Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Жас азамат» газеті – алаш идеясының жаршысы

1767
«Жас азамат» газеті – алаш идеясының жаршысы - e-history.kz

Алаш арыстарының шындап атқа мінген кезеңінде, ұлттық мемлекеттіктің елесі білініп, әне-міне ел боламыз деп жүрген тұста жарық көрген «Жас азамат» газетінің де Алаш идеясын ел ішінде таратуға қосқан үлесі ұлан-қайыр. Біздің қолымызға тиген газеттің он сегіз санындағы әрбір мақаладан Алаш идеясы көрініс беріп отырады. «Қазақ», «Сарыарқа» газеттері мен «Абай» журналы көтерген жер мәселесі, ұлттық тәуелсіздік, земство, мүфтият, оқу ісі, мемлекеттік басқару жүйесі, қоғамдық құрылым секілді маңызды және тың тақырыптармен қатар дүниежүзілік бірінші соғыс хабарлары, большевик дауылы секілді мазмұндар молдап кездеседі. Әсіресе «Жас азама» газетінің өзіндік жолы мен ұстанымы болған. Ол ұстаным мен жол Алаш қозғалысының негізінде қалыптасқан болатын. 

Газеттің 1918 жылы 31 шілдедегі алғашқы санында жарық көрген «Алаш азаматтарына» деген үндеу сипатты мақаладан біріншіден сол тұстағы қазақ жұртының жағдайын, Алаш зиялыларының бағытын байқасақ, екіншіден жастарға деген демеу мен сенімін байқаймыз. Онда: «180 миллион Россия халқын 300 жылдан астам бір шыбықпен айдаған Роман тұқымының тағы күйреп, іс басынан құлағандай, жеті айдай зорлықпен, қанішерлікпен билік жүргізіп дәурен сүрген большевик үкіметі де, Сібір жерінде жығылды», - деп бастап дәл сол тұстағы саяси жағдайдан хабар береді. Яғни бұл кез большевиктердің жеңіліп қайта шегінген кезі. Алаш баласының уақыттық қуаныш тапқан, мұрсат алған кезі. Одан әрі: «Дін үшін, туған жер үшін, патша үшін!» деп Николай үкіметі халықтың қанын қандай сорса, социализм үшін, жұмыскер кристиан үшін, Совет үшін!» деп большевик үкіметі де халықтың қанын сондай сорды», - деп большевик үкіметінің де баяғы отаршыл орыс екенін көрсетіп кетеді. Бұл Алаш зиялыларының ұстанымы еді. Олар Кеңес үкіметіне тіс-тырнағымен қарсы болды. Ал бұл қарсылықтың себебі Алаш зиялыларының бұл жол арқылы қазақты биікке шығара алмайтынын білгендігінде еді. Өздері атап көрсеткендей оның баяғы патша үкіметімен ұқсас отаршыл жүйе екенін анық танығандығында болатын. «Қар суындай, қазанның күйесіндей большевиктер жоғалды. Большевик бұлты басқан бостандық күні жарқырап, жаңадан шықты, нұрын төкті» деп жар салуы большевизмнің бір жола құлауын тілеуі болатын. Бұдан әрі: «Аяқтан әуіре, қолдан кісен, ауыздан қақпақ кеткен Алаш баласы өз құрылтайыңды көріп өлсең, арманың жоқ! Өткен өмірдегі ауыр жағдайға қалың қайғы, көз жасы – бәрі де енді ұмыт болды. Қара шаңырақ «Алаш Орданың» тігілгені – бір уақытта қазақты алға шығарды», – деп сүйіншілейді. Соңында барша қазақты бірлікке, Алашорданың соңынан еруге үндейді. «Ақсақалдар, ағалар! Ақыл айтып, жол бастаңдар! Баяғы еркін дәуреннен сөз қозғап, жастардың жүректеріне қызулық жалынын салыңдар! Қазақ-қырғыз бір кезде кемеліне келген, өз алдына хандық құрып билік жүргізген ел емес пе еді? Топ бастаған көсемі, сөз бастаған шешені, қол бастаған батыры бар емес пе еді!? Дәулетті байлар, мырзалар! Кісілік малда емес, әсте бүгін бар дүние, ертең жоқ. Әркім шамасына қарай ұлтына қызмет қылуы тиіс. Большевик заманында жұрт алдағы малды садақа қылып еді. Күн жадыраған соң құдайды ұмытпау керек. Большевик бұлты айыққанмен, алдымызда қатерлі күндер көп. Қара бұлттың оңнан болса да, солдан болса да көтеріліп кетуі ғажап емес. Аласпыран күндерде мал аяп қалу ақылға да, арға да, шариғатқа да теріс. Жастар! Атқа мін! Басқа жұрттар көрсін! Орал, Алтай, Ертіс, Есіл-Нұра, Еділ-Жайық бойында шарқ ұрған арыстандай ақырған Алаштың рухының сөнбегенін көрсін! Япырмай! Кеше ғана емес пе еді, алты миллион Алаш баласының басы құралмай, жер-судан айырылып, пендеге пенде болып жүргені, мейірімсіз тас бауырлардан рахым тілеп жүргені. Міне, «Алаш Ордаға» жәрдем қылмасаңдар, ұранға қызбасаңдар, сол көңілсіз күндерің алдарыңда даяр. Ардақты азаматтар! Алаш туы Қағбамыз болсын, бәріміз соған қарайық. Алаш тілегі иманымыз болсын, бәріміз соған ұйыйық», - деп келіп «Омбыдағы Алаш партиясының бас комитеті» деп көрсетеді. Осы үндеудің мәнінен-ақ біздер «Жас азаматтың» Алаш бағытын үлгі еткен ұлтшыл бағыттағы басылым екенін аңғарамыз. Біз енді жоғарыда атап өткен «Жас азаматтың» ұстанымы туралы ішкерлей, ашалай талдамақпыз.

«Жас азамат» газетінің беташар сөзі болған «Жас тілек» деген мақалада: «Келешектің қараңғылығы, саяси ауаның күн сайын құбылуы, қалың өрттей, кеселді дерттей апаты күшті күндердің тууы, дүние болу-болмау сол әлінің майданға қойылуы, ұлттың өмірлік құқықтары аяқ астына тапталып, зорлықтың үкім сүруі, «Жас Азаматтың» үстіне ауыр жүк салып отыр, қоғамдасып-қолтықтасып күш беріп, ауыр жүкті тиісті орнына жеткізу – жастардың басты міндеті, үлкен борышы», – деп басталған тілегінен ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан айтқан: «Әр ұрпақ өзіне арналар жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс. Олай болмағанда болашаққа аса көп жүк қалдырамыз», – деген сөзін үлгі тұтқанын аңғару қиын емес. Одан әрі қарай жастар өздерінің бағытын айқындай көрсетіп кетеді: « «Жас азаматтың» алтын идеялы, әулие мақсұты, негізгі жолы – ұлт бостандығы, ұлт теңдігі. Бұл теңдікке жету үшін «Жас азамат» алаштың алтын туын жайқалдыра алатын, дұшпанға күйініш, досқа қуаныш салатын, іргелі ел қылатын бірлікті қолданады. Әлсізді күшейтетін, ауырды жеңілдететін табиғаттың қожасы болған шаруа міндетін қолданады. Ар-иманның, таза адамшылықтың түпкі тамыры әділдікті қолданады. Осы айтылған жолдарда қарсы күш – қалың жау тұрса да, таудан үлкен тұрмыстық кедергілер тұрса да, «Жас азаматтың» бет алған сапарынан қайтпайтынына иманымыз берік.»

Осы шағын үзіндіден біз «Жас азаматтың» ұлт теңдігі, бостандығы жолы үшін ереже еткен үш ұстанымын байқаймыз. Әуелде атағаны – «алаштың алтын туын жайқалдыра алатын», «іргелі ел қылатын бірлік». Бұл дегеніміз Алаш идеясын ұлттық идея етіп ұстану. Ал Алаш идеясының негізгі ұстыны түп-тамыры сонау түркіден тамыр тартатын «мәңгілік ел» идеясы болатын. Ол бойынша жер бірінші байлық болып есептеледі. Екіншісі – бұл жерде «әлсізді күшейтетін, ауырды жеңілдететін табиғаттың қожасы болған шаруа міндеті» делініп отырғанын өнеркәсіп, техника секілді ғылым күшімен дамыған қауқарлы тіршілік көздері және әр түрлі ұсақты, ірілі шаруашылық деп қарастыруымызға болады. «Шаруа» сөзі ол тұста іс, жұмыс, кәсіп мағынасында қолданылған. Яғни елдің әлеуметтік жағдайын көтеру мәселесі алға қойылып отыр. Бұл жолда кәсіптің әр түрлі саласын бірдей дамыту, барлық түрлі шаруашылықты, өндірісті жандандыру секілді мәселелердің бәрі бар. Земстволық басқарудың да бір ұшқыны осы шараны алға сүйреу үшін қажет болған. Үшіншісі – «ар-иманның, таза адамшылықтың түпкі тамыры әділдікті» қолданады дегені мемлекеттік басқару жүйесіндегі әділет, теңдік. Бүгінгі сөзбен айтар болсақ, 1) жалпы халықты бірлікте ұстау, яғни ұлттық идея мәселесі; 2) елдің әлеуметтік жағдайын көтеру, әр түрлі шаруашылыққа, өнеркәсіпке, ғылым-техникаға қолдау көрсету; 3) Елді әділ билеу, яғни азаматтық қоғам құру.

Бұдан біз сол тұстағы жалпы қазақты қатты толғандырған «Қайтсек ел боламыз?» деген үмітті һәм үрейлі сұраққа жастардың берген жауабын аңдағандай боламыз. Қалай десе де Алаш бастаған даңғылдан адаспағаны, ағаларының айтқанына демеу, қостау болып, әуелгі өздері айтқан бірлік жолынан таймағаны анық. «Егерде орыстан үлгі алуды, біздің қазақ оқығандары тоқтатпаса, өткен жылғы орыс киген таз кепешті біздің қазақ та киеді. Түбінде қазақтан капиталистер шыққанда, фабрика-завод көбейгенде, тұрмыстың өзін де тап-тапқа бөлер, оған дейін социализм күйін күйлемей, тұра тұрайық. Бұқарашыл орыс зиялыларының жеке-дара ұстаған бақыт махаббатына көтермеші болмай, таза Жапонияның жолымен жүріп, бірлік-берекеден айырылмай, ұлтшылдықты сақтау керек», - дейді «Ел баласы» деген бүркеншік ат қолданған автор «Бүлінгеннен бүлдіргі алма!» деген мақалада. Бұл әрине жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбай жүйелеген алаштың бес ұстанымының ең соңғы, әрі ең маңызды бесінші ұстанымы «ғылымға, ұлттық салт, дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құрумен» сәйкес кеп тұрған жоқ па?

Алаш көздеген мәңгілік елдің ең негізігі байлығы жер болатын. Ал жастар да осы тақырыптан Алаш бағытынан адаспаған. Газеттің 18 шілдедегі үшінші санында «Қазақ жері» деген авторсыз мақала басылған. Мақалада бұрын-соңды қазақ жеріне патша үкіметі жағынан жүргізілген қоныстандыру саясаты айтылып, билікті біреуге жақпай қалсаң, жеріңді тартып алатын дейді. Ол кезеңді бірінші кезең ретінде алады да, «Екінші, большевик дәуірі: бұл дәуірде қазақ жері іс жүзінде тілгіленіп, талауға түскен жоқ, бірақ, большевиктердің қазақ жері туралы жасаған пландары болды. Қазақ жерін коллективтендіру керек. Сонда бізге жолдас болады, араларына Россиядан келген қашақтарды кіргізіп, шама келгенше қазақты бірыңғай шөлге қуу керек. Бір қазақта жиырма мың жылқы бар, соны қашақтарға бөліп, жерін алып беру керек, деген. Әр жерлерде ортақшылдар шығып, қазақтан жер иелігін алғандар болды. Құдай сақтады, енді біраз тұрса, большевиктер қазақ жеріне кілең кесірлерін тигізетін еді», - деп шын мәнінде де кейіннен большевиктер жүзеге асырған аяр пиғылын болжайды. Үшінші кезең ретінде Алаш автономиясы кезеңін атайды. «Үшінші дәуірдің өзгерісіне қазақ жері жаңа кірді. Қайырлы Алаш автономиясы болса, жер мәселесі оңай шешілмек, онда қазақ ешкімге ұпай жібермейді. Шапқыншылықпен, яки басқа бір себептермен Алаш автономиясы болмай қалса, қазақ жеріне еншілестердің көбейетіндігіне шек жоқ», - дегені де айдай келген ақиқат болды. Кадеттер мен социалистердің «бетін жыртып, Алаш автономиясына қарсы болғаны – алашты қимағаны емес, жалпыға жоқ алаш жерін қимағаны», - деп Ресейдегі қай саяси партия болса да қазақ жерін қылғуды арман ететінін ашық айтады. Және «Жас азаматтың» да көзқарасы осы жерде беріледі. Ол «Адам баласының тіршілігі жерге байлаулы, жерсіз - ел болу жоқ. Жерсіз ел - көлеңкемен бір есеп», - деген байлам. Осыдан кейінгі «Ішкі хабарларда» «Жәдігер-Жаныс» деген автор «Өлген тірілмекші» деген шағын шолу сипатты мақалада: «Қазақ жерінің бір кезде әзәзілі болған Переслен мекемесі қайтадан тіріледі деген қауесет бар. Ондағы тірілудің мақсаты – Оралдың ар жағында жерсіз қара құрттай қайнап, миллиондап әлі келіп жатқан мұжықтарды Сібір жеріне орнықтыру», - деген мәлімет бере келеді де, қоныстандырудан қазақ жерінен айырыла беретінін айтып, Алаш азаматтары бұған қарсы болуы керек дейді. «Әр жерде жергілікті мұжықтармен қосылып, переселен мекемесін тірілтпеске тырысу керек», - деп ескертпе тастайды. Шындығында халық үшін де, ұлттық мемлекеттік үшін де жер аса маңызды екені анық. Жер мәселесі туралы газеттің әр санында осындай материалдар көптеп кездеседі. Газеттің 19 қарашадағы 11- санында басылған «Ел баласы» деген автордың «Қзазақ жеріне қолқа салушылар» атты мақаласында үкіметтің қазақ жеріне қауіпті төрт түрлі заңды қарап жатқанын айтады. Оның біріншісі қазақ жерінде тұз заводын ашу, бұл арқылы малшыларды жерінен айырып, сол жерге тұз заводын салады деп көрсетеді. Екіншісі, суы тапшы жерлерге арық жүргізу, өзен, көл арналарын бұрмалау, шалшықты, сулы жерлерді құрғатпақшы дейді. Ал бұл жерлерді егінге пайдаланады да переселендерді, не мұжықтарды қоныстандырады, сөйтіп қазақты құнарсыз жерге қуады. Үшіншісі, Сібір өңіріндегі қолайлы жердің аздығын, жер сұраушылардың көптігін ескеріп, мал шаруашылығындағы жерлерді босатып, оларды таулы, тасты жерлерге көшіріп, оның орнына егін егуге жер сұрағандарға бермекші екендігін айтады. Ал төртіншісі, Ресейге шет мемлекет капиталының тартылып, фабрика, завод салуға рұхсат етілуі. Бұл төртінші шарпен қоса алдыңғы үшеуі орындалғанда қазақ баласының шынымен де өгей жағдайға түсетінін айтып, «Мінеки алаш! Автономияң болмаған кезде шетіңе беретін қолқаң. Жер – мәңгі байлық: алдыңдағы малыңнан, қойныңдағы ақшадан қымбат. Өнер-білім кенжелігі болса да, автономияға аласұрып жатқандық – жер үшін» деп тәмандайды. Бұл сөз бізге бір жағынан тәуелсіздік, елдік мәселесінің мәнін ашса, енді бір жағынан жер мәселесінің қаншалықты ушыққан іс екенін түсіндіріп тұр. Әрі бүгінгі ұрпақ үшін де ұмытпас өсиет деп ұғыну керек.

«Жас азаматтықтар» үшін де Алаш зиялыларындай жер мемлекет меншігі, оны земство арқылы басқару керек деген тұжырым ортақ. Земство мәселесі туралы да газеттен көптеп кезіктіруге болады. Алайда біз осы үшінші сандағы «Ақмоланың облосной земский собраниясы...» деп басталатын авторсыз шолу хабарға назар саламыз. Бұл хабарда Ақмола облысының «земский упровасына» мүше сайлау туралы айтылады. Сайлау барысында орыстардың әр партиясының берекесіз болғанын, сайлануға тиісті төрт адамның тек екеуін ғана сайлай алғанын, ал қазақтардың бір тұтас Алаш партиясын қолдап шыққанын, сайлануға тиісті үш адамның да Алаш партиясынан сайланғанын айтып, мүшелердің аты-жөні мен бұрынғы қызметтерін атап өтеді. «Бұл қазақтың екі жүз жылдан бері көрген бірінші теңдігі. Бұрын қазақтан түрлі алым-салықтар алынушы еді. Бірақ, қазақ пайдасына жұмсалмаушы еді. Енді соның үшін алдымен, земство салықтарын беріп отыру керек» деп земствоның пайдасын көрсетіп, «Оқу-оқыту шаруасы, жер-су, азық-түлік - барлығы земствоның қолында. Осындай күші зор, пайдасы мол земстводан қашу шайтанның «биссмилладан қашқанындай» болады» дейді. Земство – жергілікті жер мен халықтың құндылықтары, тұрмыс-салты негізінде әр түрлі шаруашылықпен айналысуын қамтамасыз етеді, халықтың өзі таңдаған әділ басшысын сайлап алуына мүмкіндік береді, жер мәселесін, ұлттық ерекшелік, тіл, дін мәселесін орынды шешуге мүмкіндік береді. Алаш зиялыларының бұл құрылымды жақтауының да үлкен себебі осы. Бұл «Жас азамат» көздеген үш ұстанымның да үддесінен шығатын шара.

Жоғарыда айтқанымыздай, «Жас азаматтың» екінші ұстанған жолы – елдің әлеуметтік жағдайын көтеру, өнеркәсіпке, әр түрлі шаруашылыққа, ғылым-техникаға қолдау көрсету дедік. Бұл туралы біз жоғарыда келтіріп өткен әр бір материалдан да аңғарылады. Тәуелсіз экономика құру үшін шетел капиталына сүйенбей, өз күшімен, мүмкіндігінше қолдан келетін істерден бастап шаруашылыққа кірісу Алаш ұстаған бағыттың бірі. Земство арқылы жергілікті шаруашылықты дамыту да бұның бір буыны. Әсіресе «Жас азаматтың» шаруашылық туралы толық пікірін білу үшін газеттің алтыншы санында шыққан Смағұл Сәдуақасовтың «Өмір үшін күресу» деген мақаласын мысалға келтіруге болады. Мақалада автор кез келген адам баласына жан-дүние қамы үшін тамақ, киім, үй керек, бірақ оларды табудың жолдары әр түрлі, әдісі әр түрлі дей келіп: «Не іске болса да әдіс керек. Және заман өткен сайын әдіс өзгеріп тұрмақшы. Мысалы: тұрмыс жөнінде ең әдісшіл Германиядағы немісті һәм әдіссіз біздің қазақты алайық. Екеуі де өмір үшін күреседі, бірақ неміс әдіспен күреседі һәм заманға қарай әдісін өзгертіп отырады. Сондықтан, екеуінің тұрмысында жер мен көктің арасындай айырма бар.» деп, одан әрі неміс пен қазақтың тұрмыс күйіндегі айырмашылықтарды теріп шығады. Теріп қана қоймайды, қазақ оқығандарын осы «шаруа ісіне» шақырады. «Жиырмасыншы ғасыр шаруаның қолы екенін ұмытпау керек» дейді. Қазақ өзінің киетін киімін, ішетін асын өзі өндіруі керегін, өзгеге тәуелді болмауды мұрат қылады. Және осы мақаланың соңына қарай бірнеше түрлі шаруа жайын сөз етіп, жол көрсетеді. Жалпы газет 1919 жылдың соңында жабылғанға дейін осы тектес мақалалардың шығып тұрған. Осы үндеулері арқылы алаш жастары қазақтың талай ісіне ұйытқы болуға тырысқан. Олардың өздеріне үлкен мақсат жүктегенін аңғартатын, шаруашылық ісіне ден қойған тағы бір мақаласы газеттің осы жылғы 5 желтоқсандағы он төртінші санында «Оқу» деген атпен жарияланған. Мақаланың жұртты жігерлендіруге, іске шақырғаны автордың жасырын атын «Оптимист» деп алуынан-ақ байқалып тұр. Мақалада автор елдің шаруашылығының өсуіне, мәдениеттің тез таралуына, халықтың алға басуына «қолайлы табиғат, тұқым оңдылығы, дін түрі, елдің жиі отырғандығы, ұлттың рухтылығы, көрші халықтардың құнарлылығы һәм ауыл шаруасының фабрика, завод, сауданың көтерілуі себепкер болады. Біздің алашта бұл заттардың бірі де жоқ. Сондықтан алаш тез алға басып жетіліп, құнарлы халықтардың қатарына кіре алмайды деушілер бар» дейді де, «Мен «алаш тез алға басады» деушілерге қосылатындығымнан өз дәлелімді көрсетемін» деп жоғарыда аталғандарды бір-бірлеп теріске шығарады. Дін мәселесі ерте кезде әсер етті, қазір сенімнен ақыл күштірек болғандықтан, бұның әсері жоқ десе, «Тұқым оңдылығы» дегенге Жапонияны мысалға келтіріп тойтарыс береді. Осылайша барлық шарттарға қарсы дәлелін көрсетіп келеді де, «Біздің қалайтынымыз шаруаның көтерілуі. Ауыл шаруасының, фабрика, завод, сауданың көтерілуі ұлттың рухты болуынан. Ал рухты болу үшін жасаулы пікір (соиздательная идея) керек. Мұндай пікір жеке адамдардан бастап бұқара халықтың миына орнығып, көпшілікті өзіне аударса ұлтты рухты қылады» дейді. Міне баспасөз бетінде қозғалған ұлттық идея мәселесінің анық көрінісі. Осыдан ары қарай автор біздің қазақты өзіне тартып тұрған оқу ісі дейді. Қазақтан оқуға құмартқандар көп шығып жатыр, осы оқу арқасында алаш жұрты тез жетіледі деген ойдамын деп бір түйеді де, «мемлекет билігі таз қалпына түспей, бұқара билігі орнықса, «Алашорда» мен земстводағы басшы азаматтарымыз оқудың тез таралуына армай-талмай қызмет істесе, жылында әр облыстан бір жігітті шет мемлекеттерден оқытып тұрса (биылғы жастар сьезінің қаулысында да бар еді степендия ашып шеттен оқыту) бір 20-30 жылда қаһарлы халықтың санына кірер едік» дейді. «Қалай шаруашылығы зор елге қосыламыз?» деген сұраққа берілген жауап бұл. Яғни біз атаған «Жас азаматтың» үш ұстанымы да бірінсіз бірі болмайтыны көрініп тұр. Шаруашылықты өркендету үшін бір тұтас ұлттық идея керек болса, ол идеяны орықтыру үшін әділ билік керек екені шығады. Ал газетте әділет ісі үшін жасалған істер туралы мақалалар мен билік, мемлекет қалпы туралы материалдар да көп кезігеді.

Біз үшінші ұстанымы ретінде – әділетті, азаматтық қоғам құру мәселесін атадық. Әуелі газеттің үшінші санындағы «Спасс заводы» деп басталатын қысқа хабар түріндегі жазбада, аталған завод жұмысшыларының алғаш большевиктер орнай қалған кезде, завод басшылығын басып алып, енді большевик қашқанда бұрынғы завод иелері қайтадан өз орындарына келгенін мәлім етеді. Одан әрі «жұмысшылардың көбінде елге жетерлік ақшасы да жоқ. Қосақ арасында кетіп, кінәсіз момындар да жұмыстан шығарылып жатыр» деп өкініш айтады. Осындай бір аумалы-төкпелі заманда, шауып алу, тонап кету, алдап алу салтқа айналған, аштық пен соғысқа қатар ұшыраған шақта да, әділет туралы бір ауыз сөздің айтылуының өзі және шынайы айтылуы – жас қауымның әлгінде айтқан әділетшіл қоғамға жасаған аз да болса талпынысы демей тұра аламыз ба? Газеттің 25 қазандағы сегізінші санында «Ішкі хабарлар» деген шағын мақалада осы тектес мәселелер қозғалып, істің әділет табуын нұсқайды. Хәне жетінші, сегізінші сандарда бөліп басылған Мұхтар Әуезовтың «Ескеру керек» атты мақаласында: «Кешегі ешкімге бағынбай, елді хан билеп, көсем би билеген заман – киіз туырлықты қазақтың тарихында әркімге белгілі бір дәуір. Ол заман өтті. Одан бергі біздің хал бұлқынбай жатқа бағынудың жолында болды. Кең қазақ даласын әлде неше указ сайқалдап шықты. Көп өзгеріс жаңалықтар болды. Әуелгі қазақтың халықтық қалпы неше толып, неше кішірейіп шым-шытырық түрлерге түсті. Әр түрлі указдардан шыққан өзгеріс халық бақытын мысқалдап, жылжытып, құлдық құшағына тастағалы әкелді. Неше рет қазақ халқы зынданның ернеуіне келіп қайтты.» деп бастап, әрі қарай қазақ ішіндегі барша келеңсіздіктің себебін ашуға тырысады. Мақалада бүлінген елді түзейтін әділ заң мен теңдікті сөз етеді. «Абайдың: «Мен закон қуаты қолымда тұрған кісі болсам, адам баласының мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», деген сөзінің қазақ турасында іске алынатын кезі келді» деп, енді осы ел ішінде әдетке, мінезге айналған тонау мен алдау, қорқыту, бүгінгіше айтқанда азаматтардың құқығын таптау мәселесін күн тәртібіне қойып реттеу керек дейді. Бұның бәрі біз айтқан әділетті қоғамға деген талпыныс емес пе? Және газеттің әр санында дерлік земство ісі туралы хабарлар беріледі. Земствоға сайлау тәртібі, жөн білетін, ұтқа жаны ашитын, әділетшіл азаматтардың сайлануы секілді мәселелерді үгіттеп, мемлекеттік жаңа құрылысқа бар ынталарын салады. Бұндай хабарлар көбінде «Земство», «Земство ісі» деп, «Қалалық дума сайлауы», «Мемлекет кеңесі», кейде сол облыстарға байланысты «Ақмола облосной земский собраниесі» деген секілді тақырыптармен беріліп отырады. Мұның барлығында да дерлік земствоның пайдалы жақтары, әділ билікті негіз етуі, сайланушылардың аты-жөні секілді мағлұматтар кездеседі. Большевиктерге жүргізілген сот ісі, ел ішіндегі дау-шарлардың сотта қаралуы секілді оқиғалар да газетте қысқа хабар, шолу ретінде беріліп тұрған. Бірнеше жерде әділетсіз қаралған сот ісі айтылса, 14- санындағы «Спас заводынан» деген хабарда, екі күдікті ұрыны ұстаған милиция айтқаныммен жүрмедің деп екеуін жазықсызда жазықсыз, сотсыз атып өлтіргені айтылып, бүгінгі милиция патша үкіметі кезінен де қатал болып барады, мұндай милицияны ұрының жолдасы деу керек деп өлген екеуге жанашырлық білдіреді. Газеттің алтыншы санында әйел теңдігі мәселесі туралы бір материал бар. Онда Кереку қаласында өткен оязной соттың сүйгенімен қашып кеткен әйелді қайтадан бұрынғы күйеуіне таңғаны туралы айтып, әділдік, теңдік іздеген қазақ қызы мұны көріп көңілі қалмай ма? Өзіміз айтатын әйел теңдігі қайда қалды деп налиды. Осы тектес мақалалар газеттің жалпы барлық санында кезігеді. Және бұл мақалалардың бәрі жас азаматтықтардың әділет ісіне деген ынтасы мен талпынысын білдіріп тұрды.

Газеттің тарихи деректік мәні де аса зор. Бірінші дүниежүзілік соғыстың 1918 жылғы жалпы беталысын, соғыстың аяқталған кезін бәрін де әр саны сайын хабарлап, жалпы барысынан ақпарат беріп отырады. Бұл туралы әр санда «Татулық белгілері», «Дүние соғысы», «Татулық» деген тақырыптармен басылған мәліметтер мол мағлұмат береді. Мұнымен қатар ел ішінде болып жатқан азамат соғысының әр түрлі хабарлары, қазанама, жеңіс хабары, жеңілген большевиктердің жазалануы, кейбір сот істері, даулы мәселелер газет бетінен орын алып отырған. 11-сандағы «Ұмытшақтық» атты мақалада башқұрт әскерінің азамат соғысында атқарған рөлін, большевиктерге қарсы күреске қосқан үлесін термелейді. Мақала басында Омбыдағы екі жылдық мұғалімдер курсының ашылуына орыстың жиырмашақты ұйымдарынан уәкіл шақыртқанын, алайда тек бір ұйымның ғана өкіл жібергенін айта келіп, бұл не үшін десең, бұл «Ұмытшақтықтан» дейді. Бірақ бұл ұмытшақтықты бізге ғана емес, «басқа ұлттарға да істейтіндігі орысша шығатын «Башқұрт үкіметінің тілінен» көрінеді. Бұл жазады: «Орыс газеттерінде ресми хабарларда башқұрт әскерлерінің большевиктермен қалай соғысып жатқандығы толық бір де жазылмайды. Верхно Уралскі қаласын, уъезін алғанда башқұрттан үш полк жүрді. Орскіні алғанда 4-жаяу башқұрт полкінің көрсеткен қайратына атаман Дутов сүйінді. Екатеринбурды алғанда іштегі халық башқұрт әскеріне ай, жұлдыз орнатқан ту силап, қарсы құрмет қылды» деп тізбелейді де, мақала соңын: «Бостандықтан бұрынғы ұмытшақтық өзімен тұрыпты, ендігі ұмытшақтыққа жол болсын! Ендігісі үркек аттың жұбы жетіп тұрса да осқыруын қоймайтындығына келеді. Ұмытшақтықтың бірлесуге қанша зияны бар екенін білдірген тәжірибені басымыздан кешірдік қой» деп түйіндейді.

Бұдан сырт сегізінші сандағы «Саясат күйі» деген мақала большевиктердің күшейе бастауынан және Россияға көмек береміз деген елдердің айнып қалғандығынан дерек беріп өтеді. Және бұл екі жағдайдың да себебін талдайды. Большевиктердің күшею себебі, орыс мұжығы мен жұмысшысының құқы артқандығынан дейді. Бұрынғыдай биік үйлер мен бойы озық білімпаздарда емес, көшеде жүрген жұмыскерде, мұжықта дейді. Соңғы кезде бұлардың негізгі құқықтарына қол сұғылып жатқаны, большевиктердің «бар тілегіңді орындайм» деп өтірік жарнама шығаруы, жұрттың бетін солай бұрып тұр десе, көмек бермек болған мемлекеттердің айнып қалуын да өзінше талдайды. Автор әр елдің мәңгі жауы да, досы да болмайтынын айтып, бір ел күшейсе екіншісіне зиян, ал үшіншісіне пайда болып келетін шырма-шату саяси байланысты сарапқа салады. Бұған Орыс-Жапон, Қытай-Жапон және Неміс-Орыс қатынастарын мысалға ала отырып түсіндіреді. Тағы да осы сандағы «Аштық апаты» деген мақалада Жетісу өңірінде боп жатқан аштық апаты туралы хабарлайды. Алматы-Ташкент жолында аштықтан қырылып қалған халықтың өлігі үйіліп қалғанын, және де басқа мәліметтер беріп, «Екі жылда екі облыс адамнан айырылып қалдық. Келешекте қандай күй алаш басына түсері белгісіз» деп уайым білдіреді. Соңында осы апаттан тездетіп құтылудың амалын ойлауды, болмаса жер жүзінен жоғалып кету қаупі төніп тұрғанын ескертеді.

Газеттің Он бірінші санындағы «Татулық» деген хабарда Германияның соғыс тоқтату шартына қол қойғанын, барлық талаптарды қабыл еткенін жариялаған. Он екінші сандағы «Соңғы хабарларда» Омбыдағы Уақытша үкіметтің жұмысы тоқтатылып, барлық билік 18 ноябрьде Колчактың қолына өткенін, Уақытша үкімет мүшелерінің себепсіз тұтқындалуы тексеріліп жатқанын хабарлайды да, бұған: «Бұл телеграмдар Омбы қаласында түрлі өзгерістердің барлығын көрсетеді. Бірақ қандай өзгеріс екендігін ашпайды. Саясат толқыны күн сайын өзгеріп тұрған заман ғой» деп басқарма атынан түсінік беруінен – сол тұстағы үміт пен күдік қатар билеген қазақ зиялылар ортасының шынайы көрінісін көргендей боласыз. Осы тектес тарихи мәні зор ақпараттар 15-сандағы «Саясат күйі», 20-сандағы «Алашорда», 22-сандағы «Алаш өлкесінің халі» атты және де басқа хабар, мақалалардан көптеп кездеседі.

Ал газеттің 17-саны толықтай Алашорданың құрылған күні 13 декабрьге арналады. Осы санның бірінші бетінің тең ортасына «Екінші жалпы қазақ съезінде алты алаштың баласы түгел бас қосып, қазақ-қырғыз ұлтының келешектегі елдігіне негіз құрған тарихи 13 декабрь күні бүтін алаш ұранды қазақ-қырғыз өлкесіне құтты болсын» деп үлкен әріптермен жазылған. Осындағы бас мақала «13 декабрь» деп аталған. Мақалада жалынды, ұшқыр сөздермен Алаш автономиясын құруды мақсат еткен, Алашорда үкіметі құрылған 13 декабрьге тура бір жыл толғанын атап өтеді. Осы күнді еркіндік, тәуелсіздік күні ретінде қараған автор «Ерте, кеште 13 декабрь алаш елінің ардақты күндерінің бірінен саналар. Алаш тарихында алтын сиямен жазылдар» деп қорытады. Бұдан әрі өзге де мақалалардан кейін «Он үшінші декабрь күніне арнаймын» деген өлең басылған. Авторы «М.Н.» деп көрсетілген өлеңде қазақ-қырғыз жұтының теңдікке, еркіндікке ұмтылған күні деп асқақ жырланып келіп, әр шумақтың соңында «Күн бүгін» деп қайталанып отырады. Өлеңнің айтар ойы «Жас азмат» газетінің жарты дылға жуық уақыт көтерген тақырыбымен сәйкес келеді. Бұған қарап газеттің тұрақты оқырмандарының бірі болуы керек деген шешім шығардық. Болмаса біз білетін ірі ақындардың да қолтаңбасын ұқсамайды.

Газет көтерген тақырыптардың тағы бір көзге түсерлік, аса маңыздысы түрік бірлігі мәселесі. «Жас азаматтың» 21-санындағы «Қалай бірігеміз» деген мақалада Семейде татар тілінде шығатын «Халық сөзі» атты газеттің бір жыл ішінде мұсылмандар басынан өткен оқиғаларды сарапқа салған кезде, қазақтар туралы «Бұл тарихи қарасымызда қазақ қандастарымыздың саяси қозғалыстарын еске алсақ, бүтін бір жыл съездермен өткенін көреміз» деп бастап, бір жыл бойы тынымсыз жиналыс шақырғанда, ойға алған автономиясы жариялаудан қорғанды, басқа түрік жұрттарын менің менің құрамыма кір деп шақырды деген дәлелсіз пікірін сөгеді. Және автономия жарияламаудың себебі қорғанғаннан емес, жауды көбейтіп алатындығын біліп, ойламмен істегендіктен, және біз ешбір түрік баласына бізге қосыл демедік деп тойтарыс беріп келеді де, біз де бірігуді қалаймыз. Жалпы түрік жұрты бірге болуы үшін әр түрлі шарттар керек, оны ауызбен айтудан гөрі іспен көрсету керек дейді. Ал бірігудің басы баспасөзден, сондықтан баспасөздегі әр бір сөзді «жеті өлшеп, бір кесу» керек деген пікір айтады. Әрине түрік бірлігі туралы бұдан көлемді, ішкерлей талданған басқа мақала кезікпейді. Бірақ бұның өзінде осы мәселе ауызға алынғандықтан біз газет көтерген тақырыптың бірі ретінде қабылдаймыз.

Жоғарыдағы мақалада ерекше атап өткен баспасөз мәселесі газеттің бірнеше санында тереңдей талданып, әр түрлі жоспарлар мен ұсыныстар жасалған. 11-санда жарық көрген «Алаш қызметкерлерінің қазынасы» деген мақалада алаш жұртының игілігі үшін әр бір қызметкерден белгілі пайызбен жарна жинау керектігін, ол жиналған жарнаның негізінен екі іске арналатынын айтады. Олар: «1) ел арасына қысы-жазы тегін оқытушылар, шаруаны асылдандыруды үйретушілер жіберу; 2) кітап бастыру. Оқушылардың көбеюі кітаптың көптігінен һәм арзан сатылуынан». Осы жұмыстар бойынша қазына әр облыстан ашылуын үміт етеді, және қойылған мәселе туралы жиылыс жасау мүмкін болмағандықтан, әр кім өз пікірін баспасөз бетінде жарияласа, сол пікірлерге қарап, тездетіп бір шешімге келу керектігін ескертеді. Ал газеттің 13-санындағы «ескеретін бір жұмыс» атты мақалада автор «Қзазқ» газетінің әр облыс өзінде облыстық газеттерін шығарса деген пікірн одан әрі жалғап, газет шығарылған жағдайда оны халыққа қалай тарату, қалай оқыту жағына да аса мән беріп, өз пікірін ортаға салады. Баспасөз ісі туралы материалдар бұл екі мақаламен шектелмейді, газеттің әр санында, кейде арнайы тақырыппен болмаса да, қосымша бірнеше мәселе алға тартылған мазмұны кең мақалаларды кездеседі.

Оқы ісі мен баспасөз мәселесі көбінде қатар қаралып оытарды. Газетте тағы мұғалімдер курсы, медреселерге бөлінге степендия, әр облыстардағы оқу ісі туралы, жаңадан ашылған мектептер туралы құлақтандырулар, хабарлар, құрылған жастар ұйымдары жайлі ақпараттар мен олардың жарғысы кезігеді. Кейбір жастар ұйымдарының атқарған міндеттері, қойған қойылымдарды, одан атпқан атбыстары мен оны қайда жұмсағандарына дейін газет бетіне есеп берген.

Ақпараттар көбіне «Ішкі хабарлар», «Сыртқы хабарлар», «Омбы хабарлары», «Қызылжар хабарлары», «Газеттерден», «Соңғы хабарлар», «Саяси хабарлар», «Түрлі хабарлар» деген айдаршалар арқылы беріліп отырған. Айдаршалардың бір бірдей бір санда кезіге бермейді, әр қайсы айдардың редакцияға келіп түскен хабар-ошарлардың түріне байланысты қолданылып отырғаны байқалады. Бұл хабарлардың бір бөлігі «Тілші» және басқада жасырын атпен берілсе, кейбірінде мүлде авторлары көрсетілмейді. Ал дүниежүзілік соғыс туралы, Ресейдің ішкі жақтарындағы хабарлар туралы көбінде «Қазақ» газетінен, «Башқұрт үкіметінің тілінен», «Волжеский ден» газетінен, «Новая сибирь», «Сарыарқа» газеттерінен сілтеме келтіріп отырған.

«Жас азаматтың» 5 қаңтарда шыққан 18-санындағы «Біздің ұлтшылдар» атты бас мақалада: «Көңілсіз болу – шын ұлтшылдарға лайық емес, өйткені, ұлт жұмысына белсене кіріспей жатып, қажып қалу, анық толық екі жылға жетпей, ұлтшылдардың еңсесі түсіп, салы суға кетіп, қажып қалса, бұқараның жапқан көңілін кім ашады? Ұлтты теңдікке кім жеткізеді? Мұны ойласақ, еріксіз табанды әскер, ұлтжан боламыз. Ұлтжан болған кісі айға-жылға деп кесіп кірмейді. Өлшеулі күні ойлаған мақсатына жете алмаса, жұртқа сөзін тыңдата алмаса да, «қажыдым» деп тартынбас керек, әр тарапынан кедергі қойылған сайын, қайраты артып, қуаты күшейіп, тасқын судай екпіндей бермек. Шегіну, жасқану, қажу - ұлтшылдықтың жауы. Сонда да, дұрыс ойынан қайтпайтын, түзу, таза, мықты пікірлі болмақ керек. Имам ағзам айтады: «бір пікірді дұрыс деп сенгеннен кейін, біреу келіп, пікірің дұрыс емес деп, дұрыс еместігіне дәлел қылып, таяқты көз алдыңда жыланға айналдырса да, бір сенген пікіріңнен қайтпа!» деп... Ұлтшылдықтың жолы осы» деп қатарлас жас буынға жігер береді. Иа, осыдан жүз жыл бұрын өткен бұл тарихқа да көз жіберсек, мәңгілік елдіктің асыл мұратын ту еткен жастар сол сертінен қайтпапты, бет алған жолдарынан айнымапты. Керек десеңіз осының бәрін өздерінің қыршын өмірімен дәлелдеп кетіпті. Алаш идеясын ту еткен «Жас азмат» туралы айтарымыз әзіше осы.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?