Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ел тірегі – ер Есет

2524
Ел тірегі – ер Есет - e-history.kz

Ерді ел көтерер, елдің даңқын ері кемелдер.

Батыр өзі үшін туып, халқы үшін өмір сүреді.

Халық нақылы

ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда қазақ халқының тыныштығын бұзып, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт заманда елдің берекесін қашырған, ұлын құл, қызын күң еткен жоңғар-қалмақ шапқыншылығы етек жайды. Осындай ұлы дүрбелең кезеңде кіндік қаны тамған атамекен жері мен сыртқы тосын жаудан қайраңдап қалған халқы үшін бес қаруын беліне асынып, қазақтың шынжыр балақ, шұбар төс әйгілі хас батырлары «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығара тізе қосып, жауына жауар бұлттай түйіліп, найзағайдай жарқылдап, қорамсақ толы отты жебедей ысқырынып, айбат көрсете жасындай жарқылдап қаймықпай қасқая қарсы тұрды. Елінің азаттығы мен халқының еркіндігі жолында ақтық демі біткенше, қасқалдақтың қанындай қанын сарп етіп, жолбарыстай аласұрған жоңғарларға атой салған қазақ халқының апайтөс ержүрек батырлары аз болған жоқ. Халық олардың есімдерін есте сақтап, ерлік, батырлық өмір жолдарын, тарихи шежіре ретінде ауыздан ауызға, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, ұлттық санамызды оятып, ел деп соққан жүрек түкпірімізге дарыта сіңіріп, ұлттық рухымызды қалыптастырып отырған. Сондай батырлардың ішінде қалмақ-жоңғар басқыншыларына қарсы күресте азаттық туын көтерген, даңқты жеңістерімен, әскери-жауынгерлік жорықтарымен, ерлігімен тарихта ізі қалған, әулиелігі де ел ішінде аңызға айналған Кіші жүздің Жетіру бөлімі тама руынан шыққан жаужүрек батыр Есет Көкіұлы ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы ел басына күн туған қасіретті де зұлмат заманда ерекше орын алады. Батырдың өмір жолы үлкен оқиғаларға толы болды. Ол – дәуір жүгін өле-өлгенше арқалап өткен, қазақ рухын қайта түлетудің алтын діңгегіне айналған ұлы дара тұлғалардың бірі. Өз заманының келелі қоғам қайраткері, салиқалы саясат ұстанған саясаткері.

Есет батыр Көкіұлы 1667 жылы қазіргі Ақтөбе облысының Қуағаш деген жерінде (Қандыағаш, Елек бойы, Жарық, Құласу салалары) дүниеге келген. Әкесі Көкі Базарқұлұлы өз заманында аты шыққан батыр, ғұлама болған. Меккеге әлденеше рет барып, қажы атанған. Меккеге соңғы сапарында сонда қайтыс болған деген дерек бар. Ол жауына үнемі тайсалмай тура атой салып, ерліктер көрсеткендіктен «Таймас батыр» атанған (Ө.Есмырзаұлы, 2012, 91-б.).

Қазақтың ханы Салқам Жәңгірдің 1643-1644 жылдары ойраттардың қоңтайшысы Батыр бастаған қолмен шайқасында Самарқанд қаласы әмірі Жалаңтөс баһадүр туы астымен келген 20 мыңдық әскердің ішінде өзінің айбатты батырлығымен дараланып Таймас батыр атанған тама Көкі де болған. Ол бүкіл Кіші жүз, Самарқанд, Бұхара, Хиуа өңірлеріне танымал, зор ілтипат иесі болған зиялы тұлға. Көкі тарихта танымал батыр. Ұрпақтары жөнінде «Өзімнен өргеннің бір буыны тең болар, қалғаны қара болар» деп сәуегейлік жасаған. Сол тұлға Есет болды (З.Байдосов, И.Асқаров, Р.Ильясова, 1992, 6-7-б.).

Ал батырдың анасы Назым (Қарашаш) Ақкете Болпаш бидің қызы, әйгілі ағалы-інілі Әжібай би мен Арал батырдың апасы. Әжібай мен Арал Есетпен бірге өскен. Кейіннен Әжібай би қазақтың салт-дәстүрімен өзінің апасынан туған жиені Есет батырдың Ботагөз атты қызын ортаншы ұлы Борсайға 1739 жылы айттырып, сүйек жаңғыртып құда болады (Ө.Есмырзаұлы, 2012, 94-б.).

Кіші жүзден шыққан атақты жаужүрек найзалы батырлардың ізбасары Есет те жаугершілік заманда аттан түспей кең байтақ жерінің тыныштығын сақтап, қорғау үшін қолына қару алды. Жауынгерлік заманда туып, күреспен есейіп, ер жеткен Есет ел қорғау жорығына ерте араласады. Жеке ерлігімен көзге түсіп, батыр атанады. Бұл жайында халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтің «Үркер» романында деректер келтіріледі.

Ол 1710 жылдан тама руының басшысы, 1722 жылдан Жетіруды билеген би. ХVІІІ ғасырдың басында «қазақ халқының семсері» атанған Тәуке хан Жетіру бірлестігінің бастарын қосып ірілендіруді көздейді де, Есет батырды Жетіруға ру басы етіп сайлайды.

Тәуке ханның тұсындағы жеңісті шайқастарда Есет батыр Кіші жүз қолын бастайды. Осындай шайқастардың бірінде найзагерлігімен көзге түсіп, ерен ерлік көрсеткен Есетке риза болған Тәуке хан шайқастан кейін шақырып алып: «Айбатың аса түссін, найзаң мұқалмасын, ел намысы тұздығың болсын» деп бата беріпті деген халық аузында әңгіме қалған (З.Байдосов, И.Асқаров, Р.Ильясова, 1992, 9-б.).

Есет батыр әйгілі «Ақтабан шұбырындыдан» кейін ел болып бірігіп, жоңғарларға алғашқы алапат соққы берген Бұланты, Білеуті өзендері бойындағы шайқасқа қатысып, езілген елдің еңсесін көтерген ұлы жеңіске өз үлесін қосады. Ал тарихи бетбұрыс жасаған Аңырақай соғысында ол Кіші жүз құрамының туын көтерген атойшы болады.

Есет Көкіұлы Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың сенімді серігі, кеңесшісі, өз тайпасының ту ұстаушы әйгілі батыры болған. 1731 жылғы Әбілқайыр ханның Ресей империясына қатысты саясатында халық алдындағы сенімді тірегі, хан мен халық арасына түскен жарықшақты дәнекерлеп бітірушісі бола білген. Хан басына үйірілген қауіп бұлтын сейілтуде ол сол кездің тарихи ірі тұлғалары Бөкенбай, Жәнібек батырлармен бірлесе отырып, оған үлкен көмек көрсетеді. Хан елшілерінің құрамында қазақ руларының Ресейге қосылуы жөніндегі антқа қол қойғандардың бірі. Осы кездесуде орыс патшайымы Анна Иоановна Есет батырға аты жазылған қанжар сыйлайды.

Ортағасырлық түркілік тархандар институтын Ресей үкіметі ХVІІІ ғасырдың 40-жылдарынан бастап, қазақ қоғамына қайта енгізіп, қазақтың белгілі батырларына тархандық атақты бере бастады. Бұл шен Ресей мемлекетіне сіңірген ерекше еңбегі үшін берілді. Бірінші 1742 жылы 30 тамызда тархандық грамотаны арғын Жәнібек батыр Қошқарұлы алды. Екінші тархандық грамота 1743 жылы 3 шілдеде тама Есет батыр Көкіұлына берілді. Жәнібек пен Есет тархандарды Ресей үкіметі екі түрлі мәртебемен қабылдаған. Жәнібек батырға берілген атақ оның ұрпақтарына мұраға қалатын түрі болса, Есет батырдың жеке өзіне ғана берілген.

1749 жылғы 1 шілдеде қазақ-орыс шекара барымтасына байланысты келіссөз жүргізгенде Ресей жағы 25 тұтқын қазақты, 103 бас жылқыны Есет тарханға қайтарған. Бұл батырдың тархандық грамотаның күшін орыс-қазақ қатынастарына тиімді пайдаланғанын айғақтайды (Ө.Исенов, 2013, 3-б.).

Есет батырдың өмір сүрген жылдарына байланысты бүгінде түрлі пікірлер қалыптасқан. Батырдың 1667 жылы өмірге келгендігі анық. Ал, қай жылы қайтыс болғандығы жөнінде ортақ пікір жоқ. Тарихшы ғалым М.Вяткин батырдың өлген жылын анықтай алмай, шамамен 1746-1751 жылдар деп топшылаған. Өйткені ол тама Есет батыр туралы деректер орыс жазбаларында 1746 жылға дейін ғана кездесетінін айтқан болатын. Сонымен қатар оның пікірінше, Есет батыр өлген соң 1751 жылдан бастап жетірулықтардың басшысы Нұралы ханның ағасы Айшуақ сұлтан болған (Ө.Исенов, 2008, 27-б.).

Батырдың өмірі мен қызметін зерттеп, мақалалар жазған С.Дәулетов: «Есет батыр 1749 жылы қайтыс болған» – деп көрсетсе, тарихшы профессор З.Байдосов Есет Көкіұлының өз ажалынан 83 жасқа келіп, яғни 1750 жылы қайтыс болғанын айтады.

Есет батырдың өмірі мен қызметіне қатысты тарихи анықтамалық Ақтөбе энциклопедиясында оның өмірі үш кезеңге бөліп қарастырылған. Бірінші кезеңі, 1667-1687 жылдары – батыр атанған. Екінші кезеңі, 1690-1710 жылдары – Әз Тәуке хан тұсында 2 мың сарбазды басқарып, Жем, Ойыл өңірінде түрікпендерге, 1706 жылы Еділ қалмақтарына қарсы шайқастарда 12 рет жекпе-жекке шығып, жеңіске жеткен. 1709 жылы жоңғарларға қарсы біріккен қазақ жасақтарының құрамындағы Жетірудың 10 мыңдық қолын басқарған. Үшінші кезеңі – 1710-1749 жылдар. 1710 жылғы Қарақұм құрылтайынан бастап, Әбілқайыр хан тұсындағы кезеңі, Кіші жүздің 30 мыңдық әскери күшінің Жетіру түменіне (10 мыңдық) бас қолбасшылық жасауы. Ал, 1722 жылы ол Жетірудың аға биі болып сайланады. 1722-1749 жылдар аралығында мемлекет қайраткері, қолбасшы, саясаткер және мәмілегер ретінде танылуы кезеңімен аяқталады (Ө.Исенов, 2008, 27-б.).

Батыр өмірін зерттеуші, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Өтеген Исеновтің архивтік ізденістері бойынша Есет батыр 1667-1757 жылдары өмір сүрген.

Ө.Исеновтің зерттеулері бойынша Есет тархан өмірінің төртінші 1750-1757 жылдары патша өкіметінің отарлық-басқыншылық саясатына қарсы ұлт-азаттық күресінің кезеңі (Ө.Исенов, 2013, 3-б.) болып табылады.

Ғалым Өтеген Ихсанұлы өз зерттеулерінде Есет батырдың 1749 жылдан кейінде өмірден озбағанын дәлелдейтін нақты тарихи құжаттық деректерді алға тартады. Солардың кейбіреуіне тоқтала кетсек...

ХVІІІ ғасырда қазақ-орыс қатынастарына қатысты құжаттардағы деректе 1750 жылы 19 қаңтарда Есет тархан мен Қара батыр жіберген екі жігіт Нұралы хан атынан Гурьев қалашығы маңындағы қалмақтармен және орыс көпестерімен сауда жасауға келісім берулерін сұраған хат әкелгені айтылады.

1750 жылғы 5 маусымда шекті-қырғыздар руының старшыны Байымбет батырға берілген аста Есет тархан, Бақтыбай батыр, Нұралы хан мен оның екі сұлтан інісі және т.б. бірге болған. Келесі бір деректе, 1754 жылдың жазынан күзіне дейін Озерной бекінісі маңындағы тоғайды Есет старшынмен бірге 100 үй жайлаған. Есет тархан ауылын мал жайылымына жақсы тоғайдың қалың шабындығы қызықтырды деп жазады өз рапортында Красноярск дистанциясының командирі, секунд майоры. Рапорттағы «Есет старшын» деген Есет тархан екені, оның рубасылық қызметте болғаны мәлім. Патша үкіметі қазақ рубасыларына старшын атағын бергені аян.

Башқұртстандағы 1755-1756 жылдардағы отарлыққа қарсы ұлт-азаттық көтеріліс тарихын зерттеген А.Чулошников мәліметінше, 1756 жылдың тамыз айының ортасында Кіші жүздің Елек бекінісінде белгілі қазақ батыр-билері мен тархандарының жиналысы өтеді. Бұл басқосуға Алланазар, Төлебай, Есет тархан, Күшқара, Жархан, Нұралы хан бауырларымен бірге қатысады (Ө.Исенов, 2013, 3-б.).

Есет батырдың қаза болуы жөнінде де ортақ пікірдің жоқтығын тарихшы Ө.Исенов өз зерттеулерінде келтіреді.

Отаршыл өкімет бағынышты елдің өз айтқанына көнбеген тұлғаларын ретін тауып құртып отырған. Есет тарханнан да патша өкіметінің есебін тауып, құтылғандығы туралы жазбаға түскен дерек бар. Жазушы Құрал Тоқмырзин ел аузындағы әңгімеге сүйеніп, тама Есет батырды патша үкіметі арнайы тапсырыспен өлтірткені туралы былай жазады: «Бір күні таң ата күн астынан ақ мұнара шапан киген, астында ақ боз аты бар біреу дәретін жаңа алып, киіз үйге қарай қадам басқан Есет батырға «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем беріп төне түсіпті. Батыр сәлем алуға оқталып бұрыла бергенде, бірдеңе жарқ ете түседі. Шетін шапанның етегімен жауып келген қараниет шолақ найзасын Есеттің өңменіне қадай түскен... «Сен аңдыған жау екенсің ғой...» деп, батыр найзаны ұстай алған екен. Найзасын суырып алуға шамасы келмеген әлгі қарақшы күннің астына қарай қаша жөнеліпті». Көнекөз қарттардың айтуы бойынша, тама Есет тархан кісі қолынан қаза тапқан. Өлтіруші – татар саудагері болған. Патша әкімдері батырдың басына «бәйге» тіккен (Ө.Исенов, 2013, 4-б.).

Сонымен ұлт-азаттығы жолындағы күрескер (Ө.Исенов, 2011, 104-б.). Есет батыр Көкіұлының жерленген жері қазіргі Ақтөбе облысы Алға ауданының Бестамақ ауылының күншығыс жағындағы биік төбеде. Төбе содан бері «Есеттөбе» деп аталады. 1992 жылы республикалық көлемде 325 жылдығы кең түрде тойланып, қабірі үстіне үлкен кесене тұрғызылды.

Бүкіл ғұмырын ат үстінде қазақ елінің азаттығы мен бостандығы, жерінің тұтастығы үшін жауларымен жолбарысша арпалысып өткізген ел тірегі – Ер Есет Көкіұлының армандаған тәуелсіздік іргетасы нық қаланған еңселі де байрақты елі күн санап бой түзеп, даму үстінде. Ал, ұрпақтары бүгінде ата-бабалар абыройы мен рухын қастерлейтін ұлтжанды да өнегелі ерге айналды.

  

Әдебиеттер тізімі:

1. З.Байдосов, И.Асқаров, Р.Ильясова. Ту ұстап, тарлан мінген тархан. – Ақтөбе: «Полиграфия» баспасы, 1992.

2. Ө.Есмырзаұлы. Есет батыр Көкіұлы. – Ақтөбе, 2012.

3. Ө.И.Исенов. Тама Есет тарханды танып болдық па? // Қазақ тарихы ғылыми әдістемелік журнал. № 2.(119), 2013. – 2-5 бб.

4. Ө.И.Исенов. Тама Есет батыр (Опат болған жылы мен жұмбақ өлімі хақында). // Қазақ тарихы ғылыми әдістемелік журнал. №5-6. 2008. – 27-30 бб.

5. Ө.И.Исенов. Тама Есет тархан ұлт-азаттығы жолындағы күрескер. // М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті. Халық батыры Исатай Тайманұлы ның туғанына 220 жыл толуына арналған «Батырлар институты: қалыптасуы тарихи маңызы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдары. 6 мамыр, 2011 жыл. Орал – 2011. 90-104 бб.


Айбек Сламғалиұлы Ертемиров. Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Қазіргі заман тарихы» ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?