Өзінің бүкіл ғұмырын Кеңесбай Исмаилов Оңтүстік Қазақстан өлкесін зерделеуге арнаған, сол үшін де ол өлкетанушы атағына ие болған. «NDH» порталы Кеңесбай Исмаиловпен кездесіп, шырайлы Шымкент туралы қызықты біраз ақпарат алды.
Осыдан үш жыл бұрын бекітілген бас жоспарға сәйкес Шымкенттің аумағы 1170 шаршы шақырымды құрайды. Көз алдымызға елестету үшін – бұл шамамен МКАД ішіндегі Мәскеу, тағы да салыстыру үшін Алматы (682 шаршы шақырым) және Астана (801,54 шаршы шақырым). Алып жатқан ауданы бойынша Шымкент – еліміздегі ең үлкен қала. Қала үлкені үлкені, бірақ көпқабатты үйлері аз.
Біз Кеңесбай Исмаиловпен Абай атындағы саябақта кездестік. Бұрын бұл жер қаланың шеті болатын және Октябрьдің 50 жылдығы деп аталатын. Ал қазір саябақ қаланың географиялық орталығында орналасқан.
алдымызда Қазақстанның басқа еш жерінде жоқ бірегей музей. Бұл – саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей. Музейде бірегей материалдар қойылып, 1930 жылғы Созақ көтерілісі, 1937 жылғы саяси қуғын-сүргін бойынша, жер аударылған халықтар туралы бөлімдер жақсы жасақталған.
Даңқ Мемориалы – саябақтың жауһары. Монумент 1979 жылы тұрғызылған. Құрылысы ерекше. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарындағы майданның тірегі болған тылды бейнелейді.
- Мұнда мәңгілік алау жанып тұрады. Бір таңғаларлығы, 90-шы жылдары Шымкентте газ, жарық болмаған ең қиын жылдарда да мәңгілік алау өшкен жоқ. Түрлі жолдарды, мүмкіндіктерді іздеп-таптық, тіпті газ баллондарымен де жандырған уақыттар болды, бірақ алауды ешқашан өшірген жоқпыз, ешқашан өшкен жоқ. Міне, халықтың Ұлы Отан соғысы оқиғаларына деген қаншалықты ықыласын осыдан көруге болады.
2010 жылы, Жеңістің 65 жылдығына, бұл жерде толық қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кешенге «Даңқ Мемориалы» атауы берілді.
Жеңістің 65 жылдығына орай дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде Ұлы Отан соғысының қатысушысы ретінде көптеген адамның белгіленбегені анықталды. Мемориалдық тақталарда әр аудан бойынша 1941-1945 жылдар аралығында Кеңес армиясы қатарына шақырылған барлық оңтүстік қазақстандықтардың аты-жөні әліпби ретімен жазылған. Әскери комиссариат құжаттары бойынша 90 мыңға жуық адамның аты-жөні бар екені анықталды. Осы кезде адамдар ата-аналарының әскер қатарына шақырылғандығын растайтын құжаттарын әкеле бастады. Әскери комиссариатпен үлкен жұмыс жасалынды. Облыстық газеттер екі айға жуық жаңа аты-жөндері бар тізімдерді жариялады. 1941-1945 жылдар аралығында Кеңес армиясы қатарына шақырылған барлық оңтүстік қазақстандықтардың тізімін мұқият тексерген соң, олардың саны 143 мыңға жетті.
Міне, мына шеңбер Кеңес Одағы Батырларының Шеңбері деп аталады. Жалпы біздің облыстан Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде 51 Кеңес Одағының Батыры, Даңқ Орденінің 8 толық иегері шыққан, және қайтыс боларының алдында Мәулен Қалмырза Халық Қаһарманы атағын алды. Ол соғыс кезінде Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған екен, бірақ белгісіз бір себептермен бұл атақты ала алмаған. Міне енді, әділдік орнап, Мәулен Қалмырза – Халық қаһарманы атағын беру туралы Жарлыққа президент қол қойған, Сырдария ауданынан шыққан бірінші адам.
- Сабыр Рахимов сіздердің жерлестеріңіз бе?
- Сабыр Рахимов – Қазығұрт ауданының тумасы. Ол ұзақ уақыт өзбек деп саналып келді, бірақ оның қазақ екенін, Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданының тумасы екенін дәлелдей алдық. Қазір өзбектер одан бас тартып, оның атындағы ауданның атын өзгертіп, тіпті метро станциясының да атын өзгертіп, ескерткішін қаланың бір шетіне шығарып тастады. Ал, біз, өз батырларымызды сыртқа тастамаймыз. Біздің түсінігімізше, ол Кеңес армиясындағы тұңғыш қазақ генералы.
- Ал бұл жерде бәрі де аты-жөнімен бе? Қандай ауқымды жұмыс жасалған!
- Бұнда бәрі де аты-жөнімен, әліпби ретімен, әр аудан мен қала бойынша жазылған. Бұл өте үлкен жұмыс болды. Екі айға жуық уақытымыз тек қана тізімдерді жариялауға кетті. Міне, мына бұрышты, тізімге енбей қалғандар болып жатса, соларды енгізу үшін арнайы қалдырып қойдық. Міне, А-дан Я-ға дейінгі тізім, ал мынау – кейін қосылғандар, әскерге 143 мың адамның кеткенін дәлелдегеннен кейін қосылғандар. Осы 143 мың адамның 60 мыңы майдан даласынан оралған жоқ. Елестетіп көріңізші, жалғыз ғана Оңтүстік Қазақстан облысы 60 мың адамын жоғалтқан! Ұлы Отан соғысы жылдарында ейбір елдер бір облыстың жоғалтқан адамдарын жоғалтпаған. Екінші Дүниежүзілік соғыстың есебі бойынша есептер болсақ, 60 мың адам дегеніміз – жоқ дегенде жеті – сегіз дивизия деген сөз.
- Неге бұл жерде ұшақ тұр?
- Өйткені, Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Оңтүстік Қазақстан облысында, Сайрам ауданынан алыс емес жерде аэродром болған. Бұл жерге Украинадан Чугуев атындағы ұшқыштар училищесі эвакуацияланған, жойғыш ұшқыштарды дайындаған. Ал жоюшыларды үш мәрте Кеңес Одағының Батыры әйгілі Иван Кожедуб Шымкентте дайындаған, ұшқыш-нұсқаушы болған, бұның өзі бірегей оқиға. Соғысқа да Иван Кожедуб тап осы біздің Шымкенттен аттанған. Училищені эвакуациялағаннан кейін ол нұсқаушы болып жұмыс істеді де, өзі сұранып майданға кетті, содан үш мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Ал, бұл ұшақ, Чугуев атындағы ұшқыштар училищесінде оқып-үйреніп, содан майданға аттанған шымкенттік ұшқыштардың құрметіне қойылған.
Абай саябағы түрлі нысандарға бай, олар бір-бірімен үндесе келіп, қаланы біртұтас ансамбль қылып байланыстырады. Оң жақта үлкен спорт кешені. Мына жақта Қажымұқан атындағы әйгілі стадион, жанында жабық бассейн, жеңіл атлетиканың қысқы павильоны, спорттық шеберлік мектебі. Анау жақта үлкен сопрт кешені ашылмақшы, мына теннис корты соған байланыстырылған. Теннис орталығы «Азия теннис орталығы» мәртебесіне ие. Шымкентте ешқашан стационарлық цирк болған емес, бұнда ылғи Шапито цирктері келіп өнер көрсететін. Осыдан бес жыл біз мың адамға арналған көрермендер орны бар стационарлық цирк салдық. Мына жол тұп-тура Өнер музейіне алып барады, оның картиналар галереясы тамсандырмай қоймайды. Ал, оң жағымызда, ағаштардың арасында, «Дельфин» аквапаркі орналасқан.
- Саябақ осындай түрлі векторлы бағытқа ие.
- Шымкенттің өзі көне қала саналады. Қаланың тарихи орталығы оңтүстікте орналасқан. Онда Қошқар ата өзені ағады, қаланың цитаделі соның жанында. Бүгінгі таңда әкімдік оған қайта жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша үлкен жобаны әзірлеп жатыр. Қабырғаларын көтеріп, көшелерін аршып, ашық аспан астындағы музей жасамақшы. Шымкент – өз цитаделін қол тигізбей сақтаған жалғыз ғана облыс орталығы. Тараздың цитаделі орталық базар астында қалды, оның бір бөлігін қазып, аршып алып ашық аспан астындағы музей жасады. Ал, біз, цитадельді түгелдей ашық аспан астындағы музейге айналдырмақпыз.
Ғалымдар құрлықтық зонаға дейін 17 метр қазып, осы жерде 2200 жыл бұрын тұрақты қоныс болғанын айғақтайтын артефактілерді тапты. Яғни, Шымкент қаласына 2200 жыл екендігі ресми дәлелденді. Алдағы жылдары ескі қаланы, цитадельді қайта жөндеуден өткізбекшіміз. Осы жұмыстар тәмам болғаннан соң, қала ресми түрде ЮНЕСКО-ға 2200 жылдығын тойлауға өтінім береді. Қазақстандағы ең көне шаһар болып Тараз саналады, оның 2000 жылдығы 2002 жылы күзде тойланған болатын, ал Шымкент 2200 жылдығын тойлайтын болады.
- Осылайша, Шымкент Қазақстандағы ең көне қала атанбақшы ма?
- Иә, ресми түрде дәл осылай. Алайда, Сырдария жағалауының қалашықтары да осы атақты иеленуге талпына алады. Барлық қалалар бір-бірімен өзара байланысты, өйткені бұлардың бәрі бір Ұлы Жібек жолының бойында орналасты. Сырдария жағалауының барлық қалаларын бір кездері, Александр Македонский заманында, бәлкім одан да бұрын шығар, соғдылық көпестер салған. Мысалы, Ферғана алқабында Ош деген қала бар, міне, сол қала 2000 жылы ЮНЕСКО бойынша ресми түрде өзінің 3000 жылдығын атап өтті.
- Ұлы Жібек жолы бойындағы, оның қазақстандық бөлігіндегі де, көне қалалар жалпы алғанда бір-бірімен құрдас болуы керек қой?
- Иә, шамамен, 500 жылдың ар жақ-бер жағы. Өйткені олар алдымен сауда жасайтын тұрақтар, керуен сарайлар ретінде салынып, кейін барып әкімшілік орталықтарға дейін біртіндеп өсіп, өркендеген.
Жауынгер-интернационалистер аллеясы кешеннің бір бөлігі болып табылады. Бұл – сарбаздың жүрегіне қадалған оқ. Бұны шымкенттік жауынгер-интернационалистердің өздері жасады. Ауған соғысы кезінде, он жылға созылған сол соғыста біздің облысымыздан 68 жауынгер қаза тапты. Бұнда Ауғанстанда қайтыс болған жігіттердің аты-жөндері жылдарымен, қай жылы, қанша жігіт қайтыс болғаны жазылған. Сонымен қоса, дәл ортада, қайтыс болған шекарашыларға ескерткіш қойлған, ал ең соңында 1995 жылы тәжік-ауған шекарасын күзету кезінде қаза болған ішкі істер сарбаздарына ескерткіш орнатылған. Шымкентте ІІМ-нің әскери бөлімі орналасқан. Жігіттер сол жерден Пшихавр шатқалына қызмет атқаруға кеткен. Сол жерде он жеті жігіт мәңгілікке көз жұмды.
Өте қызықты нысан – Қошқар ата өзенінің бастауы. Өйткені, Шымкент – Қошқар ата су арнасы қаланың орталығынан ағып өтіп, қаланың өзінен бастау алатын әлемдегі жалғыз қала. Өзеннің екі саласы, мыңдаған бұлақтары қосылып, бірігіп барып үлкен бұлақты құрайды. Алғашқы бастауынан өзен бойымен төмен түсетін болсаңыз, бір жарым шақырымнан соң өзеннің ені он метрге жетеді.
Осылайша, кеңесбай Исмаилов бізге көне, сұлу, тарих пен нағыз қаһармандарға бай, жаңа Шымкентті ашып, оны жаңа қырынан көрсетті.