Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ІШКІ ӘСКЕРДІҢ ТАРИХЫ АЛАШ ПОЛКІНЕН БАСТАЛАДЫ

3507
ІШКІ ӘСКЕРДІҢ ТАРИХЫ АЛАШ ПОЛКІНЕН БАСТАЛАДЫ - e-history.kz
Қазақстан ішкі әскерінің тарихын 24 жылға сыйдыра алмаймыз. Ішкі әскердің тарихы сонау 1917 жылдан бастау алады

Қазіргідей жаһанданған заманда қарулы күштері ең мықты елдер ғана басқаларға өз айтқанын істетіп, оларға өз үстемдігін жүргізе алады. Әлемде мемлекеттік құрылысы нығайып, қарулы күштері мықты озық елдердің қатарына Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания корольдігі сияқты елдерді жатқызамыз.

Қазақстан Тәуелсіздігін алған алғашқы жылдардың басты күн парағына Ішкі әскер құру міндетін бекітті. Осылайша 1992 жылы 10 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетіміз бен қоғамымыз үшін ішкі әскерлердің маңыздылығын ескеріп, Қазақстанның ішкі әскерін құру туралы жарлыққа қол қойған болатын. Содан бері Қазақстанның қарулы күштері, соның ішінде ішкі әскер жауынгерлері өздеріне  жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді.

Ішкі әскер құрылған 24 жылда Қазақстан Қа­рулы Күштерінің жаңа кел­беті қалыптасты. Замануи қару-жарақпен және озық технологиямен, көліктік инфрақұрылыммен жарақтандырылыған әскеріміз көш түзеді. Әлемге қарулы күштері дамыған ел ретінде танылып, бейбітшілік пен тұрақтылық ту еткен елге айналдық.  Елімізде жыл сайын Отан қорғаушы қатарына қосылған жастар Қазақстан халқына және оның Президентіне адал болуға ант берді. Қазақстан бей­біт­шілік пен тұрақ­тылықтың бесігіне айналып, ішкі әскері айбынды елге айналды.

Алаш ұлттық әскері – әскери жаңашыл реформаның бастауы

Осыдан бір ғасыр бұрын ұлт тарихында ойып тұрып орын алған, алты Алаштың арманын ұлттық идеяларымен Алаш ұранды қазақтың басын біріктіргісі келген бірден-бір үкімет – Алаш Орда. Ол қуатты мемлекеттің ұлы тарихы мен ұлттық әскері болу керектігін XX ғасыр басында ойластырды.  Алаш Орда үкіметінің де өз әскері мен айбынды сарбаздары болды.

 Алаш зиялылары ұлттық әскер құрып, қуатты мемлекетке айналу идеясын автономия құрудан бұрын ойластырған. Өйткені мемлекеттің негізгі тірегі, қорғаны – әскер. Өткен ғасырдың басындағы Алаш Орда қайраткерлерінің ұлттық тәуелсіздікке ұмтылыста халық сарбаздарын құру ісі – бүгінгі қазақ әскерінің қалыптасуының алғышарты.

«Қазақ» газетінің 1917 жылғы қарашаның 14 санында жарияланған үндеуде «Өзімізді өзіміз қорғау үшін, бізге жалпықазақ милициясын құру керек... Егер өзімізді-өзіміз қорғай алмасақ, бүлікшілдік зорайып, қиыншылық айналғанда, қазақ халқы құрбан болады», – делінген. Бұл туралы Алаш әскерін зерттеген ғалым К. Нүрпейісовтің «Алаш және Алашорда» кітабында көрсетілген. 

Тарихшылар сілтеме жасайтын мұрағат деректеріне сүйенер болсақ, Алаш Орда әскерінің құрылуы мен оның қызметі 1918 жылдың басынан бастап 1919 жылдың аяғына дейінгі аралықты толық қамтыған. Ал тарихшы Сейітқали Дүйсеновтің айтуынша: «Алаш әскерінің атқаратын басты міндеті: ақтар мен қызылдардың арасындағы соғысқа бару емес, елінің тыныштығын сақтау, сырттан келген жауға қарсы тұрып, еліне қорған болу». Әуелде осындай қағидатқа сүйенген Алаш қайраткерлері ұлттық әскердің түрін – атты һәм тұрақты әскер принципімен құрады. Міржақып Дулатұлы тоқетерін де айтады: «Жауап біреу-ақ: әскеріміз болса ғана жұрт боламыз!» 

Жалпы, Алаш тарихына үңілсек, ұлттық әскерді ең алдымен халық милициясы ретінде құруға талпыныс болғаны байқалады. Мәселен, 1917 жылғы І жалпықазақ съезінде «…Анархия болу қаупі бар, сол себепті осы күнгі әскер орнына халық милициясы құрылсын» делінген болса, ІІ жалпықазақ съезінде елге қорған болатын «халық әскерін жасау керектігі қайта жаңғырып, милиция құрудың мақсаты анықталды, қазақ милициясын құру жоспары жасалып, бекітілген».

Алаш әскері жайында тарихшы Күлпаш Ілиясова Алаш немесе Алашорда әскері бастапқыда «халық милициясы», «халық әскері», «Алаш әскері», «қазақ полкі» сияқты әр түрлі атаулармен аталғанын алға тартады. 

Алашорда әскерін жасақтауда ұлт қайраткерлерінің еңбегі зор екендігін айтып өткеніміз жөн. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ РһD докторанты, тарихшы Еркін Рахметуллин: «Алашорда әскерін жасақтауда Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Әбікей Сәтбаев, Ахметжан Қозыбағаров, Биахмет Сәрсеновтар белсенді атсалысты», – деп жазады. Тіпті Алаш Орда үкіметінің әскери жүйесі біршама жолға қойылып, әскери кеңес құрған. Бұл жайында Е. Рахметуллиннің «Алаш қайраткерлерінің ұлттық әскер құрудағы қызметі» атты мақаласында: «Алаш Орда үкіметінің заңнамалық құжаттарындағы Алаш Орда әскери кеңесін құру туралы 11-24 маусымдағы үкімет төрағасы Ә. Бөкейхан, мүшелері М. Тынышпаев пен Х. Ғаббасов қол қойған қаулыда: «Алаш Орда жанынан үш адамнан тұратын әскери кеңес құрылсын, оларға әскери министрліктің қызметі кіреді. Алаш Орданың уездік және облыстық бөлімшелерінің жанынан әскери кеңестер ашылсын. Әскери кеңес большевиктерге қарсы күресте әскер қатарына жігіттерді шақыруға міндеттеледі». 

Алаш үкіметі мықты, қуатты елге айналу үшін ұлттық әскері қалыптасу керек идеясы осыдан бір ғасыр бұрын қалыптасты дей аламыз. Мемлекеттік құрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ұлттық әскер құру ісі басты фактор екендігін айтып кетті.

Қазақстандағы алғашқы совет ішкі әскері

Қазақстан ішкі әскерінің тарихын 24 жылға сыйдыра алмаймыз. Ішкі әскердің тарихы сонау 1917 жылдан бастау алады. Сол кезде бірінші жасақталған отрядтар қазан революциясына қатысып, Смольный қаласын күзетті. Сосын Петербургтегі үкімет пен Мәскеудегі Кремльді қорғады. Бертін келе бронедивизион бай-құлақтар мен басмашылар көтерілісін басуға қатысты. XX ғасыр басындағы Қазақстандағы азамат соғысының басталуына байланысты жергілікті халықтың көптеген өкілдері өз еркімен революция жеңісін қорғаушылар қатарына қосылды. Бұл да болса әскери міндетті орындаған алғашқы ішкі әскерлердің бірі. Азамат соғысы уақытында Совет үкіметі Ұлт істері жөніндегі басқармасы 1918 жылы тамызда Қазақ ұлттық әскери бөлімдерін құру жөнінде шешім қабылдады.

1919 жылы 3 сәуірде республиканың әскери-революциялық советі Қырғыз (қазақ) әскери комиссариаттары туралы Ережені бекітті. Ереже бойынша республика әскери комиссариатьшың негізгі міндеті еңбекші қазақ халқы арасынан Отан қорғауға әрбір әскери бөлімдер құру болып белгіленді.

1920 жыл Қазақ даласында Ішкі әскердің құрылған жылы болып табылады. Орал казак фронты талқандалды, Әскер басшылығымен соғысты жеңудің мүмкін еместігі билікке айқын бола түсті. Сол кезде оралдықтар большевиктермен айқасты өз қолдарына алды. 40-жылдардың басында күллі Совет одағы бойынша 1946 жылы КСРО ІІМ айналған ІІХК қызметке шақыру кең етек жайды.

Бүгінгі жас Қазақстанның негізгі қуатты мемлекетке айналдырып, қорғаныс жүйесі мен мемлекеттілік мәртебесін сақтап қалуда ұлттық әскер реформасын Алаш әскері негізінде құруды ойластырған жөн. 

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

 

 

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?