Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаш үнін ту еткен жастар: қаламгерлік қуаты мен авторлық қолтаңбасы (жалғасы)

2314
Алаш үнін ту еткен жастар: қаламгерлік қуаты мен авторлық қолтаңбасы (жалғасы) - e-history.kz

Бұдан кейінгі көзге іліккен автор Тоқа – Армия Ешкеев. Журналдың 1917 жылы 23 қарашада шыққан бесінші санында «Шымшымдап мінгізеді» деген мақаласы басылған. Ол мақаласында адам баласы ұзақ уақыттық прогрестен өтіп, үздіксіз дамып осы дәуірге жетті дей келе, адамды жанды қуыршаққа теңеген. Егер қуыршақ талпынып алға қадам баспаса, сол артқы баспалдағында қалып қояды деп, «Садақ» журналын мысалға келтіреді. «Міне, біздің оғын кезеп тұрған «Садақ» журналымыз да, былай қарап тұрған кісіге ойыншық, күлкі. Еріккенге ермек секілді көрінсе де, оның түп мақсат, ой-нысанасы, баяғы жас өспірім, жаңа талап бағландарды басқыштан басқышқа мінгізіп, көздеген нысанасына жеткізбек. Сол үшін аты шулы «Садақ» журналымызды қай жағынан болса да кемсітпеу керек. Үйткені «Садақтың» бізге қалай айтса да сөзі өтеді. Кеше қылышынан қан тамып тұрған ескі үкіметтің заманында «Садақ» оғын кезеп, екі аяғын үзеңгіге шіреніп, жауға қарсы тұруға беті қайтпады», - дегені әрі құнды дерек беріп тұрса, енді бір жағынан біз автордың жалпақ ақыл айтудан көрі сөздің сыйқырын меңгерген, қалай жеткізудің ретін аңдап қалғандығын байқаймыз. Өзі атап өткендей «Садақ» журналы сол қатарлы медресе жастарына тегіс үлгі болып, басшылық жасап, әрі қалам ұстау шеберлігіне жетілдіргені көрініп тұр.

Бұдан әрі қарай Тоқа – Армия Ешкеевтің тағы бір аудармасына кезігеміз. Автор «Надан бәріне соқыр» деп тақырып қойып, Африкадағы надан жұрт пен сол елге барған ағылшынның арасында болған қызық оқиғаны сөз етеді. Былайынша анекдотқа жақын бұл аудармада надан африкалық жалшының жаңқаға жазылған жазуды түсінбей, «бұлар жаңқаның да тілін біледі екен ғой» деп айтқанын келтіреді. Жазудың маңызын, қараңғылықтың қорлығын көрсеткен бұл материал әрі күдірсе, әрі ойлантады. Автордың осындай мазмұндағы дүниені таңдап аударғаны да оның логикалық талғамының өзгешелігін аңғартқандай.

Жоғарыда көрсетілгендерден тыс «Мақтым» аталған повестің авторы, Жиенғали сынаған Қараш – Халелидден Жүсіпұлы Сартәлиев, «Тарбағатай», «Ертіс» бүркеншік аттарын қолданған Қаһан Ережепов, Зейнелғабылдин Иманжанов секілді авторлар да белсенді араласып тұрған. Әбдірашит Әлімбаев деген қысқы каникул кезінде Омбыдан келе жатып бар қаражатын ұрлатып алған соң "Ғалия" шәкірттері жылу жинап берген және "Садаққа" "омбылық" деген жасырын атпен мәтін беріп тұрған шәкірт. [8] Бұлардың барлығынан да, алғашқы талпыныспен жазылған дүниелер болғандықтан, артықша өзгешелік байқалмайды.

«Балапан» қолжазба журналының қазірге дейін бірде бір саны табылмағандықтан, онда қалам тартқан авторлардың қолтаңбасы туралы, өкінішке орай сөз қозғай алмаймыз. «Балапан» журналына материал жариялап тұрғандар: бас редактор Қошке Кемеңгеров, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Шәймерден Әлжанов, Дінше Әділов, Ғаббас Тоғжанов қатарлы жастар болған. Ал аталған авторлардың алдыңғы тарауларда біз келтіргеннен басқа бірде бір «Балапанда» жарияланған шығармалары сақталмаған. Бұл журнал да өз мүмкіндігінше қазақ әдебиетінің өсуіне өз үлесін қосты. Дегенмен «Балапан» журналын шығарғандар түгелге жуық «Жас азаматқа» мақала, өлең, әр түрлі хабарлар тмен басқа да материалдар жариялап тұрды. Сондықтан біз бұл олқылықты «Жас азамат» бетінде шыққан авторлардың қалам қуатын талдау арқылы толтыруға тырысамыз.

«Жас азамат» газетінің бір ерекшелігі онда жарық көрген мақалалар негізінен бүркеншік атпен берлісе, көпшілігінде авторы белгіленбеген. Мұның себебін зеріттеуші Дихан Қамзабекұлы: «Біздіңше бұған әр түрлі жауап қайыруға болады. Осы мәселеде нақты «Жас азаматқа» келсек, газет қаламгерлері қазақтың ілгері ойлы жастарының атынан сөйлеуге тырысқан, сондай-ақ олар аға толқынның ауызынан шығып, жаңа толқынның көкейіне қонған көшпелі пікірлерді жекелеген адамдарға таңып, қолдан қаһарман жасауды қаламаған. Сондықтан осынау мақалаларды жазуға «Жас азамат» ұйымының басшылығындағылардың қай-қайсысы болсын өз үлесін қосты деуге негіз бар [18]», - дейді. Біз де осы пікірді қолдай отырып, мына болжамды да ұсына кетеміз. «Жас азамат» газеті жастар ұйымының орган газеті болған соң, кейбір істердің ұйым ішінде талқыланып, қортылған ойды бір адамның жеткізуіне міндеттелген сәттер де кезігуі мүмкін. Сол жағдайда көптің кеңесімен жарыққа шыққан пікірге жекелік белгі салуды жөн көрмеген болуы да мүмкін. Дегенмен шағындап болса да авторының шын аты көрсетілген, өзінің ғана жеке азаматтық пікірін білдіретін мақалалар да бар. Біз бұл тарауда авторлық мақалаларды ғана қараймыз, ал «Жас азаматтың» үнін, ұстанған жолын аңдататын мақалаларды негізінен өткен тарауда атап өткенбіз. Ал бүркеншік атпен берілген мақалаларды да зеріттеушілердің көрсетуі бойынша кімнің қолтаңбасы екенін анықтауға тырысамыз.

Газеттің шығарушысы, яғни бас редакторы болған Қошке Кемеңгеровтың газеттегі қолтаңбасы бөлекше. Дихан Қамзабекұлы «Ел баласы» деген жасырын атты Қошкенікі деп көрсетеді. Мақалалары көібне осы жасырын атпен және «Қошмұхамед», «Қошке», «Қошке Кемеңгеров» деген аттармен берілген. «Басқармадан» деп берліген ескертпелер мен хабарландыруды да Қошке кемеңгеровтың жазбасы деп қарадық.

«Жас азаматтың» 31 шілдедегі бірінші санында «Ел баласы» леген атпен берілген Қошкенің «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» атты мақаласы бар. Орыс жұмысшы, қарашекпен табы мен бұқарашыл зиялыларының арасына жік түскендігі, ол жіктің себебі орыс зиялыларының бұқара өзі талап қойғанда бар жақсылыққа жеткізем дей алмағы үшін дейді. «Орыстың бұқарашыл зиялылары 10-15 жыл Бхарада оқып, пайдасыз бақыттарды бастарына толтырып қайтатын мұсылман шәкірттеріндей, Күнбатыстың шірік философиясын орыс жеріне тасып жүрді.» Сол шірік философиямен елді асырады дейді. «Жалпы дүниенің бақытын іздеу біздің орыстың еншісіне тиді. Орысқа қашан жалпы бақыт тапқанша тыныштық жоқ» дееген Достоевскийдің сөзін келтіріп, орыс жұрты бірден қолы жететін жұмақты көксегіш деп сөгеді. Ал орыс арқылы Батысты да, Шығысты да таныған, орыс оқуын оқыған зиялылар туралы «біздің қазаққа қай жағынан болса да орыс ұстаз болды», бұрынғы орыс оқығандары шенқұмар болып еді, біздегілер де солай болды, шен-шекпен үшін әкесін сатып жіберуден де ұялмағандар шықты. Ал орыс зиялылары «шитінің оғындай» әр түрлі саяси партияларға бөлініп еді, біздікілер де сөйтті, есерлер, социалистер, республикашылдар, халықшылдар да шықты дейді. Орыстан ұлтшылдар шыққанда, біздікілер де сөйтті. Тумысынан ұлтшыл болған зиялылар тым аз дейді. Кеше ғана ұлтшыл боп жүріп, бүгін большевик боп кеткендер бар. Сосын Еуропаның социалистері жағдайға қарап, жұрттың мүмкіндігі бойынша шаруа ісін жүргіземіз десе, орыстар бірден жұмаққа жеткіземіз деп қара шекпен мен жұмысшыны құтыртты. Бүгінгі орыс зиялылары «бір теңге беріп жырлатып, жүз теңге беріп қойдыра алмағанның кебін киді» дейді. «Түбінде қазақтан капиталистер шыққанда, фабрика-завод көбейгенде, тұрмыстың өзін де тап-тапқа бөлер, оған дейін социализм күйін күйлемей, тұра тұрайық. Бұқарашыл орыс зиялыларының жеке-дара ұстаған бақыт махабатына көтермеші болмай, таза Жапонияның жолымен жүріп, бірлік-берекеден айырылмай, ұлтшылдықты сақтау керек. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма!», деген аталарымыздың алтын мақалын есімізден шығармайық.» деген мақаладан қаламгердің биік өресін, тиянақты бағытын, қалыптасқан көсемсөз шеберлігін байқаймыз.

Газеттің 4-санында «Жан сүйікті жездем отыншы» деген некрологі басылған. Мұнда большевиктермен соғыста қаза тапқан алаш құрбаны Отыншы Әлжановтың қазасына қайғырып, көңіл айтады. Газеттің 11-санында жарық көрген «Қазақ жеріне қолқа салушылар» деген мақаласын біз өткен тарауда талдағамыз. Бұл мақалада да жаңадан жасалып жатқан шарттардың қазақ жері үшін зияндылығы айтылып, зиялыларды осы жобалардың жүзеге асып кетуінен сақтандырған. Ал газеттің 20-санында «Атбасар уъезінің қазағы Рахымбек Аухау баласы Толысбаев опат» деген некорлогқа Қошкемен бірге «Жүніс» деген автор қол қойған. «Жүніс» деген бүркеншік аттың иесі – Жүніс Бабатайұлы, Омбы ауыл шаруашылығы училищесінде оқыған, мақал, өлең жазып тұрған. [14, 376-б] Сонымен қатар газеттің соңғы 22-санында басылған «Ештен де кеш жақсы» деген мақала да Қошкенің үш томдық шығармалар жинағына енгізілген. Бұл мақала екі бөліктен тұарды. Соңғы бөлігі «Алаш өлкесінің халі» деген тақырыпшамен бөлініп, «Х» деп қол қойылған. Мақалада қазақтың бір бөлігінің көзі ашылса да, бір бөлігі баяғы надан қалпында дейді. Алдағы ауа райын, мезгілдің жауын-шашынын болжайтын есепшілерге қазақ сенеді, ал саясат күйін болжайтын зиялыларға сенбейді деп, мысалға большевиктер туралы халық көзқарасын келтіреді. «Қорлық көрген жұртқа большевик тисуші ме еді?» деп, зиялылардың «большевиктен сақтан» дегенін есепке алмайды деп налиды. Кеше ғана Лениннің «Мұсылмандарға» деген мақаласын алға тартып, большевикті жақтаған Жаһанша Досмұхаметов бүгін көзі жетіп, большевикпен соғысып жүр дейді де, екінші «Алаш өлкесінің халі» деген тақырыпшада, қазақ жерінің әр тұсынан жау қысып келе жатқанын, Орал секілді бірнеше қалалардың жау қолында қалғанын айтып, барша қазақ бірігіп жауға қарсы шығуы керек, үстіме келгенде көрермін деген «Алыстан келе жатқан өрттің алдынан шықпай, іргеме келген соң көрермін дегенмен бірдей», бұдан пайда жоқ. Сол үшін «ақсақал батасын, бай малын, молла уағыз, насихатын, жастар күшін аямай елді жаудан қорғау керек» деп қадап айтады да, «ел қорғау құрған сөздің «желісіне» байланбайды, ықыласты көңілден, жігерлі қолдан шыққан іске байланады», - деп түйіндеп келеді де, «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деп баяғы батыр бабалардың «Жалаңаш барып жауға ти, Тәңірі өзі біледі, ажалымыз қайдан дүр» дегеніне келтіріп аяақтайды.

Осы соңғы санда «Ел баласы» деп қол қойылған «Тұтқынның ойы» атты ақ өлең сипатты шалқыта, толқыта жазылған шағын көркем ой толғанысы басылған. Мұнда қамауда жатқан қас батырдың кешегі еркін, ерлік пен асқақтықты ұстанған тұсын сағынуы, тар қапастағы қысылған, күйзелген жан айғайы, ертеңгі болашаққа деген ұлы үміті суреттелген. Автор «осы қорлықтар сезімді нәзік жүрегіме шаншу болып байланды – мәңгі кең. Жеңген ұмытса да жеңілген ұмытпас» дейді. Шығарманың бас-аяғы шағын, сөзі көркем, ойы ұшқыр. Біз бұл шығарманы символистикалық шығарма деп санаймыз. Аталып отырған қас батыр қазақтың өзі, абақты кешегі патшалық отарлық, одан кейінгі төніп келе жатқан большевик билігі. Ал автордың аңсағаны бүгінгі біздің қол жеткен тәуелсіз еркіндік. «Жеңген ұмытса да, жеңілген ұмытпас» дегені соңғы қалған ұрпаққа айтқан өсиеті. Бұл өсиет «Жас азамат» газетінің де бізге қалдырған өсиеті болмақ.

Газеттің бірінші санында кезігетін келесі автор «Жүніс», яғни Жүніс Бабатайұлы. Автордың газетте негізінен өлеңдері ғана басылған. Бірінші сандағы кезіккен өлеңі «Құттықтау» деп аталады. Бұл өлең «Жас азамат» гезетінің жарық көруіне арналған. Автор өлеңде жастардың бастамасына аса үлкен сеніммен, құлшыныспен қарайды. Өлең көбінесе ұранға, толқыған, буырқанған көіл-күйге толы. Екінші өлеңі «Күз» газеттің 13-санында жарық көрген. Өлеңде күздің сүреңсіз бейнесін, жапырағы төгілген ағаштар, күнде соққан боран мен желді суреттеп, көңіл артта қалған майда дейді. Өлең ұйқасы мен буын-бунағы келіскен, шымыр. Алайда өлең өнеріне жаңа бет қойған автор көркем сөз қолданысы мен сөз үндестігі және сезім тереңдігіне жете алмаған. Келесі шығармасы газеттің 14-санында кезігеді. «Толқында» деп аталатын өлеңі алдыңғыларынан формалық жағынан өзгешеленген. Мұнда әр жол кейде тоғыз буынан, кейде он бес буыннан өлең ырғағын сақтап алмасып келіп отірады. Өлең баяндау мен суреттеуді қатар қолданған. Өзеннің арғы жағына өтпек болған кейіпкер жол ортада толқынға ұрынып, қайығы аударыларман болғанда, бәрі ғайып боп жойқын теңіз ортасында келе жатыр екенмін деп аяқталады. Бұны автордың өз шығармашылығы туралы өміті десек де, елдің тағдыры туралы өміті десек те келісіп тұрғандай. Бұл өлеңде авторда әрі символдауға ұрынғаны, әрі форманы өзгертуге талпынғанына қарап өзіндік эксперименке баруы деп бағалауға болады.

Тағы бір аты-жөні толық кезігетін автор Байдалы Мырзалин. Автордың қолтаңбасы газеттің 20-санында жарияланған «Мезгілсіз өлім» деген жалғыз көңіл айтуы ғана. Мұнда 1918 жылы 30 желтоқсанда қайтыс болған жамантоз болысы, Қызылжар уъезі 2-ауылының мұғалімі Ережеп Мұрат баласының жиырма жасында дүниеден өтуіне байланысты, туыс-туғандарына көңіл айтады. Мұндай оқыған жастардың күтпеген қазасы туралы жалпы газетте бес некролог кезігеді. Бұл соның бірі.

Газет авторларының көбінесе бүркеншік ат қолданғанын жоғарыда айтып өткен едік. Газеттің 3-санындағы «Ішкі хабарлар» деген айдаршада «Жәдігер-Жаныс» деген бүркеншік ат қолданған автор «Өлген тірілмекші» деген мақалада Патша үкіметінің қазақ жері отарлауына қолғанат болған переселен мекемесі қайта құрылмақшы екенін айтып, мұны құрғызтпаудың алдын алуға барынша күш салу керек дейді. Мақала публицитикаға жатады. Елге келе жатқан қауіпті нұсқап алдын-ала сақтандыру бар. Осы тектес «Жас Алтай» деген бүркеншік ат қолданған автор «Спас заводы...» деп басталатын хабарда аталған заводта орын алып жатқан әділетсіздіктер туралы мәлім етеді. Бұл туралы біз өткен тарауда айтқанбыз. Осы хабардың соңында Мұхамедсалық деген автордың «Қарқаралымен шекаралас Ақмолаға қараған елдерде...» деп басталатын хабарында осы елдердегі ұрлық пен аштық-жалаңаштықтың тым ауыр болып тұрғанын, кей үйлердің тәнін жабатын алақандай шүперекке зар екенін айтады. Бұл хабарлардан біз сол тұстағы халықтың ауыр халін аңғарамыз. Бұдан кейін Сүлейменов, Нұрымов деген қос автордың «Ұйымдар» деген хабар мақаласы жарияланған. Онда Семейде ашылған «Жанар» ұйымы туралы айтылады. Және ұйымның «Жас азматтың» Семейдегі филиялы ретінде ашылғанынан мағлұмат береді.

Осы үшінші санда Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңі алғаш рет жарық көрген. Бұл өлеңнің қазақ жастарының жаппай аттанысқа келіп, ел ісіне ынта қоя кіріскен тұсында туылғандығын көрсетеді. Газеттің келесі 4-санында Міржақыптың аса үлкен толқумен жазылған «Алаш құрбаны» атты Отыншы Әлжановтың қазасына байланысты жазылған мүнақыпы басылған. Автор Отыншының кім екенін, большевикпен соғыста ерлікпен қазақ тапқанын, ел үшін, ұлт үшін жанын қиғанын үлгі етіп, оның қазасына қатты қайғыратынын білдірген. «Ұлтың үшін қан жыладың, қамын жедің, қызықты ғұмырың абақтыда өтті. Сонда да тауың шағылмады, қамалға шаптың, қанға боялдың, қаза таптың, бірақ арманда кеттім, алаштың көргенін көре алмадым деме. Сендей ұл туған ел ешкімнен кем болмас. Қош, бауырым!» деп аяқтайды.

«Жас азматтың» 5-санында жарық көрген Ахмет Жанталинның «Аш қазақ-қырғызға жәрдем ету туралы пікірім» деген мақала ортаға үлкен ой салады. Мұнда Жетісу мен Сырдария облысындағы қазақ-қырғыздың аштан қырылып жатқанын айтып, оларға жәрдем етудің ең дұрыс жолы Арқаға көшіріп әкелу дейді. Бұл арқылы бірінші, күш-көлікті үнемдеуге, екінші қазақ жеріне келіп қоныстанып жатқан орыс мұжықтарының алдын орауға, біздің сөзбен айтқанда қазақтырдың балансын сақтауға болады деп саяси көрегендік байқатады. Қазақ басындағы жер, ұлттық азшылық мәселесі әр кездері бір айналып соғып тұратынын, және оның сонау 1918 жылдардың өзінде-ақ басталып кеткенін осыдан аңғаруға болады.

Садуакасов_Смагул_,.jpg

Келесі бір аса үлкен жүк көтерген, тағылымды сөз айтқан мақала Смағұл Сәдуақасовтың газеттің 6-санында жарияланған «Өмір үшін күресу» мақаласы. Біз бұл мақаланы өткен тарауда мысалға келтіргенбіз. Мақла қазақ зиялыларының ғылым мен техниканы жолға қойсақ, тұрмыс-тіршілкті жеңілдетіп, халықтың хал-ахуалын көтерсек деген ниетін әйгілейді. Автордың осы кездің өзінде-ақ қалыптасқан, ысылған көсемсөзші болғанын көрсетеді.

Газетте «Тілші» деген бүркеншік ат қолданған автордың «Көкшетау хабары» (6-сан), «Спас заводынан» (14-саны), «Қостанай хабары» (20-сан) деген әр түрлі хабарлары кезігеді. Ал земство туралы көбінесе «Земство кісісі», «Земство члені» деп екі түрлі қол қойған авторды біз бір адам деп түсіндік. Оның тақырыбы көбінесе Ақмола облысының земство істері туралы хабарлау болып келген. Ал тақырыптары «Земство» (7-сан), «Земство» (8сан), «Ел шаруасы» деп берілген. Тағы бір хабар жазып тұратын, газетте аты біршама көп кезігетін автор Бекмұхамед Серкебаев 7-сандағы «Керекуден» деген хабарда Керекудегі қазақтардың жұтқа ұшырағанын, шөпті орыстардан малға сатып алғанын, малға ақша да айырбастап алып, шаруасы күннен күнге кейін кетіп жатқанын, есесіне мұжықтар қорасын малға толтырып алғанын айтады. Осы тексес ақпараттар беретін «Күндесін сатқан қатын», «Казак-орыс үкіметі» (15-сан), «Омбыдағы қазақша спектакл» (21-сан) деген мақалары бар.

Газеттің 7–8- сандарындағы аса бір көңіл аударатын тағы бір мақала Мұхтар Әуезовтің «Ескеру керек» деп аталатын публицистикасы. Мақала қазақтың кешегі хандық дәуірді, батырлық, ерлік жолын ұстанған кезді, кейінгі екі ауыз сөзбен ердің құнын шешкен билердің әділдікті ту еткен заманын, одан соңғы Патшалық Ресейге құл болған бодандық дәуірін термелей келіп, әр дәуір қазақ жанына өзінше із қалтырды. Ал бүгінгі күні құлдық пен қорлықтан әбден жүдеген елдің мінезі де бүлініп болған. Елі ші толған ұры, оны сүйеп, қолдап отырған елдің жуандары, бір сөзбен айтқанда малды шапқыншылықпен, ұрлықпен табу алға шықты дейді. Енді бұл жұртты кешегі жайсаң жұмсақтықпен орнына келтіре алмайсың, ол үшін мықты үкімен, қатаң билік болуы керек деп Абайдың: «Закон қуаты қолымда тұрған кісі болсам, адамның мінезін түзетіп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деген сөзін бүгінгі қазақ тұрмысына жүзеге асыратын кез келді дейді. Мақаладан автордың ұйқыдағы қазақ жұртына деген ашынысы, зиялы жұрттың айтқан сөзінің әсерінің тым аздығы жанын ауыртатыны да байқалады. Сол себепті де елге теңдік, бірлік орнату үшін қатал билік керек деген ойды ортаға қояды. Автордың афаризмге айналып кеткен «біз әлі шикі жұртпыз» деген сөзі де осы мақалада айтылады. Мақаланың өн бойындағы сөз қолданысынан, сөйлем құрылысынан біз болашақ ұлы классиктың қалыптаса бастған жекелік қолтаңбасын танимыз. Мұнда кейінгі «Абай жолы» романында, басқа шығармаларында да жиі кездесетін «жылаулар», «жуан ата» деген секілді сөздері мен сөйлем құрылысы көрініс табады.

73323544_1010644182618124_343284cc015d1351427072_n.jpg

11-санда Мұғалім Досмырза деген автордың «Партия көрдегіні қопартты» деген хабары кезігеді. Мұнда ел ішінде болған бір төбелестегі адам өлімінен кейін, аяқ астынан партиялас табылып, өлген адамның көрін қазып, сойдырып тексерткенін, аңдамай өлтіріп алған адаммен қоса қатысы жоқ бірнеше адамды бірдей күнәлі қылып, істің ұлғайып кеткенін айтады. Бұл хабар жоғарыдағы Мұхатрдың айтқан бүлінген елдің көрінісі еді. Газеттің жалпы сандарынан көптеген бүркеншік аттарды кезіктіреміз. «Мұратты» деген бүркеншік атпен берілген «Өкінішті өлім» атты көңіл айту газеттің 12-санында кезіксе, осы санда «Таң» бүркеншік ат қолданған біреудің «Енді сендім» деген редакцияға хаты басылған. Онда газет оқудың елді озық жолға жетелейтінін айтып, жұртқа үлгі айтады. Бұдан әрі Әшім деп қол қойылған «Жастарға» деген өлең бар. Өлең қырғыз-қазақ жастарына ұлт үшін күрес, жаныңды аяма деп келіп, бірліктерін мадақтап, ұрандатып аяқталады.

«Жол баласы» бүкеншік атпен берілген газеттің 12-санында басылған «Жолда» деген мақалада автор Көкшетау ақалсындағы Алашорда комитетіне соққанын, ондағы жастардың көңілсіз отырғанын баяндай кеп, бұның себебін бір Алашорда мүшесінен естігенін баян етеді. Онда уъездік Алашорда кеңесін шақырғанын, әр ауылдан бірден өкіл келсін деп тапсырма берілгенін, алайда тапсырма орындалмай, бұрынғы паритияшыл, бүлікшілдердің жиналып, оның сыртынан Сібір үкіметінің екі агенті келіп жиналысты бақылауға алып, екі жақтап қысым болғанын баяндайды. Соңында бұл істің әрең дегенде беті оңға қарап қалғанын айтып тәмамдайды. Былай қарағанда шағын ғана жолсапар очеркі деп қарауға болады. Бұл жанрдың сол дәуірде әлі де толық қолданысқа ене қоймағанын ескерсек, материал үлгі боларлық деп бағалауға болады.

Тілшілер қатарына «Н.С.» деген бүркеншік есімді де қосуға болады. Газетте бұл қолтаңба да мол кезігеді. 13-сандағы «Земство істері» деген мақаласы шолу сипатында жазылған. Онда Сібір және Ақмола облысының земстволарымен қатар земствоға қатысты кітаптардың жарық көруі, бурият земствосының жағдайларынан хабар береді. Осы санда тағы да бірнеше тақырыпсыз хабар-ошарлары кезігеді. Бұдан кейін «Н.С.» ның жазбалары 15-санда көптеп ұшырасады. «Лайсаң», «Италияның саяси...», «Япония үкіметі», «Ішкі іс министрі», «Ұлт соты», «Сыртқы хабарлар» деген тақырыптармен берілген мақалалардың барлығы дерлік әлемдік және ел ішіндегі саяси жағдайлардан мағлұмат береді. Автор саяси жағдайды тани білетін, оқыған, көзіқарақты жас екені аңғарылады. Бірақ шын есімі кім екені, өмірі туралы мәлімет кездестіре алмадық, және қолтаңба иесін шамалай алмадық.

«Оптимист» бүркеншік атпен 15-санда басылған «Оқу» деген мақаланың көтерген тақырыбы ерек, айтар ойы салмақты екенін өткен тарауда баяндағанбыз. Енді қайталай тоқталмаймыз. Тек автордың қалам қарымы да жетілген, ой өресі де биік тұлға екенін айта кетеміз.

Он бесінші сандағы Ғабдулрахманның «Ішкі хабарлары», он алтыншы сандағы «А.У.» дың «Саяси хабарлары» газеттің кезекті саяси ақпараттарын толықтырған. Және Байдалы Мырзалин, Ғабдолла Найзабековтердің «Жұрттан шыққандар» (16-сан), Хамза Ибыраһимұлының «Жан жолдасым Қаған» (16-сан), «М.Н.» деген бүркеншік ат қолданған автордың «Татулық һәм Россия» (17-сан) деген хабары мен «Он үшінші декабрь күніне арнаймын» (17-сан) атты өлеңі газет мазмұнын толықтырған. Ал осы 17-санда жолыққан «Б.М.» деген бүркеншік есімді авторды біз Біләл Малдыбаев деп білдік. Оның «Бір керек нәрсе» деген мақаласында бір орыс газетінің 1917 жылғы ақпан төңкерісінен бергі құжаттарды, тарихи оқиғаларды жинаттырып жатқанын айтып, біз де 1914 жылдан бергі қазақ даласында болған барлық өзгерістер мен оқиғалар туралы материалдарды жинау керек дейді. Бұл біздің тарихымызды бағамдау үшін қажет деп, яғни архив қорын құру мәселесін көтерген. Смағұл Бәлкебаев деген жазарманның газеттің осы 17-санындағы «Жазушыларға» деген мақаласында әр кім өзі білген тақырыбына қалам тербесе, анау да қолымнан келеді, мынау да келеді деп әр нәрсенің бәрін былғай бермеу керек дейді. Әр кім өз орынын тауып іс істесе екен деген тілек білдіреді. Осы сарындас, бірақ әдеби сын баса айтылған «Дала баласы» деген бүркеншік атпен газеттің 21-санында жарық көрген «Сыншыларға» деген мақала бар. Онда көркем сөз жазушылар екі жікке бөлінеді, бірі әдебиетті мұрат тұтатындар, олар жұрт түсінсе де, түсінбесе де жазған дүниесінің төрт аяғын тіктеп, көркем етіп жазады. Ал енді бірі, көркем сөзді құрал ретінде пайдаланатындар, олар жұртқа түсінікті етіп жазғанмен, көркемдік дәрежесі төмен болып жатады дейді де, қазақ әдебиетінде сын жоқ, әдеби сын қалыптаспай әдебиет өрге баспайды деп тұжырады. Және Сәбит Дөнентаев пен Міржақып Дулатовтың өлеңдерін мысалға алып, сынайды. Бұл пікірге «Басқармадан» деген ескерпе жазылған. Бұл әрине Қошке Кемеңгеров деуге болады. Ескертпеде автордың Сәбит пен Міржақып туралы пікірін теріске шығарады. Редактордың өз пікіріне сәйкес келмейтін мақаланы да басуы, әрине сөз бостандығының да болғанын, және оны «Жас азаматтықтардың» қолдағанын білеміз. Әрине сөз бостандығы болмай, азаматтық қоғам да орнамақ емес.

«Жас азаматтың» 20-санында «Шаңқан» деген бүркеншік есіммен берілген «Алаш полкінде жүрген бір жігіттің еліне жазған хаты» деген өлеңді Серікқали Байменше Р. Уәлиахметовтың «Бейімбет туралы» мақаласын сілтеме етіп, Бейімбеттікі деп 2004 жылы шыққан көп томдығына кіргізген. Өлең Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңінің формасымен жазылған. Майдандағы сарбаздың еліне сен үшін ұлы күреске аттандым, сен үшін тудым деген қайтпас, қайсар мінезді аңғартқан. Газеттің соңғы 22-санында «Еліме» деген өлең жарияланған. Өлеңнің астындағы автордың аты қағазға зақым тиіп өшіп қалған. Серікқали Байменше бұл өлеңді де Бейімбеттікі деп 2004 жылы шыққан көп томдығына кіргізген. Өлеңдегі лирикалық кейіпкер «Елім-ау, бір сен үшін міндім атқа» деп, көз алдымда жұртқа жем қылғым келмейді, атқан оқ, шапқан қылыштан жасқанбай, Алаш туын тік ұстап жауға шаптым дейді. Соңыма ерсең қыр басына шығарайын, жауыңнан азат етейін, пасықтарға іліспе деп үндейді. Орта жолда жалықсам, қажысам маған серт, қарт емеспін жаспын, шаршап-шалдығатын жөнім жоқ деп келіп, елім, сен мендіксің бе, соңымнан шыдап ере аласың ба деген сұрақпен аяқтайды. Өлең барша Алаш зиялыларының көңіл-күйін, үміт, сезімі мен ренішін білдіріп тұр.

Елде болып жатқан келеңсіздіктерден хабар беретін тағы бір мақала 20-сандағы «Жолаушы» деп бүркеншік ат қолданған автордың «Елдегі пысықтар не істеп жүр?» деген мақаласы. Онда айтуынша бұрын партия жиып, билікке баруға күш салатын жұрт енді бүгін Алаш комитетінің кешегі орыс үкіметіндей емес, әлсіз екенін байқап, басқа бүлік бастады дейді. Соның бірі арақ екенін, ел ішінде арақ сатылып, жұрттың жаппай құмар бола бастағанын айтып күйзелген. Осы тектес елдің тозық мінездерін сынаған тағы бір мақала 21-сандағы Төлебай Нұралинның «Қазақтың өтірік арызқұмарлары». Ал газеттің осы санында Сәбит Дөнентаевтың «Кәрі батырға» деген өлеңі басылған. Онда қарт батырға өткен күнің қандай ерлікпен өтіп еді, талайдың басын идірдің, қылышыңды қанмен суардың, ендігі күнің не? өткенің қайтып келмейді, өзіңе тартып бір ұл тумаса, бір жола қош де мына дүниемен дейді. Сәбит бұл кезде аты мәлім үлкен ақындардың бірі екені мәлім, жастар газеті әдеби үлгі ретінде ұсынып отыр деп ұғуға болады. Бұл санда тағы «Ескі бақтың елестеуі» деген шағын әңгіме кезігеді. Қол қойған автор «А.Б» деген бүркеншік есім қолданған. Әңгіменің тілі жатық, суреті анық және шынайы берілген. Бастағы сөз қолданысына қарап Жүсіпбек аймауытовтың қолтаңбасы көрінгендей болғанмен, «А.Б.» деп қол қойылып тұрған соң, бұлай болжам жасай алмадық. Ал Әлихан Бөкейханның сөйлем құрылысына келмейтіндей. 21-сандағы ұсақ хабарлардың бірі Баймұхамет Азтолин, жанына жақшаға алып «бұйдалы» деп қол қойған автордың «Елден» деген мақаласы. «Бұйдалы» руы болса керек. Ал бұл санның соңында екі көңіл айтудың біріне Ғабдолла Шоқаев, енді біріне Қалмұхат Күлеев қол қойған.

Газеттің соңғы 22-санында жоғарыда аталып өткен шығармалардан басқа автор белгіленген «Саяси әңгіме» («Қалмақбай»), «Земствоның қысқаша жайы» (Б. Ержанов), «Тастаған шоқпар сорлыға тиеді» (Хамза Ибырахимов) деген мақалалар кезігеді. Мұның біріншісі сол кезде жалпы Ресейде болып жатқан саясат күйімен және Уақытша үкімет пен Алашорда ортасындағы қарым-қатынас сөз болады. Екінші мақалада земствоның бөлімдері, және ол бөлімдердің немен айналысатыны туралы мағлұмат беріп, земствоны насихаттайды. Алаш зиялыларынан елге земствоның пайда-зиянын көптеп түсіндіруін сұрайды. Ал үшінші мақала аяқталмаған. Онда да ел ішіндегі келеңсіз жағдай туралы айтады, милициялар лауға ат жинап, елді зарлатады, мылтық тықтыңдар, тінтеміз деп, ауылды тонады, бір-біріне өшігіп жүргендер милиция арқылы адам ұстатып жүр деп термелеп келіп тоқтайды. Соңына «Аяғы бар» деген белгі қойылған.

Жалпы алғанда, «Жас азамат» газетіне қатысушы авторлар осылар. Біз назардан өткізген газеттің қолда бар 18 санында қол қойылған авторлар түгелге жуық ер азаматтар боп келген. Алайда газеттің 18-санында бір ғана Рахима Алдоңғарова деген есім кезігеді. Ол жариялаған материал алғыс хат ретінде жазылып, «Тәңірі жарылқасын» деп тақырып қойылған. Хат мазмұнында Троицкідегі қазақ оқушы жастары атынан ашылған «Үміт» кітапханасына Ғабдірахман Айсарин мен Нұрғали Мәліковтің он-оннан жиырма кітап әкеліп тапсырғанын айтып, кітапханаға бірінші болып кітап тапсырғандары үшін ағаларына рахмет айтады, және басқа да мырзалардың олардан үлгі алып, көмек көрсетуін өтінген.

«Жас азамат» газетінің соңғы саны 1919 жылы 8 ақпанда шыққан. Газет, осы жұмысымызда көрсетіп өткендей, ғасыр басындағы қазақ жастарының саяси белсенділігін, ой-өресінің озықтығын, тұлғалық, көшбасшылық қабылеттерінің зорлығын көрсеткен. Газетке атсалысқан Қошке Кемеңгеров, Смағұл Садуақасов, Мұхтар Әуезовтер кейін Кеңес үкіметі орнаған тұста да зор ерлік көрсетіп, аңду мен қысымның астында жүріп ұлтқа қызмет көрсетті және сол жолда жанын құрбан қылды. Ал біз «Жас азаматтан» бұл тұлғалардың алғашқы қолтаңбаларын көрсете алдық деп білеміз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. – Алматы. – 1995.

2. Пірманов Ә. Қапаева, А. Қазақ интеллигенциясы. – Алматы. – 1997.

3. Жұртбай Т. Ұраным – Алаш. Түрме әфсанасы, 1, 2-том. – Алматы: Ел-шежіре. – 2011.

4. Әшкеев Н. «Ә.Бөкейхановтың ұлттық мемлекет құрудағы ұстанған негізгі принциптері» // Ақиқат. – 2002. – №3.

5. Журтбай Т. «Движение Алаш» (сборник материалов судебных процессов над алашевцами) том 1. – Алматы: Ел-шежіре. – 2011.

6. Жәдит және Алаш: ұғымдар мен терминдер сөздігі. – Астана. – 2011.

7. Субханбердина Ү. Дәуітов С. Сахов Қ. «Қазақ» газеті. – Алматы. – 1998.

8. Кәкішев Т. «Ғалияда» оқыған қазақтар // «Егемен Қазақстан» газеті. – 2008. – 30 тамыз.

9. Рақымқызы Р. Талаптыға жол нұсқаған «Ғалия» // «Алаш айнасы» газеті. – 2009. – 22 сәуір.

10. Бекхожин Х. Қазақ баспасөзінің даму жолдары. – Алматы: ҚМБ. – 1964.

11. Бөкейхан Ә. Шығармаларының толық жинағы, 5-том. – Астана. – 2010.

12. Асылбекұлы С. Қазақ прозасының қалыптасуындағы баспасөздің рөлі// Қазақ тілі мен әдебиеті. – 2008. - №8.

13. Сәдуақасұлы С. Үш томдық шығармалар жинағы. – Астана. – 2013.

14. Қамзабекұлы Д. Руханият, Саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы мақалалар мен зерттеулер. – Алматы: Білім. – 1997.

15. Кемеңгерұлы Қ. Үш томдық шығармалар жинағы, 1-том. – Алматы: Ел-шежіре. – 2013.

16. Жұмабаев М. Балапан қанат қақты// «Жас Алаш» газеті. – 2011. – 16 тамыз.

17. Сейфуллин С. Тар жол тайғақ кешу. – Алматы. – 2009.

18. Қамзабекұлы Д. Алашқа тыныс болған «Жас азамат»// «Ана тілі» газеті. – 1994. – 14-сан.

19. Қазақ-қырғыз жастарының ұйымдарына // «Сарарқа» газеті. – 1918. – 8 шілде.

20. Аймауытов Ж. Газет, журнал оқушыларға // «Сарарқа» газеті. – 1919. – 20 ақпан.

21. Тайшыбай З. «Жас азамат» – Алаш ұранды жастардың газеті// http://old.abai.kz/node/40315 .

22. Аллаберген Қ. Нұсқабайұлы Ж. Оразаев Ф. Қазақ журналистикасының тарихы (1870-2008 жж.). – Алматы. – 2009.

23. Кәкішев Т. Сандалтқан «Садақ». – Астана. – 2002.

24. Қамзабекұлы Д. Түсініктер// Қошке Кемеңгерұлы шығармалары, 1-том. – Алматы. – 2013.

25. «Садақ» қолжазба журналы. 1914 – 1918 жж.

26. «Жас азамат» газеті. 1918 -1919 жж.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?