Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жаһаншамен бірге бір күнде 120 адам атылған

2256
Жаһаншамен бірге бір күнде 120 адам атылған - e-history.kz
Жаһанша Досмұхамедов Оралда өткен бірінші облыстық қазақ съезінде автономия құру туралы идея тастаған болатын. Сол ойын Орынбордағы бірінші жалпықазақ съезінде де тағы бір мәрте көтерді

Тәуелсіздік мұраттары жолында аянбай еңбек етіп, саяси партия және ұлттық автномия құру мәселесін көтерген Алаштың тойына биыл 100 толып отыр. Әрбір өңір мерейтойлы күнді хал-қадірінше өткізіп келеді. Десе де Күнбатыс Алаш Орда орталығы атанған Ақжайық өлкесі алаштың тойын дүбірлетіп өткізуде ерекше белсенді. Алдымен Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен Алаш қайраткерлерінің мұрасы, олардың пайдаланған құнды жәдігерлері жинақталатын мұражай кешені ашылатын болды. Қазірдің өзінде бұл жұмыстар қарқынды бастауын алды.

Өткен тарихқа сәл шегініс жасар болсақ, Бір Ақжайық өлкесіндегі Орал, Жымпиты, Қаратөбе өңірлерінде қазақ съездерінің құрылтайы өтіпті. Осынау қазақ съездерін тағы бір мәрте жаңғыртып, сахналық қойылымда ұрпақ жадына ұсынған да осы өлке. Алаш болып, «Алашым – Айбыным» атты ғылыми-практикалық форумды да ұйымдастырған Ақжайық өлкесі. Бір облыстың өзі алаш қайраткерлерінің ізі қалған Семей мен Мәскеу шаһарына екі бірдей тарихи-мәдени экспедиция ұйымдастырды. Осы игі шаралардың барлығы да Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуы және Күнбатыс Алаш Орда төрағасы, көрнекті саяси қайраткер Жаһанша Досмұхамедұлының дүниеге келгеніне  130 жыл толуына арналып отыр.

Осы орайда «Жымпиты – Семей» және «Жымпиты – Мәскеу» бағыттарында тарихи-мәдени экспедицияның мүшесі болған, белгілі алаштанушы ғалым, жаһаншатанушы Дәметкен Сүлейменова апайымыздан Орынбор қаласында өткен тұңғыш жалпықазақ съезі және оның батыс өлкесінде өткен съездерге ықпалы, «Жымпиты – Мәскеу» бағытындағы экспедицияда табылған құнды деректері жайлы аз-кем сұрақтарға жауап іздедік.

– Дәметкен Досмұханқызы, биыл Тәуелсіздік мұраты мен егемен елдің ертеңі жолында құрылған Алаш Орда үкіметіне 100 жыл. Осындай үкімет құру, саяси партия жасақтау идеясы жүзеге асқан тұңғыш жалпықазақ съезіне де 100 жыл. Ендеше 1917 жылы 21-27 шілде аралығында өткен Орынбор жалпықазақ съезінің тарихта алар орны қандай?

Халқымыз жүріп өткен ұзақ жолдың шежірелі күндеріне көз салсақ, тарих ата жадына тоқыған талай тағылымды істерді көрер едік. Қазақ  тарихының осындай белесті асуларының бірі – Алаш қозғалысы. Биыл Алаш қозғалысы мен Орынбор қаласындағы тұңғыш жалпықазақ съезіне 100 жыл толып отыр. Осы екі атаулы күннің тарихи маңызы ерекше. Өйткені алаш қайраткерлері саяси партия құруға осы съезде мәлім етті. Сондай-ақ болашақ мемлекеттік басқару жүйесі жайлы өзара сұхбаттасқан ортаны да осы алқалы жиында  құрды.

Бүкіл қазақ даласын азаттық идеясына жұмылдырған бұл ұлы қозғалыстың және Орынбордағы жалпықазақ съезінің тарихымен тағылымы уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Алаш қайраткерлері ұлтты ұлт ететін талай-талай шаруаны бастағаны, жолға салғаны белгілі. Сол Алаштың  өткен тарихын  халқына қайтаратын  ақтаңдақ оқиғалардың айқындалатын уақыты жетті деп ойлаймыз. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізді, оң-солын таныды. Халықаралық деңгейде бай тарихы бар, іргелі мемлекет ретінде әлемге таныла бастады. Сондықтан бүгінгі еліміздің мемлекеттілігі туралы тарихын қозғау қажеттілік болып табылады. Бүгінгі егемендігіміздің, тәуелсіздігіміздің тарихында Алаш атын аспандатқан арыстарымыздың  үлесі орасан екендігі дәлелдеуді  қажет етпейтіні ақиқат. Биылғы жыл Алаш қозғалысының 100 жылдығы мемлекеттік деңгейде аталып өтілмекші. Сондықтан да осындай тарихи маңызды күнде Орынбор жалпықазақ съезінде күн парағынан алыстатпауымыз керек. Ең алғаш ұлттық саяси партия құру, автономия құру туралы идея осы съездің жарқын жеңісі болды.

– Жалпы қазақ даласында съездердің өтуі қашан басталды. Тұңғыш қазақ съезінде көтерілген маңызды мәселелер жайында айтып өтсеңіз...

– 1917 жылы Ресейдегі Февраль революциясынан кейін қазақ даласында облыстық жалпы қазақ съездерін ұйымдастырып, өткізу белең алды. Орал, Ақмола, Семей, Торғай облыстарында қазақ съездері бірінен соң бірі жалғасып, Орынбордағы тұңғыш жалпықазақ съезін өткізуге үндеу тастады. Бір ғана облыстық съездердің бірі – Орал облыстық қазақ съезінде Жаһанша  Досмұхамедұлы мен Халел Досмұхамедұлылар «Орал облысының далалық бөлігін басқарудың уақытша ережелері» атты жергілікті және облыстық деңгейдегі басқару жүйесін толық қамтыған заң жобасын ұсынып, оған делегаттар бір ауыздан дауыс берді. 1917 жылы желтоқсанда 2-ші жалпықазақ съезінде жарияланған Алаш Орда үкіметі – Ұлт Кеңесі құрамына енді. Ал тұңғыш жалпықазақ съезінде қазақ жерінде болып жатқан саяси оқиғаларды халыққа жете түсіндіру барысы баяндалды. Екіншіден, қазақ халқының басын бір жерге біріктіріп, мемлекеттік басқару жүйесі туралы, жер мәселелері туралы бастама көтерді. Үшіншіден, алда тұрған күрделі міндеттің басында тұратын «Саяси элита» партия құруды ұсынды. Халықты саяси күреске ұйымдастырды. Сондықтан да жалпықазақ және облыстық съездердің барлығы қазақ автономиялы мемлекеті мен саяси партиясын құру туралы бір идеялас үн қозғады.

– Орынбордағы жалпықазақ съезінде қазақтың әрбір өңірінен делегаттар қатысты. Солардың ішінде батыс өлкесі де бар. Күнбатыс Алаш Орда қайраткерлерін, олардың атқарған қызметтерін зерттеп келесіз. Тұңғыш жалпықазақ съезіне қатыстқан батыс өңіріндегі Алаш Орда қайраткерлері туралы айтсаңыз.

– Енді алаш зиялыларының жалпы саяси партия құруға еткен әрекеті 1905 жылдың желтоқсан айында Орал қаласынан басталды. Сондықтан да бірінші жалпықазақ съезінде батыс өңірінен шыққан алаш қайраткерлерінің алатын орны да атқарған қызметі де зор деп айта аламыз.

Бірінші жалпықазақ съезіне қатысқан батыс өңіріндегі алаш қайраткерлері жайында айтатын болсақ. Бұл съезге алаш қайраткерлері екі топпен келді. Біреуі Бөкей Алаш Ордасының қайраткерлері болса, екіншісі кейіннен құрылған «Ойыл уәлаяты» немесе Батыс Алаш Орда қайраткерлері бастаған топ болып келді. Бұл съезде ерекше үн қосқандардың бірі – Жаһанша Досмұхамедұлы. Алаш арысы Оралда өткен бірінші облыстық қазақ съезінде автономия құру туралы идея тастаған болатын. Сол ойын, пікірін қазақтардың бірінші съезінде де тағы бір мәрте көтерді.

Орал қаласында 1917 жылдың 19-22 сәуірінде өткен Орал қазақтарының съезінде мемлекеттік басқару, жер мәселесі, Қазақ автономиясы, əскери, оқу-білім мәселелері көтерілді. Бірінші жалпы қазақ съезі ұсынған мәселелер бір-бірімен астасып жатыр. Олар бір мақсат, бір мүддені ұстап отыр. Қазақ зиялыларына басым бір жерге жинауға ықпал етті.

Тұңғыш жалпықазақ съезі және Оралдағы қазақтардың съездері жоғарыда айтқандай бір мүдде, бір мақсат жолында қызметтер атқарды. Соның арқасында Орал қазақтарының төртінші съезінде Қазақстанның бүкіл батыс өңіріне ықпал етерлік ұлттық-территориялық құрылым – «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметін жариялау туралы үндеу қаралды. Алаш арыстары 1918 жылы 18-21 мамырда Жымпиты қаласында өткен қазақ съезін қолдап, оған «Алаш Орданың батыс бөлімшесі» деген ат берді. Бұл  Күнбатыс Алаш Орда үкіметі де жалпықазақ съездерінің арқасында дүниеге келіп, тарихта өз орнын қалдырды.

– Биыл – Күнбатыс Алаш Орда үкіметінің төрағасы, алаш қайраткері Жаһанша Досмұхамедұлының 130 жылдығы. Осынау мерейтойда батыс өлкесі «Жымпиты – Мәскеу» бағытында тарихи-мәдени экспедиция ұйымдастырып, Жаһанша бабамыздың жүріп өткен жерлеріне барып қайттыңыздар. Экспедиция жұмысы қандай сүйінші жаңалықтарға ие болды?

Осындай маңызды тарихи даталарды ескере отырып, Батыс Қазақстан облысы мен Сырым ауданы әкімдіктерінің қолдауымен  «Жымпиты-Мәскеу» бағытындағы экспедициямен жүріп қайттық. Тарихи бағыттағы экспедициямыздың жетекшісі – Сырым Датұлы атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаева.

Экспедиция жұмысы Жаһанша Досмұхамедұлы оқыған оқу орнынан басталды. Бұл Мәскеу қаласындағы бұрыңғы император университеті, қазіргі Азия-Африка елдерінің институты. Институт М. Ломоносов атындағы МГУ-дың филиалы. Жаһанша бабамыз бұрыңғы император университетінде 1906-1910 жылдары оқыған. Осы жерден ол заңгер мамандығын алып шыққан болатын.

Алаш қайраткеріне қатысты тың құжаттарды алуға мүмкіндік алдық. Ол құжаттар қазіргі М. Ломоносов атындағы университеттің негізгі корпусында сақталған екен. Енді соған жолдама алайық деп отырмыз. Дейтұрғанмен де бір өкініштісі сол, қазір көптеген алаш қайраткерлері соның ішінде Батыс Алаш Орда қайраткерлерінің құжаттары Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінде жатыр. Енді ондағы құжаттарды алуға әлі мүмкіндік болмай тұр. Биылғы жылы Орал қаласында Күнбатыс Алаш Орданың тарихы және басқа да музей ашылмақшы. Осы музейді ашқан соң, осында үлкен бір ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолға алмақпыз. Осы музей арқылы облыстық ішкі істер департаментінде жатқан Алаш қайраткерлерінің жарық көрмеген құжаттарын тарихи айналымға түсіруге атсалысудамыз.

– Дәметкен апай, өзіңіздің әлеуметтік желі парақшаңыздан Жаһанша Досмұхамедовтың Бутово полигонында жерленгені туралы оқып білдік. Бұл да бір сіздердің экспедицияларыңыздың жарқын жеңісі деп білемін. Сол түрмеде болғаны туралы архивтік құжаттарды қарап көрдіңіздер ме? Бутырка полигонында басқа жерлестеріміздің есімдері бар ма?

– Жаһанша Досмұхамедұлының Мәскеуде істі болып, Бутовода болғанын білетінбіз. Сосын оның Мәскеуде атылғаны туралы да құжаты болған. Сосын осы құжатты көзімізбен көру үшін арнайы экспедицияға да шықтық. Сол мақсатта Бутово полигонында болдық. Бутово полигонында қазір 20 мыңнан астам адам атылған. Солардың тізімі жасақталған.

Ондағы храмның басшысы Протоиерей отец Кирилл Каледа көп жылдары еңбектеніп, Бутово полигонында жерленген 1000-нан астам саяси-қуғын сүргін құрбандарының аты-жөндерін жинақтап, бірнеше кітаптар шығарған. Осы кітаптардың 3-томының 82-бетінде Жаһанша Досмұханмедұлы туралы мәлімет берілген, біз тізімнен осыны тауып көрерменге ұсынып отырмыз. Сонымен қатар осы Бутово полигонында 20 мыңнан астам атылған адамдардың мүрдесі шұңқырға көмілген екен. Бір квадраттық жерге 14-19 адамның мүрдесі көмілген. Олар осы Бутово полигонын ішіндегі №2 мәйіттің ашып зерттеп қарағаннан кейін өлген адамдардың суреттерін түсірген, олардың аяқ-киімдері, киімдерін барлығын тауып, мұражайға қойған екен. Бірақ ары қарай қазба жұмыстары жүргізілмеген. Себебі бір адамның үстіне екінші, үшінші адам көміліп, ретсіздік орын алған. Енді мына РФ біз үлкен рақметімізді айтамыз.

Осы Бутово полигонында үлкен мемуарлық тақта жасалған. Соған әрбір күн сайын 1937-38 жылғы қарашасына дейінгі атылған адамдардың тізімі күн-күнімен тізіп, жазған. Жаһанша бабамыздың есімі де осы мәрмәр тақтаға жазылған. 1938 жылы 3 августе 120 адам атылған. Соның ішінде Жаһанша атамыз болған. Бутово полигонының кіреберісінде полигон тарихы жөнінде мол деректер берілген. 1938 жылы 3 тамызда Жаһанша Досмұхамедұлы атылатын күні 120 адам атылғаны туралы жазылған жəне олардың тізімдері бар. Елден апарған Жаһанша Досмұханмедовтың топырағын оған арнаған ағаштың түбіне септік. Осы фотода сол ағаш белгіленген. Ал зираттан алынған топырақты елге алып келдік.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Суреттердің авторы: «Жымпиты – Мәскеу» экспедициясының мүшесі, ақын Бауыржан Ширмединұлы

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?