Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Ықыласты қазаққа алғаш танытқан Сәкен еді

2410
Ықыласты қазаққа алғаш танытқан Сәкен еді - e-history.kz
Атақты қобызшы Ықыластың өмірінің соңғы жылдары осы Шу бойында өткенін қазақ әдебиетінің атасы әрі классигі Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» кі­табынан оқыған едім.

Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің аса көрнекті өкілі Сәкен Сейфуллин мен Ықы­лас Дүкенұлының өмірі мен творчество­сының жай-жапсарына қанығуға ұм­тыл­дым.

«Алтын көрсең белден қаз» демекші, Ықаңның көзін көрген туған келіні Рәзия шешеймен кездесуге асықтым.

– Мен келін болып түскен шағымда, – деді Рәзия шешей, – атам жетпіс жаста екен. Атам мүлде қарапайым болатын. Ас­там­шылық, біреуді менсінбеу әсте қа­періне кір­мейтін. Бала келсін, үлкен келсін, еш­кімді талғамай, «менің қобызыма келіп отыр ғой» деп сан алуан күй тартып бе­ре­-тін. Ондай шақта өзі де бір жасап қалатын. 

a7ebcef6c7d3dc21703bc76953572416.jpg

Атың өшкір 1932 жылғы ашаршылық ке­зіндегі Рәзия шешейдің жасаған бір қай­сар батылдығы кейін ел-жұрттың аңызына айналған. Жан сақтау үшін сонау Арқадан оңтүстікке қарай босқандардың үштен екісі жолда қырылған. Ықылас әулетінің де бас­тан кешкен қиямет-қайымы естен шығар емес. Жұбайы Ақынбай жүруге жарайтын екі баласын жетектеп жолға шығады. Алты айлық қызымен атасының қара қобызын бірге алып жүруге Рәзияның шамасы келер емес. Ол бесіктегі баланы емізіп, ұйықта­тып, қостың есігін бекіткен болды. Сөйтіп, баласын жұртқа тастап, қобызды құшақтап ілгері әлгілердің соңынан жылжиды. Алаң­дап күтіп тұрған Ақынбай:«Қара қобыз әкемнің көзі ғой. Тастамай алып келгенің дұрыс болды. Уайымдама, баланы өзім әке­лемін» деп Рәзияны жұбатқан болды. Ер­теңіне нәрестесін таба алмай, салы суға кетіп оралды. Мұны көрген Рәзия ботадай боздады... Дәтке қуат – атасына берген уәдесін орындап, қасиетті қобызды далада қалдырмады. Қазекем «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген даналықты осын­дай­да айтса керек. 

Енді менің қасиетті қобызды көргім келді. Төрде кілем үстінде ілулі тұрған оны Рәзия шешей «Бісміллә» деп маған алып берді. Тіземді бүгіп, тәу етіп қолыма алдым. Жақсы сақталыпты. Сол баяғы қалпында сияқты. Әрі-бері аударып тұрғанымда, аспаптың дыбыс, сазды әуен шығаратын негізгі бөлігі – «көк өгіз» деп аталатын ша­на­ғын қаптаған түйе көнінің шеті қиқалап кесілгені көзге түсті. Мұны байқаған Рәзия шешей:

– Осы ауылда сандалып жүретін бір молдасымақтың мен үйде жоқта балаларды алдап, қолың сынғыр тәбәрік алам деп қо­быздың шанағының бір шетін кесіп алып­ты. Бұдан кейін әлгі сұмды есіктен қарат­пайтын болдым, – деді күрсініп.

22fc58a165ed797d3d5e16729359ae4d.jpg

Рәзия шешей қобызды тек қасиетті дү­ние деп отырған жоқ. Жақсының көзі, ар­тындағы ел-жұртына қалдырған мұрасы ретінде аса қастерлейді екен.

– Атамның дүние салғанына биыл елу жыл болды. Содан бері ол кісінің қобызын көздің қарашығындай сақтап, осы уақытқа дейін алып келдім. Менің тіршілігімде оған қылау түспейді. Өйткені атама берген уәдем бар. Бұл қобызды Арқаның аршасынан жасап алғанмын деуші еді атамның өзі, – деп Рәзия шешей тағы да бір құнды дерек айтып берді.

Әлгінде Рәзия шешей Ықаңның қайтыс болғанына елу жыл толғанын айтқан еді. Біз осыған нені дәлел ететінін сұрадық. Ол былай деді:

– Дулат деген балам туған соң, атам үш күннен кейін, сексеннен асқанда қаза бол­ды. Ұмытпасам, көктемге салым – ақпан­ның орта шенінде. Жарықтық, әл үстінде жатса да немересінің атын өзі қойған еді. Сол балам атың өшкір Гитлерге қарсы со­ғыста 25 жасында қыршын кетті. Тірі бол­ғанда, биыл елу жасқа келетін еді. Ендігісін өздерің есептеп алыңдар...

Сонда Ықылас 1916 жылы қайтыс бол­ған екен. 

Қобызшылық – бұл әулеттің арғы ата­ларынан жалғасып келе жатқан киелі өнер. Ықыластың әкесі Дүкен даңғайыр қобыз­шы болған екен. Ал бұған қобызшылық өз әкесі Алтынбектен дарыған. 

Ықыластың дарынын көзінің тірісін­-де-ақ халқы қадір тұтты. Ол ел ішінде өте абыройлы, сөзі өтімді, беделді адам болған.

Қобыз күйінің нағыз кемеңгері атанған дархан өнер иесі әулие Қорқыттан қалған мұраны аса мұқият сақтап, одан әрі да­мытты. Ол күйлерді мәңгі өмірдің, тір­ші­лік­тің жыры етіп, Арқа еліне кеңінен на­си­хаттай білген. 

Қалың оқырманға түсінікті болу үшін сәл шегініс жасауға тура келеді. Мына жағ­дайды атап көрсетсем деймін. Ықылас Дүкенұлы туралы баспасөзде алғаш рет қалам тартқан, мәселе көтерген, оның есімін әспеттеп кітапқа жазған данышпан ақынымыз Сәкен болатын. Ықаңды қазақ­тың саз өнерінде өзіндік орны бар, қобыз­шылықтың бірегей тұлғасы, жарық жұл­дызы деп дәріптеп, қалың жұртқа әйгілеген де сол кісі. Оны Қорқыт бабамыздың із­басары деп ұлықтап, бүкіл қазаққа адами болмысын, кереметтей қайталанбас та­лантын, өзіндік қадір-қасиетін түсіндірген де түйсіндірген де Сәкен. Ал біздікі сол ке­меңгердің о баста саралап айтқандарын жаң­ғыртып, қайталау ғана.

Ұлы Сәкеннің айтқандары бүгінгі жас ұрпақтың, теңдесі жоқ қобызшының орын­даушылық шеберлігіне ой жүгіртіп, өзінше пайымдауына септігін тигізеді. Қара сөзбен жазылса да өрнекті өлеңге бергісіз, көңіл құсын жеті қат көкке самғатқан осы таңға­жайып толғаудың авторы Сәкен Сейфул­лин («Тар жол, тайғақ кешу», 458-459 бет­тер) еді. Бұл туралы ол Ықылыстың көзін көр­ген, тәлімін алған талантты шәкірті Та­рақ­ты Ашай Бекмағанбетұлының аузы­нан 1919 жылдың күзінде естіген. 

Сонымен, сөзді енді Ашайдың өзіне бе­релік.

«...Бала күнім еді... Төрт-бес кісі Сәт­байдың қасына еріп, Ықыластың ауылына келдік... Ауылы Шудың бір аралында, қалың, биік дүлей қамыстың арасында отыр екен. Қалың қамыстан ауылы кө­рінбейді. Ықыластың үйі үлкен қоңыр үй екен. Үйге түстік. Ықылас өзі қапсағай, ұзынша бойлы, қараторы, қыр мұрынды, шұңғыл қара көзді, орта ұзынша қара сақалды, сіңір денелі ашаң кісі екен. Сәтбай қол ұстасып амандасты, біз де Ықаңның қолын ұстадық. Біздің кісілер төрге шығып отырды. Мен атқосшы баламын, бәрінен төмен отырдым.

Сәтбай Ықыласпен амандық сұрасып, елдің жай-жапсарын сөйлесіп отыр. Менің қобызға құмар кезім, есіл-дертім – Ықы­ластың қобызы. Көзімді Ықыластан алмай қарап отырмын. Оның қиапаты, түрі маған өзге жұрттан өзгелеу көрінеді... Өзі күл­мейтін адам сияқты. Беті тіпті ашаң, жақ сүйектерінің, маңдай сүйектерінің қырлары білініп тұрады. Қолының саусақтары ұзын, тарамыс-сіңірлі екен. Денесі де тарамыс, қапсағай, ұзынша екен. Біз бар, ауыл кісі­лері бар, үйге бірсыпыра жұрт жиылып отырды. 

Жайласып отырғаннан кейін Сәтбай Ықаңның қобызын сағынғанын айтты. Ықыластың бір ай бұрын бір жақсы баласы қайтыс болған екен. Баласы өлгелі қолына қобыз алмапты.

Ықылас: 

– Бала өлгелі қолыма қобыз ұстаған жоқ едім, алып берші қобызды, мына Сәт­бай «сағындым» деді ғой!.. – деді.

Ықаңның қобызын алып берді. Мен екі көзімді алмай, телміріп қарап отырмын... Ықылас қобызын алып, қылын жөндеп, шайырлап алып, ақырын ырғап сыза бас­тады. Ықаңның ұзын саусақтарының ұшы­нан ыңыранған мұңлы күй сарнай бастады. Қобыздың ыңыранған үнімен бірге менің жүрегім лүпілдей бастады... Ықаңның қо­бызының күйі әуелі ақырын ырғалып, сы­зылып отырып, бірте-бірте күңіреніп кеп, зарлай жөнелді. Еңіреген, күңіренген күй көктен құйылып отырған сияқты болды. Менің жүрегім лүпілдеп, бүкіл жұлыным  шымырлап кетті. Үйде отырған жұрттың бәрі де қатып қалды. Күй еңіреп, сұңқылдап жылаған сияқты болып зарлады. Еңіреп төгілген, еңіреп сызылған күймен бірге адам­ның жүрегі, жүрек-бауыры елжіреп қозғалған сияқты болды. Мен төмен қарап қатып қалған екем. Әлден уақытта есімді жиып алып, көзімнің астымен ақырын қарасам, қобыздың құлағы Ықыластың сүйекті шықшытына қатты жабысып қалған екен. Ықыластың екі қолы қобызды есіп, еңіретіп отыр екен де, еңіреген қобыз күйімен бірге өзінің шұңғыл көзінен жас тарамданып ағып, сақалына тамшылап отыр екен. Менің де жүрегім елжіреп кетті. Сәтбайға қарасам, о да төмен қарап жылап отыр. Ақырын, жағалай өзге жұртқа қара­сам, үйде отырған жұрттың бәрі де ақырын жылап отыр, мен қозғала алмадым. Біраз­дан соң Ықылас өксітіп кеп қобызын тоқ­тат­ты... Бірсыпыраға шейін жұрт есін жия алмай отырды... – деді Ашай.

Ашайдың бұл айтқандарынан қатты әсерленген Сәкен былай депті :

– Ықыластың қобыз сызғанын көр­меген, Ықыластың еңіреген күйін өз сыз­ғанынан естімеген мен де Ашайдың айтуы­ның өзінен өте қатты әсерленіп тыңдап отыр­дым. Менің көз алдыма Шу бойын­дағы, қалың дүлей қамыс ішіндегі төрт-бес үйлі ауылда қобызын сызып, еңіретіп, көзі­нен жасын тарам-тарам қылып, парлатып ағызып отырған Ықыластың суреті келді...

Осындай бір түн. Бетпақтың, Шудың түні. Қанаушылар билеген – патша за­маны...

Үй айнала қалың, биік дүлей қамыстар.Ызыңдап ескен қоңыр жел... биік дүлей қа­мыс қоңыр желмен бірге теңселіп сарнап шулайды. Сылдырап, сыбырлап, сыңсып, сызғырып шулайды дүлей қамыс. Тыста, қара түнде шулаған қамыстың үнімен бірге Ықыластың қобызы да сарнап еңіреп жы­лайды. Түнгі қамыстың шуына, түнгі қо­быздың зарына қосылып, Ықылас та еңі­рейді. Көзінен аққан жас тарам-тарам бо­лып, сақалына тамшылап ағады?... Қан­ды патшаның қанаушыл заманы қара пә­лелі, дүлей қара түн сияқты. Қанаушылар билеген дүлей замандағы терең сырлы күйші еңіремегенде қайтеді!...

Көпке дейін Ықыластың суреті менің көз алдымнан кетпеді...

Менің көз алдымда ескі дүлей за­ма­нын­да еңіреген Ықылас. Қасымда, отбасында, домбыра шертіп отырған батыр Ашай».

Ықыластың қобыз тартқандағы жүрек шымырлатып, жан тебірентетін асқан ше­берлігін Ашай мен Сәкеннің бірінен соң бірі майын тамыза айтқаны кімді болса да рақат сезіміне бөлейді, қайран қалдырады.

...Қобызшының қабірі Бетпақдалаға қарай көктей өтетін Қазықты жолының бой­ында екен. Шу өзені осы тұсқа келген­-де қақ жарыла ағады. Өйткені жолында кескестеген тастақты төбелер бар. Су жа­йыл­мағандықтан, ол Қуарал деп аталады. Соның күнбатыс тұмсығында Кемен деген ескі қорым бар. Бұл Ықаңның ұлы анасы Кеменнің қойылған жері екен. Бұрын мұнда қыстау болған дейді. Ол Сарысу совхозының орталығы Жайлаукөлден кем дегенде екі көштей жерде. 

Біз Ықаңның мүрдесі қойылған қорым­ға 1965 жылы қыркүйектің 25 күні түс қайта барған едік. Қара суық болып, судың беті қабыршақтанып қата бастаған. Аздап жел соғып тұрды. Қасымызда совхоз парт­комының хатшысы Қондыбай Әубәкіров, Райымбек Байжігітов (Ықаңның аталас жа­­қын туысы) және шофер Жарылқап дейтін пысықай жігіт болды. 

Автомашина тоқтасымен Райымбек қарт домалай түсті. Ол жүрелей отырып, жерден топырақ алып, маңдайын сипап тәу етті. Баяғыдан бері келмегеніне кешірім сұранып, қамығып көзіне жас алды. Ол кісі­нің молдалығы бар екен. Мақамдап Құран оқып, бата жасады. Біз де бет сипап, Ықаңның топырағы торқа болсын деп тілек айттық. Бұдан кейін әбден жер болып кеткен қабірге Райымбек қарттың көрсе­туімен тас үйдік. Оны да суретке түсіріп ал­дық. Ықаңның басында өзіміз де суретке түстік. Сөйтіп, көңілді бір демдеп ауылға қайттық.

Рәзия шешейге не тындырғанымызды хабарладым. Ол кісі көзіне жас алып, үлкен тебіреніспен былай деді:

– Қарағым, жақсы іске мұрындық бол­дың. Рақмет, көп жаса! Біздің ағайындар­дың әншейінде күпілдегені болмаса, мұн­дай мұсылмандық шаруаға қыры жоқ қой. Әйтпесе, бұрын іздесе қайда қалды? Талай айттым, әні-міні деп ұмыттырып жібереді. Әлгінде естідім, сен де бізге алыс емес екен­сің, шырағым. Тарақты болсаң, Құдай қос­қан жекжат екенсің. Атамның шешесі, иман­ды болғыр жарықтық енем сендердің апаларың болады. Байғозы батырдың ұр­пағынан. Нағашы жұрты боласың, шыра­ғым. Құдай бекер ойыңа салмаған шығар. Аруақтар желеп-жебеп жүрген адамсың ғой. Саған Алла разы болсын! 

Рәзия шешей мақтан тұта айтқан Та­рақты Байғозы батырдың ұрпағы деп отыр­ғаны – сол кісінің немересі Шәкі. Ол Ықы­ластың анасы екенін бала кезімде әкем Арын Айболатұлынан естіген едім.

Енді Ықыластың шәкірттері туралы бірер сөз. Бұлар – қобызшыдан тікелей тәлім-тәрбие алғандар. Баласы Түсіп­бек, Ашай Бермағанбетұлы, Әбікей Тоқта­мысұлы және Сүгір Әліұлы. Ал ұлы ұстаз­дың өнегесіне сай орындаушылық ше­бер­лігімен көзге түскен нағыз майталман күй­-

ші-қобызшылар Дәулет Мықтыбаев пен Жаппас Қаламбаев Ықаңның ғажайып күйлерін бүгінгі ұрпақтың, тәуелсіз Қазақ елінің рухани игілігіне айналдыруға бүкіл өмірлерін сарп етіп, қыруар іс тындырды.

Қобыз күйлерінің даңқты кемеңгері­нің шығармаларын нотаға түсіруге ең алдымен Дәулет Мықтыбаевтың көп үлес қосқанын ай­туға тиістіміз. Атап көрсетсек, олар «Қам­­бар батыр», «Қорқыт», «Аққу», «Ай­ра­уық­тың ащы күйі», «Жалғыз аяқ», «Жо­лау­шының жолды қоңыры», «Бақсы са­рыны». Сол сияқты Жаппас Қаламбаев – «Жез­киік», «Ерден», «Қасқырдың ұлығанын» және С.Елепанов «Кертолғау» күйлерін нотаға түсірткен. 

Ықыластың сазгерлік табиғатын мұ­-қият зерттеп, солардан симфонияның шалқып, тасып, бұрқанған сарынын сұң­ғылалықпен байқаған еліміздің әйгілі ди­рижері, халық артисі, профессор Алда­бер­ген Мырзабеков «Қазан», «Жезкиік», «Ер­ден» күйлерін оркестрде орындап, өнер­­сүйер қауымның үлкен алғысына ие болды.

Даңқты қобызшының әсте қайталанбас өнерін жалғастырушылар көптеп саналады. Олар Сыматай Үмбетбаев, Базархан Қос­басаров, Әбдіманап Жұмабеков, Раушан Оразбаева, Ықаңның шөберелері – Ақнар, Нұрлан және басқалары. 

Сапардан оралған соң атақты қобызшы туралы көлемді мақала жаздым. Материалда Ықаңа байланысты көрген-білгендердің бәрі қамтылды. Сонымен бірге аудан, об­лыс басшыларына, тіпті республикалық Мә­дениет министрлігіне бірқатар ұсы­ныс­тар айтылды. Ең алдымен Ықаңның жер болып кеткен бейітін қалпына келтіруге, содан соң арнайы зәулім кесене салудың қажеттігіне баса назар аударылды. Бұған қоса абыздың өмір жолын, өнерін жүйелі насихаттау және есімін мәңгі есте қалдыру осы күнге дейін жөнді қолға алынбай кел­генін ескерттім. Мектептерге, музыкалық оқу орындарына оның есімін беру қа­жет­тігін де атап көрсеттім. 

Менің осы материалым атақты өнер иесінің мұрасын жинастыруға және оны қалың көпшілікке насихаттауды жолға қоюға белгілі дәрежеде ықпал жасады десем, артық айтқандық емес. Ол Жамбыл облыстық радиосынан және Қазақ ра­диосынан берілді. Содан соң 1965 жылы 

22 қазанда «Қазақ әдебиеті» газетінде жа­рияланды. 

Ұлы қобызшының мұрасын зерттеп, елге танытуда академик Ахмет Жұбановтың көп еңбек сіңіргені белгілі. Жаңаарқа ауда­нында тұратын Жақсыбай Сүлейменовтың алпысыншы жылдары осы тақырыпты мұ­қият зерделеп қалам тартқанынан хабары­мыз бар. Ол – Ықыластың інісі Жанастың үлкен баласы Ыбырайдың қызы Жұма­күл­ден туған жиені. 

Кезінде мен көтерген Ықыласқа қа­тысты мәселелердің бірқатары араға көп жылдар салып, жүзеге асты деуге болады. Ең алдымен немерелері мен туыстарының арқасында Ықаңның Қуаралдағы жер бо­лып кеткен бейіті қайта қалпына келтірі­­-ліп, аты жазылды. Сарысу ауданының ор­талығы Байқадамдағы музыкалық мек­теп-

ке сол кісінің есімі берілді. Қобызшының суреті де салынды. 1993 жылы ұлы сазгердің 150 жылдық мерекесі бүкіл қазақ елінде үлкен салтанатпен атап өтілді. Сөйтіп, қыл ішектің абызына халқымыз, байтақ да­ла­мыз тағзым етті. Құдіретті қара қобыздың ғажайып та сиқырлы әуенін бүкіл әлем ұйып тыңдап, қошеметпен қол соқты. 

Солай десек те, әттегенайы еселей тү­сетін бір өкініш қатты мазалайды. Сарысу ауданының бұрынғы орталығы Байқа­дам­ның маңында даңқты қобызшыға арнал­-ған кесене деген дақпыртпен жатаған да көріксіз бірдеңе салынды. Бұл көптің кө­ңілінен шықпады. Турасын айтсақ, зәулім де күмбезді құрылыс Шу бойындағы Ықаң жарықтықтың жамбасы тиген, мүрдесі жатқан Қуаралдан бой көтеруі керек. Қазір қобызшыға шығыс үлгісімен күмбезді ке­сене салудың қажеттігі туып отыр. Олай дей­тініміз, Ықаңның басына 1974 жылы қайта салынған мазар осы күнде ескірген. Әрі бұл әлемдік даңққа бөленген, теңдесі жоқ ұлы адамға лайық емес, мүлде жұпыны. 

Тек бұл емес. Тараз қаласындағы бұ­рынғы химиктер сарайының алдына қой­ыл­ған Ықыластың қола мүсіні оған лайық емес. Сәулетші Т.Көлжігітов діттеген мақ­сатқа жете алмаған. Ескерткіштің тұғыры төмен, әрі жұрт түсінбейтін бұжыр-бұжыр детальдарға айналып кеткен. Ұлы тұлғаның бейнесі өз дәрежесінде айшықталмаған. Біздің негізгі айтпағымыз – химиктердің сарайына қыл қобыздың киесі атанған Ықылас Дүкенұлының есімі берілсін деген көптің ізгі тілегі еді. Алайда облыстық мә­де­ниет басқармасы әлі күнге үнсіз отыр. 

Ықыласты сіңірі шыққан кедей еді деп қасақана кемсітуге үзілді-кесілді тыйым салу керек. Мұны қайталай беретін көбіне І.Жақанов. Ықаңның 1884 жылы қажы­лыққа барғанын, әулетінің үлкен-кішісі оған құрметпен тағзым етіп әжіата дейтінін ол білмей ме? Баласы Түсіпбектің 1928 жы­лы ірі байлардың қатарында тәркіленіп, Оралға жер аударғаны белгілі. Егер әкесі бай адам болмаса, оған мыңғырған мал қайдан біткен? 

Жуырда Жақсыбай Сүлейменов маған факспен жолдаған хатында Ықаң қайтыс болғанда айтылған ұзақ жоқтаудың бір үзін­дісін жазып жіберіпті. Ол мынау:

– «Жанкісі, Тыныс едік бірге туған,

Арқада кіндік кесіп, кірін жуған.

Қобыз тартып, ән айтып думандаттық,

Орала ма сол күндер сауық құрған?

Айырылып әжіатадан болдық ғаріп,

Қайғырып аза тұтып естен танып.

Аспанда шалқыр ма енді қобыз үні,

Сарнатып ел тағдырын мұңға салып.

Әжіатаны қазағым құрметтеген,

Сексен аса ажалға ол беттеген.

Бәріңе айтылатын аманат бұл,

Дұға оқыңдар әулиеге шын ниетпен.

Ендігі сөз Ықаңның қасиетті қо­бызы­ның қайда екендігі туралы. Ұлы сазгердің Алаш жұртына мұра болып қалған бірден- бір жәдігері – қасиетті қобыздың қазіргі сақталу жайы жұртшылықты алаңдатып отыр. Олай дейтініміз, ешкімнің қолы жетпейтіндей тәбәрік саналатын, құнды­лығын алтынмен де өлшеуге болмайтын жалғыз музыкалық аспап мәдениет бас­қармасының бұрынғы басшысы  Ә.Әмзеев­тің «делдалдығымен» үш бөлмелі үйге айыр­басталып кетіпті. Бұл жәдігердің тұ­ратын жері берісі – Алматыдағы Ықылас Дүкенұлы атындағы музыкалық аспап­тар мұражайы, әрісі – Елбасының Мәдени орталығы деп білеміз. Егер ол Астанада сақталатын болса тек өз еліміз емес, шетел­дерден сапырылысып келіп жатқан мәртебесі биік, сыйлы қонақтардың да көзайымы болары сөзсіз. 

Ықылас Дүкенұлының туған жылы сол бұрынғысынша қате жазылып жүр. Соған тікелей жауап беретін еліміздің Мәдениет министрлігіндегі басшылар Қазақ Совет энциклопедиясындағы (1978 жылы жарық көрген) Ықылас Дүкенұлы­ның туған жылы 1843 деген жаңсақ жа­зылған цифрға тісті бақаша жармасып, айырылғысы келмейді. Осының салдары­нан ол кісінің 150 жылдық мерейтойы 1993 жы­лы 9 жыл кейін тойлан­ғаны белгілі. 

Егер салбөкселікке салынбай, шын­дық­қа жүгінетін болсақ, былай. Біз мақала­мыздың бас жағында жаңаарқалық Жақ­сыбай Сүлейменовтің Ықаңның твор-

чествосын көптен зерттеуші екенін айтқан болатынбыз. Ол Қарағанды облысындағы аудандық «Жаңа Арқа» газетінде 1964 жылдың 2-7 шілдедегі сандарында «Талант тарихы» айдарымен берілген «Ықылас Дү­кенов» деген көлемді зерттеу мақаласында былай деп жазды: 

– Қобызшы-композитор Ықылас Дү­кенұлы 1834 жылы қазіргі Қарағанды об­лысы Жаңаарқа ауданы Жеңіс совхозын­да Қамысмола деген жерде туған. Оған дәлел, 1916 жылы Ықылас дүние салғанда Құдай­бергенұлы Бұралқы 39 жаста екен. Ықы­ластың шәкірті болған сол кісі тірі, 87-ге келген қарт. Қазір ол Жеңіс совхозында тұ­рады. Ықылас жарықтық 82 жасында бақилық болғанда, Бұрекең соның басы-қасында болған. 

Жақаңның мұнысы ақиқат екені сөзсіз. Өйткені Рәзия шешей атасының 80 жастан асқанда дүние салғанын маған да айтқан болатын. 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мы­нау. Ықаңның туған жылының ұзақ мерзім бойы қате жазылып келгенін түзетіп, оны 1834 жыл деп нақтылау керек.

Сағат АРЫНҰЛЫ

http://aikyn.kz/articles/view/54778 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?