Әділ Ахметов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері | Елбасының әр жылғы Жолдауы — тарихи құжат. Қайсысын алып қарасаңыз да стратегиялық маңыздылығы мен белгілі бір мерзімде нақты міндеттер мен мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуге бағытталғанын көреміз. Биылғы Жолдау да осы тұрғыдан сипатталған: бәрімізді «Нұрлы жолға» жұмылдырып отыр. Міне, жасампаздыққа жетелеген осы «Нұрлы жол» табыстарымызға ұйтқы болып, еліміздің еңсесін биіктетіп, ғаламдық өркениет өрісіне шығармақ. Ұлт көшбасшысы: қайнаған тіршіліктің бәрі елдің күре жолына қатысты екенін баса айтты. Өйткені жолдардың дамуы тіршілікпен тығыз, тікелей байланысты: бәсекелестік кеңістікте жолдары дамыған ел ғана алдыңғы орынға шығатынына көзіміз жетті. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бip-бipiмeнсауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтады. Ел ішінен тың нарықтар ашады. Осылай, алысты жақын ету — бүгінгі Жолдаудың ең басты түйіні болмақ». Елбасы Н.Ә Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн. Оған барар жол халық даналығының негізінде жатыр», деген еді. Былтырғы Қазақстан халқына бағыттаған Жолдауында ежелгі ата-бабаларымыздың — түркілердің Мәңгілік ел идеясын — Қазақ елінің ұлттық идеясы ретінде жариялады. Енді міне Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол» атты дәстүрлі Жолдауын жолдап отыр. «Нұрлы жол» — барша қазақстандықтардың өміріне, болашағына қатысты құжат. Ертеңгі бағытын, жүретін жолын, өсу жолындағы мұратын анық білген елдердің қандай жеңістерге жеткенін тарихтан білеміз. Біздің еліміз тәуелсіздігіне енді қол жеткізіп жатқанда алдағы 30 жылын ойласа, енді жүрісін дұрыстап, тынысын жөндеп алғанда «Нұрлы жол» деген мұратты алға қойды. Нұрлы жол деген халықтың жағдайы, Нұрлы жол деген елдің өрлеуі, Нұрлы жол деген Нұрлы жарқын өмір. Елбасымыз халыққа Жолдауында: «Біз Жалпыұлттық идеямыз — Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Mәңгілік Ел — елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан 2050» стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа Қазақстандық Патриотизм дегеніміздің өзі — Мәңгілік Ел! Ол — барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы», — деген тұжырым жасады. Мәңгілік Ел болу мәселесі және Нұрлы жолда атқарылуға тиісті іс-шаралардың бәрі-де ең әуелі халқымыздың санасына терең сіңірілуі керек. Сонда әркімнің мемлекет алдындағы, өз ұлтының алдындағы жауапкершілігі-де арта түседі. Елбасы «2015 жыл — ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Осынау тарихи белестер Жаңа Қазақстандық Патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие. Біз 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияладық. Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы ең басты назарда» деді. Сондай-ақ Елбасының «Нұрлы жол — Болашаққа бағыт» атты Жолдауындағы жастарға арналған негізгі үш бағытқа тоқтала кеткім келеді. Бірінші — білім мәселесі. Елбасының білім саласына қыруар қаражаттың бөлінетінін және еліміздің беделді 10 ЖОО әлемдік стандартқа сай етіп жасақталатынын мәлім ету біздің дамыған ел болуға бағыт алғанымызды көрсетеді. Бүгінде дамыған елдердің барлығы осы білім саласына ұдайы инвестиция құйып келеді, өйткені білімге инвестиция құйған ел ешқашан ұтылмайды: нәтижесінде, табиғи байлықсыз-ақ, олар өздерін әлемдік сахнада экономикасы жетілген, табысты мемлекеттер ретінде танытуда. Екінші, 2015 жылдан бастап жас отбасыларға бастапқы жарнасыз және төмен пайыздық көрсеткіште үйлер салуға 180 миллиард теңге қаражат бөлінетінін жеткізді. Еліміздегі жалпы жас отбасылардың сексен пайызға жуығында жеке пәтер жоқтығын ескерсек, Елбасы, Н.Ә.Назарбаев жастарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесін дөп басып айтты. Үшінші — ұлт аралық достық. Еліміздің бүгінгі әлемге үлгі болар тұсы бұл — ұлттар арасындағы татулық, осы жағдайларды жастарға ұғындыру керек екені айтылды. Осы орайда айта кеткен жөн, 2013 жылы 28 маусымда Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы ашылды. Басты міндеті — Қазақстан халқы Ассамблеясының тәжірибесі мен елдегі ұлтаралық татулық негізін сараптамалық бірлестіктер мен ғылыми құры¬лымдарды қалыптастыру арқылы іргелі зерттеуді жүзеге асыру, әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени үдерістер тұрғысында этносаясат мәселелеріне байланысты жүйелі зерттелген тұжырым қалыптастыру, этносаяси зерттеулерді әлемдік тәжірибемен салыстыра отырып зерделеу, дамыту. Әлемді мойындатқан ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімнің қазақстандық үлгісі жетекші жоғары оқу орнында ғылыми-сараптамалық тұрғыда зерттеле бастады. Кафедраға Парламент Сенатының депутаты Анатолий Башмаков жетекшілік етеді. Университетіміздегі толеранттылық пен этносаралық үйлесімділік жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасы да (меңгерушісі «Мир» телеарнасының бастауында тұрған қайраткер, журналист Ғаділбек Шалахметов) «Нұрлы жол» бағдарын салаландыруға қызмет етеді деп ойлаймыз. Халық «Бірлік бар жерде тірлік бар» дейді. Елбасымыздың елімізді жауапкершілікке шақыра отырып, жаңа бастама — нұрлы жолымызды қуаттандырғаны мемлекетімізді баянды белестерге бастайды деп сенеміз. |
ҚР Президент Жолдауы. Ә. Ахметов — сараптамалық пікір
14.11.2014
1346
«Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Н.Ә. Назарбаев ел халқына кезекті «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты жолдауын жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыруға шақырды.