Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мұса Маржанлы: Жаңа журнал мәдениеттерді жақындастырады

1833
Мұса Маржанлы: Жаңа журнал мәдениеттерді жақындастырады - e-history.kz
Қазақстанда ИРС-мұра журналының алғашқы нөмірі қазақ тілінде жарық көрді. Бұл журнал Әзірбайжанда 15 тілде басылып шығады, ал қазақ тіліндегі басылымы 16-шы болды

NDH порталы журнал редакторы Мұса Маржанлымен кездесіп, сұхбат құрды. 

– Сәлеметсіз бе, Мұса Маржанлы? Журналдың қазақ тілінде шығуымен құттықтаймыз!

– Рахмет!

Журналдың тарихы туралы айтып берсеңіз, қашаннан бастап шығып келеді?

– Журналға биыл 16 жыл. 16-шы жыл, 16-шы басылым. Журналдың бірінші нөмірі Мәскеуде орыс тілінде шықты. Ол кезде Ресейде әзірбайжандық басылымдар, газет-журналдар болған жоқ. Әзірбайжан туралы тек телевидение арқылы ғана берілетін бірен-саран ғана ақпарат болатын. Совет уақытында Әзірбайжанды бәрі білгенімен, біз, Әзірбайжанда не болып жатқанын, оның қандай ел екенін жастар жағы білсін деген ниетпен еліміз туралы егжей-тегжейлі айтқымыз келді. Сондықтан да журналымызды орыс тілінде шығарып бастадық.

– Журналдың бірінші нөмірі Ресейде орыс тілінде шықты ма?

– Иә. Журнал Ресейде әлі күнге дейін шығады, ағылшынша шығара бастағаннан кейін, басылым әлемнің 70 еліне тарады. Біздің журналымыз ғылыми-танымал мәдениетті танытатын журнал болғандықтан, мақалалары ескірмейді – бұл ғылыми негіз, және біз түрлі тақырыптарды қамтимыз.

Осыдан шамамен 8 жыл бұрын, ол кезде тіпті ағылшынша басылымы да болмаған еді, Ақтауда Әзірбайжанның консулдығы болды, сол кезде мен қазақ тілінде бірнеше мақала шығаруды ұсынғанмын. Ол кезде журналдың жартысы орысша және 3-4 мақала қазақша шықты. Тек содан кейін барып қана ағылшын, француз тілдерінде шыға бастады. 16 жылдың ішінде журналдың таралу географиясы Жапониядан Аргентинаға дейін, Аргентинадан Индонезияға дейін, Эфилпиядан Қазақстанға дейін кеңейді.

– Шетел тілдерінде шығару үшін кадрларды қалай таңдайсыздар? Әлде аудармасы арнайы бағдарламалар арқылы автоматты түрде жүре ме?

– Жоқ, оны сол тілде сөйлейтін адам аударады. Мысалы, Эфиопияда амхар тіліне аударған адам бұрын Бакуде оқыған, ол орыс тілінен амхар тіліне аударды. Немесе Жапонияда ағылшын тілінен жапон тіліне аударады. Басылымның аудармасы осылайша жүргізіледі. Материалдарды осындай қағидат боынша таңдаймыз. Мысалы, Индонезия үшін орыс әлемімен байланыс немесе француздық басылымдарға қазақ мәдениетімен байланыс қызықсыз. Сондықтан Әзірбайжан мен Франция арасындағы байланысты көрсететін тақырыптар қажет. Тақырыптарды осылайша таңдаймыз, олардың жартысы сол елден болуы мүмкін.

Біздің тарихымыз бен мәдениетіміздің түп-тамыры ортақ болғанымен, біз бір тілде сөйлемейміз. Біздің ортақ түркі тілінде емес, орыс тілі арқылы араласатынымызға жаным ашиды.

– Сіздер тек қана тілді емес, сонымен қатар кеңістікті де кеңейтіп жатырсыздар. Өңірлерді біріктіресіздер ме?

– Біздің журналымыз арқылы көптеген ғалымдар жаңа тақырыптар іздейді. Тіпті біздің материалдарымызға сүйене отырып, диплом қорғаған студенттер де бар. Мысалы, біздің өңірге қызығатын этнографтар.

– Егер олар сіздердің мақалаларыңызды қолданатын болса, демек сіздерден сапалы контент алады.

– Иә, біз тақырыптарды алдын ала талқылап, екі халыққа да қызықты болуы үшін қандай тезистерді қолдану керектігін анықтаймыз.

– Неге қазақ тіліндегі журнал тек 16-шы болып шықты?

– Өйткені, бұл жерде орыс және ағылшын тілдеріндегі басылымдарды алады. Содан кейін: «Неге тек орысша шығарамыз?» деген ойға қалдық. Бізді орыс тілінің байланыстырып тұрғанына қарамастан, біз бір-бірімізбен өзіміздің түркі тілімізде сөйлесу керекпіз. «Неге қазақ тілінде шығарып көрмеске?» деп шештік. Сондықтан ештен кеш жақсы демекші, жақсылықтың ерте-кеші жоқ деп ойлаймын.

– Сіздің журналыңыз қазақ және әзірбайжан халықтары арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайта түседі деп үміттенемін, оның үстіне біздің тарихымызда да, мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізде де ортақ сәттер өте көп. «Қазақстан тарихы» порталы ретінде бізге Әзірбайжанның тарихынан хабар алу және Қазақ ауданы туралы, ондағы тұрғындар туралы көбірек білу, олардың тұрмыс-тіршілігі мен шығу тегіне қатысты сұрақты көтеру өте қызықты болар еді. Өз тарапынан портал Қазақстандағы әзірбайжан диаспорасының қызметін, олардың қоғамдық-мәдени өмірінде болып жатқан оқиғаларын жарыққа шығарып тұрады.  ЭКСПО-2017 кезінде өте көп оқиғалар болды: Әзірбайжанның ұлттық күні, әзірбайжан кілемдері, әзірбайжандық шай ішу рәсімі (салтанаты) туралы әңгімеледік. Бұл біздің оқырмандарымызға қызықты.

– Бұл жақсы болған екен. Бізге қолдануға болатын тезистер екен.

– Бізде қазақ-әзірбайжан қатынастарын, әсіресе ХХ ғасырдың басындағы тарихи оқиғаларды зерттейтін тарихшылар өте көп. Бұл үдерістер бір-бірімен тығыз байланысты: революциялық оқиғалар, ұлттық автономиялардың құрылуы. Бізде Алаш партиясы құрылып жатқан кезде, сіздерде өздеріңіздің ұлттық автономияларыңыз, әзірбайжандық парламент, Мусават партиясы құрылып жатты.   

– Иә, жалпы бұл кезеңге қызығушылық танытқан адам аз. Біз келесі жылы Әзірбайжан Демократиялық Республикасының 100 жылдығын атап өтеміз. Қазақстанмен, Түркістанмен қандай байланыстар болғанын анықтау керек.  

– Біздің және сіздердің партияларыңыздың көшбасшылары арасында қандай да бір саяси қатынастары болған. Мысалы, сол кезде башқұрт ұлттық қозғалысының көшбасшысы Ахмет-Заки Валиди түркі интеллигенциясы өкілдерімен белсенді хат алмасқан.

– Дәл солай. Бұл маңызды факті болғандықтан, зерттеу қажет.

– Біздің портал «Рухани жаңғыру» бағдарламасының, биыл Президент ұсынған «Туған жер», «Қасиетті Қазақстан» және сіздер табысты іске асырған латын графикасына көшу идеяларының жүзеге асырылуын белсенді айтып отырады, латын графикасына көшуде сіздерді үлгі тұтамыз.

– Біз бұл жолдан өттік. Шын мәнісінде бұл жолда белгілі бір қиындықтар болды, сіздерді ондайдың жоғын ескеру қажет. Сіздерде осыған байланысты жарлықтың шыққаны да жақсы болды. Бұнсыз қиын болар еді, өйткені бізде ондай тәжірибе болды: кім не қалайды, соны берді. Бірақ бұлай болмайды, жарлық болуы керек және тапсырма қою қажет – бір жылдан соң бүкіл газеттер латын графикасымен шығып, екі жылдан соң бәрі латын графикасына көшуі керек.

Бізде мемлекеттік деңгейде мыңға жуық кітапты кирилл графикасынан латынға аударуға өкім берілді. Қандай да бір база қажет болды. Сіздерде латын графикасына 2025 жылға қарай көшу жоспарланғанын білемін. Келесі нөмірде осы туралы айтуымыз мүмкін. Сіздерде әріптер бекітілді ме?

– Президенттің Жарлығымен қазақ тілінің латын графикасындағы әліпбиі бекітілді, бірақ латын әліпбиінің нұсқаларын қоғамдық талқылау әлі де жалғасуда.

– Бізде де солай болды. Екі әріпке қатысты көп талас болып, тіпті президенттің өзі араласты. Ол екі күн бойы Ғылым академиясында отырды, ол жерде мен де болдым, ғалымдар Ә әрпін қалай аудару керектігін айтты. Ақыр соңында Гейдар Алиев Ә әрпін қалдыруды шешті.

– Кирилл графикасындағыдай қалды ма?

– Иә. Бұлар пернетақтада жоқ біздің төл әріптеріміз. Бірақ, мен, сөзді  Ә-сіз қалай айтуға болатындығын білмеймін – бұл мүмкін емес! Бұл сіздер үшін де маңызды деп ойлаймын.  

Мысалы, Х әрпі, ағылшындар үшін ол икс, ал біз Х деп айтамыз. Бізге  Һ әрпін ұсынған. Бірақ оларды да жай ғана алмастыра салуға болмайды. Қиындықтар болады, қорқудың қажеті жоқ, оларды жеңуіміз керек.

– Ең бастысы – алғашқы қадам жасау. Қазақстан да сіздердің тәжірибелеріңізді алса дейміз. Журналдарыңызға сәттілік тілейміз!

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?