Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Асан Қайғының «Жерұйығы» – Қазақ хандығының идеологиясы

3438
Асан Қайғының «Жерұйығы» – Қазақ хандығының идеологиясы  - e-history.kz
550 жылдығы тойланған Қазақ хандығының идеологиясы Асан қайғы іздеген Жерұйық деп санайды ғалымдар. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі жағдайын да сипаттайды.

Ғарифолла Есім, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі: 

fe7ece307717afd1e12d032a5879ced7.jpg

Қазақ хандығының 550 жылдығы сөз болғанда Керей мен Жәнібек және Асан Қайғы да қатар айтылу керек. Бірақ ұлт тойында Асан Қайғының есімі айтылып жатқан жоқ. Ал Қазақ хандығының атауы неге «қазақ» дегенге келетін болсақ, ол – үлкен идеядан туындаған сөз. Яғни «қазақ» деген сөз – идея. Қазақ кім? Қас-сақ. Бізді ерте кезде көп мемлекет «Қас-сақ» деп түсінген. Мәселен маңғолдар бізді «Қассақ», қытайлар «Қассақы», орыстар «қырғыз-қайсақ» деген. Сонда «сақ» деген – нағыз сақ. Яғни, біздер – нағыз сақтардың мемлекетін құрып отырған елміз. 

Идея деген рәміз болады. Қазақ деген идея болған деп жоғарыда сөз еткендей. Енді оның рәміздері болған. Ұраны болған «Алаш» деген. Содан кейін мықты идеологиясы болған. Ол – «Жерұйық». Бүгінгі конференцияда ол туралы көп айтылмай жатыр. Асан Қайғының «Жерұйығы» – осы жаңа мемлекеттің идеологиясы. Бұл қазақ мемлекеті үлкен идеяның негізінде келген деген пікірді білдіреді. 

Асанәлі Әшімов, ҚР халық артисі: 

140127bdf8979f62167ceecf8cd294a9.jpg

Барша Қазақстан халқын Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Ұлы тарихи тұлғалар бүгінгі күнді армандап кеткен еді. Тәуелсіздік жылдарында біздің буын ұлттың сақталуына ұшан-теңіз үлес қосқан азаматтарына құрмет көрсетуде және бүгінгі шара соның тағы бір көрінісі. Бұл атаулы датаны барша Қазақстан халқы мерекелеуде. 

Астанада бастау алған мерекелік шаралардың сонымен қатар негізгілері Таразда жалғасатыны белгілі. Мұндай маңызды мерейтойлар өте жақсы, себебі елдің басын біріктіреді, халықтың көңіл-күйін көтереді. 

Қадыржан Абуов, тарих ғылымдарының докторы, профессор: 

a3777c04878eb80680f7ea0813e7ff1c.jpg

Қазақ хандығының құрылуы саяси мәселе болса, қазақ этносының атын иеленуі этникалық мәселе болды. Сондықтан этникалық құрылым қазақ халқының қалыптасуына жол ашты. Оның экономикалық-мәдени байланысын дамытты. Болашағына жарқын жол ашты. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі шешімі өте орынды болды. Бұл ұлт тойын өткізудің маңызы – жастардың ұлт тарихын қастерлеп, отансүйгіштігін негіздеуге және патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге үлкен жол ашып берді. Бұл мереке Қазақстан халқының бірлігіне серпіліс берген той деп ойлаймын. Ертеңгі елдің идеясына жол ашты. Қазақ мемлекетінің «Мәңгілік Ел» идеясы жастардың болашағына мықты мемлекет қалыптастырып, ата-ұрпақтың ұлы тарихын құрметтеуді үйретеді. Сондықтан барша қазақ халқын ұлт тойымен құттықтаймын, еліміз аман болсын. 

Абдуалы Асқар, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің проректоры: 

963b121b09e00ed713c0bcf4c51c0ea2.jpg

Бүгінгі іс-шараның маңыздылығы қазақ хандығының 550 жылдығын тойлаумен қатар қазақ халқының, қазақ мемлекетінің тарихын қорытындылай отырып, оған шығатын сабақтастарды бүгінгі тәуелсіз еліміздің өркендеуіне, дамытуына бағыттау керек. Елбасы өзінің сөзінде осы мәселеге үлкен көңіл бөліп айтты. Сондықтан қазақ хандығының қалыптасу, даму, өркендеу кезіндегі жеткен жетістіктер еліміздің алдағы дамуымызда тәуелсіздік жылдарында тарихи сабақтастық беру жағында орны ерекше. Бүгінгі жиынның мәні – өскен, көркейген Қазақстанды елге, әлем жұртшылығына танытып, алға қойған мақсаттардың ішінде ең басты мәселе еліміздің, халқымыздың, мемлекетіміздің «Мәңгілік елге» айналуына себепкер болу. 

Рахат Хамидуллин, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары штабының басшысы: 

9d3a903abd23f8cf364c633b1dd746b3.jpg


Бүгін тарихи іс-шара барысында Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлап отырмыз. Негізі 2015 жылы 550 жылдық тойы аталса да, жыл бойы республика деңгейінде тойлап келе жатырмыз. Бүгін ауқымды іс-шаралардың халықаралық деңгейдегі шарасы Астана қаласында жалғасып отыр. Кейін Жамбыл облысы Тараз қаласында ұлт тойы мемлекеттік деңгейде өтіледі деп күтілуде. Дегенмен бүгін осындай керемет зәулім «Тәуелсіздік сарайында» Елбасының қатысуымен іс-шара ұйымдастырылып отыр. 

Қазақ хандығының 550 жылдығы – тарихи оқиға, тарихи шындық. Яғни қазақтың қазақ болып атанған жылы. Сол себептен барша қазақстандықты ұлық мерекемен құттықтаймын. Еліміз өркендей берсін, өсе берсін. Осыдан 550 жыл бұрын қазақтың басын біріктіріп, хандық ордасын тіккен ұлы тұлғаларымыз Жәнібек пен Керей болса, міне қазақтың тәуелсіздігін танытып, туымызды көкке желбіретіп отырған – ол Елбасы. 

Әзірлеген Алтынбек Құмырзақұлы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?