Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

«Қазақ» сөзінің пайда болуы туралы ғалымдар мен зерттеушілердің пікірлері

17235
«Қазақ» сөзінің пайда болуы туралы ғалымдар мен зерттеушілердің пікірлері - e-history.kz
«Қазақ» сөзінің шығу тарихы туралы пікір көп. Көптеген ғалымдар «қазақ» сөзінің шығу тегін б.з.д. VII-IV ғасырларда өмір сүрген сақ тайпасының атымен, не «еркін» сөзімен байланыстырады

Ғалымдардың пайымдауынша, «сақ», «қас-пи», «қас», «қаз», «хаз», «аз», «қа-сақ» секілді рулардың атаулары – «қазақ» этнонимінің туынды түбірлері. Академик Н. Марра және чех ғалымы Б. Грозный көрсеткендей, «қазақ» атауы «қасақ» жән «кесек» сөздерінен шыққан. Академик Ә. Марғұлан, тарихшы М. Ахинжанов, жазушы С. Мұқанов, орыс ғалымдары осы пікірді қолдайды. Ә. Марғұлан өз еңбектерінде Кіші жүздегі «қазар-уг» тайпаларының бар болуына сілтеме жасап отырады. 

Зерттеуші Ә. Әбдрахманов «қазақ» сөзінің төркіні «қаз» және «оғ» (оқ) деген екі сөздің қосылуынан жасалған: «оғ» – көне түркі тілінде ру, тайпа дегенді білдіреді. «Қаз – оғ(оқ)» – қазақ тайпалары деген ұғымды білдіреді. 

Орыс ғалымы А. Бернштам ұзақ уақыт бойы қазақ халқының шығу тарихын зерттеп, археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелерін жазба әдебиеттің деректерімен салыстырып отырды. Ол «қазақ» сөзі Қаспий маңы және сақ тайпаларының бірігуінен пайда болған деп тұжырымдайды. 

Б.з.д. II ғасырда өмір сүрген Қытай тарихшысы Бань Гу «Хань тарихы» атты еңбегінде ортаазиялық халықтардың арасынан «се» және «сай» ұлыстарының бар болғанын көрсеткен. Олар Грек-Бактрия мемлекетін ойран еткен. Кітаптағы егжей-тегжейлерге қарағанда, онда сақ тайпалары туралы жазылған. Айта кету керек, грек және рим тарихшлылары аталған тайпалар туралы сөз еткен. 

Ғалым-шығыстанушы В. Григорьевтың ойынша, «се» және «сай» сөздері қытай транскрипциясындағы «сақтар» деген мағынаны білдіреді. Ғалым айтып кеткендей, бұл тайпалар Моңғол елі немесе Шығыстың алыс түкпірінен шықпаған. Олар Әмудария мен Сырдария бойында өмір сүрген. 

Белгілі ғалым, түркі тілінің маманы В. Радлов көрсеткендей, «қазақ» сөзі «ерікті, тәуелсіз» деген мағынаны береді. Ғалым А. Самойлович бұл пікірді жақтаған. Ш. Құдайбердіұлы осы идеяны қолдап, «қазақ» сөзінің мағынасы өз алдында ел болып, еркін жүрген халық деп толықтырып жазды. 

Қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов «қазақ» сөзі «өте қадірлі сөз, күшті, мықты, шабытты» дегенді білдіреді дейді. Тарихшы Ибн Рузбихан XVI ғасырдың жазбаларында былай деп жазған: «Әр жерде қазақтар өздерінің ержүректілігі, батырлығы, зор күшімен белгілі болған. Бұл туралы араб және бірқатар өзге тілдерде көп деректер кездеседі». 

Тіл маманы Т. Жанұзақов «қазақ» сөзінің бірінші бөлігі – «қаз», «қас» – Орал, Алтай, Кавказ, т.б. түркі тілдер тобында «еркін», «ер», «жігіт», «кісі» деген мағынаны білдіретінін дәлелдеген. 

Тарихшы, орта ғасырларды зерттейтін маман Н. Мыңжанұлы «Алтын тас», «Күлтегін», «Тоныкөк» түркі жазуларында кездесетін «қазғану», «қазғандук», «қазған тұтқын», «қазғанмасар» деген етістіктер «қажырлы, қайрат жұмсау», «күресу», «талпыну», «еркіндікке ұмтылу», «ерлік істеу», «табысқа қол жеткізу» деген мағынада деп түсіндіреді. 

«Қазақ» сөзінің шығуы туралы ғалымдар мен зерттеушілердің пікірлерін тұжырымдап, екі қорытынды жасауға болады: 

– «қазақ» сөзі «қас» және «сақ» атауларының бірігуінен шыққан; 

– «қазақ» сөзі «ерікті адам» деген мағынаны білдіреді. 

Материал дайындаған Мирас НҰРЛАНҰЛЫ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?