Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтың тұңғыш дәрігер қызы Мүбина Ниязова

3926
Қазақтың тұңғыш дәрігер қызы Мүбина Ниязова  - e-history.kz

Қазақтың тұңғыш дәрігер қыздары туралы айтқанда ойымызға бірден Гүлсім Асфендиарова мен Аққағаз Досжанова оралады. Анығында медициналық оқу орнын бітіру реті бойынша Жанкүміс Байғозина (1885 жыл, Омбы әскери акушерлік мектебі), Гүлсім Асфендиарова (1908 жыл, Петербордағы әйелдер медицина институты), Зейнеп Садыққызы (1908 жыл, Петербордағы әйелдер медицина институты), Мүбина Ниязова (1917 жыл, Саратовтағы тіс дәрігерлері мектебі), Аққағаз Досжанова (1922 жыл, Ташкент университетінің медицина факультеті) болып жалғасады. Осы тізімдегі ел біле бермейтін қазақтың дәрігер қыздарының бірі – Мүбина Ниязова.

Уәлитхан Танашевтің қарындасы

Мүбина 1895 жылы қазіргі Атырау облысы Құрманғазы ауданының Құрманғазы ауылында (бұрынғы Ганюшкино селосы) дүниеге келді. Аталас туысы Елтай Қалиевтің айтуынша, Мүбина Алаш қайраткері Уәлитхан Танашевтің қарындасы екен.

«Бесінші бабамыз Оразмұхаммедті ел Танаш деп атап кеткен. Танаштан 6 ұл, 2 қыз тараған. Ұлдарының аты – Сидағали, Арыстанғали, Жақып, Тінім, Жүніс және Ибрагим. Сидағалидан Шарапиден мен Мұхтар өрбіді. Алаш қайраткері Уәлитхан Танашев – осы Шарапиденнің ұлы. Ал Мүбина Танашева – Ибрагимнің қызы. Арыстанғали ұрпақтары бүгінде Түркияда тұрады. Мен Жүністің ұрпағымын» дейді Елтай Қалиев.

Танаш алты жасында әкеден жетім қалып, Бөкей, Шығай, Жәңгір хандардың кеңесшісі болған Бекпенбеттің (Бекмұхамбет) тәрбесінде өскен. Баласы Шолтырмен бірге есейіп, төрт жыл Бұхарадан діни білім алған. Елге оралғасын балықшылықпен айналысқан. Танаш әулеті заманында елімізге ғана емес, күллі Ресейге белгілі балық өндірушілер атанды (Өтепберген Әлімгереев, «Алаш аңсаған азаттық», Алматы, «Арыс» баспасы, 2011 жыл).

Жоғарыда аталған Бекпенбеттен Шолтыр, одан Мақаш әкім аталып кеткен белгілі қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым Мұхамбетжан Бекмұхамбетов тарады. Уәлитхан Танашевтың қазақ мүддесіне қызмет етуіне осы немере ағасы Мақаш әкімнің ықпалы мол болды.

Мүбина Ниязова бастауыш білімді Хұсни-Жамал Нұрлыханова басқарған қазақ қыздарына арналған бастауыш училищеден алған көрінеді. Сайфулла Сүйінов бұл туралы: «Қазақ қыздарының оқуға деген қабілеті, ынта-зейіні, үлгерімі керемет болды» дейді кейінен Орда мектептерінің оқу инспекторы болған Вознесенский. Иә, оның айтуы айнақатесіз шындық. Қазан төңкерісіне дейін жабылып қалмай жұмысын жалғастырып келген бұл мектеп түлектері арасынан шыққан қоғам қайраткерлері – Аққағаз Досжанова, Алма Оразбаева, қазақ қыздарынан тұңғыш металлургия инженері Мәдина Бегалиева, тұңғыш жоғары дәрежелі білімді адам дәрігері Мүбина Ниязова сияқты озық қазақ қыздары халқына қалтқысыз қызмет еткен» деп жазады (Сайфулла Сүйінов, «Бөкей ордасы», Алматы, «Өлке» баспасы, 2000 жыл).

Мірахмет Ниязовтың жары

Бастауыш училищеден соң Мүбина Астрахань қыздар гимназиясын тәмамдап, Саратов тіс дәрігерлері мектебіне қабылданды. Асылбек Әлжанов бұл жайлы: «...1912 жылы Саратов тіс дәрігерлері мектебіне түседі. Студенттік жылдары өзінің Саратов университетінің медициналық факультетінде оқитын жолдасы М.Ниязовпен бірге студенттердің революциялық қозғалысына қатысады» дейді (Асылбек Әлжанов, «Алғашқы қарлығаштар», Алматы, «Арыс» баспасы, 2007 жыл). Әлжановтың мұндағы М.Ниязов дегені – Алаш қайраткері, 1911 жылы «Алаш» атты газет шығаруды көздеп екі рет Астрахань губернаторына өтініш жазған Батырқайыр Ниязовтың інісі Мірахмет (Ахмет) Ниязов.

Мүбина Ниязованың жас кезі.jpg

Мүбина Ниязованың жас кезі

Мірахмет Саратов университетін 1916 жылы бітіріп, Ордада учаскелік дәрігер болып қызмет ете бастады. Каспий жағалауындағы оба індетімен күресті. Жұбайы Мүбина да 1917 жылы оқуын бітіріп, қызметін Ордадан бастады. 1918-1920 жылдары Қазақ атты әскер полкінің дәрігері болды. Мүбина Ниязова 1960 жылы жарияланған «Жас большевиктің саналуан еңбегі» естелігінде осы атты әскер полкында Алма Оразбаевамен бірге қызмет істегенін жазады.

«Тіс дәрігерлерінің мектебін бітіргеннен кейін 1917 жылы Ордаға келдім. Бұл арада педагогикалық курсты бітірген екі мұғалима бар екенін естідім. Бұлар Алма Оразбаева мен Мәдина Бегалиева еді. Алмамен тұңғыш рет Халық үйінде кездестім. Драма үйірмесін ұйымдастыру жүріп жатқан, оның жұмысына Алма белсене қатынасты, сонымен қатар өзі де көптеген рөлдерде ойнады.1918 жылдың аяқ шенінде Алма Оразбаева Қазақтың тұңғыш үлгілі атты әскер полкында үгітші болып жұмыс істеді, қызыл жауынгерлер арасында түсінік жұмыстарын жүргізді, сонымен қатар аурухана мен емханадағы медицина қызметкерлері мен аурулардың арасындағы мәдени-көпшілік жұмысын басқарды. Үстінде ақ халаты, басында ақ орамалы бар Алманың қызметкерлер арасында әңгіме өткізіп отырғаны әлі есімде» («Қазақстан азамат соғысының от-жалынында», Қазақ мемлекет баспасы, 1960 жыл).

Алма Оразбаеваның құрбысы

Ерлі-зайыпты Ниязовтар Бөкей губерниясында Кеңес өкіметінің орнауына белсене атсалысты. Мірахмет те, Мүбина да Бөкей губерниялық атқару комитетінің мүшесі болды. Екеуі бірге 1920 жылы Бөкей губерниялық кеңесінің бірінші съезіне делегат болып қатысты. Осы съезд жайлы Мүбина Ниязова: «1920 жылы Алма Бөкей губерниясы советінің съезін өткізуге Ордаға келді. Мен осы съездің делегаты едім. Алма орасан зор дайындық жұмыстарын жүргізді. Съезді Алма ашты, кіріспе сөз сөйледі, Советтерді нығайту жайында баяндама жасады. Баяндама байсалды болып, мәселелер толық қамтылды. Ол қазақ тілінде де, сондай-ақ орыс тілінде де жақсы сөйледі» дейді.

Иә, Алма Оразбаева, Мәдина Бегалиева, Мүбина Ниязова секілді оқыған қазақ қыздары Ордадағы өздері секілді қыздардың құқығын қорғады. Қыз-келіншектерге арнап түрлі конференциялар өткізіп, ол жерлерде білім алудың маңызы, әйелдер гигиенасы, ана мен бала денсаулығын қорғау секілді мәселелерді көтерді. Ордадағы сондай жиынның бірі 1921 жылдың көктемінде өтті. Әйелдердің губерниялық конференциясы деп аталған осы жиынға қатысқан делегаттар қатарында Дина Нұрпейісова, Мүбина Ниязова, Алма Оразбаева, Мәдина Бегалиева болды.

Бұл жайлы Мәдина Бегалиева «Алма Оразбаеваның өмір жолы» естелігінде: «...мұнда 70 делегат жиналды. Олардың қатарында Теңіз уезінің түпкірде жатқан ауылынан келген Дина Нұрпейісова да болды. Конференция Халық үйінде өтті, зал адамға лық толы болды, делегаттардан басқа Ордадан көптеген әйелдер қатынасты. Конференция Алма Оразбаеваның «Совет үкіметі әйелдерге не берді?» деген баяндамасын, Мүбина Ниязованың «Қалың мал мен көп әйел алуға қарсы күрес және аналар мен балаларды қорғау» деген баяндамасын тыңдады... Конференциядан кейін көркемөнершілер кеші болды. Бұл кеште делегаттар өнер көрсетті, ән салды, би биледі, ұлт ойындарын ойнады. Әсіресе есте қалғаны Дина Нұрпейісованың домбыра тартқаны, Алманың айтқан әндері болды» деп жазады.

Мүбина Ниязова 1920-1925 жылдары Ордада дәрігерлік қызмет атқарса, 1925 жылдан бастап қызметін заң саласына бұрды. Әсіресе әйелдер құқығының бұзылуына қатысты істерді қарады. Мәдина Бегалиева бұл жайлы: «...әйелдер жөнінде совет заңын бұзу ісі қарала қалған жағдайда халық сотына әйел өкіл жіберу туралы жергілікті орындармен Алма келісіп алды. Халық сотына өкіл етіп мені, Мария Полякованы және Мүбина Ниязованы тағайындады» дейді.

Республикалық медицина колледжін құрды

Мүбина Ниязова 1925-1928 жылдары Орал губерниялық прокуратурасында қызмет етті. 1928-1934 жылдары Қазақ АКСР Жоғары сотының Шымкент облыстық денсаулық сақтау бөлімінің инспекторы, 1934-1936 жылдары Қазақ АКСР Денсаулық сақтау халық комиссариаты Аналар мен балаларды қорғау бөлімінің меңгерушісі болды. 1937 жылы Алматы медициналық училищесін (қазіргі Республикалық медицина колледжі) ұйымдастырып, оның алғашқы директоры қызметін атқарды. Өкінішке қарай осы жылы басталған сталиндік репрессия Ниязовтар отбасын да айналып өтпеді.

«1937 жылғы репрессия кезінде Мірахмет пен Мүбина Ниязовтардың да басына бұлт төнді. Туыстардың айтуынша, Алматыдағы қазіргі Сайран автобекеті тұрған жерде түрме болған. Мүбина апамыз сол түрмеге қамалған. Қамауда отырған кезінде апамыз майдандағы балаларына жылы киімдер тоқып, жолдаған. Мірахмет Ташкенттегі түрмеде отырды. Сол жылы ату жазасына кесілді. Ал Мүбина ұзақ жылын түрмеде өткізіп, босап шықты. Ниязовтардың ұрпақтары ауыр жағдайды бастан кешті. Екеуінен Ғинаят, Әубәкір деген ұл, София деген қыз тарады. София Ахметқызы нәубет жылдарында алтын тісін өткізіп, жан сақтағанын айтып отыратын. Ғинаят пен Әубәкірді майданға алып кетті. Әубәкір соғыстан қайтып келмеді, Ғинаят мүгедек болып оралды. Ғинаяттың ұрпақтары бүгінде Нұр-Сұлтанда тұрады» дейді Елтай Қалиев.

Деректерде Мүбина Ниязованың 1944-1955 жылдары Алматыдағы түрлі медициналық мекемелерде қызмет еткені айтылады. Сондай-ақ 1966-1969 жылдары Жоғары Совет Президиумының мүшесі болған көрінеді. 1981 жылы Алматыда дүние салды.

Биыл қазақтың алғашқы дәрігер қыздарының бірі Мүбина Ниязованың туғанына 125 жыл толып отыр. Қазақ медицинаның қалыптасуына ерен еңбегі сіңген, қазіргі Республикалық медицина колледжін құрған жанды былайғы жұрт біле бермейді. Сондықтан атаулы жыл қарсаңында өзі құрған һәм алғашқы директоры болған Алматыдағы Республикалық медицина колледжіне Мүбина Ниязованың есімін берсе, өзі туып-өскен, алғаш қызмет жолын бастаған Атырау облысының орталығынан көше аты бұйырса жас ұрпақ үшін өнегелі іс болар еді.

(Фотосуреттер Мүбина Ниязованың туысы

Елтай Қалиевтің жеке мұрағатынан алынды)

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?