Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Поль Гурдэнің Жетісудағы мал шаруашылығы мен теміржол туралы жазбалары

1500
Поль Гурдэнің Жетісудағы мал шаруашылығы мен теміржол туралы жазбалары - e-history.kz

Павел Васильевич Гурдэ деген атпен танымал Поль Луи Станислас Лионель Гурдэ Францияда өмірге келген. Сол заман үшін жап-жақсы білім алған ол 24 жасында Ресейге жол тартады. Енді бес жылдан кейін ол Верныйға шақыру алып, облыс генерал-губернаторы Герасим Колпаковскийдің өтінішімен Жетісу құрылыс бөлімінің инженері міндетін атқарады. Верныйда болған жиырма жылдың ішінде ол қала инфрақұрылымын жасауға баға жетпес үлес қосады. Іле өзені арқылы өтетін көпір, қаладағы ерлер және әйелдер гимназиялары, губернатордың үйі, қалалық училище, собор және басқа құрылыстар соның қолынан шыққан. Бұл ғимараттардың кейбірі әлі де қалаға сән беріп тұр. Гурдэ – сәулетші және Гурдэ – құрылысшының талантын бағалай келе, көпшілік оның қоғамдық және жазушылық қызметінен бейхабар. Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қорында оның кейбір қолжазбалары сақталған, солардың бірі «Заметка о скотоводстве в Семиреченской области, в связи с проектируемым соединением Ташкента с Сибирью рельсовым путем, через Верный, Семипалатинск и Алтай» ХІХ ғасырдың аяғындағы Жетісу облысындағы мал шаруашылығының жай-күйінен хабар беріп, теміржол құрылысының мал шаруашылығын дамытуда қандай рөл атқара алуы мүмкіндігі жайлы айтады. Qazaqstan Tarihy порталы Павел Гурдэнің осы жазбасымен танысып шықты.

Гурдэнің жазуынша, Жетісуда қолайлы жол қатынасының болмауына, тасымалдау құралдарының жетіспеушілігіне және оның өте қымбаттығына байланысты өлкедегі өнеркәсіп пен сауданың басқа салалары сияқты мал шаруашылығы да көп жыл бұрынғыдай тұралап тұрған тоқырау күйінде қалған.

Мал шаруашылығы түгелдей дерлік көшпелі қазақтардың қолында, олар онымен тек өзінің қажеттіліктерін өтеу үшін ғана айналысады да, оны жүйелі өнеркәсіп пен кеңқолтық сауда түрінде қарастырмайды. Шынында да, қазақтардың барлық тұрмысы, киіз үйінен бастап, ішітені тамағы мен киетін киімімен аяқтағанда түгелдей осы мал өнімдеріне негізделген. Өз қажеттілігін өтеуден артылған мал ғана көрші Сырдария, Ферғана және Семей облыстарына саудаға шығарылады.

Отырықшы халық өнеркәсіп мақсатында мал шаруашылығымен аз шұғылданды. Олар әрине, мал ұстады, бірақ өте аз көлемде (өлкедегі мал санының жиырмасыншы бөлігінен де аз) және тек егістік жұмыстары, жүріп-тұру, жүк тасу кәсібі және кей жағдайларда сауда үшін ұстаған.

Отырықшы орыстардың, тараншылар мен дұнғандардың мал шаруашылығын жүйелі кәсіп дәрежесіне дейін дамытуына жайылымдық жердің жетіспеушілігі, және бастысы мал және мал шаруашылығы өнімдерінің бағасы кедергі болды. Бағаның төмен болғаны соншалық, оны тек қазақтар ғана пайдасы аз болса да, шығын ретінде қабылдамайтын. Бұл жеке уақыт пен еңбектен басқа, мал шаруашылығына қазақтар ешқандай қаржылай шығын жұмсамайтындығымен түсіндіріледі.

Қазақтардың малы жыл бойы ашық аспан астында болатын. Гурдэнің айтуынша, жазда мал – аптап ыстықта, қыста – қалың боран мен аязға шыдас беретін. Ол негізінен көктем мен жаздың басында қалың өсетін жайылымда оттайтын. Күзде құрғақ, жартылай күйген шөппен, қыста қарды тұяғымен ойып қалған шөпті азық ететін. Кейбір қыста қардың қалың түсуіне немесе көктайғаққа байланысты қар астынан шөпті қазып алу мүмкін болмайтын. Сол кезде табындар мен отарлар жұтқа ұшырап, қырылатын, соның әсерінен мыңдаған малы бар бай қазақтар әп-сәтте кедейге айналатын.

Мысалы, ресми деректер бойынша 1895 жылғы жұтта тек Қапал уезінде ғана 37 640 бас мал қырылып қалған, оның 4325-і жылқы, 1525-і ірі қара мал, 31 590-ы қой. Жалпы облыста 250 немесе 300 мың бас ірі қара мен ұсақ мал қырылып қалған.

Мал індеті де Жетісуда болып тұрған. Гурдэ бұны қазақтардың осыған қатысты немқұрайлығы деп санайды. Дегенмен де жергілікті мал тұқымының төзімділігінен бе, әлде үнемі бір орыннан екінші орынға көшіп жүруінен бе мал індетінен қырылу жағдайы салыстырмалы түрде алғанда көп емес. 1894 жылы ірі қара обасынан Жаркент пен Пржевальск уездерінде ондаған бас қана мал, ал Қапал уезінде – 2158 мал өлген. Қазақ мал шаруашылығының жай-күйін зерттеумен айналысқан Лепсілік мал дәрігері Третьяков әкімшілік назарын уақытша тұтанатын мал індетінен гөрі, қазақтар зор шығынға бататын жұтқа көбірек аударған.

Гурдэнің пікірінше, көшпенді-малшы бұл жазымның бәріне салқынқандылықпен қараған: 

«…Бороться против зла он не думает, не потому, что от роду ленив, апатичен и беспечен, а просто потому, что это не выгодно, потому что труд и расходы, необходимые для успешности борьбы, не оплачивались бы в достаточном размере, вследствие бесценности самого скота и его продуктов» 

Отырықшы халықтың көп болмауына байланысты, небәрі 224 616 адам, мал шаруашылығының өнімдеріне деген сұраныс та аса көп емес. Екінші жағынан, өлкеде арзан әрі ыңғайлы тасымалдау құралдары мен тәсілдерінің болмауына байланысты, көрші облыстармен мал және мал өнімдерін саудалау ыңғайсыз болды.

Теміржолдың Жетісудағы мал шаруашылығына тигізетін әсері

Гурдэ Жетісудағы мал шаруашылығының толықтай тоқырауда тұрғанын жазады, өлкедегі экономикалық жағдай өзгермейінше, бұл қайғылы жағдайдың жақсаруына үміт жоқ дейді. Дегенмен де өлкедегі мал шаруашылығы қандай қиындықтарды бастан кешірсе де, құлдырамай жыл сайын сол бір қалыпты жағдайында болып тұрған. Қолайлы жағдай жасалса, бұл таусылмас байлық тек Жетісу үшін ғана емес, оны қоршап тұрған өңірлер үшін де жақсы болар еді. Бұл қолайлы жағдайды Жетісуды Сырдария, Ферғана, Семей, Сібір және Ресеймен қоса алатын теміржол ғана бере алатын.

Теміржол жетісулық мал өсірушілерге жылдам, арзан әрі қауіп-қатерсіз өз өнімдерін сұранысқа ие шет нарыққа шығаруға мүмкіндік берер еді. Сәйкесінше, өнім бағасының тиімді болатыны соншалық, өнімділікті арттыру мен дамытуға қаражат пен себептер табылар еді. Бұндай жағдайда қазақтар мал шаруашылығының тек өзінің қажеттілігін қанағаттандыру көзі ғана емес, сонымен қатар әл-ауқат тіпті байлық көзі екенін тез-ақ түсіне қоятындығына күмән келтіруге бола қоймас. Сол кезде мал шаруашылығы Жетісуда жүйелі кәсіп ретінде дамуы да сөзсіз. Мал шаруашылығының теміржол алдында қарыз болмасы да, бұл байлықтың бір бөлігінің оның кассаларында қалатыны да анық.

Жетісудағы мал басының саны

1896 жылғы ресми дерек бойынша Жетісу облысында 5 868 736 мал басы болған, оның 5 586 433-і көшпенді қазақ халқына, 282 403-і отырықшы орыс, тараншы және дұнғандарға тиесілі болған. Бұл сан келесідей бөлінген:  

Жылқы – 756 823 (оның ішінде қазақтарда - 681 842);

Ірі қара мал – 426 245 (353 630);

Түйе - 99 135 (98 673);

Қой - 4 284 947 (4 177 545);

Есек пен қашыр – 3 775 (42);

Ешкі – 282 879 (274 701);

Шошқа – 14 932 (-).

Барлығы: 5 868 736 (5 586 433)

 

Уездер бойынша келесідей бөлінген:

 

Верный - 1 157 967 (қазақтарда - 1 067 222);

Қапал – 688 673 (670 637);

Жаркент - 781 092 (731 716);

Лепсі - 865 603 (812 104);

Пішпек – 1 071 584 (1 036 628);

Пржевальский - 1 303 817 (1 268 126);

Барлығы: 5 868 736 (5 586 433).

 

Осы жерде бұл көрсетілген санның нақты саннан әлдеқайда төмен көрсетілуі мүмкін екендігін айта кеткен жөн. Гурдэ оны көшпенділер елінде нақты мал басын анықтау мүмкін еместігімен, әсіресе қазақтар нақты мал санын мейлінше жасырып, көрсетпеген. Өйткені түрлі міндеткерлік көшпендінің қолындағы мал басына қарай бөлінген. 1896 жылы уездік мал саны уездік мал дәрігерлерімен тексерілген, сондықтанда 1896 жылғы көрсетілген сан бұрынғы жылдары көрсетілген статистикаға қарағанда, шындыққа жақын.

Бұрынғы жылдармен салыстырғанда 1896 жылы біршама алғабасушылық байқалады. 1894 жылы мал басы 5 550 334 болған, бұл 1896 жылғы көрсеткіштен 313 402 басқа кем.

Көшпелі халық санына сәйкес, әр малшыға 9,7 мал басынан, атап айтқанда 575 614 жан басына шаққанда 5 586 433 мал басы болған. Бұл қазақтардың мал шаруашылығына табиғи қабілеті мен бейімділігін көрсетеді. Сонымен қатар, бұл егер қазақ қолайлы жағдайда болса, онда мал басы жан басына шаққанда 9-10 емес, екі – үш есе артық болар еді. Көшпенді халықтың мал шаруашылығына арналған кеңістік те бұл істі әлдеқайда дамытуға мүмкіндік беретін. Жетісу облыстық басқармасының меже бөлімінің деректері бойынша Жетісу аумағы 353 468 шаршы шақырымды алып жатқан. Соның ішінде 27 млн десятина жер мал шаруашылығына, ішінара егіншілікке қолайлы жер болған. Бұл саннан шаруалар мен казактар қоғамдастығына, дұнғандар мен тараншыларға, қалалық усадьбалар және тағы да басқа мақсатқа бөлінген 937 мың десятина жерді алып тастағанда, 26 млн десятина жер тек қазақтардың қолданысына қалады.

Мал және мал шикізаты өнімдерін саудалау

Жоғарыда айтылғандай, қазақтардың жалғыз кәсібі – мал шаруашылығы – алдымен көшпенді халықтың күнделікті қажеттілігін қанағаттандыру үшін қызмет етті. Тек өз қолданысынан артылған мал және тері, жүн және басқа да шикізаттар облыста және одан тыс жерлерде сатылымға шығарылатын.

Отырықшы орыс, тараншы, дұнғандардың көп болмауына байланысты, облыста мал шаруашылығы өнімдері айтарлықтай сұраныста болған жоқ. Бұл ретте дұнғандар мен тараншылар үшін ет басты азық болған жоқ, керісінше, олар етті өте аз пайдаланатын.

Облыстағы мал соятын орындарда 60 209 бас мал сойылған, олардың 15 413-і ірі қара мал, 696-сы жылқы, 255 бұзау, 1 түйе және 43 844 қой-ешкі сияқты ұсақ мал. 224 мың халық үшін бұл әлбетте аз.

Үй жануарлары облыстан тыс жерлерге де сатылымға шығарылған. Оларды басқа облыстан келген саудагерлер жәрмеңкелерде және тікелей ауылдардан сатып алып, Ақмола, Семей жәрмеңкелеріне, Ферғана мен Түркістан қалаларына жөнелткен. Жөнелтілген жануарлары жолда түрлі қауіп күтіп тұратын (ауру, барымта, болдыру, жыртқыш аңдарға жем болу және т.б.). Осылардың бәрінен саудагер зор шығынға ұшырауы мүмкін еді. Осылардың бәрін қоса келгенде, мал түпкілікті межелеген жерге келген кезде оның құны әжептәуір соманы құрайтын. Алайда, ол жерлерде мал өніміне белгілі бір бағаның болуына байланысты саудагер өз бетінше өзі қалаған бағаны қоя алмайтын.

Жағдайдың қолайсыздығына қарамастан, көрші облыстармен тірі мал саудасын елеусіз деп айтуға болмайды, 1896 жылғы көрсеткіші төмендегідей: 

Ірі қара мал – 14 512 бас;

Қой-ешкі – 359 261;

Жылқы – 6 990;

Барлығы: 380 763 бас. 

Ірі қара малдың салмағы 14 пұт, ұсақ малдың салмағы 2 пұт 15 фунт құраған деп санасақ, теміржолмен тасымалдайтын жалпы салмақ 1 120 мың пұтты құрар еді. Бұл малдың түгелге дерлігі Сырдария, Ферғана, Семей облыстарына жөнелтілді. Аздаған бөлігі Жаркенттен Орынборға, Пішпектен Ақмолаға және Пржевальскийден қытайлық Қашғарға жөнелтілді.

Сол 1896 жылы келесідей мал өнімдерінің шикізаты саудаланған: 

Ірі қара мал терісі – 181 625 дана;

Жылқы терісі – 94 270;

Қой мен ешкі терісі – 1 820 640;

Түйе терісі – 3 754. 

Егер ірі қара мал терісі 1 ¼ пұт, ұсақ мал терісі 10 фунт құрайды десек, жүнді есептемегенде, осы сала бойынша ғана 800 мың пұт жүк шығар еді.

Жүн Жетісудан шығатын маңызды заттардың бірі болды. Қазақ мал шаруашылығының негізгі өнімі қой екені белгілі. Қой мен ешкі басы 4 452 246 болғаны белгілі, ыңғайлы болу үшін -4 400 000. Көктемгі қой қырқу кезінде әр қой мен қошқардан 6 фунт, ал күзде бұның тек жартысы, яғни 3 фунт қана жүн алынатын. Осылайша 4 400 000 бастан жыл сайын 990 мың пұт жүн алынатын. Қазақтар өз қажеттіліктері үшін (кіз, киім және т.б.) күзгі қырқымның 2/3 бөлігін, яғни 220 мың пұтқа жуық жүн пайдаланатын. Жетісуда ешқандай да жүн зауыты болмағандықтан, қалғанның жүннің бәрі, 770 мың пұтын жергілікті және басқа қаладан келген саудагерлер сібір және ресей жәрмеңкелеріне жіберу үшін сатып алатын. Басқа жаққа жібергенге дейін жүнді жуатын, сол кезде оның жалпы салмағынан 37% дейін салмағы жоғалатын, яғни Жетісудан 485 мың пұт қой жүні шығарылатын. Бұған 13 пұтқа жуық түйе жүнін, 8 мың пұт жылқы қылын, 5 мың пұтқа жуық қойдың ішек-қарнын қосылады. Барлығы шамамен 500 мың пұтқа жуық. Бұл шикізат Жетісудан және ішінара Қытайдан Бақты мен Үржар арқылы Семейге, Ақмолаға, Ірбіт, Түмен, Нижегород жәрмеңкелеріне, Ферғана мен Сырдария облыстарына жөнелтілетін. Ішектері көбінесе Санкт-Петерборға жөнелтілетін.

Осылайша, осы сауданың барлық қолайсыз жағдайларына және ыңғайлы және дұрыс байланыс жолдарының болмауына қарамастан, мал мен малдың шикізат өнімдерін сату болашақ теміржол үшін 2 420 000 фунт толық қамтамасыз етілген және сенімді жүкті көрсететін. ң едәуір санымен көрінді.

Жетісу арқылы темір жол өткізу мал шаруашылығында да, көшпелі халықтың өмірінде де төңкеріс жасап, малшының негізгі мал қоры кем дегенде үш есеге ұлғаюы мүмкін еді. Сол кезде мал шаруашылығының өнімдері сол көлемде өсері сөзсіз. Ондай болса, бұл өнімді саудалау саны 2 420 000 пұт емес, 7 260 000 пұт болар еді.

Мал және малдың шикізат өнімдерінің бағалары

Жетісудағы мал шаруашылығының тоқырап тұруының басты себебі – бағаның төмендігі. Сонымен қатар, мал шаруашылығының пайдасыздығының маңызды себебі - осы бағалардың тұрақсыздығы болды, олардың әртүрлі нарықтардағы вариациясы зор болғандықтан, малшы өз өнімдерінің қалай сатылатынын болжай алмады. Әлбетте, осыған байланысты темір жол бәрін тегістей алар еді, өйткені алыс базарларда сату қамтамасыз етілгенде, малшы алып-сатарларға аз тәуелді болып, бағалар тең және тұрақты болады.

Облыстың түрлі елді-мекендеріндегі бағалар туралы мәліметтердің болмауына байланысты бұл жерде Верный нарығындағы баға келтіріледі, яғни ең жоғарғы баға, өйткені ауыл-деревняларда ет өнімдерінің бағасы недәуір арзан болғаны сөзсіз. Верныйдың ет дүкендерінде еттің пұты орта есеппен 1 сом 40 тиын, майы – 4 сом, терісі – 4 сом 50 тиын болған. Осылайша, орташа салмағы 14 пұт болатын бір бұқа немесе сиырдан қасапшы алатыны:

8 пұт ет (1 сом 40 тиын) – 11 сом 20 тиын;

1 ½ пұт май (4 сомя) – 6 сомй;

Терісі (4 сомя 50 тиынк);

Барлығы: 21 сом 70 тиын. 

Орташа салмағы 2 пұт 15 фунт қойдан алатыны

1 пұт 5 фунт ет (1 с. 50 т.) – 1 с. 69 т.;

15 ф. май (4 с). – 1 с. 50 т.;

Терісі – 60 т.;

Барлығы: 3 с. 79 т. 

Малды даладан қалаға әкелу, дүкен ұстау, малды сою, түрлі міндеткерлік және т.б. қасапшының шығындары айтарлықтай еді. Сондықтанда осы шығындарының орнын толтырып, үстінен пайда көру үшін ол ірі қара малдың басы үшін 12-ден 13 сомға дейін, қошқар немесе қой үшін 2-ден 2 сом 50 тиынға дейін ұсынатын. Ауылдар мен жәрмеңкелерден мал алу үшін көрші облыстардан келген саудагерлер тіпті осындай да бағаны ұсынбаған болулары керек, алайда, малды көптеп алғандықтан, ал қазақтарға ақша керек болғандықтан, соңғылары бәріне де келісетін.

Бұндай саудагерлерге бұқа немесе сиыр 10-11 сомнан артыққа түспейтін, ал қой немесе қошқар 1,5-нан 2 сомға дейін тұратын. Егер де төлем көбінесе ақшамен емес, фабрика тауарларымен жасалғанын ескерер болсақ, онда қазақ тіптен аз-ақ алатын.

Қазақ жылқысы базарда 15-тен 25 сомға дейін сатылған. Түйе 50-ден 70 сомға дейін тұрған. 1896 жылы жабағының пұты 1,4-тен 1,6 сом тұрған. Түйе жүні 4,5-нан 5 сомға дейін сатылған. Ешкінің түбіті 5,2 сом тұрған. Терінің бағасы базарларға қарай әртүрлі болған. Мысалы, Қарқара жәрмеңкесінде 2,5 сом, Қапалда 3 сом, Қорғоста – 4сом, Верныйда 4,5 сом, Тоқмоқта 5 сом тұрған. Қой терісі Қарқара жәрмеңкесінде 35 тиын, Верный мен Сергиопольде 60 тиыннан сатылған. Қарқара жәрмеңкесінде ешкі терісі 32 – 35 тиын, Верныйда 60 тиын, Тоқмоқта 70 тиын тұрған.

«Жетісуды көрші облыстармен, Сібірмен және Ресеймен қосатын теміржол өлкенің бүкіл экономикалық жағдайын танымастай өзгертер еді»,- деп санаған Поль Гурдэ. Жетісу ғасырлар бойғы ұйқысынан оянар еді. Өркениеттің алып факторы ретінде теміржол жағдайды ғана емес, өмір қалпын да өзгертер еді:

«Ондаған жылдар бойы жергілікті әкімшіліктің және тіпті Үкіметтің көшпенділерді отырықшы халыққа, яғни жартылай жабайы қырғыздарды өркениетті адамға және пайдалы азаматқа айналдырмақшы болып, қанша тырысқанымен де қолжеткізе алмаған ісіне, ешбір күш-жігерсіз-ақ, бар болғаны жағдайдың күшімен ғана теміржол жылдам қолжеткізе алар еді деп толық сеніммен айтуға болады»

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?