Тамыры тарихымызға терең бойлаған Наурыз мейрамын бүгінде тек қазақ халқы ғана емес, елімізді мекендеген түрлі этнос өкілдері асыға күтеді. Наурыз — береке-бірліктің, ырыс-ынтымақ пен өзара құрмет-қошеметтің мерекесі. Бұл күннің өзіне тән әдет ғұрыптары мен жөн-жоралғылары бабадан балаға мұра болып қалып, кәрі-жастың барлығын қуанышқа бөлеген.
Жаңа кезеңді кіршіксіз таза көңілмен бастау үшін қатты ренжісіп ат құйрығын кесіп кеткен адамдар қайта табысады. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін бір-біріне ыстық ықылас танытып, жүрекжарды тілектерін арнайды. Мұны халқымыз «Наурыз-тілек» дейді.
Ұлыстың ұлы күнінде қыз-жігіттер басқосып, «Ұйқыашар» рәсімін өткізген. Бойжеткендер бозбалаларға ет пен уыздан дайындалған тағам ұсынып, ілтипат көрсетеді. «Ұйқыашардан» дәм татқан жігіттердің бойын сергектік билеп, бойына қуат біткен деседі. Ал, қыз-келіншектер көктемнің гүліндей құлпырып жүрсін деген ниетпен ер азаматтар нәзік жандыларға сырға, сақина, тарақ, айна секілді әдемі бұйымдар тату етеді. Оны халық «Селтеткізер» деп атайды.
Кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсетуге баулып отыратын дәстүрімізде «Белкөтерер» деген рәсім бар: Наурыз күні қарттарға ең дәмді жылы-жұмсақ тағамдар ұсынылып, ерекше құрмет көрсетіледі. Бұған разы болған қариялар жастарға ақ батасын арнап, алғыс айтады.
Наурыздың салт-дәстүрлері туралы айта отырып, «Наурыз көжені» де айналып өте алмаймыз. Жеті түрлі дәннен дайындалатын бұл тағамнан тойып ішкен адамның ырыс-дәулеті артып, жыл бойы тоқ жүреді деп саналады. Көжеге қосылған айран мен құрт оған ерекше дәм беріп қана қоймай, ақ мол болсын деген тілекті білдіреді. Дәрумендер мен микроэлементтерге толы арпа, бидай, жүгері, сұлы және тағы басқа дәнді-дақылдар адам ағзасына күш-қуат беріп, көктемгі әлсіреу мен маужыраудың алдын-алады.
Табиғаттың жаңа тынысына ден қойған халқымыз «Наурызек» құсының ұшып келуін, «Наурызшешек» гүлінің бүршік жаруын және «Наурызша» деп аталатын жұп-жұқа қиыршық қардың түсуін асыға күтіп, оларды бірінші байқағандар «Сүйінші» сұрасады. Бұл қылышын сүйреткен қатал қыстың артта қалғанын білдіретін қуанышты белгілер.
Наурыз мерекесіне қатысты осындай игі салт-дәстүрлер мен жөн-жоралғыларға қоса Наурыз тойында «Алтыбақан тебу», «Көкпар тарту», «Қыз қуу», «Қыз бен жігіт айтысы» және тағы басқа ойын-сауықтар ұйымдастырылады.
Гүлжанат ӘБДІМОМЫНОВА