Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Дінаралық сұхбат – адамзат қоғамының тарихи тәжірибесінің жемісі

1698
Дінаралық сұхбат – адамзат қоғамының тарихи тәжірибесінің жемісі  - e-history.kz
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры, филология ғылымының кандидаты Айнұр Әбдірәсілқызымен сұхбат

– Айнұр Әбдірәсілқызы, Қазақстан халқы қазір Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бесінші басқосуының табалдырығында тұр. Съезд хатшылығының жұмысы басталып та кеткенінен хабардармыз. Осы жолғы отырыс несімен ерекшеленеді? 

− Тарихты тұлғалар жасайтыны әлімсақтан аян жайт. Бұл басқосудың сәнін келтіріп, төрін толтыратын әлемдік қауымдастықтың айтулы тұлғалары болмақ десек, артық айтқанымыз емес. Съезд жұмысы басталғалы бергі он екі жыл ішінде дәл осы жолғыдай сегіз қиыр шартараптан жақсы мен жайсаң мол жиылып көрген жоқ. 

Басқасын былай қойғанда, бұл басқосуға Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Ламберто Заньер, Иордания королі Абдалла ІІ, ИСЕСКО ұйымының Бас директоры Абдулазиз ат-Туэйджри секілді бірінші басшылар, Бүкіләлемдік ислам лигасы ұйымының, БҰҰ Өркениеттер альянсының құрметті өкілдері қатысады. 

Діндер өкілдері қатарынан Біріккен Араб Әмірліктерінің, Сауд Арабиясының, Иранның, Түркияның дін саласындағы жауапты тұлғалары, Ресей мұсылмандары діни басқармасы мен Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы, Ватикандағы дінаралық сұхбат жөніндегі Папа кеңесінің Президенті, иудаизм, лютерандық, индуизм, буддизм, синтоизм, даосизмнің бүкіләлемдік қауымдастықтарының басшылары бас қоспақ. 

Барлығы 600-ге жуық адамның қатысуы көзделсе, оның 300-ге жуығы БАҚ өкілдері, олардың елеулі бөлігін шетелдік БАҚ-тар құрайды. Қазақстан тарапынан ресми түрде 60-қа жуық адамның қатысуы жоспарланып отыр, қалған 230-ға тарта қатысушылар — діндер көшбасшылары мен саяси қайраткерлер. Айта кету керек, бұл жолғы басқосудың басты тақырыбы − «Бейбітшілік және даму жолындағы діни көшбасшылар және саяси қайраткерлердің үнқатысуы». 

− «Дінаралық қатынас» дегенде ойға алдымен «толеранттылық» термині оралады. Әдетте толеранттылықты «тағаттылық» деп аударады. Базбіреулер «төзімділік» деп те беріп жүр. Ал сіз үнемі «мәмілегерлік» ұғымын қолданасыз. Неге? 

− Қазақ сөзінің қатпар-қатпар мағыналық қабаттарына біз толық бойлап та, оны игеріп те болған жоқпыз. «Төзімділік», «шыдамдылық», «сабырлылық», «тағаттылық», «мәмілегерлік», «келісімпаздық» сынды бір-бірімен ұштасып жатқан ұғымдардың әрқайсысысының өзіне ғана тән мағыналық реңкі бар. Олай болмаған жағдайда қазақ әрбірін дербес ұғымға айналдырып, жеке сөзбен атап әуре-сарсаң болмас еді. Бір қарағанда, бұл сөздердің жалпы мағыналары баршаға түсінікті, сондықтан біз тек айырмашылықтарын аз-кем аңдатып өтелік. 

Шыдамдылық – ұзақ мерзімді қиындықтарға бірқалыпты шыдас беруді, аңғартатын мінез. Төзім – шыдамдылықтан бір саты жоғары тұратын, жан мен тәннің сапасын бірдей білдіре алатын қасиет, бейнелі түрде айтқанда шыдамдылықтың шыныққан түрі. Ал сабырға келсек, «Шын сабыр – басқа іс түскен сәттегі сабыр, ал қалғаны – көнбістік» деген хадис бар. Сабырдың шыдам мен төзімнен айырмасы да осында. Шыдамды, төзімді болуға көп адам бейімделеді, ал сабыр − көп жағдайда жаратылыста даритын ерекшелік. Басқа іс түскенде көпшілігіміз сабыр танытпай тулап аламыз, ал болар іс болған соң, қалғанына үнсіз көндігеміз, шыдаймыз. 

«Тағаттылық» ұғымына келейік. Қазақта «тағат-төзім» және «тағат-ғибадат» деген қос сөздер бар. «Тағат-төзім» қосарланған тіркесіндегі «тағат» сөзі арабтың «күш-қуат» деген ұғымды білдіретін «тақат» сөзінен шыққан. Ал «тағат-ғибадат» қос сөзі құрамындағы «тағат» болса, арабтың «құлшылық», «ғибадат» мағынасын беретін «таъат» сөзінен туындаған. Яғни қазақша бірдей дыбысталатын екі тіркестегі «тағат» сөзінің мағыналық реңктері әр түрлі. 

«Толеранттылықты» «тағаттылық» деп аударуда «тағат» сөзінің «төзіммен» ұштасатын мағыналық реңкі назарға алынып, жаңа сөз жасалып отыр. Қазақта бұған дейін «тағатсыз» ұғымы болғанмен, «тағатты» деген қолданыс көзге түспеген, құлаққа шалынбаған. «Тағатсыздықтан» туындайтын «тағаты таусылды», «тағатсыздана күтті» деген қолданыстар кең тараған, ал «тағатты болды» немесе «тағаттылық танытты» секілді қолданыстар ертеден қалыптаспағандықтан жалпы «тағаттылық» термині құлаққа ерсілеу естілетінін мойындаған жөн. 

Сонымен қатар «тағат» сөзінің «төзіммен» қосарланып келетін қолданыстағы мағыналық реңкіне ғана мән беріп, «тағаттылықты» толеранттылықтың баламасына айналдыру осы сөздің «ғибадат» ұғымындағы мағыналық реңкін солғындатады, бірте-бірте қолданыстан шығып, ұмыт болуына соқтырады. Соның салдарынан, ақыл-ойдың інжу-маржанын молынан жинақтаған қазақ сөз өнері өзінің тағы бір жауһарын − «тағат-ғибадат» атты рухани ұғымын жоғалтып алуы мүмкін. 

− Енді «мәмілегерлікке» келейік… 

− Дұрыс-ақ. «Мәміле» сөзі арабтың «қарым-қатынас» ұғымын беретін «муъамала» сөзінен туындайды. Қазақы ұғымдағы «мәміле жасау» сөзі «келісімді қарым-қатынас жасау» ұғымына саяды. Өзгелермен қарым-қатынасы түзу адамды қазақ «мәмілесі түзу» деп атайды. Ал «мәмілеге келу» сөзі «бітімге, келісімге, ортақ шешімге келу» ұғымдарын береді. 

Демек, «мәмілегерлік» сөзінің «төзімділік» пен «тағаттылықтан» мағыналық аясы әлдеқайда кең. Мәмілегерлік – орнықты қарым-қатынас жасай білу, келісімге келе білу, мәселенің оң шешімін таба білу мәдениеті. Оның мәні орнықты тұрғысы мен көзқарасы жоқтықтан туындайтын жалаң келісімпаздықпен бір емес. 

Қазақтың мәмілегерлігі – шарасыз көнбістік емес, парасатты мәмілегерлік; ғасырлар тәжірибесі негізінде қалыптасқан өмір сүру өнері, әдебі, мәдениеті. Мәмілегерлік келісімге қарай бір қадам артық жасаудан танылады. Бірақ мәмілегерлік – момындық та, төзімділік те емес. Ол – кеңдік (дүниетанымның, ой-өрістің, пайымдау қабілетінің кеңдігі), бейбітсүйгіштік, дархандық, жан жомарттығы секілді абзал қасиеттердің жиынтығы. Оның шегі «Ашылып келгенге алақан, жұмылып келгенге жұдырық» қағидатымен белгіленген. 

Мәмілегер мінез қазақ халқы қас дұшпаны болмаса, қасқая қарсы тұрып, алысуға емес, қалауын тауып, келісуге көбірек бейім халық. Қазақ – кекшіл емес, текшіл ел. Сол тектіліктің бір өлшемі — осы мәмілегерлік. 

Айта кету керек, «мәмілегерлік» деген ұғымды «толеранттылық» сөзінің баламасы ретінде белгілі философ ғалым Төлеуғали Бурбаев өзінің «Ұлт менталитеті» атты еңбегінде 2000 жылдары ұсынған болатын. Өкінішке қарай, осындай озық ой қоғам назарынан әлі күнге дейін тыс қалып келеді. «Ештен кеш жақсы» дегендей осы бір текті-де толымды ұғымымызды қиюын тауып, қолданысымызға қайта енгізсек, рухани қазынамыз молая түсері анық. 

Өйткені кетігін тауып қаланған ұғымнан сөз өнерінің ғана ажары арта түспейді, сонымен қатар ұғымдармен қоса құндылықтар тіріледі. Ал құндылықтар өзімен бірге ұлт мінезінің қайта оянуына алып келеді. Қазақ өз мінезіне оралса, ешқашан шетін діни көзқарастарға бой алдырмайды. Себебі мәмілегер мінез ұлттың болмысында шетін көзқарасқа бейімділік жоқ. Сондықтан біздің толеранттылық туралы идеямыз – тың идея емес, ұлт болмысына сіңіп, тамырланған өміршең идея. 

− Өте тұщымды ойлар айтылды. Демек, тиісті ұғымдардың кең қолданыста болғанына қарағанда, дінаралық қатынасқа қатысты қазақ халқының да өзіндік қағидаттары ертеден қалыптасқан деуге негіз бар ғой? 

– Әрине, солай. Қағидаттардың қалыптасуына ең алдымен табиғи болмыс, содан кейін саналы таңдау әсер етеді. 

Әуелгі сөз болмыс туралы. Жоғарыда біз «Қазақ алысуға емес, келісуге бейім халық» деген тұжырымды тектен-текке келтірген жоқпыз. Көне дәуірлерден сақталып жеткен жазба деректерге қарағанда, көшпенділер даласында 535 үлкенді-кішілі шайқас орын алса, соның барлығы тек сыртқы жаулардан қорғаныс мақсатында болған қақтығыстар екен. 

Бүгінгі қазақ, кешегі түркінің арғы атасы сақтар мен ғұндар кезеңінен келе жатқан, ақиқаттан ғұмыры ұзақ аңыздар бізге дала дауылпаздарының бейбітсүйгіш болмысын баян етеді. Сондай, аңыздардың бірі былай өрбиді. 

Ұлан-байтақ далаға иелік етуді көздеген парсы патшасы бар білігін салса да сақ жауынгерлерімен майдан даласында бетпе-бет келудің сәті бір түспепті. Сақ ауылдарын жеке-жеке жаулап алудың мәні болмапты: ел іргесіне жау жақындағанын білсе бір түнде түріле көшіп кететін әр ауылдың ізіне түсіп, сан тарапқа бөлініп, парсының әскер күші әбден шашырапты. Қала берді, шабылған жұртының кегін қайтаруға сақ жауынгерлерінің қалың қолы ойда-жоқта бас құрап келіп, парсы әскерін тас-талқан етіп кете беріпті. 

Күндердің күнінде парсы патшасы әупірімдеп жүріп сақтармен майдан даласында бетпе-бет жолығып, шайқасу жөніндегі келісімге әзер қол жеткізеді. Уәделі күні екі жақтың әскері сап құрап келіп, садақ тартым жерге келіп тоқтапты. Ұрыс дабылы қағылуын күтіп тұрғанда, кенеттен бір қиқу естіліп, алыстан шаң көрінеді. Артынша екі топтың ортасын қақ жарып, жұлдыздай, аққан киік пен оның соңынан, ағызып келе жатқан, аңшы өте шығады. Сол-ақ екен, қаны қызып, әрең шыдап тұрған тәмам сақ жауынгері майдан даласын тастай беріп, қашқан киік пен қуған, аңшының соңынан лап қойыпты… 

Мына жағдайдан соң соғыстан әбден күдерін үзген парсы патшасы, ақылмандарын жиып, кеңес сұрапты. Сонда көпті көрген бір дана: «Сақтар − бейбітсүйгіш халық, сен оларды мәжбүрлеп майдан даласына тарта алмайсың. Бірақ сақтар − өте намысшыл ел, намысы үшін жанын беруге дайын. Олардың намысына тием десең, ата-бабасының мазарын қират, сонда ертең-ақ сақтың қарулы қолы самсап алдыңа жиылады» деген екен. Осы, ақылды алған соң барып, парсы патшасы сақ жауынгерлерімен соғысуға жол ашыпты… 

Осы бір ақырына дейін ұрыспауға бар, керісуге емес, келісуге құштар мамыражай, бейбітсүйгіш мінезді арада екі мың жыл өткенде қаз дауысты Қазыбек би де шешендік уәжіне арқау етті. Қалмақтарға елші болып барғанда айтылған: «Біз қазақ деген мал баққан елміз, Ешкімге тиіспей, жай жатқан елміз. Еліміздің шетін жау баспасын деп, Найзасына үкі таққан елміз» деген Қазыбек бидің сөзін бүгінде екінің бірі біледі. Екі мың жыл бойы мінезі бір өзгермеген, найзаны жауға емес, сес үшін сәнге ұстаған ұлттың ұландары бүгінгі дінаралық қатынастар алаңында қанына біткен мәмілегер мінезімен ерекшеленсе, оның да осындай тектілікпен тамырлас өрілген тағылымды тарихы бар. Осы үкілі найзаны қазақы бейбітсүйгіштіктің рәмізі етіп ұстансақ, тағы бір құндылығымыз қайта тіріліп, қастерлі қағидатымыз көпке танылар еді… 

− Енді «саналы таңдау» деген мәселенің мәнісін ашатын кез келген тәрізді… 

− Иә, марқұм, ақын Сейсен Мұқтарұлы айтқандай, «соқпақтардың сорабын, сауалдардың жауабын» іздеп, алыстан арбалап келе жатқан жайымыз бар. 

«Саналы таңдау» дегенде ең алдымен ата дін туралы сөз қозғамақпыз. Өзіндік бүтін болмысқа ие болып, тұлғаланған ұлт немесе ұлыс үшін дін таңдау − кездейсоқ құбылыс емес. Сол таңдау ұлттың болашақ құндылықтық бағдарларын, өмірлік қағидаттарын, ұлттық ұстанымдарын белгілейді, болмысы мен мінезіне бірдей әсер етеді. 

Тарихи дәуірлерде, әсіресе әлемдік және дәстүрлі діндердің кең тарала бастаған кезеңінде көптеген ұлттар алдында кезең-кезеңімен дін таңдау мәселесі талқыға түсіп отырды. Бұған мысал ретінде тағы да көнеден жеткен бір дерекке жүгінелік. 

Тәңірлік дінді сенімдік тұғыр еткен Көк Түріктер кезеңінде түркілер іргелес жұрттың ықпалды діні − буддизммен тереңірек таныса бастайды. Будда іліміне көңілі құлаған кей қағандар осы дінге тән ғибадатханалар салдырып, дін таратпаққа әрекет етеді. Осы тұста Түркі қағанатының ұлы қағаны Күлтегін мен кеңесшісі Тоныкөктің арасында «будда дінін қабылдау керек пе, жоқ па?» деген сауал төңірегінде әңгіме өрбіп, буддалық ұстанымдар сарапқа салынады. Сонда будда дінінің негізгі он қағидатының бірі «Тірі жан иесінің тіршілігін сақтаңдар» деген ұстаным екенін естіген Білге қаған: «Біз желдің өтінде, күннің бетінде, жаудың шетінде жатқан елміз. Ертең ел шетіне жау келсе, қасқая қарсы тұрып ел қорғамай, «тірі жан иесінің тіршілігін сақтаңдар» деп бас бұғып отыра алмаймыз. Бұл дін біздің жауынгерлік рухымызға сай келмейді» деп будда дінін қабылдаудан бас тартқан екен. 

Кезінде Киев Русінің князы Святослав та исламды қабылдау туралы көп толғана келіп, орыс халқының рухына, болмысына, дәстүрлеріне христиан дінінің қағидаттары көбірек сәйкес келгендіктен саналы түрде сол дінде қала берген. 

Ал түркі жұртының тәңірлік сенім құшағынан шығып, исламды қабылдауында да саналы таңдау еркі жатты. Қазақ жері Ресей мен Қытай секілді қос алып мемлекетпен бағзы замандардан іргелес болып келді. Діндердің аралас-құраластығы, сенімдердің шарпысуы, белгілі бір кезеңдерде белгілі бір діндердің сайын далада азды-көпті таралуы тарихымызда талай болған. Бірақ олардың ешбірін түгел түркі төл діні ретінде қабылдаған жоқ. 

Дүниенің екінші бір түкпірінен тау асып, тас басып жеткен ислам дінін таңдап, ұлт діні етіп қабылдауы − бүгінгі қазақ, кешегі түркінің өркениетті ел ретінде жасаған таңдауы болатын. Өйткені ұлтымыздың жан дүниесімен, рухани құндылықтарымен, табиғи сенімдерімен барынша үйлескен бірден-бір дін – ислам діні болды. Ғасырлар бойы халқымыздың болмысына сіңе отырып, ислам біздің бүгінгі бірегей мәдениетімізді құраған, мемлекеттілігімізді қалыптастырған ата дінімізге айналды. 

Әңгіме желісін негізгі тақырыбымызға ойыстырар болсақ, ұлтымыздың болмысындағы мәмілегер мінез исламдағы дінаралық сұхбаттың қастерлі қағидаттарымен ұштаса дамыды. «Дінде зорлық жоқ» деген Құран қағидаттарынан бастау алып, Мұхаммед пайғамбардың хадистерінде толық айшықталған өзге дін өкілдеріне деген құрметті қарым-қатынас исламның адамгершілік-өнегелік ұстанымдарына негіз болып қаланған. Дінаралық қатынас қағидаттарын, діни сенім мен ар-ождан бостандығын бекіткен алғашқы құжаттар да ислам өркениетіне тән. 

Өзге дін өкілдеріне қамқорлық таныту, оларды аманат ретінде қабылдап, хақысына қиянат жасамау, олардың ғибадат ғимараттарын бұзбау, мал-мүлкіне қол сұқпау, дін иелеріне залал келтірмеу, мұсылман мемлекетіндегі қоғам мүшелері болып табылатын өзге дін өкілдерімен бейбіт көршілік қатынаста болу өз кезегінде ислам өркениетін рухани кемелдікке жетелеп қана қоймай, оның әлем тарихында алтын әріптермен жазылуына өзіндік үлес қосты. 

Исламның шынайы болмысы мен Мұхаммед пайғамбар сүннетінің рухын сезінген кешегі Иасауидей бабаларымыз: «Сүннет екен, кәпір-де болса берме азар» деп мәмілегерлік қағидаттарын жырына арқау етті. Йассауи іліміндегі «Адам адамға құл емес, Аллаға ғана құл» деген ұстаным да адам баласының бәріне бірдей қарауға, ешкімді кемсітпеуге, өзін-де өзгелер алдында төмен санамауға міндеттейді. Бұл қағида бүкіл қоғамдағы рухани тепе-теңдік пен келісімді сақтауға бағытталған. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абай, ақынның алдында осындай ұлылардан қалған ұлық жол, ескіден қалған есті сөз жатты. 

Осының бәрін таразылай келгенде, бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналған дінаралық сұхбат мәселесі заманалар бойы қай қоғамның болса да күн тәртібінен түспеген, әрбір кезеңнің рухына сай өзіндік таным мен тәжірибе қалыптастырған, адамзат қоғамының өмір сүру қажеттілігіне, тіпті өмір сүру өнеріне айналған қағидаттар жасақтаған мәселе деуге болады. Яғни дінаралық сұхбат – адамзат қоғамының тарихи тәжірибесінің жемісі. 

– Сол тәжірибенің бүгіні жайлы бірер сөз қоссаңыз… 

– Адамзат қоғамы алға жылжыған сайын, ақыл-ойы кемелденіп, ащылы-тұщылы тәжірибесінен сабақ алып, қай мәселеге болса да кең өріспен, ғаламдық пайыммен қарай бастауы заңды әрі міндетті. 

Сонау 1893 жылы Чикаго қаласында Діндердің бүкіләлемдік конгресін өткізген, ХХ ғасырдың екінші жартысында Ватиканда «Ислам-Христиан үнқатысуының хатшылығы» ұйымын құрған, 1986, 2002 жылдары Италияның Ассизи қаласында әлем діндері өкілдерінің басқосуын ұйымдастырған әлемдік қауымдастықтың дінаралық сұхбат жолында төккен тері зая кеткен жоқ. 

Толымды тарихи тәжірибесі мен табиғи танымын тірек еткен Қазақ елі 1992 жылдың 18 қазанында Алматы қаласында «Рухани келісімнің І бүкіләлемдік конгресін» ұйымдастырса, 2003 жылдан бастап үш жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізіп отыру арқылы бұл бағыттағы талпыныстарды жаңа белеске жеткізді. 

Ендігі мақсат өткеннің өнегесін болашақтың болмысына сіңіре отырып, тамырымызды тереңге жіберуде болып отыр. Баба тарихтан бастау алған бастамалар ғана жаңа тарихқа жол тартпақ. 

– Әңгімеңізге рахмет! 

Заңғар КӘРІМХАН

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?