Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Репрессия жылдары: Қарлаг лагерінен арнайы репортаж

2960
Репрессия жылдары: Қарлаг лагерінен арнайы репортаж - e-history.kz
Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұтқындардың тағдырын трагедияға айналдырған Қарлаг лагерінен арнайы жасаған фоторепортажымызды оқырмандарымыздың назарына ұсынамыз

Біз Қарағандыдан 45 шақырым қашықтықта орналасқан Долинка ауылында омыртқаны опырған отызыншы жылдардың озбыр саясатынан сыр шертетін Қарлаг лагеріне арнайы ат басын тіредік.

7bc9394a11fe98da2a9bda1efb7c24d1.jpg

Бұрынғы Қарлаг лагері, музей

Лагерь қабырғасында орналасқан музейдің табалдырығын аттағанда, мұнда қойылған мұңды әуен мен зарлы күйден көңіліміз бірден құлазып салды. Ашаршылықтың ащы ақтаңдақтарын аңғартқан адамдардың фотосуреттері, қиянат-қысым көрген тұтқындардың томаға-тұйық бейнелері, жазықсыз жазалаулар, күштеп қоныс аударылған халықтың күрсіне күңіренген кейіптері, зындандағы зорлық-зомбылықтар жүрекке зіл салып, көңілге кірбің ұялатты. 

c0ed7821260e9541b83d915081d4612e.jpg

Тұтқын

b4f03fd3064f37436c09edc70d01cef1.jpg

Балаларын жоқтаған аналар

Экскурсия жүргізушінің әңгімесіне еріксіз құлақ асып, тылсымға толы тарихымызға терең бойладық. Музейде әр жылдары қанша адам Қарлагқа қамаққа алынғанын көрсететін схема бар. Онда 1931 жыл мен 1959 жыл аралығында тұтқынға түскендердің саны көрсетілген. 1950 жылы репрессия шырқау шегіне жетіп, 65 763 адам абақтыға қамалды. Сталин қартайған шағында өлімнен қорыққаны соншалық, айналасындағылардың барлығынан күдіктене бастаған еді… 

22bcea693329cbe16866215b4eb90db7.jpg

Өлім жазасына кесілген адам

b5377b1031b672fb46f7147ce47d6cf1.jpg

«Қызыл қырғынның» құрбандары

Музей қызметкері өз экскурсиясын арандатушылық және контрреволюциямен күрес комиссиясының сол замандағы атақты басшысы Феликс Железныйдың (Феликс Эдмундович Дзержинский) сөздерінен бастады: «Был бы человек, статью всегда подберем» – «Адам табылса, айып та табылады», «Если вы не сидите в лагерях, то это не означает, что вы законопослушный гражданин. Это означает, что это наша недоработка» — «Егер сіз лагерьде отырмасаңыз, бұл сіздің заңға бағынатын азамат екеніңіздің белгісі емес. Бұл – біздің жұмысымызға салғырт қарағанымыздың белгісі». 

27456b10669d9c746037ed292c6381c1.jpg

ffb174fd52024a7dad00921ccb4d5dca.jpg

e2db8bb42cf6a445f8aea11f1222267f.jpg

Сотталған әйелдер

Ал, «Кровавый карлик» деген атпен белгілі Ежовтың қолынан бір миллионнан астам адам ату жазасына ұшыраған екен. Қарлаг лагерінің қаныпезер қызметкерінің тағы бірі Абакумов тұтқындарға жәбір көрсетудің жаңа түрлерін ойлап тауып, өлім жазасына кесуге белсене атсалысқан. «Біреуге ор қазба, өзің түсесің» демекші, ақыр аяғында Абакумов та та сотталады. Сталинге жазған хатында өзі ойлап тапқан қиянат-қысымдардың құрбаны болғанын айтып, ашына арызданған. 

f2800afd599e446bfb22435b5c2f79f1.jpg

Қарлаг «қандықолы»


– Кейбір журналистер Қарлагтағы зорлық-зомбылықты жоққа шығарады, алайда лагерьдің жертөлелері мен карцерлер орналасқан бұрынғы барақтар шындықтың шыбын жанын шырқырата дәлелдейді, – деген музей қызметкері бізді лагерьдің жертөлесіне шақырды.

98915f364daaf2ac75ddcc2912c53203.jpg

Зынданы бар камера

e4829fc471e1bcfb25295f064ee30db2.jpg

Карцерге түскен «қылмыскер»

Мұндағы карцерге қамалғандарды 6 сағат бойы тікесінен тік тұруға мәжбүрлеген. Қандай да бір артық қимыл жасаса, қарауылдың қаһарына ұшырап, соққыға жығылған. Карцерде әбден әлсіреген тұтқындар көбіне камераға әкелінген соң жан тапсырған. Алайда, қасында отырған қамақтағылар оның өлімін соңына дейін жасырып, бір адамға арналған 250 грамм нанды артық алатын еді. 

Құдайға сенетіндер крест, иконка тағы басқа діни атрибуттарын тығып ұстаған. Атеист емес екені анықталса, бірден ату жазасына кесілген. Тағы бір айта кететін жәйт, өлімге бұйырылғандар сол күннен қалмай атылуға тиіс-тін. Келесі күнге қалдыру немесе мәселесін қайта қарау деген мүлде болмаған. 

b919711c69631196d9b694469e69e3da.jpg

Қорлау камерасы

«Отанына опасыздық жасады» деген айыппен тұтқындалған «халық жауларының» әйелдерінің ахуалы тіпті ауыр болды. Оларды Ақмоладағы Карлагқа қарасты атышулы АЛЖИР-де қамап ұстады.  Жаңа туылған сәбилерді арнайы бөлімге аналарынан ажыратып алып кетіп, үш-ақ мезгіл тамақтандыруға рұқсат берді. Өз күндерін әрең көріп жүрген әйелдерде сүт қайдан болсын. Бала өлімі өршіп тұрды. Әйелдердің бар кінәсі – кезінде күйеулерінің «қылмысын» жасырғаны. Олар өз балаларының жағдайын ойлап, біраз толқулар ұйымдастырды. Әйелдерді сабасына түсіру үшін, түрме әкімшілігі өсіп қалған балаларға «мама, менде бәрі жақсы» деген мәтіндегі хаттар жазуға мәжбүрледі. Алайда, жоғарыда айтып өткеніміздей, балалар арасында өлім-жітім көп болды. Лагерьдің маңында орналасқан «Мамочкино кладбище» деген атпен белгілі қабірлер аналардың зарлы жасына толды.

fdc26a9338cc67c32e79348535302020.jpg

Әбден шаршап-қажыған тұтқындар

Сондай-ақ, Жезқазған және әскери тұтқындарға арналған Спасск лагері де Қарлагтың аумағына енді. Лагерь тұтқындарын тегін жұмыс күші ретінде пайдаланған. Олар 250 грамм нан мен бір стақан су үшін 12-14 сағат бойы шахталар мен алқаптарда тапжылмай еңбек еткен. Арықтарды қолдан қазып жүріп, суық тигізіп қаза тапқандардың санында шек болмады. Қарсы шыққан бір топ жұмысшының наразылығын түрме әкімшілігі танкпен таптап өтіп, көтерілісшілерді басып жаншыған оқиға тарихқа қанмен жазылып қалды.

93e54a8616755af7509307922a5d67dd.jpg

Өліктерді шығаратын зембіл

Мұражайда Қарлагтағы ауылшаруашылыққа арналған бөлме бар. Мұнда Евгении Афанасьевич Тобольцевтің ағаш өңдеу станогы көрмеге қойылған екен. Қазақстанға 1931 жылы депортацияланған тұтқын бұл құрылғыны өз қолымен құрастырған. Үстелдер, есік тұтқаларын, гардиндер жасап, нәпақа нанын тауып отырған.

94515c78503d3dca8f6babf2fff344d8.jpg

Евгении Афанасьевич Тобольцевтің ағаш өңдеу станогы

Лагерьде отырғандардың көбі көзі ашық, көкірегі ояу ғалымдар болғандықтан, ауылшаруышылығының дамуына зор үлес қосқан. Мәселен, Қарлаг тұтқыны Анна Ланина лагерьде отырып-ақ будандастыру тәсілдері арқылы тәулігіне 40 литр сүт беретін қазақтың ақбас сиырын шығарды. Ғылыми жетістігі үшін Берий сыйлығымен марапатталғанымен, өз «жазасын» аяғына дейін өтеп, қамаудан ерте босатылмады.

Қарлаг аймағындағы «Гигант» совхозын көтеру мақсатында КСРО-ның ең көрнекті ғалымдарын, профессорлары мен академиктерін Қарлагқа жинады. Мұнда 5000-ға жуық жаңа бидай сорты шығарылды, ол бүгінгі күнге дейін шет елдерде-де үлкен сұранысқа ие. Осы бидайлардан өндірілген ұн сорттары аязға төзімділігімен жоғары бағаланды. Тұтқындардың бірі Чижевский тұмау мен туберкулез ауруларын емдейтін арнайы электр шамын ойлап тапты. Чижевкий лампасын әлі күнге дейін дәріханалардан сатып алуға болады. Жан-жақты өнер иесі Чижевский сурет салып, өлең жазған екен. Оның жұмыстары музейдің бағалы жәдігерлерінің қатарын толықтырып тұр.

595ff7789792172e39fff9a2c190b9a4.jpg

Ғалымдардың лагерьдегі ғылыми кітапханасы

Сол заманның атақты тұлғаларының басым көпшілігі Қарлагтан өткен. Атап айтқанда Л.Н. Гумилев, белгілі балерина Майя Плисецкаяның анасы, Алашорда арысы – Бейімбет Майлиннің жұбайы, киножұлдыз Окуневская. Бұл тек бірен-саран тұлғалардың есімдері ғана. Мұражайда құжаттары көздің қарашығындай сақтаулы тұрған аяулы жандардың саны анағұрлым көп. Олардың біразының өмірі қараңғы түрмеде қыршыннан қиылса, біразы жүректеріне түскен жазылмас жарамен өмір сүруге мәжбүр болды...

 Гүлжанат ӘБДІМОМЫНОВА

Барлық фотолар: мұнда


Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?