Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Уәлихановтың құпия қызметі

5053
Уәлихановтың құпия қызметі - e-history.kz
Портал қазақтың ұлы ағартушысы Шоқан Уәлихановтың туғанына 180 жыл толуына орай ғалымның өміріне жайлы кең толғаған көлемді мақаланы ұсынады

Шоқан (Мұхамедқанапия) Шыңғысұлы Уәлихановтың арғы атасы әлемге әйгілі Шыңғысханнан тарайтын Орта жүздің ханы болған атақты Абылай (Әбілмансұр). Оның отыз ұлының үлкені Уәлі сұлтаннан, Шоқанның туған атасы Шыңғыс туады. Ал Абылайдың ең кенже ұлы Қасым сұлтаннан Кенесары мен Наурызбай туады. Сөйтіп Абылайханнан тараған ұлдардың бірі қолына қалам ұстаған әйгілі ғалым болса, енді бірі қолына найза ұстап, елін отаршылдық бұғауынан қорғаған намысты, қас батырлар шыққан текті ұрпақ болған. 

d723451c4059c7ae812bd83c9b85f7af.jpg

Шоқанның әкесі Шыңғыс Уәлиханов (ортада) қазақ билеушілерімен бірге

Ал Шоқанның шыққан тегін әлемге әйгілі Шыңғыс хан бабасынан бері таратар болсақ, ол былай жалғасады. Темучин – Шыңғыс хан – Жошы – Сейн хан – Сартақ – Жәнібек – Жәдік – Сығай –Тәуке – Сәмеке – Есім – Жәңгір – Уәлі – Абылай (қанішер) – Уәлі – Абылай (Әбілмансұр) – Уәлі –Шыңғыс – Шоқан. 

Шоқан 1835 жылы қараша айында Құсмұрын бекінісінде туған. Әжесі Айғанымның тәрбиесінде болған. Ол парасатты, терең ойлы әрі көреген, өзінің заманына қарай білімді әйел болған. Ол Шығыс халықтарының бірнеше тілдерін білген, орыс мәдениетіне мейілінше ден қойып, Сыртқы істер министрлігінің азиялық департаментімен, Петербург Сібір комитетімен хат жазысып, байланысып отырған. Бала Шоқанның сана-сезімі ерте оянып, рухани өсіп-жетілуіне әжесі Айғаным үлкен әсер еткен. Сезімтал дарынды балаға әжесі халық даналығының сарқылмас білім бұлағы болған. Ол Шоқанға қазақтың ескі аңыздары мен хикаяларын қызықты етіп әңгімелеп, күні кеше өзі басы-қасында болған оқиғаларды еске алып отырған. Халықтың озық дәстүрлері мен салтын бойына сіңірген әжесінің жарқын бейнесін Шоқан өмірінің аяғына дейін ұмытпай есінде сақтайды. Шоқан әуелі Құсмұрындағы қазақ мектебінде оқиды. Дәстүр бойынша сұлтанның балаларына бірнеше шығыс тілдерін үйрену, яғни «жеті жұрттың тілін білу парыз» болған. 

42364caaad0213b42b70be6600b04eec.jpg

Бала Шоқан

1847 жылдың күзінде он екі жасар Шоқан туған елінен тұғыш рет шығып, Омбыдағы кадет корпусына оқуға түседі. Сол кезде кадет корпусы жан-жақты және терең білім беретін оқу орны болды. Ол сегізжылдық оқу орны еді. Тарих, география және әдебиет жөнінде бағдарлама өте кең көлемді болды. Алғашқы кластардан бастап кадеттер көне заманғы мемлекеттердің, атап айтқанда, Греция мен Рим тарихын, ортағасырлар тарихын, Еуропа географиясын, т. б пәндерді өтті. Оқу пәндеріне қосымша ән, гимнастика, жүзу, би, қылыштасу және шабандоздық өнеріне жаттығу ойындары өткізілді. Шоқан кадет корпусын 1853 жылы 18 жасында бітіріп, армиялық атты әскердің корнет деген офицерлік атағын алып шығады. 

Шоқан Батыс Сібір генерал-губернаторының жанында қызметке қалтырылып, бір жылдан соң батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік шығыс аудандарын басқарып отырған генерал Гасфорттың адъютанты болып тағайындалады. Сонымен қатар оған өлкенің Бас басқармасы бойынша төтенше тапсырмаларды орындайтын офицер қызметі де жүктеледі. Қызметке орналасқан орта офицерлері царизмнің отаршылдық саясатының қолшоқпарлары еді. Олардың басында генерал Госфорт пен Сібір қырғыздар облысын басқарған оның көмекшісі фон Фридрихс тұрды. Тікелей Фридрихстің басшылығымен жұмыс істеуге тиісті болған Шоқанның жағдайы ауыр болды. Шоқанның Петербордағы достарына жазған хаттарында көрсетілгендей, Дюгамель, Фридрихс және олардың сыбайластары Крейерус пен Кури өздерінің қылмысты істерін әшкерелеп, заңсыздыққа, парақорлыққа, тонаушылыққа қарсы болып, патшаның отаршылдық аппараты тудырған зұлымдық атаулының бәріне қарсы аянбай күрескені үшін Шоқанды үнемі қудалап, зәбірлеп отырған. Атбасар округтік приказының аға сұлтаны болып сайлануына бөгет жасайды. Уалихановтың замандасы А.К. Гейнс 1865 жылғы жазбасында бірнеше рет осылай тобықтан қағу «...биылғы жылы Шоқанның түбіне жетті» деп ашықтан-ашық жазады [1]. 

Қоқан хандығының ыпалына тыйым салу үшін Жетісуда осы территорияны бейбіт жолмен Ресейге қосуға бағытталған өте сақ және көреген саясат жүргізу қажет болды. Бұл жауапты іске өзге офицерлер М.М. Хаментовский, М.Д. Перемышельскийлермен қатар Шоқан Уәлихановта жұмылдырылды. 

1855 жылы Шоқан генерал Гасфорттың сапарына қатысады. Орталық Қазақстанды, Жетісуды және Тарбағатайды аралады. Оның маршруты Омбыдан Семейге дейін, одан Аягөз, Қапал арқылы Іле Алатауына дейін болды. Бұл кезде Верный бекінісін салу ісі қлға алынған болатын. 1856 жылдың басында Уәлихановқа поручик шені беріледі [2]. 

1856 жылы ол Хоментовский деген офицердің басшылығымен ұйымдастырылған үлкен әскери-ғылыми экспедицияға қатысады. Экспедицияның мақсаты қырғыз халқымен танысу және Ыстықкөл алабын картаға түсіріп алу еді. Алатау қырғыздарының арасында екі ай жүріп, көбінесе солардың аңыздары мен тілін зерттеп, әр қилы пайдалы мәліметер жинаған. 

Саяхатшы ғалымға сіңірген еңбегі үшін штабс-ротмистр атағы беріліп, орденмен марапатталады және ақшалай сыйлық беріледі. 1880 жылғы 8 сәуірдегі үкіметтік жарлықта: «Әскери кавалерияның поручигі сұлтан Шоқан Уәлихановтың қажырлы еңбегін, Орта Азиялық, шекараларды тексеріп қайту тапсырмасын орындау кезіндегі қауіп-қатерді жеңіп, шеккен азабын ескеріп, штабс-ротмистр шені беріліп, IV дәрежелі қасиетті Владимир ордені қоса тапсырылып, 500 сом күміс ақша беріліп, бір жолғы жәрдем көрсетілген» делінген. 

e5c062a27dff1990e137e0e84ff741a8.jpg

1860 жылы түсірілген Шоқанның шынайы бейнесі

Атбасардың аға сұлтанын сайлаған кезде Шоқан өз кандидатурасын ұсынады. Ондағы мақсаты өз отандастарына пайда келтіру еді. «Бір кезде менің өз отандастарыма пайда келтірейін, оларды чиовниктер мен қазақ байларының озбырылғынан қорғайын деп, сұлтан болсам ба деген ниетім де болған. Сондағы көбінесе ойлағаным-оқыған правитель-сұлтанның қандай пайдалы болатынын жерлестеріме өз ісіммен көрсету еді», – дейді Шоқан өзінің Достоевскийге жазған хатында. 

«Көппен жалғыз алысуыма шама келмесін түсіндім, шындық қанша қасиеті болғанымен адасқанның алды жөн бола береді екен, әсіресе, уақыттың өзі соған себепкер боп тұрса амал бар ма?» деп кейіген кездері де болды. 

1864 жылы Шоқан генерал Черняевтың әскери экспедициясына шақырылып, Әулиеата бекінісін алардағы соғыс қимылдарына қатысады. Бұл жолы тапсырма оның орыс қазақ, татар тілдерін еркін білетіндігі ескеріліп, білімді азиялық азамат ретінде жіберілген. Шоқан Черняевпен келісе алмайды. 1864 жылдың шілде айында ол Черняевтің әрекеттеріне наразы бір топ офицерлермен бірге Верный қаласына қайтып келеді. Бұл офицерлер кейін осы әрекеттері үшін жазаланып шендері төмендетіледі. Шоқан Верныйдан кетіп албан руының аға сұлтаны Тезек төренің ауылына барып тұрақтап, оның немере қарындасы Айсарыға үйленеді. 1865 жылы сәуір айында Алтын Емел жотасының етегінде Көшен тоғаны деген жерде, Тезек төренің ауылында қайтыс болады. 

Өзінің ғылыми жұмысын ол кадет корпусында оқып жүрген кезде бастаған. Шығыс зерттеушісі И. Н. Березиннің тұңғыш еңбегі «Хан жарлығы» жөнінде рецензия жазады. Жалаирдің «Джами-ат-таварихын» зерттеп, оның негізгі тарауларын орыс тіліне аудартып, түсініктер жазады, оған сүйене отырып шығыс терминдерінің сөздігін жасауды бастайды. Ол «Шейбани-намэ», «Түрік шежіресі» (Әбілғазы) секілді еңбектерді оқып олардың негізінде теориялық маңызы жөнінде теңдесі жоқ «Қырғыздың ататегі» атты еңбек жазады. Жетісу өлкесіне келіп, көне Алматы, Қойлы, Алмалық шаһарларын зерттейді, көне ақшалар нұсқасын жинайды. Оның Ыстықкөл, Құлжа, Қашқар сапарларында жазған күнделіктері «Оңтүстік Сібір тайпаларының тарихы туралы жазбалары» өте құнды материалдар болды. Оның ғылыми еңбектерінің ішінде Жетісу, Ыстықкөл, Тянь-Шань, Шығыс Түркістанға арналған тарихи-географиялық шолуларының маңызы ерекше. Уәлихановтың қазақ халқының тарихы мен этнографиясы туралы зерттеулері, сондай-ақ қазақ даласындағы әлеуметтік-саяси қарым-қатынастарға байланысты мақалаларының ғылыми маңызы зор. Олар «Абылай», «Қырғыздың ататегі», «Көне дәуірдегі қырғыздардың қару-жарағы және әскери жабдықтары», «Сахарадағы мұсылмандық туралы», «Қырғыздардағы шамандықтың қалдықтары», т.б. 

Белгілі ғалым В.И. Веселовскийдің «Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов Шығысты зерттеу ғылымында аққан жұлдыздай жарқ етті де жоқ болды» деп жазуы оның ғылым саласындағы аса ірі жетістіктерін көрсетеді [3]. 

Қазақтың аса көрнекті бір туар ғалымы Шоқан Уәлиханов артына мол әдеби, тарихи мұралар қалдырды. Қамшының сабындай ғана болған қысқа өмірінде ол Орталық Азия мен Қазақстан халықтарының тарихы, географиясы мен этнографиясына арналған бірсыпыра еңбектер мен қоғамдық-саяси тақырыптағы толып жатқан шығармалар жазып кетті. Шоқан терең энциклопедиялық білімі бар, өз заманындағы ғылымда бірқатар мәселелерді жаңаша көтере білген талантты ірі ғалым болды. Ол ғылымның 12 саласы бойынша зерттеу жүргізіп жаңалық ашып ғылымға өз үлесін қосты. Оған оның дипломатия, нумизматика, геодезия, картография, саясат, халықтың ауыз әдебиеті, құқықтану, журналистика, медицина, сурет өнері, әскери іс, халықаралық қатынас, шежіреші, демограф, статистика, дін саласында ашқан жаңалықтары куә. Ол ғалым, ағартушы, публицист, демократ, тарихшы, фольклоршы, этнограф, саяхатшы, шығыстанушы, барлаушы, энтомолог, географ, зерттеуші, экономист, офицер, суретшілікті меңгерді [4]. 

124a6b742845666dc8a1837065ca406f.jpg

Досы, орыстың ұлы жазушысы Ф. Достоевскиймен бірге

Әзірленіп жатқан қазақ даласындағы сот реформасы жайлы өз пікірін айта келіп, Шоқан реформаларды қоғамдық-саяси процесті ескере отырып қоғамдық өмірдің түрлі факторларын зерттей келіп, қарастыру керек деп өз қандастарының болашағын ойлап солардың мүдделерін қорғауға тырысты. Ол: «Саяси реформалар экономикалық істерді жүзеге асыратын құрал ретінде көрінбек, өйткені әрбір жеке адам және бүкіл адам баласы қауымдасып өзінің түпкі мақсаты материалдық әл-ауқатын жақсартуға тырысады. Адамның тұрмыс қажетін өтейтін реформа ғана пайдалы да, ал бұл мақсатқа қандай да болса кедергі келтіріетін реформа зиянды болып табылады. Қоғамдық тұрмыс мұқтаждығын жақсартуға бағытталған қандай да болмасын реформа қоғамның мұқтажы мен қаражаты белгілі болғанда ғана кездейсоқтыққа ұшырамай, діттеген мақсатына жете алады», – деп бүгінгі прогрестік көзқараспен тұжырым жасайды. Соны іске асыруға талпыныс жасайды. 

Шоқан Омбыда оқып жүргенде кадет корпусының оқытушысы барлаушы полковник Гутковскиймен жақын араласып, жексенбі сайын оның үйіне қонып жүрді. Бұл таныстық оның болашақта мамандық таңдауына ықплын тигізбей қоймады. Шоқанның талантты жас екенін көрген әскери барлаушы Гутковский оны қызмет барысында қолдап, оны әскери барлау қызметіне баруына жол ашты. 

Шоқан Ресей империясының Бас штабының әскери сыртқы барлау қызметінің офицері болды. Арнаулы әскери барлау қызметінде жүріп өте күрделі құпия тапсырмаларды орындады. 1857 жылы Ресей империясының Бас штабның Бас басқармасы (әскери сыртқы барлау) ол кезде ресей үшін жабық болған Кашқарияға тыңшы жіберу туралы шешім қабылданады. Ондағы мақсат Шығыс Түркістандағы саяси ахуалды білу, бұл аймаққа кімдер ықпал жүргізіп отыр, қытайлардың ұйғыр мәселесі Ресей үшін өте қажет болды. Өйткені Тянь-Шань мен Алтай өңірінде көз тіккен ағылшындардың бұл аймаққа қатысы барма деген мәліметтер қажет болды. Себебі бұл континентті ағылшындармен бөлісу Ресей империясы үшін пайдасыз еді. 

Шоқан дүниеден өткеннен кейін 20 жылдан соң Ресей үкіметінің баспасөзі Шоқанның өлімі өкпе ауруынан болған деген ақпаратты жиілетті. Ал оның көзі тірісінде ол өкпе ауруы туралы сөз болған емес. Шоқан туралы жазылған кітаптарда оның хаттарында ауырғандығы туралы анда-санда бір мардымсыз дәлелі шамалы ақпарат кездеседі. Бірақ оның қандай науқас екендігі жазылмаған. Бұл ауру Шоқанға сырттан, Бас штабтың Бас басқармасы тарапынан халықты сендіру үшін тағылған жалған айып болуы мүмкін деген күдік басымырақ. Бұл күдік оған у беріп өлтірген деген қосымша фактылардан туындаған. Екінші бір күдік туғызатын жағдай хал үстінде жатқан күйеу баласы Шоқанды қайнағасы Тезек төре, (орыс әскери барлауының резиденті болған) оны кигіз үйге қалдырып көшіп кетеді. Өзінің ауыр халін айтып, көмек сұрап ол Семейге және Омбы қалаларына хабар жібереді. Алайда не достары, не әскери шенуініктер, тіпті «қолы ұзын» орыс барлау басқармасындағы саяхатшы-барлаушылардан да ешкім көмекке келмейді. Оны жасырын жерлейді. Дәрігерлер оның өлгені туралы акт да жасаған жоқ. Өйткені хан тұқымы Шоқанның саяси көзқарасы орыс империясының саясатына қайшы келді. Ол енді өзі тәрбиелеген барлау басқармасына да қажетсіз адам болып қалған еді. 

8f6964f2ad44048d316d281643d18e20.jpg


Ол атеист болған жоқ, Бір Алланың хақтығына сенді. Қытаймен шекара туралы мемлекетаралық келіссөздерге қатысып табысқа жетті. Полковник деген әскери шенге ие болды. Парижге, Қашқарияға барлушы ретінде барып қайтты. Ресейдің Қазақ жерін зорлықпен қосып алуына қарсы болды. Социал-демократтармен дос болды, бірақ революционер болған жоқ. 1860 жылдан бастап өмірінің аяғына дейін ұлтын сүйгені үшін, өзге де пікірлері үшін қарсы барлаудың жіті назарына ілікті. Ол өкпе ауруымен ешуақтта ауырған жоқ. Бұл туберкулез ауруын арнайы барлау органы Шоқанды Петербордан аластау үшін ойдан әдейі шығарған деген тұжырым бар. Әкесі Шыңғыс ешуақытта немере ағасы Кенесарымен соғысқан жоқ. Құлжада, Қашқарияда агентуралық ұйымдар құрды. 1864 жылы Әулие-атаның бейбіт тұрғындарын атқаны үшін Черняевтің қоластындағы әскерді тастап кетті. 1865 жылы оның шекара аймағында тұруы қауіпті саналып, оны жою туралы құпия шешім қабылданған деген сөз бар. 1865 жылы 10 сәуірде арнайы барлау қызметінің тапсырмасы бойынша өзінің атқосшысы арқылы у берілген деген мәлімет бар. 

Есенғазы Қуандық, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Пайдаланылған әдебиеттер: 

 1. А. К. Гейнс. Әдеби еңбектерінің жинағы, 1-том. – 237-бет. 

2. Шоқан Уәлиханов. Таңдамалы. – Алматы: Жазушы, 1985. – 33-бет 

3. Жарылқап Бейсенбайұлы. Шоқан. Ғибратты ғұмыр. – Алматы: Қазақстан, 2009. – 608-бет. 

4. Б. Кыстаубаев. Тайна Чокана Валиханова. Историческое эссе в трех частях. – Алматы, 2010. –С. 31-35. 

5. Чокан и власть. Свобода слова. – 13 апрель, 21 декабрь 2005.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?