«Астана Опера» театры Жеңістің 70 жылдығына орай «Барлық заманға сай классика» атты қайырымдылық концерттер топтамасын өткізеді. Музыкалық жобаның алғашқы шарасы 30 қаңтарда «Астана» ұлттық сурет галереясының залында өтеді, деп хабарлайды «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі.
«Жыл бойы 12 концерт өткізу жоспарланған. Басты мақсаты — соғыс ардагерлеріне, тылда еңбеккерлеріне және басқа да осы қуанышқа бізбен ортақтасатын жандарға классикалық өнердің нәрін сусындауға мүмкіндік беру», — дейді «Астана Опера» театрының музыкалық жетекшісі Абзал Мұхитдинов.
Концерт бағдарламасында В.А. Моцарттың шығармаларынан оркестрге, скрипкаға және альтқа арналған ми-бемоль мажор концерттік симфониясы, сондай-ақ, ариялар, дуэттер, қазақ, орыс және батыс еуропалық композиторлардың операларынан көріністер бар.
Бүгін «Астана» ұлттық сурет галереясының залында алғашқы мерекелік концерт болады. Концерт кешкі сағат 19.00-де басталады, кіру тегін.