Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тың трагедиясы

2298
Тың трагедиясы - e-history.kz

Сөзіміздің негізгі кіріспесін Л.Н. Гумилев «Этносты қалыптастыратын маңызды фактордың бірі табиғат аясы. Себебі этнос та табиғаттың тура өзі секілді» деген пікірінен бастағымыз келіп отыр. Ғалымның пікіріне илансақ, кез келген адам баласы өзі өскен топырақтың ет пен сүйек нұсқасындағы бір бөлшегі екен. Табиғаттың адамға қатысты басқа да құндылықтарын айтпағанда тіпті музыканың ішкі иірімі мен әуезі де тікелей табиғатқа тәуелді. Оның негізгі қайнары өзінің төл топырағынан таған тартады. Әуелі, ән уілінің орасан өзгеруі уақыттан гөрі табиғатқа тікелей қатысты ма деген де ойға қаламын. Бүгінгі Қызылжар мен Көкшетаудың тым сүркей, тым жұпыны бейнесіне қарап отырып, бейнебір Ақан асқақтатып ән салмағандай, Біржан болмағандай кейіпте боламын. Неге дейсіз ғой. Мұның бар сыры осы ортаның адам танымастай деңгейде жағырапиялық бедерінің толықтай өзгеріп кетуінде болып отыр. Мен бұл пікірге әйгілі агроном Федор Моргунның «Думы о целине» (Тың туралы ойлар) кітабын оқығанда ғана шын көзім жетті.

Ғалымның пікірінше 1955 жылдың өзінде-ақ қазақ жері қатты эрозияға ұшыраған. Жердің ылғал қабаты толыққанды талқандалғандықтан күннің ыстығы 60 градусқа дейін жеткен. Соның салдарынан жер бедері тілім-тілім болып торланып, бұлттай буырқанып борпылдақ шаң көтерілген. «Көк пен жердің негізгі үйлесімі бұзылғандықтан көктем мен жаз бойы бip тамшы да жаңбыр тамбайтын болды» деп жазады автордың өзі. Осыбір борпылдақ шаңнан небір көкқасқа көлдер мен күміс бұлақтардың арналары бітеліп, тұмалар көзі толығымен тоқтаған екен. Әр шөбі әнге, көк құрағы күйге айналған қайран Сарыарқа сөйтіп, өткір соқаның жүзіне оталып кете барыпты.

СОЛ КҮННЕН БАСТАП АРҚАНЫҢ ӘНШІ ҚОҢЫР ЖЕЛІ МЕН КҮЙШІ СЫЛДЫР БҰЛАҒЫ МҮЛДЕМ БАСҚА МАҚАМҒА ӨЗГЕРІП КЕТКЕНДІГІН ОСЫ КІТАПТАН АНЫҚ АҢҒАРУҒА БОЛАДЫ.

Егер Г. Потанин «Маған бүкіл қазақ даласы əн салып тұрғандай көрінеді» десе осы тұмса табиғаттың шырышы бұзылмаған сəтіне сүйсініп айтса керек-ті. 1950 жылдардың ортасында совет түрмесінен босап, қазақ даласына ағылған 10 миллион адамды (оның көбісі басбұзар мен қылмыскерлерді) айтпағанда, ғалымдардың бүгінгі зерттеуі бойынша тың игеру жылдарында еліміздегі қара топырақтың құнарсыздануы 35 пайызға дейін өскен. Мұны енді топырақ қыртысының эрозиясы дегеннен бөлек, қазақ қан түйіршігінің құнарсыздануы дегенге де саятын секілді. Бұрнағы тарихтан бір мысалды сөзімізге тиянақ қылайын.

1736 жылы кіші жүз ханы Әбілхайыр ұлысында болған ағылшын суретшісі Джон Кэстль: «Мұнда жүргеніме сандаған айдың жүзі болды. Қырғыздардың (қазақтардың) түр-тұлғасы мен денсаулығы өте күшті. Бұған қоса айтарым осы сапарымда бұлардың арасынан бірде-бір мүгедек пен ауру адамдарды ұшырата алмадым. Мұның басты себебі қырғыздардың (қазақтардың) жылқымен етене байланысында жатқан секілді», – деп жазады.

Ендеше 1954 жылы Хрущевтің қазақтың кер даласын жаңғырта кісінеп, көлдей толқыған көп жылқысын пышаққа жығуының мәнісі де жайдан - жай болмаған тәрізді. Мәселен, еліміздегі жылқы саны 1916 жылғы 4 миллион 340 мың болса, 1961 жылы соның небары 1 миллион 158 мың ғана қалған.

Бір ғана жылқыны емес, біз бұдан Хрущевтің Қазақстандағы мал санын саналы түрде үш есеге азайтқанын анық көреміз. Күнделікті тұтынатын айран мен сүтінен, қымыз бен жал-жаясынан айырылған алаш баласы енді түрлі онкологиялық ауруларға ұшырады. Дәстүрлі тамақтану рационы түбегейлі бұзылды.

ТЫҢ ТРАГЕДИЯСЫ КӨК ПЕН ЖЕРДІҢ ӨЗАРА ҮЙЛЕСІМІН ҮЗІП, АСЫЛ АРНАЛАРЫМЫЗДАН РУХАНИ ҚУАТ АЛАТЫН НЕГІЗГІ НҮКТЕЛЕР МЕН СИГНАЛ КӨЗДЕРІН ТОЛЫҚТАЙ БІТЕП ТАСТАДЫ.

Сөйтіп киеден жырақтадық.

Осыдан болып жалпы жұрт «жынды су» ішкен қауымдай сенделдік те қалдық. Менің бұл уәжім сіз бен біздің әбден бодан болған томар басымызға толықтай сыймайтын да шығар. Сонда да айтайын.

БҰЛ НӘУБАТТЫҢ ЯДРОЛЫҚ БОМБАДАН ЕШҚАНДАЙ ДА АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ ЖОҚ БОЛАТЫН.

Еліміздегі 25,5 миллион гектар қопарылған топырақпен бірге бүкіл болмысымыз бен ар-ұятымыздың да «ішек-қарыны» тұтастай ақтарылып қалған еді...

Әр елдің тарихында сол елдің тағдыр-тәләйін шешетін оқиғалардың болары анық. Кез келген дүниенің оңы мен солы болады десек, ең әуелі біз бұл мәселінің оң бетіне өзімізше үңіліп көрейік.

Рас, Қазақстан тың игерудің негізінде ірі астықты аймақтың бірі мен кеңшар өндірісі басым мекеннің біріне айналды. Егіс көлемін ұлғайтудың нәтижесінде Қазақстан 6 мәрте миллиард пұттан астам астық жинап, ел экономикасы біршама алға жылжытты дейміз.

Тың және тыңайған жерлерді игеру Қазақстанға игі өзгерістер әкелгенімен, әміршілдік-әкімшілік саясат жылдарында жүзеге асырылған барлық шаралар тәрізді тың игеру кезеңінде де асыра сілтеушіліктер аз болған жоқ. Бұл асыра сілтеушіліктер жергілікті халықты тілінен, байлық тұнған құнарлы жерлерінен, қорек етіп отырған малынан айырды. Оны демографиялық жағынан көші қон саясатының нәтижесінде өз жерінде азшылыққа айналдырды. Мұның қыр-сырларын оқып тоқу үшін, бұл тақырыпты әлі де жан жақты да объективті тұрғыдан зерттеу керек деген ойдамыз.

Қоғам әрбір кезең туралы нағыз шындықты білуі тиіс. Осы орайда, кезінде басыңқы зерттелген тақырыптарға тарихшылар сыни көзбен қарауы керек. Тың және тыңайған жерлерді игерудің бұған тікелей қатысы бар. Шынымен-ақ, аталған мәселе өте күрделі. Сондықтан, оны қайта зерттеп, қайта електен өткізген жөн деген пікірдеміз.

Бұдан байқағанымыз: уақыт өтсе де, өткен тарих пен қазіргі заман арасында біршама ара-қашықтық байқалғанымен, тың эпопеясы осы күнге дейін әлі де болса өз бағасын толық алған жоқ. Осы тұрғыдан келгенде, тың және тыңайған жерлерді игеру жайлы еңбектерді саралап-зерттеудің, оған сипаттама беріп, тың көтерудің тарихта алатын орнын айқындаудың маңызы зор. Оның оңы мен солын ашып көрсетпей, өткен тарихымызды сараптамай тұрып болашағымызды көз алдымызға елестету мүмкін емес.

Біз қарастырып отырған осы бір дүбірлі науқан Кеңес одағы ауыл шаруашылығын өркендетудегі ерекше маңызы бар аграрлық шара ретінде саналды. Бұл тақырып бойынша 15 мыңнан астам әрқилы ғылыми-әдеби жұмыстар жарық көрді. Соның ішінде 1,5 мыңы – ғылыми зерттеулер. Алайда, олардың барлығы дерлік тың және тыңайған жерлерді игерудегі қозғалысқа демберуші Компартияның, оның жергілікті ұйымдарының рөлін паш етуге арналды. Бұл еңбектерде шұғыл әрі асығыс түрде, жаппай ұжымдастыру тәрізді қысқа мерзім ішінде шамадан тыс ұлан-байтақ жерді жыртып тастау партия мен халықтың көзсіз ерлігі ретінде бағаланды.

Сонымен қатар Қазақстандық тарих ғылымында тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты шетелдік зерттеушілердің ой-пікірлерін сынға алатын, оларды фальсификаторлар ретінде айыптайтын еңбектер жариялау өз уақытысында маңызды болып саналды. Мәселен, Ә. Тұрсынбаевтың, Г. Дахшлейгер, Ә. Тұрсынбаев пен Ш. Шафироның бірлесіп жазған мақаласында, «Экономическое развитие Казахстана и критика буржуазных фальсификаторов» атты еңбекте, Р.З.Мұқановтың кандидаттық диссертациясында шетелдік зерттеушілердің тың жерлерді игерудің бірден пәрменді нәтиже бере алмағандығы, Қазақстанға орыс және украин қонысшыларының көптеп келуі, қазақ халқының ұлттық мүддесіне нұқсан келуі, кеңестік миграцияны патша үкіметінің қоныс аудару саясатының жалғасы ретінде есептеулері жоққа шығарылады.

Тың және тыңайған жерлерді игерудің деректік негізі

М.А. Қадыртаеваның кандидаттық диссертациясында зерттелді. Мұнда тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты Қазақстанның Орталық мемлекеттік мұрағатындағы құжаттық материалдар сарапталып, жинақталып көрсетіледі. Зерттеуші деректерді директивалық, статистикалық, хабарламалық түрде 3 үлкен топқа бөледі. Ол құжаттық материалдарды оқып-үйрену тың және тыңайған жерлерді ишеру тарихын зерттеуде оның жекелеген тұстарын нақтыландыруда қажет екендігін дәлелдейді.

Ал, Р.Т. Сауранбаеваның кандидаттық диссертациясы Компартияның тың және тыңайған жерлерді игерудегі қызметінің тарихнамасын көрсетуға бағышталған. Еңбектегі тарихнамалық талдау біржақты партиялық, партия ұйымдарының рөлін көрсететін еңбектерді негізінен марапаттап сараптау, шектелген сын ауқымында жасалған.

Х. Маданов пен Т. Омарбеков бірлесіп жазған мақалада негізінен тың игеруге қатысты партиялық әдебиетке жататын зерттеулер талданады. Еңбек мақала түрінде жазылғандықтан авторлардың жан-жақты тарихнамалық талдау жасауға мүмкіндіктері болмады.

Кеңес дәуірі тұсындағы еңбектерде ел еңбекшілерінің еңбек және саяси белсенділігі, партия басшылығы мен жергілікті кеңес ұйымдарының рөлі көрсетіледі. Сондай-ақ оларда тың игеру барысындағы «лениндік ұлт саясатының айқын куәсі – ұлы халықтар достығының нығаюына» баса назар аударылады.

Біз қарастырып отырған мәселенің Кеңестік тарихнамасында объективті талдаулар кездеспейді. 1950-60-шы жылдардың бірінші жартысындағы Қазақстанның аграрлық саласы, мал шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері, республиканы колхоз бен совхоздарындағы коммунистік еңбек қозғалысы, село еңбекшілерінің мәдени-техникалық деңгейін көтерудегі, коммунистік рухта тәрбиелеудегі Компартияның қызметін сипаттайтын ғылыми еңбектер аз емес. Бұл зерттеулер «коммунизм құрылысын өрістету» кезеңіндегі аграрлық саланы механикаландыру, электрлендіру, еңбекке ақы төлеу, қоғамдық мал шаруашылығын, оның өнімділігін арттыру мәселелерін де қарастырады. Алайда, бірінші орында партияның қаулы-қарарлары мен қызметін көрсету тұрғандықтан көтерілген мәселелерді терең зерттеуге мүмкіндік те болмаған еді.

Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізуіне байланысты тарихи оқиғалар мен фактілерді шынайы зерттеу мен айқындаудың мүмкіндігі туды. Тың игерудің оңы мен солын айқындап көрсететін зерттеулер 1990 жылдардан бастап жарық көре бастады. Оларда тың игерудің кемшіліктері мен қателіктері ашылып, қалыптасқан кеңестік қағиданың іргесі сөгілді. Осындай бағытта Т. Омарбековтың, Қ.С. Қаражановтың ғылыми мақалалары жарық көрді. Т.Омарбеков «Тың игеру тым шұғыл және өте асығыс, экстенсивті» сипатта жүргізілгендігін ашып көрсетті. Тыңның ондаған жылдар бойы тасада қалып келген көлеңкелі тұстарын аша отырып, тыңды игерген тек алғашқы екі жылдың ішінде жалпы саны 25 мыңдай болған келімсектердің – арнайы жіберілген партия мүшелерінің жергілікті кадрлардың басшылық жұмыстардан ығыстырып, шеттеткендігін жазады. Кеңестік дәуірде тың өлкесі халқының өсуі жалпылама көрсетіліп, демографиялық жағдайдың қазақ халқы есебінде шешілмегендігі жайында жұмған ауыз ашылмады. Ал Т. Омарбеков мақаласында орын алған ақиқат былайша айқындалады: «…қазақтар тың игеру жылдарында 8%-ға кеміп, республикадағы басқа ұлттардың үлес салмағы бұрынғыдан өсе түсті. Республикада қазақтар 30-ақ пайыз, ал орыстар 42,7% болғанын 1959 жылғы санақ көрсетіп берді» . Автор сонымен бірге «бағындырылған» тыңның әрбір гектарының интенсивтілігін арттырудың ескерілмеуін, 200-ден астам селолық және ауылдық кеңестердің атауларының орыс тілінде қайта өзгертілгендігін, өлкенің табиғатын түлете алмағандығын, керісінше орны толмас қасірет алып келгендігін, мал шаруашылғының құлдырауын дәлелдеді. Зерттеуші пікірін «…тың игеруге сәйкес келетін 1951-65 жылдары …жылқының саны 365,7 мың басқа түсіп, шұғыл азайып, …қой басының өсімі мардымсыз болып, ол өзінен бұрыңғы 10 жылдағы өсу қарқынынан үш есеге кеміп кетті», - деп жазады. Осыған пікір үндестігін Қ.С. Қаражанов та білдіреді. Автордың: «25 млн га тың және тыңайған жерлерді ойланбай жырту Қазақстанда тек мал, әсіресе қой шаруашылығының жайылым қорын бүлдіріп қана қоймай орын толмас экологиялық шығындарға әкелді» - деген пікірі де осының айғағы. «Тыңды игеру Қазақстанды ірі астықты аймаққа айналдырғанымен, елімізді астықпен қамтамасыз ету проблемаларын толық шеше алмады, тыңды «игерсек» те ауыл шаруашылығы өндірісінің даму қарқыны төмендей берді», - деп тұжырымдайды. Себебі, автордың пікірінше «шамадан тыс көп жерді экстенсивті жолмен жырту – Қазақстанның егін шаруашылығын интенсивтендіру арнасына түсіруді қиындатып, топырақ құрамының тозуына және одан алынатын өнімнің төмендей түсуіне жол ашты». Тарихшылардың мақалалары тың және тыңайған жерлерді игеру тарихын жаңаша зерделеп, терең зерттеуге мұрындық болғаны сөзсіз.

Тың игерудің оңы мен солы, сондай-ақ жекелеген тұстары Құдайбергенова, К. Төлеубаева, Қ. Әбуов мақалаларында қарастырылды. Зерттеушілер тың игерудің жағымсыз жақтарын, әлеуметтік зардаптарын ашуға көп көңіл бөледі. Мәселен, К. Төлеубаеваның пікірінше, «...еліміздің «тың эпопеясы» тұсында басынан кешкен қиыншылығы, жеріміздің кешкен қасыреті мен мехнатына Қазақстанға келген тың игерушілер кінәлі емес. Оған сол кездегі саясатты туғызған мемлекеттік жүйе кінәлі» деп жазды. Осыған ұқсас ойды Қ. Әбуов білдіреді. Дегемен, мақалаларда тың игеру барысында халық бастамасы, ынта-жігері, жасампаз ерен еңбек үлгісі орын алғандығын да жоққа шығармайды. А.Құдайбергенова тың игеру сияқты «қазақты титықтатқан жоспаршылдық пен науқаншылдықтың» демографиялық астарының келеңсіз жәйттерін ашады. Қ. Әбуов тың игерудің жалпы республика ауыл шаруашылығын дамытуға мардымды лес қоса алмағандығын былайша пайымдайды: «...колхоздар мен совхоздардың тіршілік-тынысына орынсыз араласудың, беталды құла, реформалық сыпырылыстардың салдарынан Пленумның шешімі оң нәтиже бере қойған жоқ. Тезге алып, төске ұрған волюнтаризм рухымен жүргізілген тың эпопеясының да ауыл шаруашылығын алға бастыруға дәрмені жетпеуінің себебі осы» дейді. Осыған үндес пікірді К. Төлеубаева да     білдіреді. Авторлар егін жинау науқанының «алапат майданға айналып, адам және материалдық ресурстардың орасан зор көлемде жұмылдырылғандығына баса назар аударады. Осындай келелі пікір, салиқалы ой түйіндеген ғылыми мақалалар іргелі зерттеулердің дүниеге келулеріне жол сілтер ізашар екендіктерін айтқан абзал.

Тың «эпопеясы» жайында Ж. Абылқожиннің монографиялық зерттеуінде де жан-жақты айтылады. Зерттеуші-ғалым «...Тың өлім аузындағы жүйені тірілту факторын атқарып, оның тажалын тағы да ұзақ жылдарға созды», - деп жазады . Шын мәнісінде тың игеру одақтағы азық-түлік проблемасын шешу мақсатында әкімшіл-әміршіл жүйенің өзін-өзі сақтау үшін тығырықтан экстенсивті сипаттағы шығар жолы болды. Зерттеуде тыңның тиімділігімен қатар тиімсіз жақтары: экологиялық, әлеуметтік-миграциялық мәселелер қарастырылады. Әрине, еңбектің тыңды «бағындыру» мәселелерін жан-жақты зерттеуге қосар үлесі айтарлықтай деуге болады.

Тың және тыңайған жерлерді игерудің әлеуметтік мәселелері

А.Э. Городецкийдің кандидаттық диссертациясында қарастырылады. Ізденуші Қазақстан селоларының 1954-65 жылдардағы әлеуметтік дамуын көрсете отырып, тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде осы сала мәселелерінің ерекше шиеленіскенін айқын көрсетеді.

Ал, О.Х. Мұхатованың   докторлық диссертациясында Қазақстандағы аграрлық өзгерістер тарихнамасы, соның ішінде жеке тарау болып тың және тыңайған жерлерді игеру тарихнамасы қарастырылады. Диссертант өз еңбегінде Кеңестік тарихнамаға, шет елдік тарихшылардың еңбектеріндегі тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты ой-пікірлерін қарастырады да, қазіргі таңдағы егеменді Қазақстан тарихнамасындағы ой-пікірлерді ой елегінен өткізеді.

Тың және тың игеру жылдарындағы Қазақстан ауылдары мен селоларының әлеуметтік жағдайы К.А. Әліқұловтың да докторлық диссертациясында қарастырылады.

Сонымен қатар тың және тыңайған жерлерді игеру тарихы соңғы жылдары еліміздің ғылыми мерзімді басылымдарында да кеңінен қарастырылып жүр. Бұл жерде Х. Әбжанов пен М. Илиповтың, Қ. Байсарина Г. Жұмаділдаева , Г. Досекееваның мақалаларын атап өтуге болады.

1855be62514bd646e400256698693302.jpg

Бұл мақалада біз тың игерудің себептері мен салдары, оның экологиялық жағдайы, тың игеру жылдарында қажырлы еңбек еткен мамандар жайлы да сөз қозғамақпыз.

Тарихи білімнің қалыптасуы   мен тұрақты эволюциялық   өрістеу процесіне зерттеудің деректемелік негізі ықпал ететіндігі   белгілі. Ал мәселенің жаңаша зерделенуі , қойылыуымен объективі түрде зерттеліуі ақиқатқа негізделген тың деректерге байланысты. Бұрын-соңды айналымға түспеген тың деректерді зерттеу ауқымына енгізу – мәселенің қарама-қайшылығы мен күрделі тұстарының шешімін табудың көзі. Ал зерттеу еңбектерін жазу шынайы және нақты деректерсіз мүмкін емес.

Республикада деректану ғылымынан салиқалы еңбектер жазып, арнайы айналысып жүрген тарихшылардың аздығы аграрлық мәселелер деректерін ғылыми негізде жүйелеп, сыныптап, жіктеуде қиындықтар тудыруда. Дегенмен де аграрлық өзгерістер төңірегенде зерттеулер жазып жүрген жас буын тарихшылар көптеген архив материалдарын айналымға енгізіп, тың құжаттардың негізінде жаңа бағыттағы еңбектердің келуіне мұрындық болуда.

Қазақстанның аграрлық тарихына қатысты деректер негізінен кеңес дәуірінде жинақталған. Олар Коммунистік партияның қаулы-қарарлары, үкіметтің аграрлық саладағы шаруашылық мәселелеріне байланысты құжаттары және баспасөз, статистикалық материалдар түрінде қалыптасып, жинақталды. Осыған орай деректері келесі үш топқа бөлуге болады: 1) Компартияның съезд, пленум, конференцияларының қаулы-қарарлары және партия мен үкіметтің шаруашылық мәселелеріне қатысты құжат-материалдары; 2) баспасөз материалдары; 3) статистикалық жинақтар. Мұндай жіктеу маркстік-лениндік методологиядан, партия ұйымдарының құжаттарын дәріптеуден бас тартуға негізделуі тиіс. Алайда деректерді сыныптап, жіктеу, құндылықтарын анықтау оларға сыни көбен қарап, қайта зерделеуді қажет етеді.

Деректердің алғашқы тобына жататын құжат, материалдардың деректік, тарихи маңызы бар екендігі даусыз. Себебі олар кеңес дәуірінде ауыл шаруашылығында жүргізілген реформалар мен қайта құрулардың саяси, әлеуметтік-экономикалық мәнін, аграрлық саладағы ахуалды түсініп, зерделеуде қажетті деректер болып табылады. Сондай-ақ Компартияның съезд, конференция, пленумдарының қаулы-қаралары, партия мен үкіметтің шаруашылық мәселелі жөніндегі шешімдері әкімшіл-әміршіл жүйе кезіндегі партияның аграрлық саясатын, ауыл шаруашылығындағы ұжымдық және мемлекеттік құрылымдардың жай-күйін айқындауға мүмкіндік береді.

Деректердің екінші тобын мерзімді баспасөз, яғни газеттер мен журналдар материалдары құрайды. Республиканың бірқатар баспасөз органдары Қазақстандағы аграрлық өзгерістерге қатысты мол деректерді береді. Біз қарастырып отырған тақырып бойынша 1953-1970 жылдар аралығындағы мерзімді басылымдар маңызды екені анық.

Деректеріміздің ең соңғы үшінші тобында Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы өзгерістер жайындабағалы мәліметтер мен материалдар әр түрлі статистикалық жинақтарда топтастырылған. Бұларда кеңес дәуіріндегі сталиндік, хрущевтік, брежневтік билік талаптарына орай аграрлық саланың шынайы хал-ахуалы, экстенсивті дамуы, дағдарыстық жағдайы т.б. жайында сандық мәліметтер берілмейді. Керісінше мұндай жинақтарда кеңестік ауыл шаруашылығы үнемі даму жағдайында, табыстарға кеңелген, өткір проблемалары болымсыз сала ретінде дәріптеледі. Сондықтан мұндай мәліметтерді айналымға түсірер алдында сын тезінен өткізіп, тың архив құжаттарымен салыстыру аса қажет деген ойдамыз.                                        

Біздің мақаламыздың негізгі міндеттері.

- тың және тыңайған жерлерді игеруге себеп болған факторларды анықтау;

- тың және тыңайған жерлерді игеру туралы жинақталған мәліметтердің болашақ үшін маңызын айқындау;

- тың және тыңайған жерлерді игеруде белсенді әрекет еткен қазақстандық және шетелдік азаматтар туралы мәліметтер жинақтап, олардың еліміздің дамуына тигізген ықпалдарын анықтау;

- тың игеру жылдарындағы Қазақстанның жалпы хал-ахуалын анықтау;

Мақаланың негізгі жаңалығы әр түрлі тарихи кезеңдерде пайда болған тың және тыңайған жерлерді игеру мәселесін ең бастысы тарихи, обьективті ғылыми тұрғыдан зерттеу. Зерттеу барысында тың және тыңайған жерлерді игерудің негізгі мәселелерін анықтауға тырыстық.

Егер 1954 жылғы Қазақстан жеріндегі тың және тыңайған жерлерді игеруді зерттеп, толық саралай білсек, келешекте еліміздің даму стратегиясы анықтала түсіп, болашағы баянды болмақ, әрі тыңды игеруге белсене ат салысқан тұлғаларды зерттеп, олардың елді дамытуға қосқан үлесін анықтау арқылы сол заманның ерекшелігін, халықтың жағдайын, ел тарихын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.        

Бұл еңбегіміз тың игерудің тарихына қатысты мәліметтер мен деректер мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындары студенттері үшін дереккөздер болатынын айтуға болады. Сол сияқты зерттеу жұмысында қалыптасқан әдістемелік тәсілдер ұлы тұлғалардың қоғамдық-саяси қызметін жан-жақты зерттеп, тарихи таным нысанына айналдыруға мүмкіндік береді.

Еңбекте талдау және жинақтау, индукция мен дедукция, тарихи-салыстырмалы, жүйелік-құрылымдық, теориялық таным, модельдеу мен типтендіру сияқты жалпы ғылыми, әлеуметтанушылық, тарихи зерттеу тәсілдері қолданылды. Оның үстіне саяси тарихты зерттеу ғылымнан өткен күннің тарихи-саяси және әлеуметтік-мәдени дәйектерінен ой қорытқанда барынша шынайы болуды, саяси–идеологиялық феномендердің көп түрлі және қарама-қайшылықты жағдайын ескеруді талап ететін болғандықтан тарихи тәсілдерді қолдана отырып, тың және тыңайған жерлерді игеру мәселесін зерттеуде зерттеу нысанасының көпнұсқалығы, олардың өзара байланысы мен ішкі тәуелділігі сияқты ерекшеліктер барынша ескере отырып еңбектеніп отырмыз.

                                                                                (жалғасы бар) 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?