Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Олжас Сүлейменов «Халықтардың ұлы қоныс аударуының» атласын жасауды ұсынды

1637
Олжас Сүлейменов «Халықтардың ұлы қоныс аударуының» атласын жасауды ұсынды  - e-history.kz
ҚР Ұлттық музейінің бастамасымен «Қазақстан: ежелгі мәдениеттер тоғысы» атты дөңгелек үстелдің кеңейтілген отырысы өтті.

Қазақстанның бастамасымен қолға алынған «Халықтардың ұлы қоныс аударуы» жобасы БҰҰ жариялаған Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы (2013–2022 жж.) және ЮНЕСКО-ның Іс-қимыл-жоспары аясында жүзеге асты. Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың ұсынысымен БҰҰ жариялаған «Онжылдық» сәтті өткен Мәдениеттерді жақындастыру жылының жалғасы іспеттес болды.

Қатысушыларға арнаған алғысөзінде ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Марат Әзілханов: «Халықтардың ұлы қоныс аударуы» жаһандық жобасы жүзеге асырылғаннан бері Қазақстанның ЮНЕСКО — дағы елшісі Олжас Омарұлының бастамасымен 4 халықаралық конференция өтті. Бұл басқосулар адамзат тарихын зерттеуге өлшеусіз үлес қосты. Еуразияның кіндігінде орналасқан Қазақстан өркениеттер қиылысында, көлік күретамырында, Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің экономикалық, әлеуметтік және мәдени байланыстарының сонымен қатар Еуразия континентіндегі ірі мемлекеттер арасында болды. Бүгінде біз ата-бабаларымыздың дәстүрін жалғастырып, мәдениетаралық, өркениетаралық сұхбаттарға дәнекер болып отырмыз. Бұған бүгін ұйымдастырылып отырған шара дәлел», — деді.8853aaab1e7150cf8c6e74ee1f46df56.jpg

Шараның құрметті қонағы, көрнекті қоғам қайраткері, ақын, дипломат Олжас Сүлейменов Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбайға халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының 25 жылдығына арналған мерейтойлық медаль мен Ю. Куйдиннің «Ядерная трагедия Казахстана» атты кітабын сыйға тартып, жоба туралы баяндады.

«Халықтардың ұлы қоныс аударуы» жаһандық жобасы аясында біз осыдан 150 мың жыл бұрын Африкадан шыққан халықтардың жер бетіне қоныстануын зерттеп жатырмыз. Арғы тарихты зерделегенде ғана біз ұлттық тарихымызды түгендеп, халықтардың қайдан пайда болғанын, айырылысқанын, кездескенін, соғысқанын, татуласқанын біле аламыз. Міне, бұл — тамаша тарих. Осы тарих Ұлттық музейдің экспозицияларында оның сапасын арттырып, мазмұнын байытып тұруы тиіс», — деді ол.

Жиынды жүргізген Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай Қазақстанның бастамасымен қолға алынған «Халықтардың ұлы қоныс аударуы» жобасы БҰҰ жариялаған Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы және ЮНЕСКО-ның Іс-қимыл-жоспары аясында жүзеге асып отырғанын атап көрсетіп, жиналғандарға адамзаттың жер планетасына орналасу үдерісі мен тарихы, халықтар мен тайпалардың географиялық шығу тегі сонымен қатар өркениеттер мен мәдениеттер және діндер арасындағы сұхбаттың нығаюы сынды мәселелерді талқылауды ұсынды.

d06b15e08414fffae2791ec79644fd21.jpg

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор, ҚР Ұлттық музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Жәкен Таймағамбетов «Қазақстан — Еуразияның ежелгі мәдениетінің ошақтарының бірі» деген тақырыпта баяндама жасады.

«Бүгінгі таңда ғылымда адамның пайда болуы мен қоныстануы тақырыбы қызу талқыланып жатыр. Алғаш рет бұл тақырыпты мамандарды тарта отырып, ғаламдық деңгейде Олжас Омарұлы көтерді. Қазіргі уақытта Дарвин теориясы назардан тыс қалып жатыр. Бірнеше гипотез бар. Қазір адамның пайда болуына қатысты африкалық теория басымдыққа ие», — деді ол.

Осы отырыста Халықаралық Түркі академиясы Тіл, әдебиет және терминология орталығының жетекшісі, ф.ғ.д., профессор Әділ Ахметов, «Ұлы қоныс аудару: Алтайдан Америкаға дейін», Шығыстану институтының директоры, ф.ғ.д., Әбсаттар Дербісәлі «Ұлы көші-қондағы Орта Азия халықтарының рөлі», ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор Карл Байпақов «Ежелгі және ортағасыр дәуіріндегі Түрк тайпаларының қоныс аударуы» деген тақырыптарда баяндама жасады. Жарыссөзде Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің ректоры Уәлихан Әбдібеков пен ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., антрополог Оразақ Смағұлов пікір білдірді.

«Халықтардың ұлы қоныс аударулары» жобасы — біздің тарихымызға дейінгі дәуірден және ежелгі тарихымыздан бастап бірнеше кезеңде жүзеге асырылуда. Жобаның басты мақсаты — барлық халықтардың ортақ «бесіктен» шыққанын және аумақтарға қоныстануын көрсету.

«Халықтардың алғашқы ұлы қоныс аударуы» тақырыбындағы тұңғыш конференция 2008 жылы 17–19 маусым аралығында ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде өтті. Екінші конференция 2011 жылы Нью-Йорктегі Колумбия университетінде болды. Мұнда «Колумбқа дейінгі Америкаға қоныстану» деген тақырып талқыланды. «Халықтардың ұлы қоныс аударуы: біздің жыл санауымызға дейін Оңтүстік-Шығыс Азия мен Таяу Шығыстың қоныстануы» деген тақырыптағы үшінші халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ЮНЕСКО жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілдігінің ұйымдастырумен 2013 жылдың желтоқсанында Ханьянг университетінде (Сеул, Корея Республикасы) өтті. «Халықтардың ұлы қоныс аударуы: Еуропаға қоныстану» атты төртінші конференция 2014 жылы желтоқсан айында Гранада университетінде (Испания) ұйымдастырылды. Гранададағы конференция «Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығын» өткізу жөніндегі ЮНЕСКО-ның Іс-қимыл жоспарын жүзеге асырудың бір бөлшегіне айналды.


Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?