Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әуесбайдың Қанаты: Бабасының табаны тимеген жерге, баласының қаламы тиді

1728
Әуесбайдың Қанаты:  Бабасының табаны тимеген жерге, баласының қаламы тиді - e-history.kz
Журналист-публицист, «Болашақ» бағдарламасының стипендианты, жақында жарық көрген «Батыс көрген. Ұлыбритания қазақтың көзімен» кітабының авторы Қанат Әуесбаймен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз

- Алдымен төл туындыңыздың жарық көруімен құттықтаймыз, жалпы қолға қалам алуыңызға не себеп болды?

- Осыдан үш жыл бұрын (2013 жылы) Ұлыбританияның Норвич қаласындағы Шығыс Англия университетінде оқып жүргенде кітапханаға бас сұғып кітап іздей келе бірде-бір қазақстандық автордың кітабын таба алмай дал болдым. Есесіне араб, қытай, корей, үнді авторларының кітаптары толып тұр, бұны айтып тұрған себебім аталған оқу орнында осы ел жастары көптеп оқиды, оның ішінде әрине қазақ студенттері де бар. Ұлыбританияда білім алып жатқан қазақ жастары күн сайын артып келеді, қазірдің өзінде 4500-ден астам студент білім алуда. Осы тұста маған ой келді, еліміздің имиджін көтеріп, беделін арттыратын, шетелдік аудиторияға кең мағлұмат беріп, елімізді таныстыратын бір кішігірім еңбек жазу. Осы ойыммен бөліскен едім, жақын таныстарым барлығы қолдау білдіріп құптай кетті, әрине қолдау бір бөлек іске шындап кірісу ол оңай шаруа емес, содан біртіндеп өзімнің көріп-біліп түйіндеп жүрген ойымды қағаз бетіне түсіре бастадым. Кітапты екі тілде жазуға бел будым қазақ және ағылшын тілдерінде. Мені бірінші кезекте мазалаған ой осы туындым ауыл жастары арасында таралып оқылса, ондағы мақсат ауыл жастарына ой тастау, түрткі болу, ынта-жігер беру, ауыл жастары да ел көріп, жер көріп, білім қуып шетел асса деген, сол тұрғыда өз септігімді тигізу. Неге ауылдың балалары, себебі бізде әліде болса теріс стереотип бар ауылдан шыққан жастардың шетелде оқу мүмкіндігі жоқ, болсада аз деген, сол солақай стереотипті жою мақсатында. Негізінен еңбекті жазуда екі мақсат болды біріншісі: Ұлыбританияда оқитын қазақ студенттері арасында қазақ авторының кітабы болса, одан қалды шетел азаматтары оның ішінде британия халқы біздің ел туралы тағы да танып біле түссе деген ой, екіншіден: ауыл жастары осы еңбекті оқи отырып шетел өмірімен, тұрмыс-тіршілігімен танысса деген мақсат. Осы жерде бірден айта кету керек еңбек қарапайым түсінікті тілмен жазылған, бұл жерде қандай да бір терең ғылыми зерттеу немесе тарихи, талдамалы мәліметтер жоқ, керісінше екі ел халқының ерекшеліктері мен айырмашылықтары, ағылшын халқынан үлгі етіп алатын өмірлік қағидалар орын алған.

- «Тұңғыш» болу екінің бірінің бағына бұйыра бермейтін іс, алғашқы болудың артықшылығы мен жауапкершілігін сезінесіз бе?

- Иә, көбісі айтып жатыр, қазақтан журналистерінің арасынан алғашқы «Болашақ» бағдарламасының иегері деп, шынымды айтсам мұндай айтулы ерекшелікті басында сезінбедім, елге келгеннен кейін шын мәнісінде алғашқы болудың дәмі мен жауапкершілігін сезе бастадым, себебі расында да БАҚ өкілдері арасында оның ішінде практикант журналистер арасынан Болашақ бағдарламасы бойынша шетел асқан тұңғыш мен екенмін. Әрине алғашқы болу оңай емес себебі тұңғыш дегеннен кейін мойындағы жауапкершілік пен иықтағы жүкті қатар алып жүресің. Осы тұрғыда алғаш деп алға қойып, тұңғыш деп тұғырлап, қолдау, құрмет көрсетіп жатқандарға алғысым шексіз.

- Кітап тұсаукесеріне қайта оралсақ, таныстырылым қалай болды, кімдер қатысты?

- Негізінен басынан туындымды тәуелсіздіктің 25 жылдығына тарту етуді мақсат еттім, сондықтанда таныстырылымды тәуелсіздік күні қарсаңына туралауды жөн көрдім, ал таныстырылымға келсек сәтті және жоғары ұйымдастырылған деңгейде өтті. Бірінші кезекте жоғары деңгейде өтуін университеттің біздің елге деген құрметі деп түсіндім, себебі ағылшын халқы кез-келген іске кірпияз қарайды, осы тұрғыдан алғанда бізге деген құрметін ерекше айтып өткен жөн. Қатысушыларға келсек біздің елдің сондағы елшілік өкілдері, университеттің ғалым, профессорлары, одан өзге біздің елдің сонда оқып жатырған студенттер қатысты. Және осы жерде ерекше ықыласымды осы игі бастаманың басы қасында жүрген, көмек көрсетіп, жан-жақты қолдау білдірген Назарбаев зияткерлік мектептері АҚ басқарма төрағасының орынбасары Назипа Аюбаеваға білдіргім келеді.

- Кітапты жазып шығару бір әңгіме, ал оның оқырманға жол тартуы екінші әңгіме, осы жағы қалай сізде, кітапқа қызыққан оқырман қайдан таба алады?

- Иә, қазір жазушылар арасында туындысын шығарғанымен, оның оқырман ортасынан өз орнын таба алмай жататын жағдайы бар, бұл тұрғыда менің еңбегімді қолдау мен таратуда жолым болды деуге болады, себебі әлемнің 52 мемлекетімен тікелей жұмыс жасайтын, өзіндік орны бар amazon.co.uk сайты өздері қолдау көрсетіп, қол ұшын созды. Яғни, қалаған адам сол сайт арқылы тапсырыс беріп кітапқа қол жеткізе алады.

Әуесбайдың Қанаты Батыс көрген. Ұлыбритания қазақтың көзімен. 

- Кітапта қазақ-британ халқының тұрмыстық қағидалары мен ерекшеліктері туралы сөз болыпты, осы тұста ағылшын халқымен біздің ұқсас тұстарымыз және олардан нендей дүниені үлгі алуға болады?

- Еңбек салыстырмалы түрде жазылғандықтан, бұл жерде екі халықтың да артықшылықтары мен өзіндік ерекшеліктері сөз болды. Оның ішінде ағылшын халқына келсек «жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген қағиданы ұстандым, яғни ағылшындардан алатын өмірлік мәні бар қағидалар мен үлгілер, бұл жерде ауыз толтырып айтатындай соншалықты үлкен үлгі болуы шарт емес, қарапайым күнделікті өмірдің сәттері, мысалыға айтар болсақ ағылшындар кісінің тыныштығын бұзбауды бірінші кезекке қояды, жеке тұлғаның өмірлік кеңістігін сақтау секілді дүние, бұл өмірдің қарапайым ғана бір бөлшегі, ал басқа жағынан қарасақ адамның жеке тыныштығы, адамның жеке мазасы дегеніміз ол маңызды нәрсе, осы секілді ол елден алар дүниелер жеткілікті осының барлығы оқулықта көрініс табады, керісінше біздің де өз артықшылықтарымыз бар мысалы, қазақтың қонақжайлылығы мен кеңшілікдігіне ешбір халық жетпейді, қазақ молшыл, дархан халық екеніміз баршаға аян, ол біздің ерекшелігіміз, кітапта бұны да көрсеттім. Және тағы бір айта кететін дүние, осындай өмірлік қағидалар мен ерекшеліктерді көріп-біліп, өз көзіңмен куә бола отырып, сол халықты, елді танисың, сол елге деген өзіндік көзқарасың қалыптасады.

- Бір сұхбатыңызда ауыл жастары арасында «Болашақ» бағдарламасын насихаттағым келеді деп қалдыңыз, осыған байланысты ой-жоспарыңыз бар ма?

- Осыдан үш жыл бұрын, мен Қазақстан 2050 жалпы ұлттық қозғалысында медиа директор қызметін атқарып жүргенде, «Зияткер ұрпақ» деген жобаны қолға алып жетекшілік еттім, жобаның мақсаты әр сала бойынша Қазақстанның танымал тұлғаларының басын қосып ауыл аймаққа барып жастарға қолдау көрсету, бағыт-бағдар беру, ауыл жастарын ынталандыру. Былай алып қарасақ елімізде қай сала бойынша болса да танымал тұлғалардың еліміздің шеткей аймақтарына барып өзінің жиған тергенімен, іскерлік тәжірибесімен бөліскен маманды білмейді екенмін. Қазақта жақсы бір сөз бар, «бір адам жүз адамға олжа салады» деген. Осы тұрғыда біздің идеясы озық болды деуге болады, біз барлық саны 300 танымал тұлғаны жинап ұйымдастырып ауылға саяхат жасаған жайымыз бар. Алда осы секілді іргелі істерді қолға алу керекпіз.

- Сіз секілді мұхит асып арман арқалап, кәрі құрлықта оқығысы келетін жас өрендерге айтар ақыл-кеңесіңіз қандай?

- Менің қолға қалам алып кітап жазуымның да, оның атауын Батыс көрген. Ұлыбритания қазақтың көзімен деп қоюымның да мәні осында. Мен әрбір қазақтың қара домалағы, әсіресе ауыл жастары осындай әлемнің маңдай алды оқу орындарында білім алса, ел таныса, жер таныса және ол мүмкін деген ойды алға тарту, соған жастарды жетелеу, оларды қанаттандыру. Мен әңгіме басында айтып кеткенімдей кітап ерекше бір арнайы зерттеу дүние емес, керісінше қарапайым, түсінікті тілде жазылған еңбек, яғни қарапайым қазақ баласы осы кітапты оқи отырып түсінсе екен өмірде адам талаптанса, оқып ізденсе бәрі де мүмкін, Ұлыбританияны да, Кэмбриджді де, басқасында бағындыруға болады деген ой келтіру. Және тағы бір айта кететіні кітап 1000 данамен жарық көрді, менің қолыма 200 данасын ғана берді, қалғаны сатылымға түседі, мен сол 200 дана кітапты өзімнің жақын-жуықтарымнан басқа артылғанын ауыл кітапханаларына беруді жоспарлап отырмын, мұндағы мақсат сол жоғарыда айтылған ойды іске асыру, ауыл жастары көрсін, оқысын, білсін, керегін алсын деген оймен.

- Бастамаңыз берекелі болды, жалғасы болады ма, болашаққа деген бағыт-бағдарыңыз?

- Дәл қазіргі сәтте үлкен іс, жоспар дайын тұр деп айта алмаймын, шынымды айтсам қазір аздап үзіліс алғым келеді, мәселе кітабымды шығардым болды, бітті дегенде емес, отбасым, жақындарыма көңіл бөліп көбірек бірге уақыт өткізгім келеді. Себебі, кітап жазу, оны жарыққа шығару оңай дүние емес, былай қарағанда айтуға оңай кітап жазды, ол жарық көріп тұсаукесері Ұлыбритания Кэмбриджде өтті деп, бірақ осы жолда қаншама еңбек етіліп, тер төгілді, уақыт пен күш-қуат сарп етілді, оның үстіне шетелде өтуі тағы бар. Іздену, оқу, мәлімет жинау бір әңгіме, одан бөлек келісімдер мен келіссөздер, адамдармен байланыс, сұхбат тағысын тағылар. Осы тұрғыдан алғанда кішкене тайм-аут алғым келеді, ал жалпы алғанда әрине, болашаққа деген жоспар мен қолға алар келелі істер ойда бар.

- Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен: ДӘУЛЕТ ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?