Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Адай жылқысы – Маңғыстау мақтанышы

4022
Адай жылқысы – Маңғыстау мақтанышы - e-history.kz

Қолға үйретілген жылқылар Қазақстан аумағында бес мың жылдан астам уақыт бұрын пайда болды деп саналады, сол уақыттан бері адам өмірі жылқымен үздіксіз байланыста. Мың жылдар бойы жылқының еті мен сүті адамға азық, жылқылар соғыстарда, көшкен кезде көлік ретінде пайдаланылып, түрлі спорттық ойындарда қолданылған. Уақыт өте келе адам түрлі міндеттер үшін жылқының бір түрін ғана қолдану жөнсіз екенін түсініп, қойылатын талаптарға сәйкес жекелеген жылқы түрлерін қалыптастыра бастайды. Осылайша, кавалерия үшін жылдам жүретін салт аттар, жүк тасу үшін – ауыр жүк таситын, адамдарды тасымалдау үшін – жеңіл жегісті және т.б.

Қазіргі уақытта жылқы шаруашылығында жылқының негізгі үш түрі анықталған: жүрдек ат, күшті, еті тығыз ат және жүйрік ат, бұлар 200-ден астам жылқы тұқымын біріктіреді. Олардың кейбіреулері Қазақстанда жасалған. Qazaqstan Tarihy порталы маңғыстау даласының жауһары, Адай жылқысы туралы сөз етпекші

Адай жылқысы – Маңғыстау өңірінің мақтанышы. Ол осыдан екі ғасыр бұрын Қазақстанның батысында қазақы жылқыны түрікмен жылқысымен будандастырудан пайда болып, осы күнге дейін еш өзгеріссіз жеткен. Жылқының негізгі таралған ортасы Каспий мен Арал теңіздерінің шөл даласы. Өз атауын бұл жылқы Орта Азияға танымал қазақтың жауынгер руы Адайдан алған деп саналады. Ұзақ жылдар бойы бұл жылқы адайлардың айнымас досы болды: көшкенде – көлігі, жауымен шайқаста – серігі болды. Сол үшін де адайлық атбегілер бұл тұқымды ерекше бағалайды. Адай жылқысы туралы алғашқы жазбалар Ресей империясы жылнамаларында «киргизский аргамак» - қырғыз арғымағы деген атпен кездеседі. Атап айтқанда, жылнамада адай жылқысын салт мініп, бір түнде екі жүз шақырым жол жүріп өткен орынборлық казактың құтқарылуы туралы айтылады. Маңғыстау түбегінің аптап ыстық жазы, қатал қысы, шаңды дауылы мен қатты желі адай жылқысынан әлемдегі ең төзімді жылқы түрін жасап шығарды. Бұл жылқының бірнеше күн бойы су ішпей, қатты шөпті азық қылып жүре беретіні белгілі. Тұяғы жергілікті тасты топыраққа икемделген. Бұл жылқы тек ыстық климатқа ғана емес, сонымен қатар үйірде ұстауға да бейімделген: олар жылқышының қарауымен жыл он екі ай бойы далада өздігінен жайылып жүре береді. Адай жылқысының сыртқы тұрпаты, араб және ағылшын сәйгүліктеріне қарағанда қарапайым: мойны қысқа, омыраулы, арқасы түзу, сауыры солыңқы, шоқтығының биіктігі 150 сантиметрден аспайды. Алайда басқа жылқы түрлеріне қарағанда едәуір мықты әрі төзімді келеді. Ұзын келген тарамыс тіп-тік аяқтары адай жылқысына ұзақ қашықтықтарды өтуге мүмкіншілік береді. Мамандардың айтуынша, марафон қашықтарында адай жылқысының екінші тынысы ашылады. Сол себепті адай арғымақтары сексеннен жүз жиырмаға дейінгі қашықтықты еркін өтіп, халықаралық бәйгелерде жеңімпаз атанады. Айта кетерлігі, Франция, Қырғызстан мен Ресейде өткізілген халықаралық бәйгелердегі жеңістері аз зерттеліп, шетелде аз танымал болған осы тұқымды атбегілердің қайтадан жандандырып, насихаттауына түрткі болды. 

«Тыныштық жағдайында адай жылқыларының жүрек қағысы минөтіне отыздан аспайды. Бірақ бәйгеден кейін, әрине, жетпіске дейін көтеріледі. Демалуға берілген он бес минуттың ішінде жүрек қағысы қалпына келеді. Бұл уақыт ішінде басқа жылқы түрлерінің жүрек қағысы жоғары болып тұрады. Бұны адай жылқылары жеңісінің бір құпиясы деп айтуға болады» 

Аманғали Бағдабаев, бапкер  

Жайылымдық жем-шөпті ғана қорек етіп, бұл жылқы күніне 80-90 шақырым жол жүре алады. 1948 жылы салт мінілген адай жылқылары бір тәулікте 298 шақырым жол жүрсе, 1956 жылы бір тәулікте 354 шақырымды шауып өтіп рекорд жасайды. 1952 жылы Маңғыстауда адай жылқысының тестілеуден өткенін біреу білсе, біреу білмейді. Жылқылар бір тәулік бойы шабу керек болған. Оған жиырма шақты сәйгүлік қатысып, олардың көпшілігі 360 шақырым жолды бағындырған. Тағы да бір көпшілік біле бермейтін жәйт: адай жылқылары фашизмді жеңген Жеңіске өз үлестерін қосқан. Соғыстың алғашқы айларының салдары басшылықты майдан қажеттілігі үшін он мыңдаған адай жылқысын жеткізу туралы шешім шығаруға мәжбүр етеді. Дәл осы атты гвардия капитаны, кавалерияшы Ерденбек Нетқалиев ерттеп мінген.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?