарып ақын боп жүргендер де бар, бірақ мен сенің ондай ақын болуынды қаламаймын. Ақындықты табиғат саған бермеген, ақын боп туу керек! Алайда, жазушы не артист болуың мүмкін, оныңа сенем», – деп папам сөзін бір-ақ түйді. 

«Ақбөпе» әні 

Папамыз 1944 жылдың ішінде Алматыға екі келді. Осы кездесулерімізде ол кісі бізбен кәдімгі есейген адамдармен сөйлескендей, сыр шертісіп, пікір алысып ақтарыла сөйледі. Әкеміздің жүрек түкпіріндегі талай реніш-күйініштерін, өкініш-армандарын осы жолда анығырақ біліп, ол кісіні жақын танып қалдық... 

Бір келгенімізде, өзінің әдеті бойынша, дөңгелек стол үстіне қағаздарын жайып тастап, қолында домбырасы, ақырын әндетіп өлең жазып отыр екен. Бұл мамыр айының іші еді. Осы сапарында папамыз Төлеген Тоқтаров пен Махамбет Өтемісов туралы поэма жазып, Жазушылар одағына өткізді. Одан бұрын, қарап шығуға Жұмағали Саинға апарған еді. Өйткені ол кезде Жұмағали ағай поэзия секциясының бастығы болса керек. Сол екі поэманың ешқайсысы да еш жерде басылған жоқ. Поэмалардың тағдыры бізге белгісіз... Бұлардың қай-қайсысын болмасын, папамыз екі-үш күнде шұғыл жазып бітірді. Папама ақындар ішінде Абай қатты ұнайтын және өзінің пірі тұтып отыратын. «Міне, жаңа ой, жаңа тақырып таптым-ау деп бір өлеңді жаза бастап, енді Абай шығармаларына үңілсем алдымнан әлгі ойым да, тақырыбым да шыға келеді. Апыр-ай, неткен кемеңгер адам десеңші, бәрін жазып кеткен, бізге түк қалдырмапты», – деп күлетін. Абайдан кейінгі табынары – Махамбет еді. 

c4fd878337eca75db30688284cf85676.jpg

«Ой, шіркін, бұл бір керемет ақын ғой, жалындаған от, жарқылдаған семсер жүзіндей өткір ақын! Махамбетті жөндеп көтермей жүрміз, көтеру керек оны» дегені Ертіс екеуіміздің жадымызда. Осындай еңбек үстінде отырса да біз келгенде папамыз бәрін жиып тастап, «ой, балапандарым, келіп қапты ғой» деп жадырап қоя беретін. Сол күні ол кісі бізбен кен отырып сөйлесіп, маған «Ақбөпе» әнін, ал Ертіске «Алтай аясынданы» айтатын әнін күйге айналдырып, домбыраға үйретті. Ертіс ол кезде домбырадан оқып жүрген болатын. Егер папамызбен бір шаңырақ астында тұратын болсақ, біздер қанша дүние біліп қалған болар едік... 

«Сағатпен өлшеп ән айтпан...» 

Әуіппе қарттың қорасындағы көк шөпке алаша төсеп, кешке қарай папам домбырасын ақырын шертіп қойып, баяу әндетіп отыр. Әкеміздің өмірі ат үстінде өтті ғой. Әсіресе, соғыс жылдары. Сондықтан жайғасып отырып әңгімелесе қалғанда біз бір жасап қалатынбыз. Папама осы жазда музыка училищесінің балаларымен концертке қатысып, ауылдарда болып қайтқанымды айтқанда, ол кісі бірден сөзіме назар аударып, бар жайды қадағалап сұрай бастады. Жұрт алдында жүрексінген жоқсың ба, халық риза болды ма, концерттерің қанша уақытқа созылды деген сияқты сұрақтар. Болған жайды түгел баяндап кеп, тек бір колхозда «бар болғаны осы-ақ па» — дегені дедім. Папам жымиып қойды. «Концерттерің тым ұзақ болған екен. Дегенмен шаршап жүрген колхозшыларға түскі демалысында ойын көрсетіп, көңілдерін көтергендерің әбден жөн іс», — деді. Бастапқы «тым ұзақ» деген сөзінің астарын сезіп қалдым да, «ал, өзің қанша уақыт концерт бересің!» – деп сұрадым. Папам маған біраз күлімсіреп, домбырасын, өзі бір ойға кеткенде тартатын күйіне салып, шерте отырып, әңгіме бастады. 

– Мен сағатқа қарап өлең айтып көрген емеспін. Халық ымырт жабыла жиылып, таң атқанда бір-ақ тарқайды. Колхозға келгенде ауылдың ең шетіндегі қарапайым кісінің үйіне түсем де, бүкіл колхоздың жағдайын сұрап біліп алам. Жалқауларының, озаттарының фамилияларын жазып алам, сонсоң басшыларының кемшілігін де біліп алып барып бастыққа жолығам, – деп қулана күліп қойды. Жұрттың қалағанын айтам. Олар «Арқалық батыр», «Рүстем-Дастаннан» айтуды сұрайды. Оған қоса, көбінесе бүгінгі қан майдандағы жас батырлар Зоя, Мәншүк, Әлия, Төлеген, Бауыржан, Мәліктердің ерліктерін жыр етем. Мәселен, майдан қорына қаражат жинап беруде ғана емес, ол да керек қой. Бірақ, ең қажеті халықтың осы ауыр күндерде рухын көтере білуде, – деп, папам біраз ойға кетіп отырды да, әңгімесін әрі жалғастырды. – Сол жырымның аяғында «әр үйден кеткен арыстардың сонау майданда қан кешіп жүргенде, сендердің іштерінде кейбір адамның еңбек етіп, көмектескен сиқы мынау», – деп суреттеп келіп, бүкіл жалқауларын сынап өтем, озаттарын мадақтай кетем. Не керек, отырған халық күлкіден ауыз жия алмай қалады. Қатты ұялғандары шыдамай, есіктен ата жөнеледі. Енді «түн ортасынан ауып кетті, дем алыңдар» деп өлеңге қосам, сонда бәрі бір ауыздан «шаршаған жоқпыз» дейді. Әлден уақытта «уа, темекі тартып дегендей, сыртқа шығып желпініп келмейсіңдер ме» деймін. Тағы да бір ауыздан «жоқ, Исеке, шықпаймыз, айта беріңіз, тек өзіңіз шаршамасаңыз болғаны», – дейді. Несін айтасың, балақай, таң атқанда бір-ақ тарқап, үйлеріне барып, шайларын ішіп, бірден қырман басына жөнеледі. Міне, папаңның концерті осылай өтеді. Сонда мен «бар болғаны осы ма» деген сөзді естіген емеспін, – деп мені еркелеткендегі дағдысы бойынша мұрнымды бір қысып қойды. 

Радиодан соңғы концерті 

Папам 1944 жылы қазан айының бас кезінде радиодан өзінің сүйікті композиторлары Естай, Мұхиттардың әндерін және өзінің екі желдірмесін орындады. Ол кісі бұрын да анда-санда радиодан концерт беріп кететін, ал, бұл жолы арнайы келіп, «Ертең сағат төртте радиодан концертімді тыңда», – деп айтып кетті. Кім біледі, өзінің микрофон алдындағы бұл соңғы концерті екенін сезді ме екен... Айтқан уақытында, Қарағандыдағы бала кезімдегідей, репродуктор түбінде қадалып отырып, бүкіл әндерін тыңдадым. Папамның дауысы бұрынғыдан әлсіреп қалыпты. 1939 жылы өзінің орден алып, сонсоң үйленіп, той жасағандағы салған әндері, сол күндердегі шиыршық атқан айқын да күшті даусы құлағыма келді. Қайда сол дауыс!.. 

Сонымен папамның радиодан берген концертін тыңдаған күні ертеңіне ол кісіге барып, ептеген өз пікірімді айттым. «Рас, қызым, қалжырайын дедім. Орнығып отырып, тек ақындық жазба творчествомен айналысатын кезім де келді. Бірақ, үй-жай сұрап, осы сұрапыл соғыс кезінде өз жағдайымды әңгіме етуді ұят көрем. Шыдайық, балам, соғыс бітсін. Сонсоң үйім де болады, сендерді де қолыма алып оқытам», – деп бұл ойын бір түйіп қойды. Содан әншілік туралы әңгіме қозғап кетті. Өзінің жас кезінде әжептәуір даусы болғанын айта кеп, «кешке ауылда ән салғанымда, тоғайда пішен шауып жүрген кісілер естіп, ауылға жүгіретін еді. Ал, ол жеті-сегіз шақырым қашықтықтағы жер. Сонда ауа көтеріп кете ме, әйтеуір дауыс алысқа жететін. Алайда, күшті дауыс менде о бастан болған емес. Әнші боп туған адам Әміре еді ғой. Манарбектің де даусы тамаша, Әміреден кейінгі сол дер едім». Осылайша папам әншілер туралы біраз пікір айтты да, соңында Майра жайлы сөз бастап кетті. 

– Мен Майрамен ең алғаш Павлодарда, 1921 жылы автономия тойына барғанда таныстым. Өзі менен төрт жас үлкен екен. Содан 1924 жылы көшеде келе жатыр едім, терезеден бір әйел: «Әй, ақын, мойныңды бұра кет», – деді. Қарасам, Майра. Үйіне кірдім. Майра әйел затының серісі еді. Дереу стол жасатып, үй-ішін зыр жүгіртіп жүр. Мен асығыспын десем болар емес. «Жоқ, ақын, өлең айтасың. Даусыңды сағындым», – дейді. «Ендеше, ауылдың алтыауызын өзің айт, мен де сенің даусыңды сағындым», – дедім. Майра кідіруді білмейтін. Гармонын алдырды да, құлаштай-құлаштай тартып жіберіп, ән көкесін шырқады-ай кеп. Бір мезгілде қарасақ, терезе тұсы, үйдің сырты толған адам. Бес-алты ауыз әнді Майра өнеріне арнап мен де айттым. Содан 1925 жылы Қоянды жәрмеңкесінде бір болдық. Әсіресе, Семейге дейін пароходпен Затаевич, Әміре, Майра – бәріміз бір жүргеніміз бар. Міне, концерттің көкесі сонда болды. Апырай, біздер күні-түні демей айта беруші едік. Бізде бүгінде әнші қыздар мықты. Бұлбұл дауысты Күләш, қазақ табиғатындай өрісі кең, әсем қоңыраулы дауысты Жамал, сұлулық тәңірісі, асқан биші Шара қандай! Бұлар сендердей оқып, өнерін өңдемей-ақ, табиғат берген дарынмен қияға бір-ақ шыққан еліміздің ардагер қыздары ғой. Одан әрі папам өз творчествосын, оның ішінде 1925-1935 жылдардағы жазған өлең текстерін «сөзі – халықтікі» деп жүргендерін және қолжазбалары жиналусыз, ақын достары – Тайыр Жароков, Асқар Тоқмағамбетов, Дихан Әбілев, Жақан Сыздықов, Саяділ Керімбековтердің үйінде қала бергенін айта кеп, бәрін бір жүйеге келтіріп, жинақтау керек еді» деген ойын білдірді. Папам әңгімесін одан әрі жалғастырды: 

– Менің 1923 жылы Орынборда оқып жүрген кезім, жазда елге кеп, сайлау науқанына қатысып, ауылдағы азулы байлармен айқасқан қызу уақыт болатын. 

89f6e2ae0dd7633b6ad34e27617992b0.jpg

Әкем қоғам ісіне араласып, орталықтан келген уәкілдермен жүргеніме мәз болды білем, анда-санда: «Исажан, сен сыйлы боп келесің ел арасында, осында қалсаң қайтеді», – деп қояды. Ауыл маңының бір қызын алып берсек қасымызда болар деп ойлады білем, әйтеуір ағаларымыздың ішінде үлкені Хамза бастап қоярға қоймай тамыз айының ішінде Салқынкөлдің ар жағында Тайсоймас деген жердегі Ақым ақсақалдың қызына құда түсеміз деп таныстыруға алып барды. Шәрбану марқұмды, сендердің аналарыңды сонда бірінші рет көрдім, әдемі-ақ екен! Көрген жерде-ақ көңілімнен өлең де құйыла жөнелді. Тек оны ішімнен айттым. Қазір кейде әкем марқұмның: «Әзір өлеңдерімнің сөзі Исанікі делінбей жүр, күндердің күнінде бір айтылар» деген армандай сөздері, сондай-ақ Елубай Өмірзақовтың «Менің 40 шақты әнімнің сөзі түгелдей Исанікі» дегендері еріксіз еске түседі. Папамыз өзі көзі тірісінде желдірмелерін орындаған әншілерге дұрыс айтпаса қатты ренжуші еді. Жүсіпбек Елебеков: «Мен Исаның желдірмесін жақсы-ақ білемін. Бірақ, айтуға дәтім бармайды, қорқам. Өйткені темпераменті мен темпін ұстау өте қиын, тіпті мүмкін емес», – деуші еді. Желдірмені орындағысы келетін жас әншілер әннің романтикалық сазы мен социализм дәуірін жыр еткен көтеріңкі пафосын ұмытпағаны жөн. Папам дауысын пленкаға жаздырмаған сияқты. Алайда, 1936 жылдарда пластинкадан Исакенді естіп едім дейтін кісілер бар. Бұл мәселе мұқият зерттеуді талап етеді. Мұны Москва, Ленинград, Ташкент, Омск қалаларынан тиісті адамдардың сұрастырып зерттегені жөн болар еді. 1950 жылдарда Манарбек Ержанов папамыздың екінші желдірмесін радиоға, одан пластинкаға жаздырғанда, өкінішке қарай, өзінше өңдеп, өзгертіп жіберген. Екінші желдірменің әуені, ырғағы түгелдей Е. Брусиловскийдің оркестрге жазған поэма-желдірмесінде берілген. Ал, бірінші желдірмесі, аздаған өзгеріспен М. Төлебаевтың «Коммунизм оттары» контатасына пайдаланылған. Көп жылдар папамыздың тәрбиесін көрген Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген артисі Хасен Байырманов осы бірінші желдірмесін өте дұрыс орындайды. Біздің әке-шешеміздің отызыншы жылдарда екі кереует пен кішкене стол сыятын жер үйі болды. Сол тар үйде талай өнер адамдары қиын кезеңдерінде өздеріне пана тапты. 

Әкемнің соңғы жылдары 

Папамыз 1945 жылы 19 январьда бізге интернатқа келді. Сырқат, жүдеген. Мәселе былай болған. Шымкент облысы басшылары сұрауымен папамыз Қызылқұмдағы бір үлкен науқан өткізуге араласқан. Содан папамыз тағы жеті-сегіз күн концерт өткізіп, қасына адам ертіп, жолға шыққанда қатты боранға тап болған. Шымкент ауруханасынан шығып, аздап жүруге жараған бетте Алматыға тартқан. Өкпесінің ескі туберкулез ауруы ашылған. Жазушылар одағы ауруханаға салды. Мамыр айы ішінде папам «Березовка» санаториясына кетті. Күзге дейін хабар болмады. Содан 1945 жылы қарашада мен сабақта отыр едім, «сені бір кісі шақырып тұр» деп мұғалім сабақтан босатты. Шықсам, бір салт атты кісі екен. Таныстық. «Қалқа деген ақынмын», – деді. Сонсоң қолыма папамның хатын ұстатты. Хатты біреуге жаздырып, тек соңғы «папаң Иса, 12 ноябрь, 1945 жыл» деген сөзді өзі жазған. Науқас әкемнің хатын оқып болғанда көңілім бұзылып, ол кісінің бір тамаша күні есіме түсті. 1943 жылы желтоқсан ақындар айтысына папам да келді. Айтыстың соңғы кеші болатын. «Иса ақын сахнаға шығады» дегенде халық қол шапалақтап орнынан тұрып кетті. Дәл сонда Нұрхан Ахметбековтың папама арнап айтқан сөздері көп адамның жадында болар: 

«Атандың он жасыңнан ақын Иса, 

Өнерің басқа жұрттан басым, Иса. 

Еш ақын еш уақытта пар келмейді, 

Милаттың жетпіс екі бәрін жиса. 

Исаның ақындығы жұрттан басым, 

Екпіні құлатқандай таудың тасын. 

Әркімдер өз теңімен айтысады, 

 Алып кел Тәжібайдың Әбділдасын», — деген еді. Сол жолғы айтыста халық папамды сахнадан босатпай, үлкен қошемет көрсетіп, бас жүлдені алып берді. 

Әкеме деген ел құрметін айтқанда еске түседі. 1956 жылы папамыздың қайтыс болуына 10 жыл толған күні, Жазушылар одағында Мұхтар аға естелік-әңгіме айтты. Сонда: «Қырғыз-қазақ ақындары айтысында екі халық төбесіне Исаны көтеріп әкетті, теңдесі болмады. Мен Исадай ұлы бар қазақтан туғанымды мақтан еттім... Ендігі арманым Иса туралы роман жазу, соңғы 5-6 ғасыр ішінде ешбір ұлтта мұндай тасқын ақын болмағанын анықтадым. Сол Исаның бейнесін жасау – ендігі мақсатым» дегенін естіген адам аз емес. Мұхтар аға 1960 жылдың жазында менімен театр алдында кездесіп қалды. Хал-жағдайымды сұрап: «Өнеріңе ризамын. Өзің қыздың да, ұлдың да ролін жақсы ойнадың, – деп күлімсіреп арқамнан кақты да, – ал, мен папаң туралы бір кітап жазбақшы боп жүрмін», – деді. Ол не кітап екенін мен кейін білдім. Соңғы жылдарында Мұхтар ағаның Исекеңнің творчестволық ерекшелігі тек ауыз әдебиетін жазба әдебиетімен жалғастырғанында ғана емес, Иса классик ақындарымыз қатарында тұратындай еңбек қалдырған ақын екеніне көзі жетсе керек. Манап Хасеновтен және архивтен көптеген материалды жинастырып қойған күйі, не керек, бәрі стол үстінде қала берген. 

...Содан 1946 жылдың шілде айында Мұхтар, Қажым, Есмағамбет ағайлар папама ауруханаға барып, көп ақша беріп, «керегіңді іркілмей алғызып іш» десе керек. Біз барғанда папамыз «Менің достарым көп екен» деп қуанышты жатыр екен. Тек мен жалаң аяқ едім, соны көріп, абыржып қалды да, 1000 сом суырып беріп, «ойбой, мынауың болмас, тез киім ал!» – деді. Мен әкемнің соңғы сыйын көп жылдар кидім... 

Бір күні менімен бірге Сапарғали ағай кірді. Ол кісі папамның өмірбаянын жазуға келгенін айтты. Папам Сапарғали Бегалинге өз өмірін баяндай бастады. Дәрігерлерден қорқып, мен ертерек шығып кеттім. Папамыздың сол ауруханадағы күндерінде бір қуанғаны менің кәмелеттік аттестат пен би училищесін бітірген дипломымды әкелген күні болды. Алайда аздан соң жүзіне реніш те кірді... «Менің саған керегім, міне, енді қазір еді. Қайтейін. Сенің Ертісті жүдетпейтініңе көзім жетті. Ал, өзіңе кім сүйеу болар, – деп күйзеліп, көзіне жас алды. – Биыл жүдедің, оқуға шамаң болмас. Операға барып қызмет істе. Ал, жалпы биші деген тұқымымызда жоқ, сен драма театрына бар. Онда көзкөрген ағаларың, апаларың бар, көмектесер. Сенен мамандай драма артисі шығатынын сезем. Көп мінезің, ішкі жан-дүниенде ұқсастық бар. Маған да аздап ұқсайсың ба, қалай?» – деп жымиып қойды. Содан кейін папам: «Ауылда жалғыз апамыз Зылиқа бар, соны өздеріңнің мүмкіндіктерің болғанда тауып алыңдар. Ол байғұстың енді сендерден басқа кімі бар? Өздерің бір-біріңе сүйеніп, тату болыңдар. Бар айтарым осы», – деді. Көбіне Ертіс екеуміз барып жүретінбіз, содан ба, әйтеуір папам біз туралы түс көріпті. Оны Есмағамбет аға мен Шайзада жеңгейге айтса керек. Ол кісілер кейін бізге айтып берді. 

«Шынында, тықыр таянған сияқты. Мен олай-бұлай боп кетсем, Есет айналайын, менің азын-аулақ еңбегімнің мұрагерлері екі балам болсын. Әйелді жібергем. Ол босқа балалардың аяғына оралғы болады, ана бола алмайды. Түсімде қашан да екі бала қол ұстасып бұрышта, қараңғы жерде жүреді. Соларға жақсы әке бола алмадым-ау деген ой мені қатты толғандырады», – деген екен. Бұл арада папам сөзіне онша қосылмас едім. Өйткені жылда бізге киім әперіп, ақшадай көмек жасап тұрды. Ең соңғы рет 1943 жылы елден екеуімізге етік тіктіріп әкелді. Және сол кездегі Сауда министрі Ілияс Омаров ағаға арнайы барып, бізге костюмдер әперді. Өзі ат үстінде жүрген адам, одан артық не істей алады. Папамызбен бұл соңғы әңгімеміз 1946 жылы 3 тамызда болған еді. Содан кейін дәрігер бізге тек терезеден ғана көрінуге рұқсат етті. Екінші тамыз күні, қазақша кеспе жасап, (мен операда биші боп қызмет істей бастадым ғой) Ертістен беріп жібердім. «Папам түгел ішті. Қызым дәмді пісіріпті деді», – деп Ертіс қуанып келді. Бұл – менің қолымнан, өзінің тұңғыш баласының қолынан шыққан дәмді папамның ең алғаш және ең соңғы рет татуы еді... Келесі күні, үшінші қыркүйекте күндізгі сағат он екіде (дәрігер солай деді) папамыз мәңгіге көз жұмды. Төртінші қыркүйекте қайғылы хабар радиодан беріліпті. Ал, біз тек бесінде ғана естідік. Мен өз құлағыма өзім сенбей, есеңгіреп тек Ертіске, интернатқа жүгірдім. Ол дереу ауруханаға кетті. Мен төсекке етпетімнен құлаған бойы тұра алмай қалдым... Ауруханадан ескі қабымен домбырасы, ішінде 15 сом ақшасы бар әмияны, ордені, бір-екі хаты қолыма тиді. Әкемізден қалған дүние осы еді... 

Өзім үй-күйсіз жүрген соң, «домбыраны сақтай тұрыңдар» деп Қалижан ағайға берсем, сол үйдегі Жамал жеңгей біреуге беріп жіберіпті. Ақыры, сол жоқ боп шықты. Өмір бойына зор өкініш, Ертіс екеуіміздің, тым болмаса біріміздің әкеміздің соңғы сәттерінде қасында болмағанымыз болса, осы домбыра да бір өкініш боп қалды. 

Алтыншы қыркүйекте Жазушылар одағына бардық. Мұхтар аға басқарған жерлеу комиссиясы түгел әбігер. Бәрі бізге көңіл айтып, жұбатып жатыр... Әкеміздің табытын, қазіргі Қазақконцерт, ол кезде филармония фойесіне қойды. Ол кісінің табытын опера не драма театры болсын, не осы филармонияда қойса да бәрі өзінің үйіндей болған. Папамызбен қоштасуға келген халық көп болды. Музыка сарыны бізбен қосылып жылап тұрғандай, жұрттың көзі жасқа толы. Мәриям Хакімжанова апай папамның маңдайынан сүйіп, жылап жүр, Құрманбек аға құрмет күзетінде көз жасын тыя алмай тұр. Бәрі де көз алдымда. Әсіресе қабыр басында папаммен қоштасу сөзінде Мұхтар ағаның «Иса ғасырларда бір-ақ туып кететін ерекше дарын иесі еді» дегені мәңгі жүрегімде. Әкеміздің қасында екі баласы отырмыз. Оркестрлер дамылсыз бірінен соң бірі қайғылы күй тартуда. Ағылған халық. Қазақ елі өзінің ақынымен мәңгілік қоштасып жатты...

523da246068e4ed0a170d9c6421278e1.jpg

Мен театрмен ел аралағанда еңкейген ауыл ақсақалы «Исаның қызына сәлем бергелі келдім, шіркін, қазақта Исадай ақын өткен емес!» деп маған келіп қолымды алып сәлем берді. Ол қазақ халқының Иса сынды дарынына бас игені шығар. Әкеміз дүниеден кеткелі артына қалдырып кеткен еңбектері әлденеше рет баспадан жеке кітап боп басылып шықты. 

«Қазақ халқы мені ұмытпайды» деп өзі айтқанындай ұлтымыз өзінің адал ұлын, асқан дарынын ел мүддесіне жұмсай білген Исасын ұмытқан жоқ. Қазірде туған жері Павлодарда облыстық филармония, ауылы «Үлгіліде» мектеп, сол сияқты бұрынғы «Беловод» совхозы Иса Байзақов есімімен аталады. Ертіс ауданында және Алматыда бейіті басында да ескерткіштер орнатылған. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Біз қазақ сахнасының Исасы бар заманын қызықты, қымбат сыйы есепті түсіндіруіміз керек. Қолдан жасалмайтын оңайшылықпен қайта тумайтын сирек өнерді, біз бүгінгі заманның адамдары мәдениетті елше қадірлей, бағалай білуіміз керек» деген еді. Исекең жайлы талай естеліктер, мақалалар, көлемді еңбектер жарық көруде. Ақын бір сөзінде: 

«Жүрегін жұлып алып аспанға ұрған, 

Жұлдыз боп соның оты жанып тұрған», — деген еді. Әдебиет пен өнер аспанында Исекең де өз жүрегін жұлдыз етіп қадап кетті. Ол жұлдыз жылдар өткен сайын бізге жақындай бермек, жарқырай бермек!.. 

Махпуза Байзақова, Иса Байзақовтың қызы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?