Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Халықтық мал емдеудің қауқары қандай болған?

3764
Халықтық мал емдеудің қауқары қандай болған?  - e-history.kz
Қазақ халқы ежелден түрлі ауру-дерттерді табиғи жолмен емдеудің сан мыңдаған әдіс-тәсілін білген. Қазіргі жаһандану заманында технологияға қарық болғанымызбен бұндай игілікті істі ұмытпаған жөн

Қазақтар мал ауруларын, жұқпалы, жұқпасыз деп екіге бөледі. Жұқпаларын індет, құрт,тері аурулары деп топтайды. «Жаратқанды ұмытып, оның кәріне ұшыраған кезде індет өршиді және оны тіссіз, шашы дудыраған «қаскөй» мыстан әкеледі» деп есептеген. Қазақ даласында көрсететін қағыну, улану сипатымен білінетін топалаң індетін жылқыда – жамандат, түйеде – қарабез, ақшелек, сиырда – қара талақ, ешкіде – шек-шек, адамда – күйдіргі, түйнеме деп атаған. В.В. Лавровтың бақылауынша індеттің жіті жүретін (апоплексиялық) ішкі түрін қазақтар «жамандат» түйір бүдірлер мен ісік шығаратын «қарақарын», алқым, ұма тұсына ісік түрінде тарайтын түрін «тегене» деп ажыратқан. Оған қарсы қазақтар ісікті тіліп ыстық темірмен түйреп тұз себеді, ақжұмыр және уқорғасын тамырының тосабымен тамырымен жуып,күміспен күйдіріп құрбақа тартады. Асқынған жарасына сақар мен бұйырғының үйіндісін себеді, тері астына апиын, тотияйын, алмас түйірін аз уақыт салып қойған.

Малдың жұқпасыз ауруларын қазақтардың бас, ішек-қарын немесе «өлі тию», бауыр, ішкі аурулар, өкпе, сирақ-тұяқ аурулары, сынақ және жарақаттар, құтпан, төл, саулық аурулары деп шартты түрде бөлуі – жіті эмпирикаға негізделген, ауру сипатына емдеу ерекшеліктеріне байланысты.

Жұт жылдары жем-шөп жетімсіздігінен жиі өршитін түйнек, талақ, шеміршек, тышқаншық, қата (төлде – қоя) қатарлы ауруларды емдеудің жолдары ұқсас: малдың құлақ пен құйрық ұшын түйреп, қан ағызған соң атты сауырына дейін келетін суға тұрғызады. Одан соң желе жортып босандырады да, тік ішегінен май немесе сабынды су құяды, екі бүйіріне шым қыздырып басып, «бұлау» жасайды. Малда қара өпке, ала өкпе, боз өкпе, тас өкпе, қызақ, өкпеқұрт т.б. ауру түрлері жиі кездеседі. Мұндай ауру малға алтын мен мүсәтірді суға езіп, оған жаңғақтай бұқар апиынын араластырып ішкізген. Қараандыз тамырының 1\8 сиыр сүтімен немесе тоң май, сары майға араластырып 2-3 күн қатарынан береді, бірнеше тамырдан қан алады.

Қазақ емшілігінде қолданылатын дәрі-дәрмектердің дайындалу жолы әртүрлі. Өсімдіктің гүлдеу, ұрық шашу, өсіп-өну,қурау мерзімін жіті қадағалап, кәдеге жарайтын кезінде жинап, кептіріп, өндеп,дәрі дайындайды. Ішек құрттары мен жұқпасыз сырқаттарына қарсы қолданатын «оқ» дәріні кебекке илесе, қотыр мен тері ауруларына қарсы қолданылатын өсімдектерді суалғанша қайнатып, майға араластырып шылама дәрі жасайды немесе тұнба қайнатынды жасайды. Малдың бит,бүрге кенелеріне қарсы қолданылатын күшті, улы өсімдіктерді келіге түйіп талқандап, ұнтақ шығарады.

Рауғаш үгіндісін, мия тамырын сулы жараға себеді, шегіршінді жылан шаққанға, андыз тамырын жылқыға «өлі» тигенде шырғанақты жылқының маңқа, сақауына қарсы қолданады. Мал емдеуде қазақтар хайуанаттар мен жәндіктерден алынатын өнімдерді кең пайдаланады: алакүліктітүйені семіртуге, шылаушын құртын жылқыны жаратуға, шегірткені үсік жарасына пайдаланған, көз ауруларын емдеуге бөдене жұмыртқасын, тышқанқорыққа қарсы үкі етін қолданады. Желінсау болған саулықтың желініне тірі сарышұнақты тартады, жылқы майын бүйі шаққанға, терісін сыздауыққа, құйрығын күйдіріп пішпе жарасының қанын тоқтатуға қолданған. Уланған, өкпесі ауырған малға қанды жылыдай ішкізеді.

Малды емдеумен шұғылданатын мамандарды оташы, сынықшы, дәрігер, тартқыш, емсек, (арнайы кәсіп етпеген, бірақ мал емдеуде машығы бар) деп жіктеген.

Ал оташыларды машығына қарай тартқыш, кесікші, піспеші,оташы, қаншы,тамыршы, сынықшы деген дәрежелерге бөледі. Олар оташылықтың жару, ақсита тілу,тесу, (тесудің бұрғылау,жонып тесу, пышақ ұшымен бұрап тесу т.б. түрін ажыратады) және басқадай түрін жасайды. Күрделі операциялар қатарына құйқа теріні сыдырып алу, терісін жапсырудан бастап кеңірдекті тесу сияқты ауыр түрлерін атқара беретін кәсіби оташылар болған. Оташы аспаптары – қандауыр, үскібіз, кездік, пышақ, жыланбауыр кездік, қуысқұлақ және мал пішуде кең қолданатын аспаптар – сорғыш, мүйізтүтік, қуыс жез түтік, орауыш, жанама ағаш таяқ, т.б. Бұған қоса көрікті ішектегі буынтықтанған түйіндерді шешуге, өкпеге күшала түтінін үрлеуге қолданады.

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111) 
 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?